22 Қаңтар, 2013

Асқарбек әлемі

425 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Асқарбек әлемі

Сейсенбі, 22 қаңтар 2013 7:18

Әр адам – өзінше бір әлем.
Өмірден орнын тауып, соған қара­пайым болмысымен, парасат-пайымымен қызмет ете білудің адами өнегесін танытып келе жатқан ізгілігі мол азамат Асқарбек Макиннің жеке әлемі де өзіне тән шынайылығымен ерекше.
Оның өмірбаяндық түпнегізін әріден бастаса, киелі Шыңғыстауды мекендеген аталарының өткен ғасырдың қилы кезеңдеріндегі соқтықпалы, соқпақты тағдыр жолдарына шегініс жасауға тура келер еді.

Сейсенбі, 22 қаңтар 2013 7:18

Әр адам – өзінше бір әлем.
Өмірден орнын тауып, соған қара­пайым болмысымен, парасат-пайымымен қызмет ете білудің адами өнегесін танытып келе жатқан ізгілігі мол азамат Асқарбек Макиннің жеке әлемі де өзіне тән шынайылығымен ерекше.
Оның өмірбаяндық түпнегізін әріден бастаса, киелі Шыңғыстауды мекендеген аталарының өткен ғасырдың қилы кезеңдеріндегі соқтықпалы, соқпақты тағдыр жолдарына шегініс жасауға тура келер еді. Бай-шонжарлар, елді қанаған феодалдардың құйыршықтары деген қызыл саясаттың қудалауымен Тобықты Ырғызбайдың Өскенбайдан кейінгі екінші ұлы Өсерден туған немересі Мақа әулеті киелі Шыңғыстаудан Алатау асып, Қырғыз жері мен Меркі өңіріне қоныс аударуға мәжбүр болады. Содан бері де араға талай жылдардың дүрмегі түсті. Бүгінде абыз жасы, кемел жетпіске жігіттей жігерлі қалпымен иек артқан Асекең – ұлы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясына кейіпкер болған Ырғызбайлардың бірі Мақаның немересі. Ал өз әкесі Мәлгаждар – Оразбайдың туған жиені. Қай жағынан келгенде де атадан балаға дарыған тектілік сипаты осы бір ізгі көңілді ақжарқын азаматтың жан-дүниесінен, өмірлік ұстанымынан әркез айқын аңғарылып тұратындай.

«Мен – әке-шешемнің кенжесі едім, әкем Мәлгаждар майданнан жаралы болып оралғанда тілім жаңа шығып келе жатқан сәби кезім болса керек. Жаз айларының ішінде бір күні аяқ астынан үйге көнетоз әскери киім киген адам құшағын ашып кіріп келгенде, оны жатырқап, «үйге Мәкең деген бір кісі кіріп алып шықпай отыр», – деп жыламсыраған күйі далаға атып шығыппын, – дейді балалық шағын еске алған Асекең. – Қырқыншы жылдардың соңы, елуінші жылдардың басында ел тұрмысы әлі түзеліп кете қоймады. Мектептегі оқудан мойын босаған жаз айларында тірсегіміз майысып, колхоздың жұмысына жегілеміз. Еңбекке ерте бастан баулындық. Ойлап отырсам, бір жағы күнкөріс, бір жағы шыңдалу мектебі болыпты сол кезеңдер…»
Еңбекке шыңдалу мектебінен алған сабақтар Асекеңнің өмір жолында өзінің көп пайдасын тигізгені хақ. Жамбыл технологиялық институтынан басталған оқуын Бішкек политехникалық институтында жалғастырып, тәмамдап, сүт тағамдары өндірісінің инженері деген мамандық алған жас өрен кейіннен осы саланың ірі ұйымдастырушысы, басшысына дейінгі жоғары білікті кәсіби, лауазымдардың сатыларынан өтті.
Күнделікті тұтынымдық жағынан алғанда тамақ өнеркәсібінің жетекші салаларының бірі болғандықтан, сүт өнімін шығару кәсібі жетпісінші-сексенінші жылдары қабілетті іскер ұйымдастырушыларға зәру болатын. Ұлттық кадрлардың қатары бұл өндірісте мүлдем мардымсыз болатын. Шын мәнінде өзінің кәсіби таңдауына адал берілген Асқарбек сынды жас мамандар сол кездері саусақпен санарлықтай еді. Жиырма бестегі жанып тұрған жігіт іске құлшына кірісіп кетті. Инженер-технолог дипломын желеу етіп, салғаннан бірден инженер болмадым деген мансапшыл сезімге берілмеді, Алматы зауытында әуелі қатардағы ауысым шебері, одан соң цех бастығы жұмысын атқара жүріп, өндірістің қыр-сырына қанықты, қаныға жүріп үйренді, үйрене жүріп, білгенін басқаларға үйретті. Өзін жылдар бойы шыңдаған еңбектің алғашқы қадамын жас маман Макин осылайша сәтті бастады.
Тәулігіне шығаратын өнімінің 95 пайызын сол кездегі ел астанасы, мил­лионға жуық халқы бар Алматыға бе­ретін Есік сүт зауытында бас инже­нер, одан соң Ақтөбе қаласының сүт зауытында директор, Жезқазған об­лыс­тық сүт зауытының бас директоры, құ­рамында 13 зауыты бар Алматы сүт өн­дірісі бірлестігінің бас директоры қыз­метін атқарып, барлығы жиырма жыл­дан астам осы саланың бүкіл сан-са­лалы тіршілігімен біте қайнасып, аянбай тер төгіп өнегелі еңбек ете білу екінің бірінің пешенесіне жазылмаған абырой.
Есік зауытындағы бас инженерлік жұмысын сүт шикізаты ысырабын болдырмаудың амалынан бастады. Үнемшілдік табыстың, берекенің кепілі екенін сөзбен емес, іспен көрсетті. Арнайы ыдыстарға сүт құйғыш шүмектердің нығыздағыштары (сальниктері) тозғандықтан әр ыдысқа құйылатын сүттің біразы далаға кетіп жатқанын көріп, дереу іске кірісті. Осындай қарапайым бөлшек одақ көлемінде Украинаның Мелитополь деген қаласында ғана жасалатын. Ал оған арнайы барып немесе тапсырыс беріп әуреге түсу уақыт алады әрі бірсыпыра қаражатты керек етеді. Мұны ойдағыдай шешудің бір-ақ жолы – соны жасай білетін мамандар тауып, өндіріс орнының өз мүмкіндігін пайдалану.
Бас инженердің тікелей ұсынысымен Есік қаласында тұратын неміс ұлты өкілдерінің арасында темірден түйін, ағаштан ою оятын, қолынан өнері төгілген шеберлердің басын құрап, зауыт жанынан құрылыс цехы мен ұстахана ашу жобасын жасап, аз уақыттың ішінде оны шұғыл іске асырып та үлгерді. «Көз – қорқақ, қол – батыр» дегендей, нығыздағыштарды зауыт өзі жасап, пайдаланып, тіпті осы бөлшекпен бас қала Алматының сүт бірлестігіне қарайтын зауыттарды да қамтамасыз ететін жағдайға қол жеткізді. Қала жұрты үшін сүт тағамының ішінде өтімдісі – айран. Технология бойынша айран екі түрлі – термостаттық және резервуарлық әдіспен дайындалады. Жаңа технологияны енгізуді өзінің жеке жауапкершілігіне алған Макин айранды жаңа әдіспен жасауды тез арада жолға қояды. Жаңа әдіспен дайындалған өнімге арнайы зертханалық сараптама жасалып, жоғары сапа белгісі беріледі.
– Сүт өнеркәсібі министрлігінің басшылары менің бас инженер қызметімнің осындай азды-көпті нәтижесін байқады ма, әлде барған жердегі былықтарды жөнге келтірудегі шектен тыс белсенділігімді тағы да бір сынап көргісі келді ме, жұмысты жүргізе алмай кеткен бұрынғы директордың орнына қоймай, мені Ақтөбенің сүт зауыты директорлығының қызметіне жіберуді ұйғарды. Қарсы болмадым. Жастық жігердің асып-тасып тұрған шағы, өмірді көру керек. Қыс іші, сары аязы сақылдап, деміл-деміл бораны ұлып, уілдеген қаладағы жаңа жұмыс орныма келгенде арындаған есіл көңілім құлазып, еңсем түсіп кетті, – деді Асекең 1974 жылдың қақаған қаңтар айын есіне түсіріп. – Мұнда да сол Есіктегі жағдай алдымнан шықты. Ондағы 150 адам істейтін зауыттан анағұрлым үлкен, төрт жүз адам жұмыс істейтін бұл зауыттың іші-сырты азып-тозған.
Екі қолды төмен салып, ұнжұрғаны түсіру – жеңіліске пара-пар, дереу іс­ке кірісу керек деген шешімге келген жас директор жергілікті «Ауыл ша­руа­шылығы техникасы» мекемесінен электрмен жылытатын жылу қазан­ды­­ғын алдырып, жұмыс орнына жылу бер­­гізді. Қыс ішінде зауыттың екі қа­бат­ты кеңсесінің азынаған жұмыс бөл­ме­­лерінде бүрсеңдеп отырғандардың өң­деріне қан жүгіріп, әйелдер жағы сәнді киімдерін киіп, ажарланып шыға келді.
Жұмыс орнының жағдайын тезде­тіп түзеп алған соң жаңа директор сүт­тің өндірістік процесіне қажетті бу қазандығын қолға алды. Зауыттың тәу­лік бойы үзіліссіз жұмыс істеуі бу қазандығына байланысты. Ол бір сәт тоқтаса, өнім дайындаудың бүкіл про­цесі тоқталады. Ал көмірмен жағылатын бейнеті көп кочегарлық жұмысына жөні түзу адам табылмайды, табылғандары көбіне араққұмар, қайдағы бір қағылған-соғылғандар. Олардың тірлігі түнгі оңашалықта арақ ішу. Соның салдарынан қазандықтың жылуы азаяды немесе мүлдем тоқтап қалады. Күнара төтенше жағдай, оларды жұмыстан қусаң орнына адам табу қиын. Директор қасына инженерді, механиктерін ертіп алып, түні бойы қазандықтың отын өшірмеудің қамымен сабылып жүреді.
Жұмысты бұлайша дұрыс жолға қою­дың мүлдем мүмкін еместігін, қа­зан­дықты зауыттан елу метр жерден, теміржолдың арғы бетінде өтіп жат­қан магистральды газ құбырына қо­суға жәрдем етуін өзінен жоғары тұр­ған облыстық сүт бірлестігінің бас­шы­лығына әлденеше рет айтып, тиісті нәтиже шығара алмаған директор бәрібір алған бетінен қайтпады. Зауытты газ құбырына қосу Одақтық Госплан деген дөкей мекеменің төрағасы Байбаковтың құзырындағы мәселе болғандықтан, мұны облыс басшылығына жеткізіп, со­лар арқылы Мәскеуге шығудан бас­қа лажы қалмады. Жігерлі директор бұл өзекті мәселені облыстық пар­тия комитетінің бірінші хатшысы Ли­вен­цов­тың назарына іліктірудің төте жолын тауып, ақыры ойлағанын жүзеге асырды.
Жұмысының жақсы жағынан аталуы кім-кімді де жігерлендіріп, қолға алған ісін одан сайын өрлетуге деген ынтасын арттырады емес пе. Осындай көтеріңкі көңіл-күйде министрліктің төралқа жиынына келген Асқарбек Макин министрдің бұйрығымен енді Жезқазған облыстық сүт өндірісі бірлестігіне бас директор болып тағайындалды. Қалалық деңгейдегі зауыттың басшысынан облыстық дәрежедегі өндіріс орнына бас директор болу, әрине, жоғары лауазым болатын.
Тағы да нартәуекел. Алматыдан жедел Жезқазғанға аттанып, сол жақтан келіншегі Ақжанға телефон соғып, мән-жайды айтады. Сондағы телефон арқылы Ақжанның айтқан сөзінің әлқиссасы «Ол зауытыңның қазандығы қандай екен?» деген сауалдан басталғанда ол еріксіз күліп жіберді. Қайда барса да, таусылмайтын бу қазандығының жыры кішкентай ұлдары Әділет пен Дәуренді бағып, отбасының жағдайымен үйде отырған Ақжанның жанына да батып жүргені бір жағынан күлкі шақырса да, аяулы жарының жарғақ құлағы жастыққа тимей шаруаны күйттеген оның тынымсыз да толассыз тірлігіне енжар қарамайтындығы көңіл сарайына ұмытылмастай өзгеше бір жылылық ұялатқаны әлі күнге дейін Асекеңнің жадында жүр екен.
Жезқазғандағы ерен еңбегінің нәтижесі оны Қазақстандағы сүт өндірісінің жігерлі ұйымдастырушысы, басшысы ретінде біржола танытты. Бір кездері еңбек жолын ауысым шебері болып бастаған Алматыдағы ірі бірлестікке әуелі бас директордың орынбасары, артынша бас директоры лауазымына тағайындалды.
Тәулігіне үш облыстан – Алматы, Жам­был, Талдықорған облыстарының ша­руашылықтарынан түсетін 600 тонна сүттен жасалатын 100-ден астам түр­лі сүт тағамдарын қаланың сауда, қо­ғамдық тамақтандыру орындары, ба­ла­бақша, аурухана және тағы басқа, небәрі 1200 нүктесіне жеткізіп тұрған үлкен өндіріс орны ақаусыз жұмыс істеді.
Төрт түлік малдан алынатын сүттің бәрінен өнім шығару, халықтың дастарқан мәзіріне, әсіресе қымыз бен шұбатты молынан ұсыну ісін сексенінші жылдардың басында бірлестіктің бас директоры тікелей өз бастамашылығымен қолға алды. Түргеннен әрі қырық шақырымдай жоғары Асы жайлауында бие сүтінен қымыз ашытатын шағын цех аштырып, күніне он тоннадай қымыз Алматы зауытының қымыз бен шұбат цехында арнайы ыдыстарға құйылып, қасиетті сусын дүкен сөрелерінен орын алды. Ал шұбатты зауыт цехына Сартауқұмдағы түйе өсіретін кеңшар тікелей өздері жеткізіп тұрды.
Екі жарым мыңдай адам жұмыс істейтін кәсіпорынға Алматы түбіндегі Дмитриевка кеңшарында орналасқан сүт зауытының жанынан қой, шошқа, тауық, үйрек ұстайтын қосалқы шаруашылық ашу да сол жылдары бас директордың аса ден қойған жұмысының бірі болды. Жұмысшылар мен мамандарды арзан етпен, жұмыртқамен, тағы басқа да ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз ету Үкімет тарапынан қолдау тапқан ең қажетті іс еді. Не керек, сол кездегі бүкілодақтық социалистік еңбек сайысының қатарынан екі-үш жыл мәртебелі бас жеңімпазының туын желбірете ұстап, ҚСРО бүкілодақтық ауылшаруашылығы көрмесінің Алтын кітабына құрметтеліп аты жазылған, одаққа мәлім болған әйдік кәсіпорынның беделі дүркіреп-ақ тұрды. Бірлестік бас директорының осынша бедел мен абыройға ие болуы бір жағынан жеңіс болса, екінші жағынан өзінен бір саты жоғары отырған іші тар пенделердің қызғанышы мен көре алмаушылығын өршітті. Бірлестікке бірінен кейін бірі тексерулер келіп, жоғары жаққа үстінен көрінеу жала жабылған әртүрлі арыздар түсе бастады. Бұрынғы бастықтардың кезінде шығынға ұшыраған мүлік пен қаржыны түгендеуден ештеңе шығара алмасын білгендер оған енді ұлтшыл, протекцияшыл деген жаламен күйе жағуды қолға алды. Пәлен мың адам жұмыс істейтін кәсіпорында ұзын саны оншақты қазақ ұлтынан шыққан, өзіне жерлестік, туыстық жағынан ешбір қатысы жоқ, іске қабілетті қаракөз мамандарды қызметке тартуы басшы ретінде кадр саясатын дұрыс жүргізе алмады деген кінә болып жабысты. Орталық Комитеттің келісімімен тағайындалатын ірі кәсіпорынның лауазым иесі үшін оңай кінә емес еді, бірақ бұл да дәйегін таба алмады. Жоғарыдағыларға жалтақтайтын жергілікті билік оның кінәсіздігіне көзі жете тұрса да, араша тұруға шамасы жетпеді. Сонау бір кездері Ырғызбай тегінен шыққандарды қудалаған кеңестік қызыл саясаттың өктемшіл билігінің зорлығына солардан қалған асыл тұяқ Мақы әулетінің перзенті, елінің тұлғалы, тұғырлы азаматы Асқарбек алайда қайыспады.
Асекеңнің халқымыздың көрнекті ақыны, қазақ өлеңінің дүлдүлі Ғафу Қайырбековпен, қазақ лирикасының талантты тарланы Жарасқан Әбдірашевпен азды-көпті шығармашылық байланыста болған кездері де бар. Олар мұның орысша жазылған біраз өлеңдерін қазақшаға аударған болатын. Бірнеше кітапқа топтастырылған әр жылдардағы жыр циклдері ой-сезімі тұнық Асекеңнің шабытты әлемінің өзіндік бір кіршіксіз нышаны екені сөзсіз.
Тоқсаныншы жылдардың басында Асекең банктен пайыздық несие алып дегендей, өзінің кәнігі ұйымдастырушылық қабілетіне сеніп шағын кәсіпкерлікпен айналысуға бел буды. Қала ішінен сатып алынған бір аумақ жерге дүңгіршектер мен дүкен салып, мейрамхана, тойхана кешенін тұрғызды, бильярд клубын ашты. Содан соң сол сауда-демалыс кешенін бұзып орнына жеке бизнесінен түскен табысына көп пәтерлі үлкен сәулетті тұрғын үй кешенін тұрғызды. Үй тұрғызып, ұрпақ өсіріп, ағаш отырғызып, өмірлік із қалдыру сияқты азаматтық сертін Асекең өмір бойы мүлтіксіз атқарып келеді десек, артық айтқанымыз болмас.
Жанын күтіп, алаңсыз да жайбарақат күн кешетін ендігі осынау жылдардың өзінде де оның адами әлемінде бәрібір тыншу болған жоқ. Алматының экологиялық жағдайының нашарлап бара жатқаны, оны жақсартуға пәрменді шаралардың әлі күнге қолға алынбауы Асекеңді кәдуілгідей-ақ ойландырып жүрді. Таудың тұйық шұңғыл аңғарында орналасқан, екі миллионға жуық халқы бар қала ауасын бүлдіріп жатқан түтін мен газдың 20 пайызы әртүрлі қазандықтар, жеке үйлер мен кәсіпорындардың мұржаларынан шығып жатса, ал 80 пайызы автокөліктерден шығатын газ екен. Ал осы ластанған ауаның құрамы 200-ден астам әртүрлі зиянды да улы химиялық заттардың қосындысы. Жасыл желекті қаланың ауа­сын ластап, тынысын тарылтып тұрған экологиялық осындай қияметтен жан түршіккендей. «Баспасөз беттеріндегі, жұртшылық аузындағы ұрандаған сөздер жазылып-айтылып, сол күйі қала береді. Нақты іске бел шешіп кірісетін бір пенде жоқ, бұл қалай?» деген ой көңілін мазалай берген еді. Бос сөзден гөрі нәтиже шығар іске беріле ден қоятын қашандағы дағдысымен үлкен ұлы Әділет екеуі қала жағдайында қолданысқа ыңғайлы, аса көп шығынды қажет етпейтін фильтрлі ауа тазалағыш қондырғысының әртүрлі жобасын жасап, оған Әділет министрлігінің авторлық құқықты қорғау жөніндегі органының ресми түрде 2007 жылы 2 мамырда тіркелген №292 патентін алады. Үлкен көшелер мен магистральды ұзын даңғылдар бойына да, жолаушылар тасымалдайтын автокөліктердің маңдайшаларына да орнатуға ыңғайлы көлемі шап-шағын, қалыңдығы жұқа монитор іспетті «Керемет» деп аталатын фильтрлі ауатазалағыштың техникалық тиімділігін куәландырып патент алғанда Асекең ойға алған ісі біржола орындалғандай қуанған еді. Көк түтіннің ысына тұншыққан өзінің көркем Алматысының тынысы ашылатынына мәз болған оның бұл қуаныш сезімі алайда көп ұзамай су сепкендей басылды. Әкелі-балалы өнертапқыштардың ұсынған жаңалығына қала басшылығы да, Экология министрлігі де пәлендей құлшыныс таныта қоймады.
Өзгелерге әрі-беріден соң өзінің осы тірлігі бір өзіне қажет, атағын шығару үшін ғана жасаған әрекет сияқты көрініп жүрген шығар деген күмәнді ойға берілуге мәжбүр болды. Әйтсе де ерте ме, кеш пе, бәрібір өз қолымен жасалған пайдалы істің жүзеге асатынына деген кәміл сенім оны алдағы күндерінің үмітті жеңістеріне қарай жетелей береді.
Өмір туралы өз әлеміндегі түсінік-танымынан айнымай, өзінің адами болмысының дұрыс қағидасын ұстанатындардың санатындағы адамдар, бәлкім, осы Асекеңдердей-ақ болар…

Мәди АЙЫМБЕТОВ,
жазушы.