1 мамыр күні түнгі 1 сағат 24 минутта елдегі соңғы жылу-электр орталығы электр қуатын өндіру үшін көмір жағуды тоқтатқан еді. Сөйтіп, көмірмен жұмыс істейтін алғашқы жылу-электр орталығы іске қосылған 1882 жылдан бері ағылшындар тұңғыш рет бір апта бойы тас көмірді пайдаланбаған. Олар электр қуатын алу үшін балама энергия көздерін қолданып жатыр. Бұл шара қоршаған ортаны ластаудың мөлшерін азайту үшін ұйымдастырылған. Әрі жүйелі түрде жалғасып келе жатыр. Ағылшындар жыл сайын көмірді энергия көзі ретінде қолдануды азайтып келеді.
Ұлыбританияның ұлттық желілік компаниясының (NGE) жүйелік операциялар бойынша директоры Финтан Слайдың айтуына қарағанда 2025 жылға қарай елдегі электр қуатын өндіру толықтай қалпына келтірілетін немесе қоршаған ортаға зиянсыз энергия көздерін пайдалануға көшірілмек екен. Мамандар елдің бір апта бойы тұтынған энергиясын өндіруде табиғи газдың үлесі мол болғанын айтады. 1 мамыр мен 8 мамыр аралығында 45% энергия газды пайдалану арқылы өндірілген. 21% энергияны атом электр стансалары өндірсе, 11% энергия желдің үлесіне тиген. Ел 10% көлемдегі қуатты сырттан импорттапты. Биомассалар арқылы өндірген энергияның көлемі 6%, күн энергиясы 6%-ды құраған. Гидроэнергияның үлесі 1% болса керек.