03 Мамыр, 2013

Аяулы азамат еді

507 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Аяулы азамат еді

Жұма, 3 мамыр 2013 2:09

Бәлкім, осынау мамыражай мамыр айында оның жетпіс жасқа толуын тойлап жатар ма едік… Бұлайша бұлтарта сөйлеуімнің себебі бар. Ол қатарластары сияқты ағайын-туманың, дос-жаранның, бала-шағасының басын қосып, ел ағасы елуін де, ақсақалдыққа аяқ басқан алпысын да атап өткен жоқ. Соған қарағанда, жетпіске жеттім деп желпіне қоймас па еді, кім білсін. Енді міне, көзі тірісінде өтпеген тойын артында қалған отбасы,

Жұма, 3 мамыр 2013 2:09

Бәлкім, осынау мамыражай мамыр айында оның жетпіс жасқа толуын тойлап жатар ма едік… Бұлайша бұлтарта сөйлеуімнің себебі бар. Ол қатарластары сияқты ағайын-туманың, дос-жаранның, бала-шағасының басын қосып, ел ағасы елуін де, ақсақалдыққа аяқ басқан алпысын да атап өткен жоқ. Соған қарағанда, жетпіске жеттім деп желпіне қоймас па еді, кім білсін. Енді міне, көзі тірісінде өтпеген тойын артында қалған отбасы, туыстары мен достары өткізіп жатыр. Басқа басқа, белгілі қаламгер, білікті баспагер, ұлағатты ұстаз Серік Әбдірайымұлының туған күнін ұмыт қалдыруға бола ма?

 

Мен Серікті есіме ала отырып, жарық дүниеден озған досым­ның болмыс-бітімін жадымда қайта жаңғыртып, онымен қайта жүздескендей ойға шомдым. Осынау сұңғақ бойлы, аққұба, атжақты, қыр мұрынды, еңселі – алпамсадай, әрдайым жарқылдай күліп, қашан көрсең де құшағын ашып, айнымас айналайынын айтып қарсы алатын жайсаң жігіттің сол бір бейнесі ешқашан есімнен шыққан емес. Көзден кетсе де бейнесі көңіл төрінде тұр.

Қасиетті қарашаңырақ «Ле­нин­шіл жаста» тағдыр табыстырған өңкей өрімдей жас, пікірлес, ниеттес, қаламдас жігіттер: Оралхан Бөкей, Кәдірбек Сегізбайұлы, Кәрібай Ахметбекұлы, Ақселеу Сейдімбек, Серік Әб­дірайым, осы жолдардың авторы және Бексұлтан Нұржекеұлы дәм-тұзымыз жарасып, достасып ұзақ жылдар жұбымыз жазылмай бірге жүрдік. Кейін «жеті жетім» атанып кеткен бұл топтың бірлігі мен тірлігі естіген жұрттың есіне алып, әр жерде, әр кезде әңгімелеріне арқау болғаны әрі әлі күнге жалғасып келе жатқаны белгілі.

Кешегі күркіреп өткен сұм соғыс кезінде жарық дүние есігін ашқан жоқ-жітіктікті көп көрген біздің құрдастарымыздың, Дулат досымыз айтқандайын, балалық шақтың, бозбалалық дәуреннің қызығын көрмегені айдай ақиқат. Егер де бұл буын ерте есейіп, ел қамын же­ген азаматтықтың атына ерте қонса, бұл да сол өмір сабағының өне­гесі. Серік те осы ортаның белбаласы болатын. Оңаша отырып сырласқан сәттері: жалғыз ағайым Жарылқасын екеумізді ерте жесір қылып, тұрмыстың тауқыметін көп көрген аяулы анамыз Дәрия жетелеп жүріп оқытып, ел қатарына қосты. Сол ардақты ананың алдындағы перзенттік парызымды адал өтеу, атына кір жұқтырып, сөз келтірмеу арманым да мақсатым, борышым да, деп Серік досым ағынан жарылатын.

Серік жаратылысынан жүзі жар­қын, жүріс-тұрысы ширақ, жібектей жұмсақ мінезді жігіттің жайсаңы еді. Оның танысқан адаммен тез тіл табысып кететін кісіге үйірсектігі, өзіне тартып тұратын аурасы ғажап-тын. Кісінің көңілін табуға келгенде де алдына жан салмайтын ерекше елгезек еді. Оның кісінің іші-бауырына кіріп, араласып-құраласып, сырласып-сыйласып кететін ақжарқын, жұғымды да жағымды қасиетін қадірлейтінбіз. Серіктің әрдайым алыс-жақынға, жолдас-жораға, ағайын-туғанға бірдей жанашыр қалпынан айныған жері жоқ. Ал өзі байлыққа, билікке ұм­тылған емес, қоңыр тіршілік кеш­ті. Серік қағытпамыз қанша қы­жыр­лы болса да әдепті әзілімен жымия жауап қайтаратын да, аузыңа құм құятын. Ол әдептен озбайтын, сыпайы да сырбаз мінезімен сүй­кімді-тін. Серік өкпелеу, өштесу, кекесін айтып кектесу деген қыңыр қылықтан ада болатын. Бірақ қанша кең, кішіпейіл, кешірімді болса да, ешкімге жалтақтамай, намысын тап­татпай тік жүріп, турасын айтып өмір­ден өтті.

Біздің Серік қарғадай кезінен же­тім қалып, ағайынның алаламауын, жақсының жатырқамауын, өмірдің өксітпеуін аңсап өскендіктен, өзі де осы адами асыл қасиеттерді ардақ тұтты. Оның қолынан келгенше кім-кімге де жақсылық жасауға ықыластылығының сыры да осында. Сөзімізді тірілтер бірер мысалға жүгінейін.

Айталық, Серіктің белгілі қа­ламгер, өзінің Қазақ универ­си­­те­­тіндегі ұстазы Әбілфайыз Ыды­рысов ағамыздың ойламаған жерден сал ауруына шалдығып, төсек тартып, келешегінен күдер үзіп жатқанда көңілін сұрай келіп, қарап отырмай жазуға кірісіңіз деп жігерлендіріп, ақыры сол қамшылаудың арқасында «Таң­шолпан» аталатын тамаша ро­ман-эссенің (кейін трилогияға ай­налған), «Сыр мен шындық», «Бір­туарлар болмысы» т.б. көр­кем шығармалардың жарыққа шық­қандығы белгілі.

Айтқандайын, қиналып жүрген­де кітаптарын шығарып бер­гені үшін ұстазы профессор Х.Сүйін­шәлиевтің (ол да төсек тартып жат­қанда), анау-мынау емес, бір кездегі Баспасөз министрі бол­ған Ш.Елеукенов ағамыздың іні­лік ізеті, қамқорлық-қайырымы үшін Серікке алғыстарын айтып, естелік жазғандары да есте.

Университеттің үшінші курсын бітіре сала «Лениншіл жасқа» қызметке шақырылған Серіктің қазақ баспасөзіне сіңірген еңбегі де ұшан-теңіз. Оның есімін елге танытқан, қадір-қасиетін арттырған журналистика саласындағы сали­қалы сөзі, мән-маңызы өрелі очерк мақалалары. Әсіресе, жан-жақты білім-біліктілігімен баурап алатын сырлы сұхбаттардың жөні бөлек. Қаламы қуатты, сөзі сарабдал, пі­кі­рі парасатты, мәселені тереңнен қозғайтын қаламгердің қоғамдық-әлеуметтік өмірдің сыр-сипатын сыналай саралап, көркемдігі мен тартымдылығын келістіріп жазған толғақты толғаныстары, ел мен жердің, еңбек адамдарының, ай­рықша қазақ жастарының жан-дүниесін, мұң-мұқтажын, өнегелі істерін көкейге қондыра, жарқырата жа­зуымен ерекшеленіп тұратын. Оның және бір жақсы жағы –   Серік­тің өзінің ұзақ жылдарғы журналистік тәжірибесінен тәлім беріп, студенттер тәрбиелеуге, олардың кәсіптік шеберлігін шың­дауға атсалысқаны. Ол журна­лис­тикаға ұстахана болған ҚазҰУ-де табан аудармастан отыз жыл дәріс оқыған ұстаз-тын.

Осы жерде арнайы айта кететін бір түйінді сөзіміз бар. Ол біз қызмет істеген жылдарда «Лениншіл жас» тек жастар ғана емес, жалпы қазақ жұртшылығы іздеп жүріп, сүйіп оқитын газеті болса, онда Серіктің де сүбелі үлес, тиісті сыбағасы бар.

Ол жаны шуақты, жүрегі шы­рақты кісілермен пікірлесуге, ара­ла­суға аса құштар болатын. Ай­на­­ласынан ұдайы жақсылық, ізгі­лік иелерін іздейтін, әрдайым игі жақ­сыларға жуық жүретін. Ықы­ласы ауған адамды суыртпақтап сөзге тартуға, арғы-бергі заманның әңгімесін естуге құмар-тын. Есті­ген есті сөздерді, ғибрат алатын мән­ді оқиғаларды ізін суытпай жан­қалтасында жүретін блокнотына көшіріп ала қоятын да, кейін оларды ретіне қарай жазғандарына пайдаланатын.

Серіктің шығармашылық ең­бегінің ішінде ерекше бағалысы қазақтың ел билігін биік дәре­жеде, мейлінше адал атқарған Дін­мұ­хаммед Қонаев пен ұлттық өнердің өрен жүйрігі, саңлақ сазгер Нұрғиса Тілендиев туралы жазған және құ­растырған кітаптары.

Осы орайда шегелеп айтар бір шындықтың шымылдығын аша кетсек артық болмас. Кеңестік кезеңде, атағы дүрілдеп тұрған шағында шырқ үйіріліп қасынан шықпайтын шенеунік біткен биліктен кетіп, бағы тайған соң Д.Қонаевтан сырт айналып, сәлемдесуге де жарамағаны анық. Міне, осындай сын сәтте Ди­мекеңнің қасынан табылып, қала­мымен қызмет көрсетіп, айтулы азаматын туған ел-жұртымен қайта табыстырған Серік еді. Ол жазықсыз жалалы болып, қудалауға түсіп, ақыры ар-ожданының тазалығы, адал­дығы арқасында ақталып шық­қанда – сол бір күйзеліп, көңілі құ­лазып жүрген кезінде ақсақалмен алғаш рет дидарласып, сұхбаттасып, оны «Қазақ әдебиеті» газетінің екі нөмірінде жариялатудан басталған інілік риясыз қызметі кейін де же­місті жалғасты. Сөйтіп, елу жыл ел ағасы болған ұлтының қадір­лі перзенті Қонаевтың тарихи, та­ным­дық әрі әлеуметтік маңызы зор естелік кітаптарының жазылып, жариялануына жол ашып, қолғабысын тигізіп, оған рухани серік болды. Бүгінде ел тарихының жарқын бет­теріне айналған «Өтті дәурен осылай», «Ақиқаттан аттауға болмайды» кітаптарын тәржімалап, әдеби нұсқасын жазған Серік, одан кейін «Елу жыл ел ағасы», «Личность» естеліктер жинақтарын құрастырып, өңдеп оқырман қолына тигізді.

Серіктің екінші бір айрықша атап өтетін еңбегі саңлақ сазгер Нұр­ғиса Тілендиев туралы жазбалары. Әсіресе, «Қаһарман Нұрғиса» мен «Нұрғиса» деректі фильмдері және атақты композитордың 70 жылдық тойында, Абай атындағы опера және балет театрында жасаған баяндамасының жөні бөлек.

Егер Серік Әбдірайымұлының шы­ғармашылығын талдай таразылап, саралай салмақтасақ, оның ұлтымыздың көкейкесті қоғам­дық-әлеуметтік, әдеби-мәдени мәсе­лелерін мәнерлеп, жеріне жеткізе жазуына сұхбат жанрын таңдауы да табылған ақыл болған. Оған «Самғау» аталатын кітабында жа­­­р­­ық көрген ұлтымыздың мар­ғас­­­қа­ларымен жүргізген сұхбат­тары осы сөзіміздің айқын ай­ға­ғы. Онда Д.Қонаевтан бас­тап есім­дері елімізге ардақты сая­сат­кер­­лер А.Асқаров, К.Аухадиев, З.Нұр­қа­ділов, ақын-жазушылар Қ.Мұ­хамеджанов, Қ.Мырза Әлі, С.Има­насов, Қ.Найманбаев, О.Бө­кей, ғал­ымдар З.Қабдолов, Т.Аман­досов, Ө.Жолдасбеков, өнер тарландары Н.Тілендиев, Б.Төлегенова, Ә.Әші­мов т.б. сынды тұлғалы азаматтар сыр шерткен.

Көсемсөздің көрнекті өкілі Се­ріктің төл туындылары «Бес мүшел белесінде», «Самғау» т.б., сондай-ақ, оның аудармасымен О.Кемальдың «Тәлкекке түскен тағдыр», бірнеше ұлт жазушыларының әңгіме-повестері жинақталған «Мансап пен махаббат» т.б. кітаптары жарық көргені мәлім. Мұның сыртында «Лениншіл жастан» бастап республикалық баспасөз беттерінде жарияланған ел өмір мен тәуелсіз қоғамның тіршілігіндегі сансыз өзекті мәселелерді ортаға салған жүздеген мақалалары және бар.

Мен білетін Серіктің ерекше сіңірген еңбегі – баспаларды басқарудағы жанкешті іс-әрекеті. Оның тікелей ұйымдастыруымен «Өнер», «Қазақ университеті», «Са­нат» баспалары шаңырақ көтер­ді. Осы арқылы ұлттық рухани бай­лығымызға олжа салған аса құн­ды кітаптардың жарық көруі де Серіктің ел алдындағы перзенттік па­рызын адал өтеуі.

Иә, Серік Әбдірайымұлы шын мәнісінде аяулы Азамат еді. Ал бұл сөздің аясы кең: ел-жұртына өмі­рімен, өнерімен, қарымды қала­мымен қалтқысыз қызмет көрсеткен тұлғаларға ғана берілетін баға. Біздің Серігіміздің есімі осындай ада­ми абзал қадір-қасиетімен ел есін­де қалғаны жүрекке дауа, дәтке қуат.

Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

___________________________________

СуреттеС.Әбдірайымұлы, Қ.Құрманғали, А.Сейдімбек