Медицина • 14 Мамыр, 2019

Қатерлі ісіктен құтылудың амалдары қарастырылуда

1089 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елімізде солтүстік және шығыс өңірлер онкологиялық аурулар бойынша алдыңғы орында. Әсіресе Шығыс Қазақстан облысында онкологиялық дерттен көз жұмғандардың саны көбейіп тұр. Онкологиялық регистрдің ақпаратынша, жыл сайын облыста қатерлі ісікке ұшыраған 4 200 оқиға тіркеледі екен. Дәрігерлердің мәліметіне сүйенсек, 2018 жылы онкологиялық дертке шалдыққандар бойынша жаңадан 35 мың оқиға тіркеліп отыр. Бұл өте өкінішті.

Қатерлі ісіктен құтылудың амалдары қарастырылуда

– Жыл сайын Семейде қа­тер­лі ісіктің ауыр түріне шал­дыққан 1500-дей сырқат тір­келеді, – деді қаладағы Яд­ролық медицина және онкология орталығы стратегиялық даму секторының меңгерушісі Татьяна Белихина, – олар не­гізінен 60-69 жас аралығын­дағылар. Бұл барлық тіркелген сырқаттың 32 пайызы. Анық­талған науқастардың 20-40 па­­йызы сырқаттары әбден ас­қынып кеткен кезде ғана қа­рал­ғандар. Сондықтан біз жыл сайын «Рак ауруы­на қарсы бүкіләлемдік күрес күніне» орай халықты мейлінше ақ­парат­тандыруға, түрлі дерт­тердің алдын алуға тырысамыз. Бұл дерт бойынша Қазақ­станның солтүстігі мен шығыс аймақтары респуб­ликаның өзге өңірлерінен алда тұр. 2018 жы­лы тіркелген еліміздегі нау­қастардың 55, 7 па­йызы әйел адамдар болып шықты. Олардың 70 пайызы еңбекке жарамды жаста ауыр дертке шалдыққан. Жастары 50-70 аралығындағылар. 

Татьяна Белихинаның айтуынша, Қазақстанда омырау безі қатерлі дертіне шалдық­қан­дар саны – 12,6 пайыз, өкпе 9,9 пайыз, асқазан-ішек 7,4 пайыз­ды құрап отыр. Ал Семейде жағдай өзгешелеу екен. Ер адамдар арасында өкпе дертіне шалдыққандар – 19,7 пайыз, тері ауруы – 11,3 пайыз, асқазан 10,4 пайыз, ал әйел­дер арасында емшек безі қатерлі дертіне шалдыққандар 22,2 пайыз болса, тері 10,5 пайыз, жатыр мойны ісігі 8,4 пайыз­ды көрсетеді. 

Семейде науқастардың дер­­­тін ерте бастан анықтау үшін үш бағытта скрининг тұ­рақты түрде жүргізіледі. Мә­селен, 30-70 жастағы әйел­дер төрт жылда бір рет жатыр мойны қатерлі дертіне тексеріледі. 40-70 жас аралы­ғын­дағылар екі жылда бір рет тексеріледі. Және 50-70 жас­тағы ер және әйел адамдар колоректальды рак­қа екі жылда бір рет ішек­терін тексертеді. 

2018 жылы онкологиялық ауру­лармен кешенді түрде кү­ресу үшін 2022 жылға дейін­гі бағдарлама әзірленген. Бұл­ жүзеге толық асырылу үшін рес­публикалық бюджет­тен қосымша 35,1 млрд тең­ге бөлінген. 2019 жылы бұл қа­ражат 12 млрд теңгені құ­­­ра­ған. Бұл қаражат төрт бағыт­қа жұм­салмақ: яғни алдын ала тексеру арқылы дертті бас­тапқы кезінде анықтау, он­кологиялық емдеудің жаңа тәсілдері, нақты әрі сапалы диаг­­ностика мәселесі, ғылым мен білім саласын жетілдіре түсіп, қажетті мамандарды әзір­леу. 

Айта кету керек, соңғы кез­дері ерте диагностика және қа­терлі ісік ауруларының ас­қынған түріне жол бермеу үшін жаппай күрес аз болса да өз нәтижесін беріп отыр. Об­лыс бойынша қатерлі дертке ұшыраған науқастардың диаг­нозы анықталған соң, 51,1 па­йызы 5 жылдай және одан да көбірек өмір сүрген. Ал 2017 жылы бұл көрсеткіш 49 % болатын. Адамдарға бұл құрғақ мәлімет болса да, дәрігерлер мен ауыр науқастар үшін бұл 10 376 құтқарылған өмір мен үміт деуге болады. 

Осы аз ғана көрсеткішке жету үшін Семей мен Өс­кемен қалаларының онкоор­талықтарында рак диаг­нос­тикасын ерте бас­тан анықтап, емдеп-жазу үшін әлемдегі ең озық технологиялар қол­данылуда. Кар­диология, трав­матология, он­кология, ана мен бала ден­саулығын сақ­тау са­лаларында 2017-2019 жыл­дардағы Шы­ғыс Қазақстан об­лысы бойын­ша денсаулық сақтау саласының тиімділігін арт­тыру бағдарламасы қолға алынған. 

Облыстың бас онкологы Гүл­мира Сағидуллинаның ай­­туын­ша, соңғы 15 жылда Өске­мен қаласындағы он­ко­орталық қатерлі дерт­ті анық­тауда көптеген қанатқақ­ты жо­ба­ларды бастап, ел игі­лігіне ұсынып келеді. 

– Жаңа заманауи құрылғыда жұмыс істеу үшін Еуропаның Манчестер қаласындағы әлем­дегі ең үздік онкологиялық орта­лықта оқыдым, – дейді дәрігер-рентгенолог Айжан Әділ­ханова, – міне, осыдан кейін Өскемендегі орталыққа келіп, виртуалды колоноскопия (ВКС) және бронхоскопия (ВБС), төмен дозалы компьютерлік томографияны халық денсаулығын сақтау үшін дендеп енгізуге кірістім. Өткен жылдың қазан айында өкпе дерті бойынша алғашқы жобаға қатысып, Шығыс Қазақстан облысының 906 тұрғынын зерттеуден, тек­серуден өткіздім. Соның ішінде 28 адам өкпе ісігі бо­йын­ша анықталды. Алты адам­ға «өкпе рагі» диагнозын қой­дық. Бұл науқастар тір­келімге алынды. Дереу емдеу курстарынан өткіздік.

Онкомаммолог-дәрігер Ин­на Чертищеваның айтуын­­­ша, сүт безі рагіне тек­серудің скринингтік жоба­сы сияқты көптеген дертті ерте бас­тан анықтау бүгін­де үш есе ар­тып отыр. Мұ­ның барлығы да Еуропа онко­логиялық клиника­лары мен Ан­глиядан оқып, үйреніп келген білік­ті дәрігерлер мен за­мана­уи технологиялық құ­рал-жабдықтарды нәтижелі қол­дану арқылы жүзеге асуда. 
 

Раушан НҰҒМАНБЕК,

«Еgemen Qazaqstan»

СЕМЕЙ