Халыққа жедел әрі сапалы қызмет көрсету үшін аталған қабылдау орындарына 150-дей адам жұмылдырылып, сәуір айында 14 мыңнан астам тұрғынның өтініші қабылданған. Нәтижесінде 6 мыңға жуық отбасыға қаржылай көмек тағайындалды. Былтыр Шымкентте 10 мыңнан астам отбасы атаулы әлеуметтік көмек алған болатын. Биыл бұл көрсеткіштің саны арта түспек.
Мемлекет тарапынан берілген әлеуметтік көмекке алғашқылардың бірі болып 7 баланың анасы Мамрахан Бекметова ие болды. Қуанышы қойнына сыймаған ана құжаттарын еш қиындықсыз қабылдаған жұмыспен қамту орталығының мамандарына алғыс білдірді.
– Шымкент қаласы бойынша атаулы әлеуметтік көмекке өтініш білдірген отбасылардың сәуір айында тапсырған құжаттарының барлығы қамтылады. Сонымен қатар қала тұрғындарының әлеуметтік көмек ала алмай қаламын деген күдігін тудырмау үшін өтініш білдірген отбасылардың іс-қағаздарын толыққанды заң аясында қарап, назарға аламыз, – дейді қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова.
Көп балалы аналар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылатын отбасылар атаулы әлеуметтік көмек жетпей қалуы мүмкін деп алаңдаған болатын. Алайда салаға жауапты тұлғалар Елбасы тапсырмасымен бөлінген қаржылай көмектің жеткілікті екенін айтып, халықтың алаңдауына негіз жоқ екенін түсіндірді.
ШЫМКЕНТ