17 Сәуір, 2013

Бақытты тағдыр

333 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бақытты тағдыр

Сәрсенбі, 17 сәуір 2013 2:13

Әңгімелегелі отырған кейіпкерімізді теміртаулықтар жақсы біледі. Ол алдымен сыйластық, достық құрметіндегі жан тұрғысында танымал. Арман қуған шағында алыстағы Ақадыр деген ауылдан Теміртау дүбірі шақырып, өзіндей өрендер ортасына қосылған кезінде тағдыр болашақ Тұңғыш Президентпен бірге оқып, бірге еңбек етіп, жақын араласып, сыйласуға жарастыруды маңдайына жазатынын қайдан білсін. «Сынасуға жараған сыйласуға да жарайды» делінгендей, қатар шыңдалған өмір жолы жарасымды жолдастыққа жалғастырса, сол қалпында берік сақталып қалатындығы қайдан қаперіне келсін.
Бақытына қарай солай болды. Бұрынғы әріптестерімен қауышу сәттерінде Нұрсұлтан Әбішұлының топ ортасынан бірден танып, құшақ ашып, төс түйістірер Қуаныш Омашев деген кісі осы. Сондайда Мемлекет басшысы мен қатардағы азамат арасындағы үзілмеген құрмет жұрт жүрегін ерекше сүйсінтіп өтеді. Достастықтың лауазым таңдамайтын, дәреже екшемейтін қадіріне бөленген азаматтың мұндайлық ілтипатқа бауыр тартылуы, әрине, жайдан-жай еместігі анық.
Ауыл мектебін бітірген соң Теміртауға бірден тартқан шағында ешқандай мамандығы да, алға қойған түпкі мақсаты да жоқ болатын. Жастық жалын көптеген құрбы-заман­дастарындай осы қаланы жаң­ғыртқан еңбек дүбірі ортасынан табылуға талпындырған. Әуелі слесарьлықты, оған іле фрезершілікті игеріп, жұмысқа белсене кіріседі. Өндірісте ысылуы Қарағанды политехникалық институтына оқуға түсуіне жеңілдік жасайды. Қатарларына металлург мамандығы бойынша білім тереңдетуге келіп қосылған теміртаулық әріптестерінің ішінен алғырлығымен, ширақтығымен бірден көзге түсуші жігіт бауырмал, ашық мінезімен бау­рап әкеткені есінде. Басқа тұрғыластарына қарағанда орысшаға да жүйрік, жас жағынан да үлкендігі бар, горновой ретінде домна пешінде шойын қорытудың мектебінен де өтіп үлгерген, сабаққа үлгерімі де үлгілі азамат аты-жөні Нұрсұлтан Назарбаев екенін айтып, өзінің де теміртаулық бұрынғы жұмысшы екенін білгенде тіптен жақын араласа түседі.
Қуаныш ағамен әңгіме үстінде айтылып өтілгендей, курстасының өзгелерден озыңқы қарым-қабілеті оқу барысында танылып қана қоймай, студенттік құрылыс жасағында қоян-қолтық еңбек етулерінде, Қазақстан Магниткасында өндірістік тәжірибеде бірге болуларында байқала бастайды. Іскерлік, ұйымдастырушылық қасиеттер ұшқыны Нұра ауданындағы «Балықтыкөл» кеңшары тұрғындарына арналып үйлер салу кезінде айрықша білінеді. Алғашқы күндерде жұмысты үйлестіре де, жергілікті басшылармен тіл табыса алмай іс берекесін кетірген жетекшінің орнына студенттердің қалауымен қайта сайланған жасақ командирі жас Назарбаевтың құрылыстың жүргізілуін қолға алуы-ақ жағдайды өзгертіп сала береді. Тұралап қалған жұмыс тез жанданып, күзге дейін 10 шақты тұрғын үй қоныстанушыларға тарту етіледі.
– Бұл Нұрекеңмен бірге алғаш рет еңбекке етене араласуым еді. Өзі де шаршауды білмейтін, өзгелеріміздің де солайша жұмыс істеуін қалайтын талабы қайратымызды қайрап, жігерімізді жаныды. Көбіне механизаторлар мен шопандар отбасы қоныстанған үйлер жандары алғыстың үлкенін алдымен командирімізге жаудырған болатын, – дейді Кәкең.
Оқу бітіріп, Теміртауға оралып, ауыр еңбектің қайнаған қазанына тап болғанында мамандығынан айныңқырап, тіпті оны тастап, ауылға қайту туралы да ой келіпті сол кезде жиырмадан енді аттаған кейіпкерімізге. Ешқандай жасырарлық сыры жоқ әдетімен Нұрекеңе осындай ние­тін сездіргенде: «Қуаныш, бір бастаған істі аяқсыз қалдыру жөн болмас. Бүгін сен ауылыңа қайтсаң, ертең мен ауылыма қай­тар болсам, орнымызды кім баспақ?! Бір­тіндеп күш жинап, қуаты артып келе жат­қан Магниткамыздың келешегі біздің қо­лымызда емес пе? Еңбекке еңсеңді тү­сір­ме», дейді. Мұндайлық орынды ақыл-ке­ңес, қиындыққа мойымауға жігер құю бір өзін ғана емес, бірқатар әріптестерін де мақсаттарына беріктікті беріктіргенін ри­залықпен еске алады Қуаныш Омашев аға.
Металлургиялық комбинаттың әр буынында еңбек еткендерімен, жақсы жолдастық қарым-қатынас үзілмейді. Сөз орайында Кәкең мақтанышпен айтып өткендей, үйленіп, жеке шаңырақ көтеруіне Нұрсұлтан досы дәнекер болыпты. «Жаңа отау құрушылардың Теміртаудағы тұңғыш комсомол-жастар тойы Зоя Балапашқызы жеңгең екеуміздің тойымыз болды. Домбыра да шертетін, сырнайда да ойнайтын, тәп-тәуір әншілігі де бар Нұрекең оны өзі басқарды. Президент болар адамның той асабасы болуы әлемде тек бізде кездескен шығар, сірә», деген Қуаныш Омашұлы мақтанышы шынында мақтанарлықтай ғой.
Жүзінен жылылық ескен, көкірегінен нұр төгілген, бәлки, осындайлық мінезімен қадір тұтуға лайық ағамыз от пен жалын өтінен өткен металлург әріптестеріндей сүйікті Теміртауларының атақ-даңқы асуына, қайтадан жасарып, жасануына Елбасының үлесі үлкен екенін терең разылықпен атайды. Тоғыз жыл бойы иық тірестіріп шойын қорытқан, металлургия алыбының тынысын бірге кеңейткен Арғын Жүнісов, Николай Назаров, Владимир Колбаса, Виктор Никонов, Ермек Тілеубаев, Алтынбек Асанов, Тоқтархан Ысқақов,Төлеу Дүйсембаев, Владимир Кауц сынды өндіріс саңлақтары өмір Қуаныш Омашевтай адаммен қатар еңбек ету бақыты бұйыртуын, сыйлас болуды тағдырларының қымбат сыйы санайды.
Нұрсұлтан Әбішұлының облысқа жұмыс сапарларында бірінші кезекте Теміртауға атбасын тіреп, бірден бәріне ыстық ұя – комбинатқа бұрылып, өздерімен жүздесу сәттері әрқашанда жүректерін толқытарлық, көңілдерін өсірерлік оқиға. «Қай елдің Президенті бұрынғы еңбектес әріптестерін әсте ұмытпай, баяғы қалпынша емен-жарқын қалжыңдасып, еркін әңгімелесіп, мұң-мұқтаждарын, талап-тілектерін біліп, бірге шойын қорытуға қатысып жатады. Еңбек адамына деген құрметтен айнымауына орай «Біздің Нұрсұлтан Назарбаев» деп өзімсіне айтуымызды мақтан тұтамыз», дейді Владимир Колбаса.
Кей реттерде олар Қуаныш Омашевтың шаңырағында бас қосып, мәре-сәре болып қалады. Мұндайда Елбасымен тілдестіруші Қуаныш достарына, оған ежелгі сыйластықты жарас­тырушы ретінде ризалықтары шексіз. Бұл күнде үш баласының үшеуі де металлургтік жолды жалғастырған Омашевтар ордалы әулет ретінде белгілі. Отбасы қуаныштарында Астанадан телефон шалынғанда «Ата, сізбен Президент сөйлескелі жатыр», деп жарыса дауыстап, телефон құлағын ала жүгіріп шаттанатын немерелері өсіп келеді.
Осындай тағдыр бұйырған Қуаныш Омашев соған лайық жан. Бұл жағынан Кәкең, әлбетте, бақытты адам.
Айқын НЕСІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
 Теміртау.