Спорт • 09 Мамыр, 2019

Мұхаммед пен Мэннидің мәрттігі

995 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жуырда АҚШ-тың әйгілі «Time» журналы жер жаһандағы ең ықпалды 100 адамның тізімін жария етті. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін есімдерін жатқа білетін бес бірдей спортшыны айтулы басылым үздіктер қатарына енгізген екен. Ал солардың арасында атақты футболшы, Мысырдың ұлттық құрама мен Англияның «Ливерпуль» клубының сақа ойыншысы Мұхаммед Салахтың көші бәрінен ілгері тұр. Бүгінгі таңда ол «Титан» аталымы бойын­ша жеңімпаз деп танылып отыр.

Мұхаммед пен Мэннидің мәрттігі
26 жастағы Мұхаммед Салах­тың қандай мықты аза­мат екені барша жұртқа мәлім. Ол туған ауылы мен өлкесіне қамқор қолын созудан еш тартынған емес. Сол жерлерде спорт кешендері мен футбол алаңдарын, мектептер пен ауруханалар салып, заманауи талаптарына сай құралдармен жабдықтады. Кедейшіліктің қамытын киген балалардың өмірдегі өз жолдарын табуға Мұхаммед үнемі жәрдемдесіп жүр. 

Мынадай бір қызықты дерек бар: 2017 жылы Египет үкі­меті өздерінің ұлттық валю­тасын құнсызданудан сақ­тап қалу үшін әлемнің әр қиы­рында жүрген бай-қуатты азаматтардан мол көлемде қаражат сұрауға мәжбүр болды. Айтулы теңбіл доп шебері бұл ұсынысты ең бірінші болып қолдады. Мәрт Мұхаммед арада бір апта өтпей жатып, арнайы есепшотқа 210 мың британ фунт-стерлингі көлемінде қаржы аударды. Сонымен қатар түрлі жағдайға душар болып, тағдыр тәлкегіне ұшы­раған ардагер футболшылар да Салахтың назарынан тыс қалған емес. Бүгінгі таңда Мысыр елінің тұтастай 120 футболшылар отбасын Салах асырап отыр десек, артық айт­қанымыз емес. Осындай кең­пейілдігі мен жомарттығы, мәрт­тігі мен азаматтығының арқа­сында күллі араб әлемінде Мұхам­мед аса зор беделге ие. 

Бұл күндері Африка мен Азия құрлықтарындағы жан­күйерлердің барлығы да айтулы футболшы жасыл алаңға шыққанда тақымдарын қысып отырады. Көптеген мем­ле­кет­тің жастары Салахтың есі­мі жазылған футболканы киіп, көшеге шығуды өздері үшін зор мәртебе санайды. Сол ар­қылы «Ливерпуль» фанат­та­рының қатары тек Тұманды Альбион елінде ғана емес, жер-жаһанның әр қиырында күн санап артып келеді. 

Мысырдың 90 миллион халқы Мұхаммедті айрықша құрметтейді. Пір тұтатындар да жетіп артылады. «Ол Мы­­сыр елі үшін бірде-бір саясат­кердің қолынан келмеген үлкен істер тындырды. Таяу Шы­ғыс халықтарын жақын­дас­тырды. Біраз жылдан бері біздің елде экономикалық дағ­дарыстың белең алып тұр­ғаны белгілі. Оның үстіне сан мың адамның өліміне әкеліп соқтыратын лаңкестік те болып тұрады. Сондай ел ба­сына күн туған кездері жа­ны қиналған жамағаттың жа­нынан ең бірінші болып Мұхаммед Салах табылады», – дейді мысырлықтар. 

Спортшылар арасында дәл сондай мәрттігімен танылып, өз отандастары арасында зор бе­делге ие тағы бір тұлға бар. Ол – 40 жастағы Мэнни Пакьяо. Ұзақ жылдар бойы шаршы алаңды армансыз шай­қап, кәсіпқой бокстағы ең белді нұсқалардың алтын бел­беуін көптеп иеленген Филип­пин азаматы өз елі, өз халқы үшін әркез жанын қиюға даяр.

Мэнни де жоқшылықтың тауқыметін әбден тартқан адам. Сондықтан да ол жетім-жесірлер, кедей-кепшіктер, кем­бағал жандардың жан-дү­ниесін жақсы түсінеді. Әуелі ол өзі туып-өскен ауылы мен Кибаве өңірінің адамдарына көмектесе бастады. Дәулет арт­­­қаннан кейін басқа да аймақ­тардың тұрғындарына қамқорлық көрсетті. Уақыт оза Филиппиннің тұрмыс жағ­­дайлары нашар сан мың адамға Пакьяоның шапағаты молынан тиді. Ол мыңнан аса үй салып, бірнеше мектеп пен аурухана тұрғызды. Де­малыс орындарын салды. Үнемі игі шаралардың басы-қасынан табылып, қолынан келген көмегін халқынан еш аяған жоқ. 

2007 жылы саясатқа ара­лысқан Мэнни Пакьяо 2010 жылы Конгресс сайлауында жеңіске жетті. Сенаторлық қыз­метте де үлкен абырой жиды. Халықтың мұң-мұқ­тажын биліктің құлағына жет­кізіп, кезек күттірмейтін мә­селелердің шешілуіне оңды ық­пал етті. Кедейлікпен күресу жолында өзі үлгі көрсетіп, мил­лиондаған қаражатын үне­мі қайырымдылық шараларына жұмсауда. Дәп қазіргі кезде беделі мен танымалдығы жағынан 105 миллионнан аса тұрғыны бар Филиппинде дәл осы азаматпен теңесе алатын бірде-бір тұлға жоқ. 

Мұхаммед Салах пен Мэнни Пакьяодан бөлек, тағы басқа саңлақтардың жо­март­тығымен аттары шы­ғып, көпшіліктің ыстық ықы­ла­сына бөленуде. Мә­се­лен, «Ювен­тустың» ойыншысы Криштиану Роналду Порту­галиядағы өзінің туған қала­сы – Фуншалға жыл сайын жүздеген мың еуро аударып тұрады. Сол қаражатқа қа­терлі ісікке қарсы күрес орта­лығы салынды. 2011 жы­лы ол Еуропаның ең үздік сұр­мергеніне тиесілі «Алтын бутсы» жүлдесін аукционға қойды. Содан түскен 1,5 миллион еуроны соғыстан көз ашпай жатқан Палестинаның Газ секторындағы балалардың атына аударады. 2015 жылы Непалдағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек ретінде өз есеп-шотынан 5 миллион фунт-стерлинг бөлді. 

Бразилия құрамасы мен «Барселонаның» жұлдызы Лионель Месси әкесі және ағасымен бірге «Fundacion Leo Messi» қорын құрды. Теңбіл доптың теңдессіз шеберінің отбасы әлемнің әр қиырындағы тағдыр тәлкегіне ұшыраған ба­лаларды емдеп, олардың білім алуына жәрдемдесуде. Мес­си «Unicef» ұйымының елшісі ретінде Индонезия, Бан­гладеш және Непалдың жет­кіншектеріне қол ұшын берді. 

Кезінде Францияның «Па­ри-Сен-Жермен» клубында ойнаған ағылшын футболшысы Дэвид Бекхэм бүкіл бір жарым жылдық жалақысын (2,5 миллион фунт) басы-бүтін қайырымдылық шараларына жұмсағанын бүгіндері біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. 

Германия құрамасының ойыншысы Месут Өзіл 2014 жылы Бразилияда өткен әлем чемпионатындағы жеңісі үшін алған сыйақысын толықтай жарысты қабылдаушы ел перзенттерінің игілігі үшін жұмсауды құп көрді. Соның арқасында бразилиялық 23 балаға күрделі операция жасалды. 

Талай жылдар бойы Еуро­паның жасыл алаңдарында жасындай жарқыраған Дидье Дрогба байлыққа бел­ше­сінен батса да, өз елі тұрғын­да­рының қайыршылық күй кешіп жатқанын бір сәтке де есінен шығарған емес. Ол Кот-д’Ивуарға үнемі ат ба­сын бұрып, игі істер атқа­руда. Фут­­бол әлемінің жұл­дыз­да­рын Африкаға әкеліп, талай қомақ­ты шаруа тындырды. 

Аса ауыр салмақтағы ұлы­британиялық боксшы Тайсон Фьюри үйсіз-күйсіз жүр­ген­дерге және ішімдік пен есірт­кі дертіне шалдыққан жан­дарға зәулім сауықтыру үйін тұрғызып берді. 

25 жастағы футболшы Анте Ребичті жанкүйерлердің көбі жақсы біле бермейді. Еш­уақытта ол Еуропаның мү­йізі қарағайдай клубтарында ойнаған емес. Былтырға дейінгі бағындырған бе­лес­тері де аса зор емес болатын. Ал былтыр Ресейде өт­кен әлем чемпионатында Хор­ватия құрамасы айды ас­панға шығарып, күміс ме­дальді олжалағаны барша жан­күйердің есінде. Сол ко­манданың сапында Ребич те тамаша ойын өрнегімен көзге түсіп, көпшілікке танылды. Сол табысы үшін берілген сый­­ақысын ол игі шараға жұм­­сады. Атап айтсақ, 500 адам­дай ғана тұрғыны бар өзі­нің туып-өскен Имоцки ауы­­лы тұрғындарының не­сиесін Анте толықтай жауып берді. 

Міне, осындай жүрегіне иман қонған, жаны жомарт, құшағы кең және шапағаты мен шуағын жан-жағына шашып жүретін азаматтардың тірлігіне сүйсінбеу мүмкін емес...