Аймақтар • 10 Мамыр, 2019

Павлодарда соғыс ардагері пәтерлі болды

943 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

9 мамыр мерекесіне орай облыс орталығындағы «Сарыарқа» шағын ауданындағы жаңа үйден майдангерлер Әкімбек Әбдірайымов, Құдайберген Қапсалямов, Вячеслав Чернышев 2 бөлмелі пәтер алды.

Павлодарда соғыс ардагері  пәтерлі болды

Пәтер кілттерін облыс әкімі Болат Бақауов табыстады. Пәтер  алған соғыс ардагері Әкімбек Әбдірайымов 95 жаста. Атамыз майданға 1942 жылы шақырылып, 60-шы автоматшылар полкының 204-ші атқыштар дивизиясының құрамында Белоруссияның Витебск және Смоленск облыстарының аумағындағы шайқастарға қатысып, Украинаны азат етуге қатысқан екен.

Ұрыс даласындағы бірнеше жарақаттардан кейін мүгедектік алған Әкімбек Әбдірайымов ерлігі мен батырлығы үшін екінші дәрежелі «Отан» және «Қызыл жұлдыз» ордендерімен марапатталды. Соғыс ардагері Қапсалямов Құдайберген майданға 17 жасында аттанған. Атамыз 34-ші танкіге қарсы атқыштар дивизионында артилерист-көздеуші ретінде шайқастарға қатысты.

Қарт майдангер үшінші дәрежелі Даңқ орденімен, «Варшаваны азат еткені үшін», «Ерлік істері үшін» медальдерімен, мерейтойлық медальдермен марапаталады.  1950 жылы әскерден қайтқан Құдайберген Қапсалямов туған ауылына оралып, ішкі істер органдарында қызмет етті. Ел тыныштығын қорғаудағы еңбегі үшін ол «Мінсіз қызметі үшін» медалімен және «Милиция үздігі» төс белгісімен марапатталды.

Ал, Вячеслав Чернышев әскер қатарына 1944 жылы шақырылып, 76-шы гвардиялық атқыштар дивизиясында соғысты. 1945 жылдың қаңтарында жеңіл жарақат алған ол 1953 жылы запасқа шығып, оқытушылық қызметпен айналысты.

Вячеслав Чернышев екінші дәрежелі Отан орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдерімен және мерейтойлық наградалармен марапатталған.

– Вячеслав Владимирович өмірі пәтер сұраған емес, маған да тыйым салды. Бүгін пәтер алғанымыз біз үшін тосын сый болды, – дейді ардагердің зайыбы Татьяна Чернышева.   

Иә, өмірде  намысын бәрінен жоғары қоятын, Отаны үшін от кешкенін  парызым деп жүрегінде  сақтайтын, құрбандарға мәңгі бас иіетін осындай жігерлі мінезді аталардың бар екені қуантады.