Аймақтар • 14 Мамыр, 2019

Қостанайда Көмек алаңы ашылды

1360 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай қаласында фронт-офис, яғни Көмек алаңы ашылды. Тұрғындарға бір кедергісіз мемлекеттік қызмет көрсету және ағымдағы сұрақтарына жауап беру Көмек алаңының басты мақсаты болып саналады. Сонымен қатар фрон-офистің мақсатына сыбайлас жемқорлыққа тәуекелді азайту да кіреді. Арнайы бөлінген 170 шаршы метр болатын бөлмеде жергілікті жердегі барлық атқару органдарының өкілдері отырады.

Қостанайда Көмек алаңы ашылды

«Мұнда қазір 9 қызмет көрсетуші келушілердің сұрақтарына өзінің бағыты бойынша жауап береді. Мысалы, жер қатынастары, тұрғын үй, архитектура, әлеуметтік қорғау,жұмыспен қамту басқармаларының өкілдері өздерінде қандай қызмет көрсетті дәл солай жұмыс істейді. Осы басқармалар қаланың орталығында болғанмен әр көшеде орналасқан. Олар әрқайсысына барады, керек сұрағына жауап алғанша қанша күтеді, ал қазір қала тұрғындары осы бір ғимаратқа келеді жұмысының барлығын бір кабинеттен бітіреді», дейді Мемлекеттік қызмет мониторингін ішкі бақылау қызметінің басшысы Самат Жанділдин.

Көмек алаңының ашылуын облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың өзі келіп көрді. Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жеиқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Салауат Мүксімов өңір басшысына осы орталық арқылы электрондық қызмет үлесі көбейтілетінін баяндады. Өткен жыл қызметтің 10 проценті электрондық болса, биыл оны 70 процентке дейін өсіруді мақсат қойып отырғанын айтты.

«Өте дұрыс. Бұл Елбасының 2017 жылы қаңтарда Қазақстан халқына жолдаған жолдауында айтқан тапсырмасы болатын. Мысалы білім салсында тұрғындар электрондық қызмет арқылы баласының бала бақшаға тұрған кезегін өзі қадағалап отырады. Ең бастысы адамдарға сапалы қызмет көрсетілуі тиіс», деді Архимед Бегежанұлы. Көмек алаңы ғимаратының ішінде қала әкіміне де шағын кабинет жасақталған. Оған қажеттілік болған кезде, қала әкімі келіп тұрғындарды қабылдауына болады.

Көмек алаңында әзірге қызметтің 85 түрі көрсетіледі. Ол алдағы уақытта 103-ке жетеді. Ал қызмет көрсету түрлерінің барлығы электрондық вариантқа көшкенде ол арқылы 50 мың түрлі қызмет түрі көрсетіледі.