Аймақтар • 13 Мамыр, 2019

Заңсыз балық аулаудың зардабы көп

2298 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тіршілік атаулының қайта түлеп, жаңаша кейіпке енетін көктем мезгілі шаруаға да қолайлы кезең. Әсіресе көктемгі егіс даласында жұмыс жанданып, қарбалас қыза түседі. Сонымен қатар табиғаттың тірі байлығын қорғаудың да маңыздылығы арта түсетіні шын. Әсіресе су айдындарында балық аулаушылардың қара көбейтетіні де осы уақыт. Біреу балықты бас пайдасы үшін ауласа, енді бірі әуесқойлықпен суға қармақ салады. Дей тұрғанмен, заңсыз балық аулаудың зардабы көп екенін екінің бірі ескере бермейді.

Заңсыз балық аулаудың зардабы көп

Алайда, тап қазір балықтың уыл­ды­рық шашатын кезеңі бол­ған­дық­тан, бұл мәселеде қырағылық қажет болып тұр. Жамбыл облысында да бұл мәселе қолға алынып, балық аулаушыларды бақылау жолға қойылғанымен, бәрібір заңбұзушылықтар орын алуда. Өңірде Жайық, Ертіс, Сырдария сияқты алып өзендер болмағанымен, су тоған­дары­ның өзінде миллиондаған балық тіршілік етуде. Бүгінде Жамбыл облысында 133 су айдыны бар. Оның ішінде 18 су айдыны республикалық, ал 115 айдын жергілікті маңызы бар су қоймаларына жатады. Қазіргі кезде ағымдағы жылдың 15 сәуірі мен 31 мамыры аралығында балықтың уылдырық шашу кезеңі болғандықтан, оны аулауға тиісті мекемелер тарапынан облыс бойынша тыйым салынып отыр. Нақты айтсақ, Жамбыл облысында балық ресурстары мен басқа да су жануарларының уылдырық шашу және көбеюі кезеңіне байланысты Билікөл, Бөгеткөл және Ақкөл көлдерін өзара байланыс­ты­ратын Аса өзенінде және оның саға­ларында балық аулауға ты­йым салынған. Жамбыл облыстық орман шаруашылығы және жануар­лар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Болат Асам­бековтің айтуын­ша, жер­гілікті өзен­дерде тыныштық айма­ғын құру мақ­сатында Тасөткел су қоймасынан жоғары орналасқан Шу өзенінде, оның құймаларында және Талас өзенінде жыл бойы балық аулауға болмайды. Сонымен қатар өңірде бүгінде балықтарды қорғау мақсатында «Уылдырық-2019» науқа­ны ұйымдастырылуда.


«Аталған шара бойынша өңірдегі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының ма­мандары «Уылдырық» шарасы ке­зін­­де бірлескен түрде қаскөй балық­шы­лармен күресу үшін арнайы рейдтер ұйымдастыруда. Сонымен қатар ағымдағы жылдың 15 сәуірі мен 
31 мамыры аралығында балықты барынша қорғау жұмыстарын бірлесіп атқару да маңызды. «Уылдырық» шарасы кезінде балықтың уылдырық шашу және тыныштық аймақтарында барынша қорықшылық қызметтер ұйымдастырылып, олар тәулік бойы жұмыс орнында болады. Ағымдағы жылдың 10 сәуірінен бастап полиция қызметкерлерімен бірге барлық су айдын­дарындағы суда жүзу құрал­­дарын тексеру жұмыстары жүргі­зі­ліп, құжаттары реттелмеген неме­се құжаты мүлдем жоқ барлық суда жүзу құралдары мемлекет пайдасына тәркіленіп алынсын деген ше­шім қабылданды», дейді Болат Дәулетқұлұлы.


Дегенмен де бүгінде табиғат бай­лы­ғына қиянат жасаушы қаскөйлер азаймай отыр. Тіпті заңсыз балық аулау деректері жыл өткен сайын арта түсуде. Мәселен, балықты қор­ғау заңдылықтарын бұзғаны үшін ағымдағы жылы 15 сәуірден бері өңір бойынша 41 хаттама толтырылып, заңды белден басқандарға барлығы 494 мың 900 теңге айыппұл салынған. Сонымен қатар Жамбыл ауданының аумағындағы Аса өзенінде электр қармақпен заңсыз балық аула­ған екі азамат ұсталып, олардың үсті­н­ен Қылмыстық  кодекстің 335-бабы, 3-бөлігі 2,4-тармақтарымен қылмыстық іс қозғалған. Заңсыз балық аулаушылықтың салдарынан олар мемлекетке 575 мың 272 теңге залал келтірген. Атқарылып жатқан жұмыс нәтижесінде 15 сәуірден бас­тап «Уылдырық» шарасы бойынша инспекция қызметкерлері тыйым салынған аулау құралдарымен шыққан 6 балықшыны ұстап, хаттама толтырды. Нәтижесінде келтірілген 72 000 теңге залал мөлшері есептеле отырып, істері сотқа жолданған және 1 қармақпен балық аулау фактісі тіркелген.

Негізі заңсыз балық аулау­шы­лар­дың 40 пайызы Балқаш көлінен ұсталады екен. Балқаш көлі еліміздің бірнеше облыстарымен шектесіп жатқандықтан, мұнда өзге өңірлерден де балық аулаушылар келеді. Өкінішке қарай табиғаттың байлығын емес, жеке басының пайдасын ойлағандар бүгінде де азаймай отыр. Алайда, Жамбыл облысында балықтың уыл­ды­рық шашатын мезгіліне орай аулауға ты­йым салынуына байланыс­ты белсенді жұмыс жүргізілуде. Сала мамандары заңсыздыққа жол бермеу мақсатында барлық әрекетті жасап бағуда. Мәселен, балықты тиісінше қорғауды ұйымдастыру мақ­са­­тында аталған инспекция маман­дары, облыстық полиция депар­таменті, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен №2035 шекара қызметі бірлесіп жұмыс атқа­ру­да. Алайда, әр азамат табиғат байлы­ғы­на жауапкершілікпен қараса, жүген­сіз­дік­тің де жолы кесілер еді. Әрбір адам заңсыздықтың зардабы көп екенін ескере жүрсе, байлықтың көзі балық та сақталып қалмақ.


Жамбыл облысы