Қоғам • 15 Мамыр, 2019

Елі мықтының белі мықты немесе орта тап – мемлекеттің орнықты дамуының негізі

2555 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақта «Елі мықтының белі мықты» деген бұрынғыдан қал­ған сөз бар. Бүгінгі заманда бұл мақалдың мәнін кез келген мемле­кет­­тің қуатты болмағы орта тап үлесінің өсуіне байланысты деп тү­сіну­ге болады. Өйткені әлеуметтік стратификацияда орта тап – қо­ғам­да тәртіп пен тұрақтылықтың, экономика дамуы­ның тірегі.

Елі мықтының белі мықты немесе орта тап – мемлекеттің орнықты дамуының негізі

Еңбекке қабілетті әлем халқының 27%-ы – орта тап өкілі

Әуелі орта тапқа кімдер жатады дегенге келсек, негізінен білім мен білігі жоғары, табысы, материалдық жағдайы тұрақты жұрт қарастырылады. Демек, жұмысы, меншігінде баспанасы, көлігі бар, ертеңгі күніне сенімді азамат әлеуметтік шие­леністерден сақтана отырып, өзі өмір сүріп отырған қоғам­­ның тыныштығына мүд­делі келе­ді. Сондықтан аталған әлеу­­меттік топтың қоғамда тұрақ­­тан­дырушы рөліне баса мән бе­ріледі. Алайда, орта тап бұл мәртебеге тек үлес салмағы­ның басымдығымен ғана лайық­ты бола алады. Себебі бұл таптың қатарының артуы – бай мен кедейдің арасын­дағы алшақ­тықтың қысқаруы, тепе-тең­дік­тің сақталуы. Екінші жағынан жағ­дайы жақсы жұрт тұрақты салық төлеушілер ретінде мемлекет үшін эконо­микалық донор сана­лады. Бұған қоса, орта тап – кәсіп­керліктің негізін қалай оты­рып, білікті кадрлар да­йын­дай­тын, халықты жұмыс­пен қам­тама­сыз ететін әлеуметтік топ.

Әлемде дамыған мемлекеттердің экономикасының өсімі қарқынды, сәйкесінше ондай елдерде орта таптың үлес салмағы басым. Халықаралық ортақ критерий бойынша орта тапқа жататын адамның жылдық табысы 10 мың доллар мен 100 мың доллардың арасында болуы керек. Осы өлшеммен қарағанда швей­цариялық Credit Suisse банкінің зерттеу орталығы 2018 жылға жасаған есе­­бінде дүние жүзінде 1,3 мил­лиард адамның әл-ауқаты орташа дең­гей­де деп мәлімдеді. Яғни еңбекке қа­білетті әлем халқының 27 пайызы – орта тап өкілі. Бұл көрсеткіш 2000 жылы 14 пайызды, 2008 жылы 23 пайыз­ды құраған. Енді 2023 жылы жаһан бойынша орта таптың үлесі 29 пайызға жетеді деп болжанып жатыр. Осының ішінде Қытай орта тап үлесінің көптігімен көш бастап тұр. 2018 жылы Қытайда 641 миллион адам­ның, яғни жұмысқа жарамды халықтың 59 пайызының әл-ауқаты орта деңгейге жеткен. Бұл мемлекет 2015 жылы орта тап көрсеткіші бойынша АҚШ-ты басып озған еді. Ал АҚШ-та қазіргі таңда жағдайы орта деңгейдегілердің үлесі 31 па­йызды құрап тұр. Бүгінде орта таптың үлесінен Қытайдың ізін ала екінші орынға 58 пайыздық көрсеткішпен Оңтүстік Корея жайғасты. Үшінші орынға 53 пайызбен кейінгі кезде Латын Америкасы елдерінің ішінде экономикасы қарқынды өсіп жатқан Чили көтерілді. Ал даму қалпы тұрақ­ты Жапониядағы жағдайы жақсы­лардың үлесі – 44 пайыз.


Қазақстанда орта тап қалыптасты ма?

 «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығының сарапшысы Ербол Молдашев мемлекетіміздің дамуындағы кейбір кезеңдерде орта таптың қалыптаса бастауының белгі­лерін байқауға болатынын, бүгінде елімізде бай мен кедей топтардың арасында өмір сүретін азаматтардың үлес салмағы сезілетінін айтады. Дей тұрғанмен, сарапшы аталған әлеу­меттік топ орта таптың көптеген кри­те­рийлеріне сәйкес келе бер­мейтінін алға тартып, Қазақстан қоғамында қалыптасқан орта тап туралы сенім­мен айтуға әлі ерте деген пікірде. Сөй­тіп өзі жұмыс істейтін зерттеу орталығы дайындаған 2007-2019 жылдар аралығын қамтитын халықтың әлеуметтік-материалдық жағдайы туралы деректер жиынтығын негізге алып, ойын кеңінен тарқатып түсіндірді.

Оның айтуынша, соңғы жылдары елімізде жүргізілген әлеуметтік сауалнамалар кедейдің күнін кешіп жүрген азаматтардың үлес салмағы қазір­гі таңда 1 пайызға түскенін көрсе­теді. Осы көрсеткіш 2008 жылғы дағда­рыстан кейін 10 пайызға дейін өссе, кейінгі жылдары 3-5 пайыз шамасында болған. Бұл топқа айлық табысы алатын азық-түлікке де жетпей жүр­ген отбасылар кіреді.

Одан кейін тапқан-таянғаны азық-­түлікке жеткенімен, қажетті киім­дерін алуға жетпей қалатын отандас­тарымыздың саны – 10 пайыз. Аталған топтың үлесі де 2008-2009 жылдары 37%-ға жеткен болса, кейінгі жылдары күрт азайып келе жатқаны байқа­лады.

Қоғамның басым көпшілігін қам­титын үшінші топқа бар ақшасы жүріп-тұруы мен ішіп-жеміне түгел жететін, тек тұрмыстық техника се­кіл­ді заттарды сатып алуда ғана қар­­­­жылай қиындыққа тап болатын аза­мат­тар жатады. Осы азаматтардың үлес салмағы 2019 жылғы зерттеу бойынша 54 пайызды құраған. Дағ­дарыс жылдары аталған топтың көле­мі 40 пайызға дейін төмендеген.

Қарны тоқ, киімі көк, бірақ пәтер мен көлікке ақшасы жетпейтіндердің үле­сі – 30 пайыз. Ал табысы өте қо­мақ­­ты, әл-ауқаты жоғары топ 2 пайыз­ды құрайды.

Енді Ербол Молдашев бұл жік­теудің ішінен қайсысы орта тап ұғы­мына жақын келетінін атап өтті. «Бү­гінде біз орта тап туралы сөз қозға­ғанда бірінші кезекте әлеуметтік-ма­териалдық жағдайды меңзейміз. Себебі тұрақты материалдық база – орта тапты қалыптастырудың негіз­гі элементі. Жоғарыда аталып өт­кен дерекқордың ішінен ең көп көр­сеткішке (54 пайыз) ие болған, ақ­шасы күнделікті өміріне толық жет­кілікті, тек тұрмыстық техника аларда тосылатын азаматтарды Қазақстан қоғамындағы орта тап өкілдерінің қатарына қосу жиі кездеседі. Әртүрлі зерттеулерде еліміздегі орта тап өкіл­дерінің үлес салмағы 15 пайыз бен 60 пайыз арасын құрайтынының бас­ты себебі де – осы. Дегенмен бұл әлеу­меттік топты рейтингтің ортасында орналасқанына қарамастан, орта тап түсінігіне еш қатысы жоқ деп айтуға болады. Ал орта таптың негізгі критерийлеріне барынша жа­қындайтын топ – 30 пайызды құраған азаматтар. Бұл көрсеткіш соңғы 10 жыл ішінде 20-30 пайыз көлемінде сақталып келеді», дейді «Стратегия» ӘСЗО сарапшысы.

Расында, Қазақстандағы орта тап­қа классикалық үлгіде баға беру қиын. Мәселен, биыл наурыздың со­ңында finsovet.kz порталы жария­лаған мәліметке қарасақ, елдің жұмыс күшін құрайтын халықтың шамамен 15 па­йызы – 70-100 мың теңге, 63 пайызы орташа жалақы 100-170 мың теңге алады екен. Ал 19 пайызы айына 200 мыңнан жоғары табыс табады. Бұл 200 мың теңгеден артық табатындар жылына шамамен 2,5 миллионға жуық пайдаға кенеледі. Мұның өзі жоғарыда келтірген әлем­дік көзқарастағы орта таптың кем деген­дегі 10 мың долларлық межесіне жете бермейді.

Алайда, кейбір сарапшылар әр қоғам­ның тұтыну көлемінің ерек­шеліктерін ескеріп, классикалық үл­гі­дегі орта тап критерийлері бәріне сай келе бермейтінін алға тартады. Өйт­кені ел ішінде жүргізілген сауалнамалар көрсеткендей, біраз жұрт өзін әлеу­меттік-экономикалық жағынан қалыпты деңгейде сезініп, орта тапқа жатамыз деп есептейді. Осыған қа­рап, Қазақстанда шынайы орта тап құ­руға серпін беретін, орныққан, белсенді, тұрақты материалдық базаға ие әлеуметтік топ бар деп топшылауға болады. Мемлекеттің жүргізіп отыр­ған саясатын – халықтың әл-ауқа­тын арттыруға бағытталған бағдар­ламаларды, кәсіпкерлікті дамытуға беріл­ген басымдықтарды назарға алсақ, бұл топ шынайы орта таптың қалыптасуына жол бастайды.