09 Мамыр, 2013

Намыс сардары

866 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Намыс сардары

Бейсенбі, 9 мамыр 2013 1:59

Өткен ғасырдың 60-жылдарының соңында Сейдахмет Бердіқұловтың «Жұмыр жерде теңбіл доп» деген кітабы жарық көрді. Ол кезде «Жазушы», «Жалын» баспаларынан шығып жататын көркем туындылар қалың оқырманға тез жететін. Сол кезде оқырман қолына тиген Сейдағаңның кітабы спорт тақырыбына жазылған деректі еңбектерден мазмұны жағынан да, оқиғаларының ауқымы жағынан да, тақырыбы жағынан да, баяндау тәсілі жағынан да өзгеше болды.

 

Бейсенбі, 9 мамыр 2013 1:59

Өткен ғасырдың 60-жылдарының соңында Сейдахмет Бердіқұловтың «Жұмыр жерде теңбіл доп» деген кітабы жарық көрді. Ол кезде «Жазушы», «Жалын» баспаларынан шығып жататын көркем туындылар қалың оқырманға тез жететін. Сол кезде оқырман қолына тиген Сейдағаңның кітабы спорт тақырыбына жазылған деректі еңбектерден мазмұны жағынан да, оқиғаларының ауқымы жағынан да, тақырыбы жағынан да, баяндау тәсілі жағынан да өзгеше болды.

Танымал жазушы Сейдахмет Берді­­­құлов спорт тарихының көр­некті білгірі болатын. Мерзімді басылым беттерінде оның спорт туралы репортаждары, әртүрлі очерк­тері, мақалалары жиі жарияланып тұрды. Содан да болар, қалың оқырман ол кісіні спорт шежірешісі деп қабылдайтын.

Секең бастапқы кезеңде, «Қазақ­стан пионері» газетінің бас редакторы болғанда да, одан кейін 1970 жылдан 80-жылдардың ортасына дейін кешегі «Лениншіл жас», бүгінгі «Жас Алаш» газетін басқарған тұс­та да қазақ жастарының өсуіне, болашағына спорттың ықпалы зор екенін насихаттаумен болды. Сол «Жұмыр жерде теңбіл доп» деген кітапты кезінде бүкіл қазақ қоғамы оқып шықты-ау десем қателесе қоймаспын. Өйткені, ол спорт туралы, спорттың ішінде футбол туралы болатын. Қазақ сол кезде де футболға жари алмай жүретін. 60-шы жылдардың басында құрылған «Қайрат» Одақ көлемінде футбол жарысына қатысатын жалғыз команда еді. Ол жылдары Алматының Орталық стадионына «Қайрат» командасы ойнаған сайын билет алу да қиын болатын. Қаладағы, қала маңындағы елді мекендерден футбол жанкүйерлері иін тіресе футболға келетін. Алматыға сырттан келген адам егер жолы болып бір билет сатып алса, соған мәз болып қуанып, «Қайраттың» ойынын көрдім деп мақтанып, марқайып жүретін.

Бірақ, «Қайраттың» ойы­ны бірде қуантады, бірде күйін­те­ді. Сөйтіп жүрген заманда Сей­дах­­­­­мет Бердіқұловтың бүкіл дү­ние жүзінің сол кездегі атақты фут­болшыларының есімдері бар, футбол туралы керемет мағ­лұматтар келтірілген, футбол чем­пионаттары туралы, жалпы футболдың, спорттың қоғамдағы орны туралы керемет ой-пікірлер айтылған «Жұмыр жерде теңбіл доп» деген кітабы жарыққа шықты.

Кітап үлкен қоғамдық пі­кір туғыз­ды. Көптеген адамдар өзде­рінің жы­лы лебіздерін біл­дірді. Сейдахмет Бердіқұловтың осынау ру­хани еңбегін атағанда, қоғам сана­сының, жастар дү­ниетанымының қалыптасуына оның жазушылық еңбегінің ай­рықша ықпал еткен­дігіне назар аудару әділдік болар еді. Сол сияқты, автордың «Ас­­­­паннан шұға жауған күн», не болмаса «Мұңайып оянған қала» сияқты шығармалары да кезінде өте жоғары бағаланды.

Сейдахмет Бердіқұлов жастайы­нан жаңалыққа құмартып, ерекше сезімталдықпен, қызығушылықпен өс­кен азамат еді. Ол кезде қазіргідей еркін­шілік заман емес, шетелге Қазақстан журналистерінің шығуы сирек оқиға болатын. Өйткені, ол мәселе тек Мәскеу арқылы ше­шіле­тін. Міне, сондай жағдайда әлемнің, Еуропаның футбол чемпионаттары сияқты ең жоғары мәртебелі бү­кіл дүниежүзілік жарыстарға, халықаралық сайыстарға барып, озық әңгімелер айтып жүрген бір­ден-бір жазушымыз да, жур­на­лисіміз де осы Сейдахмет Бер­діқұлов болды. Әңгіме Секеңнің сол халықаралық спорт жарыстарына баруында емес, жай барып қана қоймай, сол көргендерін, көңілге түйгендерін еліне жеткізуінде, қалың оқырманмен бөлісуінде, ортаға ой салуында, спорттың ұлт намысының көрнекті туы екендігін ұрпақтың санасына жеткізуге талпынуында.

Сейдахмет Бердіқұловтың ізімен оның ғибратты өмірінен үйреніп, дәс­түрін жалғастырып жүрген спорт жур­налистерінің, жазушылардың ең көрнектісі – бүгінгі замандасымыз Несіп Жүнісбаев. Оның бақыты сол – кеңес дәуірінен кейінгі кезде оның нағыз ой тербеп, қалам сілтеу қайраты Тәуелсіздіктің тұсына келді. Тә­уел­сіздіктің арқасында бұ­рын­ғыдай Мәс­кеудің рұқсатына қарап отырмай, Мәскеуден тамыр-таныс іздеп жүрмей, Қазақстаннан тікелей өзі жүретін дәрежеге жетті. Сейдағаңның бастамасын дамытып, тереңдеп, бүкіл қазақ спортының шежіресінің етек-жеңін жиып, жүйелеп, жіпке тізген моншақтай етіп жазып шыққан оның өзі: «мен Сейдахмет Бердіқұловтың шәкіртімін, Сейдағаңның жолымен жүрдім», деп мақтанышпен айтады.

Өкінішке орай, Секең ертерек дүниеден өтіп кетті. Бірақ, сол өмі­рінің өзінде қа­зақтың рухани әлеміне айрықша еңбек сіңі­ріп, жанымен, тәнімен, әр­бір салмақты сөзімен, шебер жазылған тамаша әдеби, пуб­ли­цистикалық шығармаларымен ұлт ұжданын көтеріп кетті. Ол кі­сі өз шығармаларына тек спорт мә­селесін арқау еткен жоқ, қоғам­ның барлық саласына да аралас­ты. Алайда, спорт тақырыбы – Се­кең шығармаларының өзекті ойы, көр­кемдік көркі, шешендік сөзі болды.

Кезінде Секең «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінің бас редакторы әрі Қазақстан комсомолы Орталық Ко­­митетінің бюро мүшесі болды. Сол бюрода бірге жұмыс жасадық. Ол кісімен көп жағдайларда пікірлесіп, бір-бірі­мізді қолдап, түсінісіп, кейбір жағдайларда әрқилы мәселелер төңірегінде пікір таластырып та жүрген кезіміз болған. Ғажабы – сол пікірталастарда ешқандай реніш болмайтын, керісінше, әртүрлі көзқарастар арқылы шындыққа, әділдікке жақындауға тырысатынбыз. Қоғамдық құбылыстарға баға беру тұрғысынан әруақытта ойымызды ашық айтудан тартынбайтынбыз. Мақсатымыз, мүддеміз бір – соған қай жолмен, қандай көзқарас, сана, түсінікпен қай тәсілмен келу керек. Сейдағаңдай қазақ әдебиетінің, журналистикасының беделді тұл­ғасының бюроның құрамында болуы бюроның әруақытта рухани беделін көтеріп тұратын. Біз сол жылдарда жастармен жұмыс істеуді өте жоғары дәрежеге көтере алдық. Қазақстан комсомолы Ор­талық Комитеті бюросының көме­гімен, ықпалымен, шешімімен талай жастардың жолы ашылды. Біз оны қай дәуірде де мақтанышпен айта аламыз. Солардың қатарында қазіргі біздің халықаралық, әлем­дік дәрежедегі өнер тарландары – Әлібек Дінішев, Нұржамал Үсенбаева, Роза Рымбаева, Айман Мұсақожаева, Жәния Әубәкірова сияқты өрімдей жастар кезінде жас­тар ұйымдарының, комсомолдың қамқорлығын көріп өс­ті. Одан ары қарай жүре берсек, Қазақстан комсомолының бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібековтің тұсында жас кезінде елге танылған Шәмші Қалдаяқов, Жұмекен Нә­жімеденов, Нұрғали Нүсіпжанов, Ескендір Хасанғалиев, Мұхтар Шаханов, тағы басқа өнер, әдебиет жұлдыздарын айтсақ та жеткілікті.

Сейдахмет Бердіқұлов «Ленин­шіл жаста» бас редактор кезінде жас әдебиет сыншысы Сағат Әшім­­баевты өзіне орын­басарлық қызметке шақырды. Жасы отызға жетер-жет­пес шағында әдебиет сыншысы ретінде тұлға болып та­нылған, мо­йындалған Сағат Әшімбаев, кейін көсемсөз шеберлері дәрежесіне көтерілген Серік Әб­дірайымов, Аян Нысаналин, Жа­қау Дәуренбеков, Ырым Кенен­ба­ев, Уәлихан Қалижан, Әшірбек Көпішев, Жарылғап Бейсенбаев, тағы басқа жастарды жанына жинады.

1976 жылы күзде дәстүрлі әде­биет пен өнер саласында комсомол сыйлығына таңдау, сараптау ба­рысында Сейдағаңның Сағат Әшім­баев, Оралхан Бөкеев, Роза Рым­баевалардың кандидатураларын қолдап сөйлеуі бюро шешіміне негізгі ықпал ете алды. Комсомолдың Орталық комитетінде жүрген кезде, әсіресе, шығармашылық саладағы жастарға қамқорлық жасауда, та­ланттың көзін ашуда, әр жерде, әр облыста жүріп талантты адамдарды қатар­ға тартуға, әр уақытта жеке көзқарас біл­діріп, соған ұсыныс жасап, облыстарда болып келген жерде бір жақсы талантты адамды көрсе, соны айтып келіп, осы­ған назар аударайықшы, осыған көмек жасаңыздаршы, деп жүретін өте бір пірәдар азамат та осы Сәкең болды.

Сол кезде де журналистердің, спорт жаттықтырушыларының әртүрлі қо­ғам­­дық ұйымдары, ассоциациялары болғаны белгілі. Сейдахмет Бердіқұлов солардың көпшілігімен жақсы қарым-қа­тынаста болды. Сөйтіп, топ жарған қазақ спортшыларының Одаққа, әлемге танылуына ықпал жасады. Мәселен, Серік Қонақбаев пен Жақсылық Үшкемпіров 1980 жылы Олимпиада ойындарына қатысып, Жақсылық Қазақстан қазақтары арасынан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы болды, Серік қазақ спортшыларынан Олимпиаданың тұңғыш күміс жүлдесін алды. Ондай дәрежеге жету үшін алдымен Қазақстан спор­тының өкілі ретінде одақтық жарыстардың жеңімпазы болу керек, сол жеңімпазы болған кездің өзінде оны Мәскеудегі құзырлы орындар шешеді. Жеңімпаздың өзін алмай, екінші орындағы адамды алған жағдайлар көп болған. Жақсылық Үшкемпіровке 1980 жылғы Олимпиададан бұрын сондай солақай шешімдер бөгет болған.

Міне, сол кездегі спорттың өзі Мәскеудің қас-қабағына байла­нысты болғандықтан, біздің Қазақ­станның спортының осындай тұл­ғалары бар, Қазақстан спортының жетістіктері бар, Қазақстанда мынадай талантты боксшылар, талантты палуандар бар деп, Мәскеуге талай рет барып, талай жерде пікір туғызып, делдал болып, шапқылап жүретін адамның бірі Сейдахмет Бер­діқұлов болатын. Содан ке­йін Мәскеуде болғанын, басқа жағ­­­дайларды Алматыда Орталық комитеттегілерге, басшыларға ай­­тып жүретін. Және кезінде Қа­зақстан Компартиясы Орталық ко­митетінің басшылары Сейдахмет Бердіқұловты өте жоғары бағалап, ол кісінің пікірімен санасып та отыратын. Оған өзім талай куә болдым. Ол кісі орынсыз пікір айтпайтын. Соның барлығы біздің қазақтың ұлттық мүддесінде болатын және ұлттық намысты қайрайтын.

Секеңнің шығармаларын қазір де алып оқысаңыз, өзіңіз бірден сол оқиғаның ортасында жүргендей, сол футбол додасын тура қазір көріп отырғандай әсер аласыз. Ол, әрине, жазушының шығармашылық шеберлігі. Жазушы шеберлігі ол кісінің азаматтық ұстанымымен, азаматтық дү­ниетанымымен байланысты болып, отансүйгіштік рухқа, патриоттыққа тәр­биелейді.

Секең қайраткер болған социализм заманында лауазымды адамдар да, спортшылар да шетелдерге тек Мәскеу арқылы шығатынын жоғарыда айттық. Қайталап екпін беріп отырғанымыз – тағы да Тәуел­сіздіктің қадірін, қасиетін түсіну. Бүгін кімнің қай елге барып, қай жерде кездесіп жүргені үйреншікті жағдай, кімнің қалай барып, қалай келіп жүргеніне ешкім мән де беріп жатқан жоқ. Бұл да елдің еркіншілік көрінісі. Бүгінгідей заман жоқ ол кезде. Секең барған жерінде қазақ деген ел бар екенін, қазақ деген елдің ұлттық мәдениеті, лайықты спортшылары, өнерлі ұрпағы бар екенін насихаттап, айтып, солардың ортасынан КСРО құрама командасының мүшелері болған адамдарға қолдау көрсетіп, ықпал етіп, жанашырлық білдіріп, ұлтымызды танытқысы келіп жүретін айрықша тұлға болатын. Өзі бас редактор болған «Лениншіл жас» газетінде де ұлтты сүюге, сол ұлтты сүю ар­қылы Ота­нын сүю, азаматтық позициясын күшейту сияқты үлкен тақырыптарға қатты мән берді. «Лениншіл жас» ол кезде Қазақстанға өте танымал, алдыңғы қатарлы, таралымы ең көп газет болатын. Басылымның 300 мыңға тақау тиражбен таралған жылдары болғанына біздің ұрпақ куә. Ең көп таралған, ең беделді газеттің бірі болған «Лениншіл жасты» сондай дәрежеге көтеруге әуелде Шерхан Мұртаза еңбек сіңірген болса, сол деңгей мен дәстүрді сапалы жалғастыра алған – Сейдахмет Бердіқұлов.

Кезінде орыс әдебиетінде «біз бәріміз Гогольдің шинелінен шық­тық» деген ұғым болған. Ол  – Гогольдің сын-пікірлеріне, Го­гольдің жазған еңбектеріне беріл­ген жоғары баға. Сол сияқты, біз­дің қазақ журналистикасында да «Шерханның шекпенінен шықтық» деген қанатты сөз бар. Сол Шерханмен қатар жүрген, Шер­ағаңмен жастары шамалас, үзеңгілес, замандас болған тұл­­­ғалардың бірі – Сейдахмет Бердіқұлов.

Сейдахмет Бердіқұловтың тағы бір әлеуметтік ерлігі – социализм кезінде, коммунистік партияның идеологиясында тұрғанда ұлт мәселесі жөнінде орынды пікір ай­та білуінде. Сол әңгімелердің бәрінде де Сейдахмет азаматтық танытып жүрді. Әсіресе, айрықша айтайын дегенім – 1986 жылы Димекең кетіп, Колбин келген кезде болған жастар көтерілісінен кейін 19 желтоқсан күні Қазақстанға СОКП Орталық комитетінің Саяси Бюросының мүшесі М.Соломенцев келіп, Алматыда бірнеше күн болып, әртүрлі ұжымдарға барып, біздің Қазақстанның «ұлтшылдығының өсіп кеткендігін» айтып, кездесулер өткізіп жүрді. Сол кездесудің бірі комсомолдың Орталық комитетінде өтті. Сол жиында Сейдахмет Бер­діқұлов жастарды тек кінәлау тұр­ғысынан қорытынды шығаруға болмайды деген бағытта сөз сөйледі. Со­ломенцев сұқ саусағын көтеріп, оның сөзін бөлді. Сол кезде Секең іркілместен жоғары лауазымды Мәскеу өкіліне: «Вы, пожалуйста, свой указательный палец мне не показывайте. Этот указательный палец как раз портит все. Не надо угрожать Вашим указательным пальцем, а надо уважать растущую молодежь, растущую национальную поросль», – деп кесіп айтқанына куә болған едім. Бұл сөздерді мен сол жиынға қатысып, болған әңгіме жазылған жұмысшы дәптерімнен сөзбе-сөз келтіргенді жөн көрдім.

Политбюро мүшесіне ондай сөз қайтару деген сол кезде сұмдық болатын. Бірақ, Секең сол сөзді айтты. Секеңнің жазушылығы бар, қоғамда үлкен рухани орны бар. Содан да болар, оған Колбиннің тісі батпады. Бұл – шын мәнінде Сейдахмет Бердіқұловтың әлеу­меттік батылдығы, әлеуметтік ба­тырлығы. Секеңнің кіммен болса да, терезесі тең сөйлесе алатын рухани дайындығы, қуаты, соған лайықты білімі, салмақты мінезі болатын.

Сейдахмет Бердіқұлов, көзі тірі болса, 80 жасқа келер еді. 80 жас деген қазір оншалықты таң қалатын жас емес. Бірақ, Сейдахмет Бердіқұлов туралы ұрпаққа, бү­гінгі замандастарымызға осы сияқ­ты сөзді айтуды мен өзімнің парызым деп санаймын. Бірге жүрдік, бірге қызмет істедік. Ол тәуел­сіз­дігіміздің алғашқы жылдарын көріп, жүрекжарды қуанышқа бөлене алғанымен, еркіндік рухында ұзақ өмір сүре алмай, жасы 60-тан асар-аспаста дүниеден мезгілсіз өтіп кетті. Әрине, көкірегінде көп арманы бірге кетті.

Ол Қазақ мемлекетінің дүние жүзінде өз тұлғаларымен, өз спортшыларымен, өз өнерпаздарымен, өз Туымен, өз Әнұ­ранымен көрініп, озып жүруін армандайтын, сондай күннің туарына сенетін. Қазақтың бүгінгі ұрпағы сол арманға жетті. Алдағы Арман енді одан да биік.

Қуаныш СҰЛТАНОВ,

Қазақстан Республикасы Парламенті

Мәжілісінің депутаты.

АСТАНА.