Аймақтар • 14 Мамыр, 2019

«Адай ата – Отпан тау» кешенінде майдангер батырды еске алды

1239 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлы Жеңіс күніне байланысты «Адай ата – Отпан тау» кешенінде Ұлы Отан соғысының майдангері, жауынгерлік Даңқ орденінің толық иегері жерлесіміз Кемер Оңғалбаевтың ерлігіне арналған дәстүрлі «Ер есімі өшпейді ел есінен» атты патриоттық-танымдық шара өтті. Шараға батырдың туысы Нұрсұлтанов Асылбек пен Мұнайлы ауданының Батыр ауылындағы №10 орта мектептің мұғалімдері мен оқушылары қатысты.

«Адай ата – Отпан тау» кешенінде майдангер батырды еске алды

Бөлім меңгерушісі Ж.Айдарбек Оңғалбаевтар әулеті туралы қызғылықты әңгімелеп берді. Батырдың туысы Асылбек Нұрсұлтанов Кемердің жастық шағы, майдандағы ерлігі туралы айтып өтіп, шараны ұйымдастырғаны үшін кешен қызметкерлеріне әулет атынан алғысын айтты. Шара соңында қонаққа кәсіпорын атынан естелік сыйлық тапсырылды.

Маңғыстау жері мен түрікмен топырағында Оңғалбаевтар әулетін білмейтіндер аз. Маңғыстаудағы тұңғыш Совдептің басшысы, бүкіл Закаспий облысындағы ұлы өзгерістердің жүзеге асуына белсене қатынасқан Нұрсұлтан Оңғалбаев, оның туысқандары Қонарбай, Дауылбай, Қажы, Лeпec, Сәду, Сахи, Құрманғали Оңғалбаевтар өлкеміздің тарихында айрықша орын алатын біртуар тұлғалар. Нұрсұлтан Оразұлы Оңғалбаев Ресейде Қазан төңкерісі болған кезде Ашхабат гимназиясын бітіріп келген еді. Саяси білімі мол, көзі ашық азамат туған даласына тәуелсіздік әперерліктей өзгерістердің кезеңі туғанын анық білген еді. Кетікте жұмысшылар мен солдат депутаттарының кеңесін құруға кірісіп, елдің көзі ашық азаматтарын бас қосуға шақырды. Өзі бас болып Маңғыстауда мұсылмандар кеңесін құрды. Нұрсұлтанның басшылығымен 1917-1918 жылдары Маңғыстауда тұңғыш рет Совдеп құрылып, алпыстан астам ауыл ел басқарудағы жаңалықтарды қолдады. Нұрсұлтанның өмірлік басты бағыты өзінің туған өлкесі Маңғыстауда ақ жарылған дәуір орнату, тәуелсіз Адай уезін нығайту болды. Оның осынау мақсаттарына бауырлары Сәду, Құрманғали, Сахи да көмектесті. Сәду Оңғалбаев Түрікменстан Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары, Түрікменстанның Мәскеудегі Орталық үкіметі жанындағы тұрақты өкілі болды. Ал, Құрманғали Оңғалбаев 20-жылдары Мәскеуде Шығыс еңбекшілерінің Коммунистік университетін үздік бітіріп, 1928-30 жылдары Ашхабат қаласындағы Халық Комиссарлары Кеңесінің Бас саяси басқармасының төрағасы, 1936-38 жылдары Ташауыз округтік партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарды. Осынау қысқа деректердің өзінен-ақ Оңғалбаевтар әулетінің осал болмағанын аңғаруға болады.

 -Оңғалбаев Кемер Сахиұлы 1925 жылы Түпқараған ауданы Форт-Шевченко қаласында туған. Соғыс және еңбек ардагері. 2-дүниежүзілік соғысына қатысқан. 1937 жылы әкесі Сахи ұсталғаннан кейін анасы Әмина ұлы Кемер мен қызы Әсемді ертіп Түрікменстанды сағалайды. Красноводскіде (қазіргі Түрікменбашы) мұнай мұнараларын жөндеу және қалпына келтіру слесары болып жұмыс істеді. Майданға 1943 жылы шақырылып, 7-гвардиялық армияның 581-атқыштар полкі құрамында соғысқан. Полк барлаушысы ретінде Проскурово-Черновитск, Карпат-Дуклинск, Вена соғыс қимылдарына қатысқан. Украинаның Станислав қаласын азат етуге қатысқаны үшін ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, 1945 жылы ақпан айында Карпат үшін болған шайқастарда ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, 1945 жылы маусым айында Венгрияда Балатон көлі жағалауында жау шебін бұзып өтудегі ұтымды ұрыс қимылдары үшін І дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған. Кемердің есімі Түрікменстанның Белек темір жол стансасындағы №9 мектепке берілген. 1944 жылдың 20 ақпаны күні Кемерлердің полкі Живачев қаласы түбінде жаудың тегеурінді тойтарысына тап болады. Шегініп бара жатқан жау осы қаланы мықты бекініске айналдырып алған екен. Кескілескен шайқас болады. Полк командирі жаудың үлкен күшіне төтеп берген, жаумен жанқиярлықпен айқаса білген Кемер взводындағы 30 солдаттан аман қалған 6 жауынгерді Отанның ең жоғарғы наградасына лайық деп бағалайды. Батальон командирі Брабко аға сержант Кемер Оңғалбаевты Кеңес Одағының Батыры атағына, басқа жауынгерлерді де жоғарғы наградаларға ұсынады, дейді Жомарт Айдарбек.

Бірақ 30-жылдар зобалаңында Оңғалбаевтар әулетінің басына түскен зұлматтар жаңғырығы Кемердің де алдынан шығып, Отанның жоғары наградасы берілмей, ол 1 дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталады. Кемер Оңғалбаев бұдан кейінгі айқастарда да әлденеше рет ерлік көрсеткен. Бір соғыста барлауға шығып, немістердің оғы астында қалады. Жанындағы взвод командиріне оқ тиіп, ауыр жараланды. Кемер жаралы жолдасын жауға тастамай, жауып тұрған оқ астынан алып шығады. Сөйтіп жауынгер жолдасының өмірін ажал тырнағынан құтқарады.

Ержүрек жауынгер жеңісті Германия жерінде қарсы алды. Оған 1945 жылдың 29 маусымы күні I дәрежелі «Даңқ» ордені салтанатты түрде табыс етілді. Бұл салтанатқа I Украин майданының қолбасшысы маршал И.С.Конев, армия, дивизия командирлері, өз полкінің командирі генерал-майор Подшивалов қатысып, жеңімпаз жауынгерлерді Ұлы Жеңіспен құттықтайды.