Ерболдан қалған ерен еңбек
Жұма, 25 қаңтар 2013 7:16
Баяғыда бір данышпан: «Біздің мына өмірге келуіміз мүлдем кездейсоқтық, ал кетуіміз бұлтартпайтын заңдылық», деген екен. Қарсы айтар дауымыз жоқ, таза шындық. Тек өзімізден әлдеқайда жас, бергенінен берері көп талантты інілеріміздің жалғаннан мәңгілікке, фәниден бақилыққа аяқ астынан аттанып кететіндігі өзекті өртейтінін қайтерсің.
Жұма, 25 қаңтар 2013 7:16
Баяғыда бір данышпан: «Біздің мына өмірге келуіміз мүлдем кездейсоқтық, ал кетуіміз бұлтартпайтын заңдылық», деген екен. Қарсы айтар дауымыз жоқ, таза шындық. Тек өзімізден әлдеқайда жас, бергенінен берері көп талантты інілеріміздің жалғаннан мәңгілікке, фәниден бақилыққа аяқ астынан аттанып кететіндігі өзекті өртейтінін қайтерсің.
Сондай жақсы көретін інілерімнің бірі Ербол еді. Неге екені белгісіз, мен журналистика факультетіне 70-ші жылы түсіп, содан сәл кенжелеп, 71-ші жылғы жігіттердің сапына қосылғанда алғаш көзіме ыстық көрінген осы бозбала-тын. Ол кезде оқуға түскендердің бірі ересек, екіншілері мектепті енді ғана бітірген бозбала болып арқа-жарқа әзілдесіп жататын. Ербол екіншілердің қатарында. Сөйте тұра өзінің байсалдылығы, терең білімі мен парасаттылығы жағынан біз секілді «кәрілерден» бір мысқал да кем түспейтін. Сондықтан да шығар, оны өзімізбен қатар сезініп, ақыл сұраудан да арланған емеспіз.
Шындығы керек, өзіміз оқуда онша белсенді бола қойған жоқпыз. Бұл тұста Ерболмен тайталаса алатын, қоғамдық жұмыстарда бақ сынаса алатын жігіт пен қыз тым сирек еді. Әрине, мен бұл жерде марқұм Бибігүл апамызды есепке алып отырған жоқпын. Би-апаның орны бөлек еді ғой, жарықтық. Ерекең оқуда да қамшы салдырмайтын.
Оқуда Ерболмен тым жақын араласпасам да сырттай сүйсініп жүретіндігім рас еді. Қанша дегенмен, сырт көз – сыншы (ал мен жоғарыдан төмендеп келген адаммын ғой). Кімнің қолынан не келеді, кім неге әуес, неге бейім деген сауалдар бірден ойға қонақтайтындығы белгілі. Ербол өзінің қазақтың классик жазушылары Ғабит Мүсіреповпен және Сәбит Мұқановпен жерлес екендігін мақтан тұтатын. Мүмкін қазақтың сол арыстарынан да бірдеңе жұққан шығар. Атамыз қазақ «тақыр жерде шөп өспейді» деп бекер айтпаған болар.
Алла тағала біреуге талант берейін десе, үйіп-төгіп бере салады екен ғой. Ерболдың бойында жақұттай жарқыраған асыл қасиеттер «менмұндалап» тұратын. Оған таудай талапшылдығын, ерен еңбекқорлығын, қайтпас қайсарлығы мен телегей теңіз білімін қосыңыз. Сонда ғана оның қайталанбас тұлғасының сұлбасын танитын боласыз. Шырғалаңы көп шенеуніктік жұмыстың қайнаған ортасында жүріп, поэзия әлемінен қол үзбеген. Оған «Көңіл суреті» мен «Жүректегі жазулар» атты жыр жинақтары куә. Қолы қалт еткенде Астана мен жан жары жайлы сырлы ән тудырып, сазгерліктен де құралақан еместігін байқатыпты. Аттары әлемге әйгілі А.Камю, Ф.Ницше, М.Хайдеггер секілді философтарды қазақша сөйлетіп, оқырмандарды олардың кемеңгерлік ой-толғамдарымен сусындатты. Мұның сыртында уақыт тауып, сарсылып отырып ғылыми жұмыстарға да ден қойған. Өзгесін былай қойғанда, сонау 1993 жылы жарық көрген «Қазақ елінің рәміздері» атты салмақты да салиқалы еңбегінің өзі неге тұрады. Бұл енді ғана егемендік алып, еңсесін тіктей бастаған, тәуелсіздік туының тұғырын бекітуге беттеген елдің патриоттық рухын көтеруге бағытталған бірегей еңбек еді. Шынын айтқанда, осындай сүбелі еңбектің авторы өзіміздің Ербол болғандығын былайғы жұртқа мақтан етіп айтатынбыз. Күнде көріп жүрген, жүрегімізге мақтаныш отын тұтатқан рәміздерді тарихи тұрғыдан ғана емес, моральдық тұрғыдан да мықтап шегелеп берген курстасымызды қалайша мақтан тұтпассың. Мұны бір делік.
Екіншіден, күні кешеге дейін төрден өз орнын таба алмай, босағадан аттай алмай, есіктен ғана сығалауға мәжбүр болған қасиетті ана тіліміздің бойына жан кіргізіп, тірілтуге тырысқан намысқой азаматтың қатарында осы Ерболды атағанның еш сөкеттігі жоқ.
Өзгелер туралы айта алмаймын, алайда біздің солтүстік жақта жетім баланың күйін кешкен ана тіліміздің осындағы ата қонысына қайта оралуына сіңірген еңбегінің өзі бір төбе. Ерекең Ақпарат министрлігінің тіл департаментінің директоры болып тұрған кезінде біздің өңірге жиі келіп-кетіп жүрді. Сонда қазақ тілі десе кірпідей жиырыла қалатын кейбір өзге жұрттың өкілдеріне де, өзіміздің ана тілінен мақұрым, санасы таттанып кеткен қандастарымызға да бұл мәселені жетесіне жеткізіп айта білетін. Екі тілде еркін сөйлейтін, дәлелі мықты, уәжі берік, ойы ұтымды жанның әрбір сөзін ұйып тыңдап, төбеміз көкке жеткендей болып қаламыз. Жасырып қайтеміз, бұл жолы да курстастарымыздың ішінде осындай білімі кемерінен асып төгіліп жатқан, парасаты мен дүниетанымы қатар өрілген азаматтың бар екендігі мерейімізді тасытып, жігерімізге қанат бітіретін.
Бүгіндері осындай орны толмас азаматты, бергенінен берері көп, атқарғанынан атқармағы мол арқалы азаматты сағынып жүрміз. Әдетте «біреудің орнын екінші біреу алмастыра алады» деп жатамыз. Ерекең еске түскенде осы ойға үлкен күмәнмен қараймын.
Жайберген БОЛАТОВ,
Қостанай облыстық «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы.
Әкесімен бір бүтінге айналды
Тұстастары, құрдастары қайтыс болғанда Бауыржан Момышұлы ағамыз «И по нашим рядам бьют снаряды» деген екен қамығып. Сол ажал «снаряды» біздің курстың құрдастары, әрі ең жас тұстастары болатын Марат Нұрқалиев пен Ғабиден Құлахметовті тіпті ертерек жұлып түскен еді. Осыдан қырық күн бұрын төтелей тиіп, енді Ербол Шаймерденовті арамыздан алып кетті.
Біз 1971 жылы мектеп бітіре сала ҚазМУ-ге түскен 54-55-жылдары туған шамалы ғана жастар едік. Солардан елу студенттің ішіндегі бесеуі жұптарын жазбайтын. Бойлары шамалас Ербол Шаймерденов, Темірхан Момбеков, Байбота Серікбаев, Алпысбай Шымырбаев, Бекен Әбдікәрімовті «түлкінің балалары» деп қалжыңдайтынбыз. Олардан бір жас кіші болсақ та, Ғабиден екеуміз түлкінің балаларының үйіріне енбей қалыппыз. Тәрізі, ұзынтұралау бойымыздан болу керек.
Сол бесеуден Ербол ерек көзге түсіп тұратын. Сабақты өте жақсы оқыды. Қызылжардың қалың орысының ортасында өскендіктен бе, әлде өзінің тілге деген тума таланты бар ма, әйтеуір орысшаға ерен жүйрік еді. Қара папкасын қолтығына қысып алып, университеттің кәсіподақ, комсомол сияқты қоғамдық жұмыстарының бел ортасында жүретін. Біздер бірде бұрыс, бірде дұрыс басып жүргенде, Ербол сол студент кезінен-ақ ақырын жүріп, анық басты. Бақиға аттанғанша осы мінезінен танған жоқ. Сонысымен есте қалды. Қызылжардың облыстық газетінде, «Лениншіл жаста», қазақтың бас газеті аталатын «Социалистік Қазақстанда» қызмет атқарды. Екінің бірінің қолынан келсе де, қонышынан баса алмайтын Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетіне барғанда, «Арамыздан бір қайраткер шықты-ау, әйтеуір» деп тақымымызды қысып жүрдік. Ербол үлкен үйде жауапты қызметте жүргенмен, шекесінен қарап, шіренген жоқ.
Осындайда ойға оралады. Тоқсаныншы жыл болу керек, Ербол республикалық газеттер мен телевизияның бір топ басшыларын бастап, Қарағандыға келді. Облыстық газетте бөлім меңгерушісі едім. Ерболды үйге дәмге шақырдым. Келді. Жанында Қалтай Мұхамеджанов, Сарбас Ақтаев ағаларым бар. Арнайы шақырсаң келтіре алмайтын Алаштың аймаңдай азаматтары. Еститінмін, Қалағаң ЦК хатшыларының өзін жүре тыңдайды деп. Солай бола тұра, Ерболды ешқайсысы баласынған жоқ. Өз редакторым – Нұрмахан Оразбеков қатысқан сол отырыста бәріміз Ақтамберді жырау айтқандай, мұртымыз өрге шаншылып, әдемі бір әңгіме-дүкен құрғанымыз есте.
Ербол дос көңіліне, ұстаз алдындағы парызына адал болып өтті. Бір мысал. «Орталық Қазақстанның» редакторы болған, университетте бәрімізге сабақ берген Рамазан Сағымбеков марқұмның атын Қарқаралы ауданындағы мектепке беруге 2000 жылы қам жасадық. Аудан, облыс көлеміндегі шаруаларын тиянақтап, ұсынысты республикаға жөнелттік. Министрлікте қызметте жүрген Ерболға қолқа салдым. Ол сөзге келместен Премьер-Министрдің қолын қойғызып, Үкімет қаулысын шығартып, айналдырған екі айдың ішінде мәселені жедел шешіп бергенін қалай ұмытасың. Былтырғы жылдың аяғында Р.Сағымбековтің кітабын шығарып, 80 жылдығын атап өткенде Ерболдың осы еңбегін өткен шақта айтуға тура келді. Амал нешік.
Үкіметтің ғұмыры таусылмайтын қат-қабат қыруар жұмысына көміліп жүріп, қаламын қында ұстаған жоқ. Өлеңдері мен басқа еңбектерін айтпағанның өзінде, тәуелсіз мемлекетіміздің рәміздері туралы жан-жақты тиянақтап жазуы курстасымыздың тыңға түрен салғаны еді. Мұнан былай республикамыздың Рәміздері күні Ерболды еске алып отырамыз да. Ал афоризмдерді жинастырып, бастырып шығарған соңғы кітабы шын мәнінде инемен құдық қазғандай жұмыс қой.
Мен Ерболды Алаштың Ақселеуінің Жаңаарқадағы 70 жылдық тойында соңғы рет көрдім. Түлкінің балаларының екеуімен шұрқырай табыстым. Екіншісі – Бекен Әбдікәрімов. Абыр-сабыр той үстінде шешіліп әңгімелесе де алмадық. Дастарқан басында Ербол мен Бекенді төрге оздырып, ортасында отырдым. Нөсер жауды. Аспан Ақселеуін аңырай іздеп, ағыл-тегіл жылағандай көрінді. Ерболдың жүзі сынық екен. Ауырмай жүрген адамның денсаулығын сұрай алмадым. Бекен үшеуміз Жаңаарқада суретке түстік. Бәлкім, Ерболдың артында қалған соңғы бейнесі осы шығар. Оны Бекен біледі.
Былтыр курстастар бас қостық. Ерекең (Ержұман Смайыл) құрастырған естелік кітабымызға Ербол өлеңін беріпті. Естелік жазбапты. Біз жазсын деген шығар.
Осы жинақтағы «Өлеңімде – өмірім» атты өлеңін былай түйіндепті:
Сен де, әке, бөлшегісің бүтіннің,
Мен де, әке, бөлшегімін бүтіннің.
Тізе бүгіп тағдырымның алдында,
Деймін іштей: жазғаныңа шүкір мың!
Иә, тізесі бүгілді, тыпыршыған тынымсыз жүрегі тыныш тапты. Әкесімен бір бүтінге айналды.
Тағдыр!!!
Мағауия СЕМБАЙ,
Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан»
газетінің бас редакторы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Белгілі қоғам қайраткері, аяулы азамат Ербол Шаймерденұлының жүрегі соғуын тоқтатқанына қырық күн болып отыр. Марқұмның қырық күндік еске алу рәсімі – қырқы 2013 жылдың 27 қаңтарында, жексенбі күні сағат 13.00-де Астана қаласындағы «Сәтті» мейрамханасында болады.
Ерекеңнің жасы үлкен ағалары мен ілтипатты інілері, достары мен курстастары, қызметтестері мен таныстары шақырылады.