Еңбекке қабілетті әлем халқының 27%-ы – орта тап өкілі
Әуелі орта тапқа кімдер жатады дегенге келсек, негізінен білім мен білігі жоғары, табысы, материалдық жағдайы тұрақты жұрт қарастырылады. Демек, жұмысы, меншігінде баспанасы, көлігі бар, ертеңгі күніне сенімді азамат әлеуметтік шиеленістерден сақтана отырып, өзі өмір сүріп отырған қоғамның тыныштығына мүдделі келеді. Сондықтан аталған әлеуметтік топтың қоғамда тұрақтандырушы рөліне баса мән беріледі. Алайда, орта тап бұл мәртебеге тек үлес салмағының басымдығымен ғана лайықты бола алады. Себебі бұл таптың қатарының артуы – бай мен кедейдің арасындағы алшақтықтың қысқаруы, тепе-теңдіктің сақталуы. Екінші жағынан жағдайы жақсы жұрт тұрақты салық төлеушілер ретінде мемлекет үшін экономикалық донор саналады. Бұған қоса, орта тап – кәсіпкерліктің негізін қалай отырып, білікті кадрлар дайындайтын, халықты жұмыспен қамтамасыз ететін әлеуметтік топ.
Әлемде дамыған мемлекеттердің экономикасының өсімі қарқынды, сәйкесінше ондай елдерде орта таптың үлес салмағы басым. Халықаралық ортақ критерий бойынша орта тапқа жататын адамның жылдық табысы 10 мың доллар мен 100 мың доллардың арасында болуы керек. Осы өлшеммен қарағанда швейцариялық Credit Suisse банкінің зерттеу орталығы 2018 жылға жасаған есебінде дүние жүзінде 1,3 миллиард адамның әл-ауқаты орташа деңгейде деп мәлімдеді. Яғни еңбекке қабілетті әлем халқының 27 пайызы – орта тап өкілі. Бұл көрсеткіш 2000 жылы 14 пайызды, 2008 жылы 23 пайызды құраған. Енді 2023 жылы жаһан бойынша орта таптың үлесі 29 пайызға жетеді деп болжанып жатыр. Осының ішінде Қытай орта тап үлесінің көптігімен көш бастап тұр. 2018 жылы Қытайда 641 миллион адамның, яғни жұмысқа жарамды халықтың 59 пайызының әл-ауқаты орта деңгейге жеткен. Бұл мемлекет 2015 жылы орта тап көрсеткіші бойынша АҚШ-ты басып озған еді. Ал АҚШ-та қазіргі таңда жағдайы орта деңгейдегілердің үлесі 31 пайызды құрап тұр. Бүгінде орта таптың үлесінен Қытайдың ізін ала екінші орынға 58 пайыздық көрсеткішпен Оңтүстік Корея жайғасты. Үшінші орынға 53 пайызбен кейінгі кезде Латын Америкасы елдерінің ішінде экономикасы қарқынды өсіп жатқан Чили көтерілді. Ал даму қалпы тұрақты Жапониядағы жағдайы жақсылардың үлесі – 44 пайыз.
Қазақстанда орта тап қалыптасты ма?
«Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығының сарапшысы Ербол Молдашев мемлекетіміздің дамуындағы кейбір кезеңдерде орта таптың қалыптаса бастауының белгілерін байқауға болатынын, бүгінде елімізде бай мен кедей топтардың арасында өмір сүретін азаматтардың үлес салмағы сезілетінін айтады. Дей тұрғанмен, сарапшы аталған әлеуметтік топ орта таптың көптеген критерийлеріне сәйкес келе бермейтінін алға тартып, Қазақстан қоғамында қалыптасқан орта тап туралы сеніммен айтуға әлі ерте деген пікірде. Сөйтіп өзі жұмыс істейтін зерттеу орталығы дайындаған 2007-2019 жылдар аралығын қамтитын халықтың әлеуметтік-материалдық жағдайы туралы деректер жиынтығын негізге алып, ойын кеңінен тарқатып түсіндірді.
Оның айтуынша, соңғы жылдары елімізде жүргізілген әлеуметтік сауалнамалар кедейдің күнін кешіп жүрген азаматтардың үлес салмағы қазіргі таңда 1 пайызға түскенін көрсетеді. Осы көрсеткіш 2008 жылғы дағдарыстан кейін 10 пайызға дейін өссе, кейінгі жылдары 3-5 пайыз шамасында болған. Бұл топқа айлық табысы алатын азық-түлікке де жетпей жүрген отбасылар кіреді.
Одан кейін тапқан-таянғаны азық-түлікке жеткенімен, қажетті киімдерін алуға жетпей қалатын отандастарымыздың саны – 10 пайыз. Аталған топтың үлесі де 2008-2009 жылдары 37%-ға жеткен болса, кейінгі жылдары күрт азайып келе жатқаны байқалады.
Қоғамның басым көпшілігін қамтитын үшінші топқа бар ақшасы жүріп-тұруы мен ішіп-жеміне түгел жететін, тек тұрмыстық техника секілді заттарды сатып алуда ғана қаржылай қиындыққа тап болатын азаматтар жатады. Осы азаматтардың үлес салмағы 2019 жылғы зерттеу бойынша 54 пайызды құраған. Дағдарыс жылдары аталған топтың көлемі 40 пайызға дейін төмендеген.
Қарны тоқ, киімі көк, бірақ пәтер мен көлікке ақшасы жетпейтіндердің үлесі – 30 пайыз. Ал табысы өте қомақты, әл-ауқаты жоғары топ 2 пайызды құрайды.
Енді Ербол Молдашев бұл жіктеудің ішінен қайсысы орта тап ұғымына жақын келетінін атап өтті. «Бүгінде біз орта тап туралы сөз қозғағанда бірінші кезекте әлеуметтік-материалдық жағдайды меңзейміз. Себебі тұрақты материалдық база – орта тапты қалыптастырудың негізгі элементі. Жоғарыда аталып өткен дерекқордың ішінен ең көп көрсеткішке (54 пайыз) ие болған, ақшасы күнделікті өміріне толық жеткілікті, тек тұрмыстық техника аларда тосылатын азаматтарды Қазақстан қоғамындағы орта тап өкілдерінің қатарына қосу жиі кездеседі. Әртүрлі зерттеулерде еліміздегі орта тап өкілдерінің үлес салмағы 15 пайыз бен 60 пайыз арасын құрайтынының басты себебі де – осы. Дегенмен бұл әлеуметтік топты рейтингтің ортасында орналасқанына қарамастан, орта тап түсінігіне еш қатысы жоқ деп айтуға болады. Ал орта таптың негізгі критерийлеріне барынша жақындайтын топ – 30 пайызды құраған азаматтар. Бұл көрсеткіш соңғы 10 жыл ішінде 20-30 пайыз көлемінде сақталып келеді», дейді «Стратегия» ӘСЗО сарапшысы.
Расында, Қазақстандағы орта тапқа классикалық үлгіде баға беру қиын. Мәселен, биыл наурыздың соңында finsovet.kz порталы жариялаған мәліметке қарасақ, елдің жұмыс күшін құрайтын халықтың шамамен 15 пайызы – 70-100 мың теңге, 63 пайызы орташа жалақы 100-170 мың теңге алады екен. Ал 19 пайызы айына 200 мыңнан жоғары табыс табады. Бұл 200 мың теңгеден артық табатындар жылына шамамен 2,5 миллионға жуық пайдаға кенеледі. Мұның өзі жоғарыда келтірген әлемдік көзқарастағы орта таптың кем дегендегі 10 мың долларлық межесіне жете бермейді.
Алайда, кейбір сарапшылар әр қоғамның тұтыну көлемінің ерекшеліктерін ескеріп, классикалық үлгідегі орта тап критерийлері бәріне сай келе бермейтінін алға тартады. Өйткені ел ішінде жүргізілген сауалнамалар көрсеткендей, біраз жұрт өзін әлеуметтік-экономикалық жағынан қалыпты деңгейде сезініп, орта тапқа жатамыз деп есептейді. Осыған қарап, Қазақстанда шынайы орта тап құруға серпін беретін, орныққан, белсенді, тұрақты материалдық базаға ие әлеуметтік топ бар деп топшылауға болады. Мемлекеттің жүргізіп отырған саясатын – халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бағдарламаларды, кәсіпкерлікті дамытуға берілген басымдықтарды назарға алсақ, бұл топ шынайы орта таптың қалыптасуына жол бастайды.