Өмірі жалғасады жырларымен
Жұма, 18 қаңтар 2013 7:05
Бәрі күні кеше сияқты еді… Қайран, қас-қағымда өте шығатын өмір-ай. Аға досым Сәкен Иманасовтың жер-бесікке бөленгеніне де қырық күн болыпты. Ал екеуміздің алғаш танысқанымызға аттай 50 жыл. 1960 жылдың шілде айында қайырлы қара шаңырақ, қазақ жастарының сүйікті газеті «Лениншіл жастың» (қазіргі «Жас Алаш») табалдырығын аттағанмын. Сол бір алтын ұяда ұлтымыздың небір жақсы-жайсаң ұл-қыздарымен танысып, табысқан едім.
Жұма, 18 қаңтар 2013 7:05
Бәрі күні кеше сияқты еді… Қайран, қас-қағымда өте шығатын өмір-ай. Аға досым Сәкен Иманасовтың жер-бесікке бөленгеніне де қырық күн болыпты. Ал екеуміздің алғаш танысқанымызға аттай 50 жыл. 1960 жылдың шілде айында қайырлы қара шаңырақ, қазақ жастарының сүйікті газеті «Лениншіл жастың» (қазіргі «Жас Алаш») табалдырығын аттағанмын. Сол бір алтын ұяда ұлтымыздың небір жақсы-жайсаң ұл-қыздарымен танысып, табысқан едім.
Солардың бірі осы Сәкен болатын. Жасы 20-дан жаңа асқан бозбала. Жас ақын, қаламы төселіп қалған жорналшы. Осы жылдың басында арнайы шақыртумен келіп, жұмысқа орналасыпты. Оған дейін аудандық газетте істеген. Елден жолдаған топтама мақалалары ерекше көзге түсіп, соған орай беделді басылымның белді қызметкері қатарына қосылған. Ел ішінде, қалың қазақ ортасының тәрбиесінде өскендіктен де болар, әрі жас айырмашылығымыз да алшақ емес, біз тез арада араласып-құраласып кеттік. Бас арықтың (қазіргі Абай даңғылы) жоғарғы жағындағы жыпырлаған жер үйлердің бірінде пәтер жалдап тұратын Сәкен ара-тұра үйіне ертіп апаратын, кейде қасына қонып та қалатынмын.
Алайда, араласуымыз ұзаққа созылмады. Бір мінәйі себеппен Сәкен қызметін тастап, еліне қайтатын болды. Сол күні еліне – Үшаралға қатынайтын автобус кештете жүреді екен. Мен шығарып салғалы пәтеріне бардым. Күн жексенбі болатын. Ол азды-кем киім-кешегін, қағаз-қаламдарын жол сөмкесіне салып алды. Жолай «Қазақстан» кинотеатрына соғып, кино көрдік, буфетінен түстендік. Сосын аяңдап автобекетке жеттік. Сөйтіп, Сәкен көкемді шығарып салғаным, қимай қоштасқаным күні бүгінгідей есімде.
Содан кейін арада біраз жыл өтті. Сәкен қызметін қайтадан аудандық, одан кейін облыстық газеттерде жалғастырып, сосын Мәскеуде екі жыл оқып, облыстық партия комитетінде нұсқаушы қызметтерін істеп барып, Алматыға оралған. Ол менің әскер қатарында болып, университеттегі оқуымды бітіріп, «Лениншіл жаста» бөлім меңгерушісі қызметінде жүрген кезім. Ескі достық қайта жалғасты. Жиі араластық. Қызық-қуанышымызды, реніш-қайғымызды бөлістік. Ол «Жазушы» мен «Жалын» баспаларында қатарласа істеп, шығармашылық-қызметтік іссапарларда да бірге жүрген күндеріміз көп болды. Басымыз қосылған кездердегі әңгімеміздің негізгі желісі өмір мен өлең аясында өрбитін. Сол сыйластық, сол сырласулар күні кешегі көзі жұмылғанға дейін жалғасты. Екеуміз арасын суытпай телефон арқылы тілдесіп тұратынбыз. Ең соңғы сөйлесуіміз өткен жылдың 6 желтоқсан күні еді. Қадірбек Сегізбаев екеуміз Ақселеудің 70 жылдық мерейтойына қатысу үшін Астанаға аттанып бара жатыр едік. Сәкен көкем қалта телефоныма хабарласты. Соның алдында өзі ауруханадан шыққаннан кейін телефон соғып үйіне шақырған. Көріспегенімізге айдан асты, келіп Мәриям жеңгеңнің шәйін ішіп кетсеңші. Біраз отырып әңгімелесейік. Соңғы жазған жырларымды оқып берейін, пікіріңді тыңдайын деген. Мен жолда кетіп бара жатқанымызды, келген соң баратынымды айттым. Біз Алматыға 9 желтоқсан күні кешкілік келіп түстік. Келесі күні ертелете шыр ете қалған телефоннан қаралы хабарды естідім. Бүгін бар, ертең жоқ өмір деген осы екен.
Соншама жыл жақын жүріп, ағайындай араласқан Сәкен көкемнің алаңсыз ақ көңіл, ақ ниет кісілікті бейнесіне кір шалдырмай өткен өмір жолына тәнтімін. Ол адамдықтың, адалдықтың ақ туын жықпай өткен азамат. Біреудің сыртынан сыбап, ғайбат сөз айтқанын ешқашан естіген емеспін. Ол кім болса да, қандай жағдайда да мінін бетіне басып, көзінше айтатын. Сөйтіп, турасын айтамын деп, туғанына жақпаған кездері де баршылық. Ақынның өмірлік ұстанымы мына бір шумақ өлеңінде айқын айғақталған.
Айттым бүгін – айтсам деген сөзім ең,
Дүниеге қарап шындық көзімен.
Ар алдында мен өзімді әрдайым
Дар алдында тұрғандай сезінем!..
Түсінген, түйсінген адамға бұл жайбарақат иә лепіре айта салатын ұран емес. Жаны күйіп айтқан жанайқай десе де артық емес. Бұл – өзі туралы айта отырып, қалың оқырманға ой тастауды мақсат еткен ақынның ақиқаты.
Сәкен көкемнің адами қасиетінің айғағын түйіндеу үшін ақынның жазушы інісі Бексұлтан Нұржекеұлына арнаған өлеңінен бір үзінді оқыңыз.
…Азаматтың айналып үлгісіне,
Пенделікті жуытпай күллі ісіне
Алмағайып тірлікте жағынып та,
Табынып та көрмеген бір кісіге!..
Өлеңдегі осы сипаттау Сәкеннің тура өз автопортреті.
Сәкен көкемнің тал бойындағы тағы бір тамаша қасиеті отбасы – бала-шаға, немерелеріне деген айрықша мейір, махаббаты. Әлбетте, өзінің туыс-туғанын, ет жақын бауырларын кім-кімде жанындай жақсы көретіні жаңалық емес. Алайда, Сәкеннің сезімі ерекше ел таңданарлық екенін көзім көріп, көңілім сеңген соң айтып отырмын. Бір ғана дәлел. Ол кенжесі Гауһар мен немересі Жәнібек туғаннан кейін, екеуіне арнап өлең, ертегілер жазып, балалар ақыны атанды. Оның бір ерекшелігі – олардың мазмұны ойдан шығарылып, қиялдан құрастырылмағандығы. Яғни, кейін әлденеше суретті кітапша болып жарияланған бұл шығармалардың бәрінің сюжеті қызы мен немересінің мінез-қылықтарын баяндаудан бастау алған. Бала тілі бал екендігін аңғарған ақын талантының жаңа қыры осылай ашылған. Сол кітаптардың бірі өткен жылы балалар әдебиетіне арналған бәйгенің бас жүлдесін алғанына да куәміз.
Сәкен көкемнің ақындығы азаматтығына сай болатын. Ол өзі жазғандай, өлең-жыр ауылына атбасын ерте бұрғанымен, пышақтың қырындай ғана тұңғыш кітабы 28 жасында жарық көрген. Содан көп ұзамай әкесі мен ағасы қайтыс болып, өзімен өкшелес інісі әскерге алынып, ұзын-ырғасы 15 шамалы отбасын асырау міндеті үйдегі баланың үлкені Сәкеннің мойнына қамыт болып киілген екен. Тұрмыс тауқыметімен жүріп ол бірнеше жыл бойы өлең жазуды ұмытса керек. Содан іні-қарындастарының өз қолы өздеріне жете бастаған шақта ол жаңадан ашылып жатқан облыстық газетке – Талдықорғанға қоныс аударыпты. Жаңа редактор Ұзақ Бағаев болса, Сәкеннің кітабы шыққанын, кезінде ақындар айтысына қатысқанын біледі екен. Жорналшының жолында жүрген оның жырға қайта оралуына сол кісі себепші болыпты. Ұзамай бір бума өлеңдерін алып, Алматыға аттанады. Баспада істейтін Жұмекен оқып, жақсы пікір жазып берген. Сол жолы баспаға тапсырып кеткен қолжазбасы 1973 жылы «Ақдариға» деген атпен кітап болып жарық көрген. Кейін Алматыға қызмет ауысқаннан соң, жиі-жиі, қалың-қалың болмаса да жыр жинақтары жарық көре бастағаны белгілі. Жаңа кітаптарының қай-қайсысы да атаусыз қалған жоқ. Үлкенді-кішілі мақалалар, рецензиялар жарияланып жатты. Екі мәрте Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылса да, сол құрметке лайық болса да, жолы болмады. Есесіне Халықаралық «Алаш» сыйлығын алды. Кейінірек Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 1993 жылы ең алғаш тарап кеткен Парламенттің депутаты да болып сайланғаны бар. Осының бәрі Сәкеннің абыройлы азамат, көрнекті ақын екендігінің арқасы.
Мен өзімді Сәкен Иманасовтың қазақ поэзиясындағы алатын орнын жете білетіндер қатарындамын деп санаймын. Өйткені, ақынның 60-70 жасқа толған мерейтойларында, Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған сәттерінде арнайы мақалалар жазып, олар республиканың беделді газеттерінде жарияланған. Жұртшылық тарапынан да жақсы бағаланған.
Ақын Сәкеннің орны шын мәнісінде қарымды да дарынды қаламгерлердің төрінде. Әсіресе, оның «Өткірдің жүзі» мен «Ар алдында» дейтін соңғы кітаптарына енген өлеңдері Сәкеннің ақындық қырының жаңа да жарқын тараулары. Оларда жаңарған заман, өзгерген қоғам, бүгінде ғұмыр кешіп жатқан замандастар өмірі өлеңдерінде өзгеше өрнектелген. Тапқан тақырыбы да, өзіндік ой-тұжырымы да дара қасиетімен, сара сипатымен қазақ поэзиясын жаңа белеске көтергені шынайы шындық. Бұл пікіріміздің ақиқаттығына көз жеткізу үшін ақын өлеңдерін талдап, мысалдар келтіріп, кеңінен тоқталу естелік мақаланың еншісі емес-ау деймін.
Сәкеннің адалдықтан жаратылған бекзат бейнесімен, шындықтың қырымен, сырын ашқан шұрайлы тілді шырайлы шығармашылығымен танысып, тәлім алуға талпынған оқырман ақынның артында қалдырған мол мұрасы жинақталған бес томдық кітабын зейін қойып, зерделей оқыса болғаны. Сонда ғана көкірек көзі ашылып, жаны байып, рухани өресінен өнеге алары сөзсіз. Өйткені, Сәкен өлеңдері өршілдік, тазалық, адалдық, кісілік сынды сындарлы қасиеттерімен дараланып тұр. Күллі қазақ сөзін тәңірінің туындай көкке көтерген ақынның өнердегі өмірінің бағыт-бағдары қандай болғандығын мына бір жыр жолдары айғақтап тұр емес пе?!
Бара жатса шынымен білгіңіз кеп,
Айтпасақ та, Алашқа үлгіміз деп,
Кісіліктен басқаға бұрылмаған,
Шырылдаған біреу ек шындық іздеп…
Қызығы мен шыжығы көп қысқа өмірдің ащы-тұщы сырларын жырларында ақтарыла айтқан, өлеңінің енді өлмесін сезген ақын арманына құлақ түрейікші:
…Қалсам деп ем бірі болып
қалаулыңның,
Жанымды алау қылдым,
жалау қылдым.
Бірі деп Сен де мені сана, халқым,
Санда да, санатта бар санаулыңмын…
Өзі өлсе де өлеңінің өлмесіне сенген ақын аманаты да асқақ:
Атымыз қырда қалар… жырда қалар,
Қалың ел түбі келіп бір бағалар.
Алдында ақтарды деп барымызды
Алдымен зарымызды тыңдап алар…
Алатын әр сөзімді мыңға балап,
Біздің ел бар деуші еді жырда қанат.
Ендігі мұңымыз да, шынымыз да
Ілескен артымыздан ұлға аманат…
Жер бетіндегі санаулы ғұмыры аяқталса да, санаткер ақын Сәкеннің өнердегі өмірі өлеңдерінің нұрлы жолдары арқылы, ал адами ғұмыры ұрпақтары арқылы жалғаса беретініне бек сенеміз.
Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.