23 Сәуір, 2013

Темір жол тарланы

375 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Темір жол тарланы

Сейсенбі, 23 сәуір 2013 1:47

Қанат Сүгірбаев – «Даңқ гүлдестесі» ордені мен «Алтын қабылан» медалінің иегері

Жер жәннаты Жетісу мен сайын даласын самал аймалаған Арқа даласын тоқайластырып тұрған Шу ауданының орталығы Төлеби кенті мен бұрынғы Жамбыл кеңшарын Шу өзені ғана бөліп тұр. Бұл ауыл қазір «Көктөбе» деп аталса керек. Кезінде дәулеті тасып, берекесі мен бірлігі асқан бұл мекен заманның талай өкпек желіне бой бермей, іргесі сөгілмеген қалпы тұр. Адамдарының аңқылдаған ақкөңіл мінезі мен ерен еңбекқорлығы нарық қыспағына алынбас қамал болып тұр десек, шындықтың ауылынан алыс кетпегеніміз.

 

Сейсенбі, 23 сәуір 2013 1:47

Қанат Сүгірбаев – «Даңқ гүлдестесі» ордені мен «Алтын қабылан» медалінің иегері

Жер жәннаты Жетісу мен сайын даласын самал аймалаған Арқа даласын тоқайластырып тұрған Шу ауданының орталығы Төлеби кенті мен бұрынғы Жамбыл кеңшарын Шу өзені ғана бөліп тұр. Бұл ауыл қазір «Көктөбе» деп аталса керек. Кезінде дәулеті тасып, берекесі мен бірлігі асқан бұл мекен заманның талай өкпек желіне бой бермей, іргесі сөгілмеген қалпы тұр. Адамдарының аңқылдаған ақкөңіл мінезі мен ерен еңбекқорлығы нарық қыспағына алынбас қамал болып тұр десек, шындықтың ауылынан алыс кетпегеніміз.

Осы бір ғана ауылдан шыққан есімі бүкіл елімізге мәшһүр өнер иелеріне мен әлі күнге таңғалумен келе жатырмын. Кезінде «Сәулешім» деген ән айтылмай, «Ерке сылқым» деген күй тартылмай той өтпейтін. Осы әсем ән мен ғажап күйдің авторлары Серік Әденов пен Әбдімомын Желдібаев екеуі де осы ауылдан шыққан көкірегіне өнер ұялаған асыл жандар. Атақты театр режиссері Қадір Жетпісбаев пен жазушы Қарауылбек Қазиевің де кіндік қаны тамған жері осы Көктөбе.

Бұл ауылдан шыққан еңбек адамдары қаншама. Соның бірі біз бүгін әңгімемізге арқау еткелі отырған – Қанат Сүгірбаев. Ол «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы «Шу жол дистанциясы» филиалының директоры. Есімі бүкіл Шу өңіріне, қала берді республикамызға танымал майталман теміржолшы. Халқына қалаулы, еліне елеулі, өнегелі де өрелі азамат. Әрине, ол мұндай биік белеске бірден жете қойған жоқ.

Темір жолдың дүрсілін жөргегінде жатып естіп өскен жас жігіт мектеп бітірерде мамандығын бірден-ақ таңдады. Алматы темір жол институтының төртінші курсын бітірген жылы-ақ жазда Шу стансасындағы құрылыс-монтаж пойызында жол шебері болып жұмыс істеп, алғырлығымен, еңбекқор елгезектігімен көзге шалынды. Содан да келесі 1979 жылы бұл оқу бітіріп келгенде жерлестері құшақ жая қарсы алды. Жастығына қарамай тапсырманы тастай қылып орындайтын мұны жарты жыл өтер-өтпестен Шу стансасының өзіне аға жол шебері етіп жіберді. Күн сайын ерсілі-қарсылы жүз шақты пойыз өткізетін Шу стансасы Қазақстандағы ең ірі жол торабы болып саналатын. Станса бастығы Николай Ивасенко жұмысқа келгенде аса қатал, талап қойғыш, бірақ адамгершілігі мол адам еді. Қанатты жас демей, өзімен тең ұстап, ақылдасып отыратын. Бұл жол тізгінін енді ұстаған жас жігіттің жігеріне жігер қосып, қанаттандыра түсті. Жұмысқа жан-тәнімен беріліп, бел шеше кірісіп кетті. Еңбегі бағаланып, 1983 жылы Шу жол бөлімі бастығының орынбасары болып жоғарылатылды.

Жол жұмысы немен өлшенеді? Бі­рін­ші – апат, екінші –кідіріс болмауы керек. Еңбектері еш кетпей, мұндай оқи­ға­лар айтарлықтай азайды. Жол бойы жұ­мыс­керлерінің де жағдайы жақсара түсті. Қанаттың да қанаты қатайып, білікті маман­ға айналды. 1986 жылдың көктемінде отыз­дан енді асқан Қанат Сүгірбаев Шу жол дистанциясының бастығы болып тағай­ын­далды.

Келер жылдың табалдырығынан жыл аттасымен-ақ алай-түлей ақ боран соқсын келіп. Өзгесін былай қойғанда арқырап жүрген пойыздардың өзінің аптығы басылып, алқынып тұрып қалды. Ұзамай Хантау мен Қияқтының арасындағы 40 шақырымға жуық жол бойын тегіс қар басып, пойыздар тоқтап қалды деген хабар да келіп жетті. Бұл – темір жол бойында сирек болатын құбылыс. Ол кезде бүкіл он бес республиканың темір жолы ортақ бір жүйе. Бұл жайсыз жәйттен сол кездегі бас астана Мәскеу де құлағдар болды.

Қанат жігіттерін ертіп Хантауға жеткенде жағдайдың аса жайсыздығын бірден пайымдады. Ұйтқып соққан ұлыма боран тоқтап тұрған вагондардың асты-үстін қарға толтырып, тапжылтпай тастаған. Бұлардың өтініші, жоғары жақтың пәрменімен Сарышағаннан көмекке әскери күш те келіп жетіп, адамдар мен ақ боранның айқасы бас­талып та кетті.

«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» дегендей, үрлеп соққан жел жалап, жалтыр мұз таспаға айналдырып тастаған рельс­тен паровоздың бірі тайып шығып кетсін. Және қандай, жай шыққан жоқ, темір жолдың арқан бойы бөлігінің тас-талқанын шығарған.

Ұрыста тұрыс жоқ. Қанаттың өзі бас­тап енді жолдың жыртығын жамауға кіріс­ті. Көлік біткен жүрістен қалған. Бұлар бір шақырым жерден жаңа рельсті иықтарына салып әупірімдеп әрең жеткізді. Қақаған боранда көк темірмен алысқанның ауырлығын көрген ғана білер. Тіпті бір қадау қағудың өзі зор күш, бел талдырар бейнет. Бұған жігіттің жігіті, адамның нары ғана шыдас берері кәміл. Сол кездегі бүкіл Одақтың күретамырын үзіп тастау оңай ма, бұлар жан беріп, жан алысып жүріп, ақыры жол жүрісін қалпына келтірді. Сонау тікұшақпен арнайы ұшып келген Мәскеу өкілінің алғысын да алды.

Бұл Қанат Дөңбайұлының жол бойында өткен өмірінің бір сәті ғана.

«Қанат Сүгірбаев «Тұлпар» пойызы қозғалысы жылдамдығын 140 шақы­рым­ға жеткізу және Шығанақ – Шу, Жам­был – Шу – Отар жол учаскелерін электр­лен­діру жөніндегі шараларды ұйымдас­ты­рушылардың бірі болды», деп жазылыпты «Қазақстанның үздік адамдары» атты энциклопедияда. Вагондары сонау Испаниядан әкелінген бұл ұшқыр пойыздың жүргізіле бастауы еліміздің темір жолдарына тұтас бір төңкеріс әкелді десек, артық айтқандық емес. Әсіресе, оның тоғыз жолдың торабында тұрған Шу жол дистанциясына түсер салмағы осал болмасы белгілі еді. Мұны жете түсінген Қанат Дөңбайұлы өзіне қарасты жол учаскелерінің сапасын жаңа деңгейге көтеруге бел шеше кірісіп кетті.

Ең алдымен республикалық теміржол басшылығына хат жазып, хабарласып жүріп, керекті қаржы мен құрал-сайман алып, Жиделі – Қияқты аралығын күрделі жөндеуден бір өткізіп алды. Одан кейін Шу стансасының өзіндегі ұзындығы бір шақырым болатын тоғыз тарам жол тар­мақ­тарын шпалдарына дейін жаңалап шықты. Сағатына жүз шақырымнан астам жылдамдықпен ағып келе жатқан «Тұлпардың» жолында ешбір іркіліс болмауы керек. Бұл ретте әсіресе пойыздардың жүріс-тұрыстарын реттеп отыратын стансалардың орыны ерекше болмақ. Сондықтан жалғыз Шу ғана емес, Жиделі, Хантау, Кемер, Бірлік стансаларының темір жол тарамдары да ретке келтірілді.

2006 жылы Қ.Сүгірбаев басқаратын ұжымның пойыз қозғалыстарының қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету бойынша республика бойынша салалық жарыс жеңім­пазы атануы бұлардың ерен еңбе­гі­нің қорытындысындай болды. Қанат Дөң­бай­ұлы осы сала қызметкерлері үшін айрық­ша қастерлі «Құрметті теміржолшы» төс­бел­гісін кеудесіне тақты.

Былтырғы ұлу жылы да ұмытылмас жақсылықтарымен есте қалды. Бір күні Ас­танадан «Мәскеуге тез жет!» деген шұғыл те­лефонограмма келді.

– Ойбай-ау, Мәскеумен есеп айырысып болған жоқ па едік? – демей ме ойы ойран-асыр болған бұл.

– Онда дүниежүзі темір жол майтал­ман­дарының үлкен басқосуы болғалы жатыр, жетсейші, жаман болмассың, – дейді астаналықтар жұмбақтап.

Барды. Көп нәрсені көріп көңілі өсіп, көкжиегі бір кеңейіп қалды. Және сол жолы бұлардың еңбегінің әлемдік деңгейде бағаланғанын айтсаңызшы!

– Сахнаға Қазақстаннан келген темір жол тарланы Қанат Сүгірбаев шақы­ры­лады, – дегенде бұл өз құлағына өзі сенбеді. Сахнаның екінші жағынан Еуропа теміржолшылар ассамблеясының Бас директоры Джон Нетти деген қасқабас шығып, мұның кеудесіне «Даңқ гүлдестесі» деген орден таққанда бұл ең алдымен Қазақстанның атын шығарып, елі үшін мақтанғаны имандай шындық.

Ол ол ма. Келесі кезекте Еуропа іскер адамдар ассамблеясының бас директоры, профессор Алтан Савво шығып, бұл басқарған ұжымды қол жеткізген жетістіктері үшін «Алтын қабылан» медалімен марапаттағанда отырғандардың бәрі қазақстандық әріптестеріне ерекше сүйсініспен құшырлана қол шапалақтады. Бұған қалай қуанбассың енді. Мерейің тасып, еңбегің жанды деген осы емес пе!?

Жақында бұлардың ұжымына Шоқпар жол дистанциясы қосылды. Енді «Шу ірілендірілген жол дистанциясы» деп аталатын бұл мекемені басқару Қанат Сүгірбаевқа жүктелді. Білікті басшы, майталман теміржолшы Қанекеңнің бұл сенім үдесінен де шығатындығына күмән жоқ.

Сәулебек ЖӘМКЕНҰЛЫ,

заңгер-журналист.