Өмір жолы
Сейсенбі, 19 наурыз 2013 1:25
Өмір-өзен. Одан бері де талай уақыт өтті тоқтаусыз. Өткенсіз алға ілгерілеу мүмкін емес. Осындайда еске көп нәрсе түседі. Нұрдәулет Шәріпұлы Ақышев 1923 жылдың 23 наурызында Ақтөбе облысының Ойыл ауданында дүниеге келген еді. Ел басына төнген ашаршылық жылдары әке-шешесінен айырылып, қаршадайынан жетім қалған Нұрдәулет балалар үйінде тәрбиеленеді. Өмірдің қиындығын көп көріп, өксіп өскен Нұрдәулет он тоғыз жасында Ұлы Отан соғысына өз еркімен аттанады.
Сейсенбі, 19 наурыз 2013 1:25
Өмір-өзен. Одан бері де талай уақыт өтті тоқтаусыз. Өткенсіз алға ілгерілеу мүмкін емес. Осындайда еске көп нәрсе түседі. Нұрдәулет Шәріпұлы Ақышев 1923 жылдың 23 наурызында Ақтөбе облысының Ойыл ауданында дүниеге келген еді. Ел басына төнген ашаршылық жылдары әке-шешесінен айырылып, қаршадайынан жетім қалған Нұрдәулет балалар үйінде тәрбиеленеді. Өмірдің қиындығын көп көріп, өксіп өскен Нұрдәулет он тоғыз жасында Ұлы Отан соғысына өз еркімен аттанады. Жабырқай қараған қыр, жылжып аққан ерке өзен, әке-шешенің алақанындай болып маңдайынан сипаған самал жел, бәрі де көңілі алабұртқан, бірақ іштегі қайсар рухпен жігерленген перзентіне амандық тілеп артта қала берді.
Сұрапыл соғыстың алғашқы кездерінде Батыстағы жерлер жаудың табан астында қалып, алдыңғы шебі Мәскеуге таяп қалған шақта жұрт демін ішіне тартып, майдан жаққа құлақ түрумен болды. Ақыры төрт жылға созылған қанды қырғын аяқталып, біздің әскерлеріміз жеңіске жетті. Қатардағы солдаттан взвод командирі дәрежесіне дейін көтерілген Нұрдәулет Ақышев та Рейхстагқа Жеңіс туы тігілген сәтте балаша мәз-мейрам күй кешіп, қуаныштан жанарға іркілген жасты да байқамаған майдандастарының ортасында жүрген еді.
Туған жерге деген шексіз махаббаты бойына күш берген Нұрдәулет кеудесіндегі алып-ұшқан арманы мен елге деген сағынышын жұдырықтай жүрегіне түйіп ауылына да аман-есен оралады.
Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі мен қаһармандығы үшін Нұрдәулет Ақышев бірнеше орден-медальдарды көкірегіне жарқыратып тақты. Атап айтсақ, Қызыл жұлдыз, Отан соғысы ордендерімен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Праганы азат еткені үшін» және басқа да көптеген медальдармен марапатталды. Жоғарғы қолбасшының арнайы алғысын алды.
Сұм соғыстың кесірінен әбден титықтаған туған елдің еңсесін көтеруге үлесімді қайткен күнде де қоссам, өмірден өз орнымды тауып, ата-баба жолын жалғастырсам деген алаулы арманы мен үміті жас жігітті одан сайын шыңдай түсті. Сөйтіп ауылдың қым-қуыт тірлігіне білек түріп араласты. Соғыстан кейінгі жүдеу тұрмысты көтеруге аянбай атсалысты. «Асыл адам айнымас» деп ұлы Абай айтқандай, Нұрдәулет Шәріпұлы адалдықты өмірінің соңына дейін түпқазық етіп ұстанды.
Ол 1949 жылы Шымкент педагогикалық институтын бітіріп, жолдамамен Келес ауданының «Ленин жолы» орта мектебіне орыс тілі пәнінің мұғалімі болып келді. Өмірлік мақсатына адал, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары Нұрдәулет Шәріпұлын жергілікті басшылық партия жұмысына шақырды. Алдымен Келес аудандық атқару ұйымының жауапты хатшысы болып, содан кейін Абай және Ғ.Мұратбаев атындағы кеңшарлардың партия комитетінің хатшысы, аудандық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, аудандық халық бақылау комитетінің төрағасы тәрізді жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Ауданның мәдени-әлеуметтік өміріне белсене араласып, туындаған түйткілдерді шешуге көп үлес қосты. Ол кісінің шарапаты талай жанға тиіп, соның арқасында олар өмірден өздерінің лайықты жолын тапты. Жұртшылықпен тығыз араласып, мұң-мұқтажын білуді дәстүрге айналдырды. Көптің алғысына кенелген Нұрдәулет Ақышев қашанда турашылдықты ту етіп, қамқорлық қолын созуға асығатын. Құрметті еңбек демалысына «Ленин жолы» орта мектебінде жеті жыл бойы мектеп директоры болып шықты. Әкемізден сапалы білім, саналы тәрбие алған оқушылары әлі күнге дейін ұстаз қасиетін ұмытпай зор мақтанышпен айтып отырады. Ұлағатты ұстаздың тәлімін көрген көптеген шәкірттері бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде беделді орындарда қызмет етуде. Мұғалім атын жоғары ұстанған оның еңбегі лайықты бағаланып «Құрмет Белгісі» орденімен мадақталды. Бұл сол кездегі ұстаздар арасында қол жеткізілген биік белес еді.
«Күннің көзін алақаныңмен қанша қалқалағаныңмен сәулесін жасыра алмайтыны» сияқты, Нұрдәулет Шәріпұлының халқына сүйіспеншілік сезімі өте керемет болатын. Оны абырой-атаққа кенелткен де осы киелі сезім еді. Сол кездегі республика басшылығы Нұрдәулет Шәріпұлы Ақышевтың бейбіт өмірдегі өнегелі ісін бағалап көптеген марапаттармен атап өтті. «Еңбек ардагері» медалі соның нақты айғағындай. Республика Оқу министрлігі ұстаздың үлгілі ісін көп игілігіне тарату мақсатында бірнеше мәрте оның тәлімі мол көрнекі жұмыстарын мектептерге таратты. Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері атанған ол бірнеше рет аудандық және ауылдық кеңеске депутат болып сайланып, жұртшылықтың қалаулысы ретінде түйткілді мәселелерді шешуге түрткі болды.
Міне, осылайша әкеміздің өнегелі ғұмырын жақсылыққа жақсылықпен өріс берген күндермен, тағдырының жанарынан жеңіс көрген күндерімен мазмұнды өткізген бақытты жанның бірі деп қазір үлкен мақтаныш сезіммен айта аламыз.
Туған халқының өзіндік салт-дәстүрін, бай мәдениетін, ерекше болмысын бойына сіңірген анамыз Гүлзина екеуі бес баланы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай тәрбиелеп өсірді. Балаларының тұңғышы мен қазірде зейнеткермін, көп жылдар бойы Ішкі істер министрлігінде басшы қызмет атқардым, полковник атағым бар, менен кейінгі інім Азамат «ҚазМұнайГаз» компаниясына қарасты мекемелердің бірінде жауапты қызмет атқарады, үлкен қарындасымыз Светлана ата-анасының жолын қуып, ұстаз мамандығын таңдады. Ол Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті білім жетілдіру орталығының директоры. Ортаншы қарындасымыз Шолпан бас экономист, ең кіші қарындасымыз Жұлдыз Алматы қаласындағы емхананың бас дәрігері болып жұмыс істейді. Әкеміздің мейірім шуағын көріп өскен біз оның жүріп өткен өмір жолын қастерлеп, бағалаймыз. Ең алдымен адам болуды басты парыз санаған әке аманаты әрдайым есімізде тұрады.
«Әкең де бала болған» демекші, өмір соққысын ерте жастан көрген бала Нұрдәулеттен қоғам қайраткері дәрежесіне дейін көтерілген Нұрдәулет Ақышевтың өмір жолы тұнып тұрған тарих. Бізге, оның ұрпақтарына үнемі өнеге болады да тұрады. Әкеміздің салып берген тура жолынан таймаймыз.
Мағыналы да мазмұнды өмір сүріп, артындағы ұрпақтары үшін үлгі боларлықтай рухани байлық қалдырған Нұрдәулет Ақышев егер тірі болып ортамызда жүрсе, бүгінде 90 жасқа толып бала-шағасы мен туған-туыстарының ортасында шат-шадыман болып отырар еді. Алайда, жазмыштан озмыш жоқ. Әркімнің маңдайына жазылған тағдырдың өз заңы бар. Алдыңғы буын – аға ұрпақ өз ғұмырнамасын жазып, өмірден өтеді, орнына келесі буын келеді. Сөйтіп, өмір жалғаса береді. Уақыт тоқтамайды. Жылғадан жылжып су аға береді.
«… Қариялар азайып бара жатыр,
Бірі мініп келместің кемесіне,
Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр», деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев өлеңінде өмірдің осы бір болмысын меңзегендей.
Әкеміздің өмірден өткеніне де міне жиырма жыл болып қалыпты. Содан бері ол кісінің атына кір келтірмей, қолдан келгенше елімізге үлесімізді қосуды әке аманаты деп санаймыз. Оның жарқын бейнесі мен ғибратқа толы ғұмыры уақыт өткен сайын санамызда жарқырап жасай түспек. Әкеміздің рухы әркез демеп жүретіні сөзсіз. Мұндайда жаның жәннаттың төрінде болсын асыл әке дейміз де. Иә, одан басқа не дейміз. Біздің перзенттік парызымыз осы да.
Серік АҚЫШ,
полиция полковнигі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қайраткері, зейнеткер.