Аймақтар • 08 Мамыр, 2019

Панфилов ауданында бір күнде 40 отбасы баспаналы болды

1086 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Алматы облысының Панфилов ауданында бірден 40 отбасы қоныс тойын тойлады. Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні мерекесіне орай көп балалы отбасылар мен әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған әулеттерге пәтер берілді.

Панфилов ауданында бір күнде 40 отбасы баспаналы болды

Баспаналы болғандардың арасында 13 көпбалалы отбасы бар. Кілт тапсыру салтанатында қуаныш иелерін құттықтаған Панфилов ауданының әкімі Темірлан Бектасов биыл өңірде тағы 240 пәтерден тұратын  5 қабатты үй салынатынын жеткізді. Сондай-ақ, аудан басшысы жыл соңына дейін жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен тағы көп балалы он отбасыға үй салып беруді жоспарлап отырғанын айтты.  

Ал бүгін 3 бөлмелі пәтердің кілтін қолына алған 7 баланың анасы Жұпар Үмбетова көп жылдар бойы пәтер жалдап қиналғанын жеткізді. Рамазан айының қарсаңында баспаналы болған қуанышты ана аудан, облыс әкімдігіне алғысымнан басқа айтарым жоқ дейді. Осындай қуанышымен бөліскен 7 баланың анасы Татьяна Камурова бұл күнді 6 жыл күткенін айтып, қуаныштан көзіне жас алды.

Жалпы, жыл басынан бері кәсіпкерлердің қолдауымен Панфилов ауданында 11 отбасы баспаналы болды. Қазір ауданда үй кезегінде 2648 отбасы тұрған болса, оның ішінде 268 көп балалы отбасы бар екен.


Алматы облысы