Аймақтар • 08 Мамыр, 2019

Қарағандыда «Достық үйінің» алдына ағаш көшеттері егілді

913 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасындағы «Достық үйінің» ауласына Қазақстан халқы бірлігі күніне және Ұлы Жеңіс күніне арналған ағаш көшеттерін егу акциясы ұйымдастырылды.

Қарағандыда «Достық үйінің» алдына ағаш көшеттері егілді

Игі шара барысында Парламент Мәжілісінің депутаттары Нұрлан Дулатбеков, Арман Қожахметов, облыс әкімінің орынбасары Асхат Аймағамбетов, Nur Otan партиясы филиалының, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, меценаттар және ҚХА «Жаңғыру жолы» қозғалысы өңірлік штабының жастары қолдарына күрек алып, көшет отырғызды.

Жергілікті мәслихат депутаты, меценат, аймақтың өркендеуіне үлес қосып жүрген Иван Георгияди бастамашы болған акция барысында арасында қарағай, шырша, пирамидалы терек және алма ағаштары бар 100 көшет егілді. Отырғызылған шыбықтардың бәрі де жергілікті табиғи-климаттық жағдайына бейімделген сұрыптардан екенін айта кеткен жөн.

Мәжіліс депутаты Нұрлан Дулатбеков ұйымдастырылған игі шараның  Ассамблея дәстүрлерінің жалғасы екенін атап өтіп, жылы лебізін білдірді.

Корей этномәдени бірлестігінің төрайымы Лилия Ким аталған акцияға түрлі этнос өкілдерінің бір кісідей ат салысқанына қуанышты екенін жеткізді.

– Бүгінгі егілген жас көшеттер бірнеше жылда гүлденіп, үлкен аллеяға айналатынына сеніміміз мол. Жарқын болашақта бүгінгі қатысушылардың бірі немересін осы баққа әкеліп, өзі отырғызған мәуелі ағашты көрсететін болар, – деді Л.Ким.

Ал «Намус» әзербайжан мәдени орталығының төрағасы Гюлаға Рзаев мұндай шаралардың жастар үшін үлгі болатынын, әрі этносаралық татулықтың іргесін бекіте түсетінін атап өтті.