Тұлға
Сейсенбі, 14 мамыр 2013 2:57
Суреткердің жаңа кейіпкер іздеп аласұратыны сияқты тарих беттерінде де бұрынғыларға ұқсамайтын, ерекшелігі мен бітім-болмысы, жаратылысы мен ұстанымы бөлек, тағдырының соқпағы мен сүрлеуі өзгеше дара тұлғалар кездеседі. Мен осындай тұлғалар өмірін қызығып оқығалы да біраз уақыт болды. Солардың ішінде, әсіресе, Джавахарлал Нерудің түрмеде отырып, қызы Индираға жазған хаттары, Ли Миннің әкесі Мао Цзэдун туралы өкпесі мен өксігі кеулеген жүрекжарды мемуары, Леонид Млечиннің әлемнің ірі тұлғалары туралы зерттеулері мен Н.Назарбаев туралы еңбегі, Евгений Примаковтың «Мысли вслух», Махмұт Қасымбековтің «Елін сүйген, Елі сүйген Елбасы», Қуаныш Сұлтановтың «Қазақтың жаңа дәуірі» сынды құнды дүниелерді ерекше атап айтқан болар едім.
Сейсенбі, 14 мамыр 2013 2:57
Суреткердің жаңа кейіпкер іздеп аласұратыны сияқты тарих беттерінде де бұрынғыларға ұқсамайтын, ерекшелігі мен бітім-болмысы, жаратылысы мен ұстанымы бөлек, тағдырының соқпағы мен сүрлеуі өзгеше дара тұлғалар кездеседі. Мен осындай тұлғалар өмірін қызығып оқығалы да біраз уақыт болды. Солардың ішінде, әсіресе, Джавахарлал Нерудің түрмеде отырып, қызы Индираға жазған хаттары, Ли Миннің әкесі Мао Цзэдун туралы өкпесі мен өксігі кеулеген жүрекжарды мемуары, Леонид Млечиннің әлемнің ірі тұлғалары туралы зерттеулері мен Н.Назарбаев туралы еңбегі, Евгений Примаковтың «Мысли вслух», Махмұт Қасымбековтің «Елін сүйген, Елі сүйген Елбасы», Қуаныш Сұлтановтың «Қазақтың жаңа дәуірі» сынды құнды дүниелерді ерекше атап айтқан болар едім.
Мемуардың да өз принципі бар. Әсіресе, ақын-жазушылардың мемуарларында өсек пен қиянатқа жол берілетінін Анна Ахматова өкінішпен жазған. «Ұлы ақындардың әдебиетке құбылыс болып келуін айтудан гөрі, олар туралы қап-қап өсектің мемуардан орын алатынын айта отырып, бұл жанрда фальш оқиғалар адам сенетіндей етіп жазылатыны өкінішті», дейді ұлы ақын.
Саяси әдебиетті бұл қатарға қоспаған жөн. Жалпы, саяси әдебиеттер ақтарыла бермейтін жұмбағымен, жалпақ жұртқа белгісіз шындығымен оқырманын таңғалдырып отырады. Саясаттың да құбылған образын көресің. Империяның да өтпелі болатынын, король мен императордың да өмір сахнасынан өте шығатын дәуір мен дәуреннің өткіншілігін еріксіз мойындайсың. Тарихтың ақиқат бетін парақтап отырып, өз еліңнің тағдыры мен болашағына амалсыз күдігі аралас үмітпен қарайтының да сол.
Осы өлшеммен алғанда, Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Беласу», «Нұр мен көлеңке», «Он делает историю», т.б. саяси жазбалары Қазақ мемлекетінің тәуелсіздік жолындағы саяси ұстанымдары мен мемлекетаралық қарым-қатынастар тарихын бүкпесіз, әділ айта білуімен құнды. Әлемге әйгілі саяси қайраткерлердің тұлғалық портреттерін суреткерлікпен жасай отырып, олардың пікірі мен саяси ұстанымдарына өзінің де көзқарастарын жасырмай, орынды айтқан.
Әлемге танымал саясаткер, қазақтың арда ұлы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси очерктерін оқығанда оның тұлға, белгілі әрі белді саяси қайраткер екеніне толық көз жеткендей. Жеке ойларын іркіп, қазақы көңілжықпастыққа бармайтын ол тарихи бетбұрыстарда жеке пайымдауын жасырған емес. Барлық еңбектерінде қазақтың бүгінгі күнін айта отырып, ертеңгісі туралы пікірін білдіріп отыруды мақсат тұтқан. Өз ұлтына сүйіспеншілікпен ғана емес, сынмен де қарайды. Бұл тұрғыдан келгенде, Тоқаевқа қазақтар «төлбаласы» ретінде қарамайды деген жаңсақ пікір тудырғысы келгендер де болды. Оның ой еркіндігі мен көрегендігі басқа елдердің мәдениеті мен саяси ахуалын өзгелерден терең білетіндігінде. Осы қасиеттің арқасында ол идеалдандырудан бойын таза ұстады. Еліңді тану үшін олармен үнемі бірге болу аздық етеді, еліңе сырт көзбен де қарай білу керектігін Қасым-Жомарт Тоқаевпен сұхбаттасудың сәті түскенде естідім. Тәуелсіз Қазақстанға осындай тұлғаны кезінде елге қайтарып алуды Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың көрегендігі деп білемін.
1992 жылы Қазақстан мемлекетінің Президенті Н.Ә.Назарбаев Мәскеудің өміріне әбден сіңісіп, кәсіби маман ретінде бағаланып, жоғары лауазымға тағайындалуға ұсыныс алып отырған Қ.К.Тоқаевқа: «Бери шинель, иди домой», – деуі әзілден гөрі шындыққа жақын бұйрығы болар. Жаңа мемлекет құрып жатқан Елбасымыз: «Елге қызмет ететін кез келді, бөркіңді ки де, елге қайт!» – деп ініге салмақ салғаны да Мемлекет басшысының саяси қалауы ма, екен?.. Әлде «жас келсе – іске!» деген пейілмен ортақ мүддеге қызмет етуді көздегені ме?.. Қалай болғанда да жаңа мемлекет құрудағы басқа түсер қиын кезеңдерде арқа сүйер, ел аманатын бірге жұмылып, бірге көтерісер бір ұлдың сырт елде жүргенінен гөрі, өз елінің мүддесіне қызмет етсін деген ұсынысын Елбасымыздың көрегендігі деп білеміз.
Елбасының ұсынысына келісім берген Қ.К.Тоқаев Ресей Сыртқы істер министрлігінің Вьетнамға өкіл ретінде жаңа лауазымға тағайындап отырған қызметінен бас тартып, елге қайтты. Оған «келіп қалыпсың» деп жылы орын ұсына қоюшылар да бола қоймады. Алматыға келісімен Премьер-Министрдің Қытайға баратын делегациясына енгізіліп, сарапшы ретінде жолға шықты. Осы тұста Қытай елін тереңірек білетіндігімен де, әрі қытай тілін жақсы меңгергендігімен де көзге түссе керек, қайтып оралған сәтте-ақ, Қазақстанның Сыртқы істер министрінің орынбасары лауазымына тағайындалды. Сол сәттен бастап, тәуелсіз елдің дипломатиясын қалыптастыра бастаған кәнігі маман, дипломат Тоқаевты күллі қазақ жұрты танып та, мойындап та үлгерді. Он алты жасында Мәскеуге оқуға аттанған жас жеткіншек қырыққа шыққан кемел шағында Отанына оралды. Бірнеше тілде еркін сөйлеп, елді аузына қаратқан саясаткерге «қазақы емес екен, қаланың тас көшесінде өскен» деген сияқты айыптаулар тағылғаны да рас. Мағжан ақын айтқандай, «Жұрт аспанға өрлеген жүйрік жүректі мойнына құрық салып құлағы салпиып тұра қалатын мәстек болса деп қалағанымен» Тоқаевтың бөлек болмысы бұл құрыққа көнбеді. Көнбеу, әрине, мәстектерге жақпайтыны белгілі.
Халықаралық ұйымдармен және Азия елдерімен байланыс жасау Қ.К.Тоқаевқа тапсырылғанымен, Қазақстанның ішкі саясаттағы тұжырымдамасының тезистеріне ұсыныстар енгізуіне тура келді. Шындығында, іргесі енді қалана бастаған Қазақстанда бұрын-соңды ішкі саясат та, оның тұжырымдамасы да болмағаны белгілі. Қазақстан өзге елдермен байланыста болу үшін алдымен бағыт-бағдарын айқындап алуы шарт еді. Бұл жолда да Тоқаевтың іскерлігі де, мемлекетшіл табиғаты да өзгелерден ерек көрінді.Ол жауапты да қиын сәттерді бастан кешіре отырып, өзінің патриоттығымен де, романтизмімен де Елбасы жүктеген міндеттерді абыроймен орындап шықты.
«Нұр мен көлеңке» кітабында әлемдік деңгейде танылған дара тұлғалардың Қазақстан мемлекеті туралы көзқарастары оқырманға терең ой салады. Қытайды орнықты даму жолына түсіріп, үшінші ғарыштық ел ретінде ұлы державаға айналдырған Цзян Цзэминьнің Қазақстан мемлекетін қолдауы және көрші Қазақ еліне деген ұстанымы арқылы Елбасының беделі мен сыртқы жағдайдың қалыптасуына қол жеткізген Қ.К. Тоқаевтың да еңбегін айтқанымыз орынды болар еді.
Цзян Цзэминьнің: «Қытай ешқашанда Қазақстанға жаманшылық жасамайды, Сіздің елге қатысты ешқандай қастық әрекетке бармайды», деп ашық мәлімдеме жасауы шекара проблемасын реттеуге үлкен үлесін тигізді. Өткен ғасырдан бері шешімін таппай тұрған бұл мәселеде ядролық қаруы бар ең ірі екі елдің қақтығысып, мәмілеге келе алмай тұрғаны жасырын емес болатын. Сондықтан да Қазақстан үшін дипломатиялық келіссөздер арқылы шекаралық проблемаларды шешу негізгі мәселе болды.
«…Қытай делегациясы негізінен сонау ХІХ ғасырдың ортасында қол қойған шарттардың мәтінін қарауға ден қойды. Аталмыш мәселені Цинь дәуіріндегі Қытай мен патшалық Ресей қол қойған шарттардың негізінде қарай келгенде Қазақстанға мейлінше тиімсіз екені анықталды. Бұл ретте екі елдің жоғары басшылары Н.Назарбаев пен Цзян Цзэминьнің жеке қарым-қатынастары баға жетпес рөл атқарды. Цзян Цзэминь қазақ көшбасшысының дәлелдемесін түсіністікпен қабыл алды. Тіпті Н.Назарбаевпен екеуінің арасында болған әңгімелердің бірінде ол: шекара мәселесін кейінгіге шегере бермей шешу қажет, басшылардың келесі буыны бұл міндетті шеше алмай, келешек ұрпақтың мойнына көптеген қиындықтарды артып кетеді деп астарлы сөздің ұшығын шығарып қойды. Қытай көшбасшысының тереңнен ойлайтын зерделі пайымымен келіспеуге болмайтын.
Цзян Цзэминь мен Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке өздері араласпайынша, бұл уағдаластыққа қол жеткізу мүмкін емес еді. Қос көшбасшының тарихи көрегендігі де осыдан айқын көрінісін тапқан. Шартқа қол қойылғаннан кейін Цзян Цзэминь Қытайдың өзінде әскери адамдар мен кейбір мемлекеттік қызметкерлердің тарапынан, сондай-ақ Гонконг пен Тайванның әртүрлі ұйымдары мен бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан Қытай көшбасшысының да сынға ұшырағаны бұл күнде ешкімге құпия емес. Қытай даулы аумақтың 53 пайызын Қазақстанға беруге келісті. Сыншылар Қытайдың барлық жерді өз қойнауына қайтарып алу үшін жас мемлекетпен келіссөздерді соза тұру керек еді дегенді айтып жатты. Тең құқылы ынтымақтастықты орнатып, дамытуда Нұрсұлтан Назарбаев пен Цзян Цзэминь сынды тарихи тұлғалар айрықша рөл атқарды».
Қ.Тоқаевтың саяси жазбалары болашақ ұрпақ үшін Қазақ мемлекетінің құрылуындағы тарихи құжаттар мазмұны, ақиқаты мен арпалысы, Елбасының мемлекет мүддесі жолындағы ерлігі мен жанкештілігі, біздің өзге халықтың өкіліндей тереңнен ойлай алмай, таяз ғана бойлай салатын аңғал тұстарымыз ертеңгі болашақ ұрпақтың үлкен саясатта ұтылмауына жол көрсетер серігі, анықтамасы болмақ.
«Нұр мен көлеңке» халықаралық қауымдастықтар арасындағы байланыстар мен ынтымақтастықтың дипломатиялық шежіресі деуге лайық дүние. Қ.К.Тоқаев кез келген саяси қайраткердің алдымен өз елінің мүддесі тұрғысынан қарайтынын жасырмайды. Бұл дәстүр мемлекеттің мүддесі жолында жауапты қызмет атқарып жүргендердің негізгі ұстанымы, бойтұмары болуы керек.
«Нұр мен көлеңкеде» Қ.К.Тоқаев үш дара тұлғаны ерекше бөліп атайды. Кофи Аннан, Цзян Цзэминь, Борис Ельцин.
Автордың ізгі құрметпен, аса ыждаһаттылықпен бағалаған тұлғасының бірі – Кофи Аннан. Нобель сыйлығының иегері, әлемге әйгілі саясаткермен Тоқаевтың достық қарым-қатынаста болғанын, осындай ірі тұлғаны да сынаушылар мен кінә таққандардың табылғанын тілге тиек ете отырып, осы бір қарапайым да зиялы жанның өнеге тұтатын тазалығы мен парасаттылығы хақындағы әңгіме оқырманның көңілін бей-жай қалдырмайды.
Кофи Аннанның африкалықтарға қолұшын беруге даяр тұратындығын, елдің аштығы мен жұқпалы ауруға жәрдемдесуді бірінші кезекке қоятынын және осындай жауапты іспен айналысатын адамдардың «дұрыс адамдар» санатынан құрылуын басты назарда ұстап, жауапкершілікпен қадағалауы оның өз еліне, отандастарына деген азаматтық ұстанымын аңғартады. Автор кейіпкерінің келбетін, саясаттағы тапқыр талант иесі екенін оның африкалық рух пен еуропалық биязылығы бірегей үйлесім тапқандығына ерекше назар аудара отырып, «Кофи Африка саванналарында жүрген аңшыны еске түсіретіндей. Ол әрқашанда сақ әрі сергек. Аңның ізін көрмей-ақ, иісінен-ақ дөп басып танитын нағыз қырағының өзі», дейді. Бұл – саяси портрет…
Автор осы сөз саптауы арқылы Кофи Аннанның саяси тұлғалық портретін айқындайды. Қ.К.Тоқаев саяси әріптестерінің әр сөзінен терең мағына таба білген. Саясаткер ретінде айтылған сөздің астарында құпия қалған мағынаны дәл тануға әбден машықтанған дипломат: «…Оның сөзінен жаһандануға байланысты көңіл толмаушылықтың сарын-лебі есіп тұрды. Кофи әлемдік қауымдастық алдында өзінің көптен бері ой сарабынан өткізген, тұжырымдары мен пайымдарын жеткізді. Қызметтен кетер алдында Кофи Аннан ББҰ қызметін жақсарту жөніндегі өз әрекетінің бос әурешілікпен өткенін мойындауға мәжбүр болды. «Тарихта Бас хатшының лауазымын атқарған екінші африкалық бола отырып, қазіргі заманның адамзат басына төнген үш басты қатердің салмағын өзіме қабылдадым: «қауіпсіздік қатері, дамуға төнген қатер, адам құқығы мен заңдылықты сақтаудың қатері» Аннан осы проблемалардың барлығын жан-дүниесімен қабылдап, соған жаны ауырды, өйткені Африка қазіргі заманның жанды жарасына айналған еді. Бұл проблемалардың шешілмегені былай тұрсын, қайта одан сайын шиеленісіп кетті. Аннан кейбір азиялық елдердегі прогресс өзінің Африкасында жалғасын таппағанын, оның кедейлікке, ауру-сырқау мен қанды қақтығыстарға белшесінен батып жатқанын мойындады. Шын мәнісінде осы сөзінде Кофи Аннан қатерлі проблемалар алдындағы дәрменсіздігін және өзін БҰҰ-ның жоғары лауазымында бола тұра Африка елдеріне көмек беруге еш әрекет жасай алмағанына қатты налыды.
«Достарым менің, жаһандану дегеніміз – биік жалына әркім қарманып шыға бермейтін асау толқын», – деді Аннан. Ол жаһандануға өз көзқарасын ашық жеткізіп: «Жаһандану – адамзатты теориялық жағынан ғана біріктіріп, іс жүзінде ажыратады», – деп тұжырды.
Қ.К.Тоқаев Кофи Аннанды әсершілдік пен сезімге бой алдырмайтын ұстамдылығымен ерекшелендіреді.
Улан-Батордан Астанаға келген Бас хатшы моңғолдардың қонақжайлылығынан қатты шаршағаны жайлы, дастарқан басында ұзақ отырмауды хаттама қызметіне тапсырады. Осыдан сабақ алған қазақтар қызықты кездесулер ұйымдастырады. Сондай кездесудің бірінде чешен-ингуш диаспорасы жетекшісінің сөзі жадында қалған Бас хатшы: «Ресейде соғысып жатқан осы халық па?» – деп сұрайды. – Өзіндік сипаты бар халық екен. Бұлар сіздерге қиындық туғызбай ма? – деді де мұның себебін өз тұрғысынан пайымдап, іштей ойланып қалды», – дейді автор. Осындай детальдар арқылы автор оқырманға кейіпкер келбетін толық ашуға ұмтылған.
«Елдестірмек – елшіден» дейді біздің халық. Осы ойды басшылыққа алған Қ.К.Тоқаев еліміздің сыртқы саясатының қалыптасуына, жас мемлекеттің жаңа мүмкіндіктерге жол ашқанына қазақ мемлекетінің мүддесін қорғауда барынша күш салған, беделін салған, тіпті достығының өзін де ел мүддесі үшін пайдаға асырған Елбасымыздың қайсарлығына, батырлығы мен тапқырлығына қызыға отырып, дәлелдер мен мысалдар келтіреді. Н.Назарбаев тұлғасы құрғақ мақтауды қажет етпейтінін, ол халқы мақтанатындай еңбек жасағанын «Нұр мен көлеңкеден» толық көруге болады. Рас, біздің ақпарат әлемі дәлелді мақтаудың орнына жаппай мадақты жалаулатып, тұлғаның нұрын тасытамын деп көлеңке түсіретінін білмей де қалып жатады. Одан гөрі тарихи мәні әлдеқайда күрделі, қарапайым халық біле бермейтін Мемлекет басшысының саяси ұстанымдарын жеткізетін оқырман қауымға, зиялы жұртқа жол таба білу керек сияқты. Ұтылыстар мен жеңістерді көзі қарақты қазақ баласы білуге тиіс. Мемлекет пен халықтың қуанышы мен күдігі бір-бірінен жасырын болмаса, халықта күңкіл де болмайды. Жасыратыны жоқ, бізде күңкіл көп… Күңкіл ұлғайса көбік сөз көбейеді. Көбікте салмақ та, болашақ та жоқ.
Бәзбіреулер ойлағандай оп-оңай құрыла салған мемлекет жоқ. Мемлекеттің құрылуы қиыншылықтар мен қайшылықтарды шеше білу арқылы тәуелсіздікке қол жетті. Тоқаевтың саяси очерктерін оқығанда кейбір елдердің Қазақстанды өз ықпалында көргісі келгенін де байқауға болады.
«…Шиеленіспен өтіп жатқан келіссөздің бір сәтінде Борис Николаевич ахуалды сейілту үшін ішімдік әкелуді сұрады. Қауіпсіздік қызметінің қызметкері төрт рюмкеге құйылған арағы және жеңіл-желпі тіске басары бар табақты алып кірді. Нұрсұлтан Әбішұлының: «Неге төрт рюмке?» деген сұрағына кабинеттің қожасы жайбарақат қана: «Екі рюмке аз, ал төртеуі – жеткілікті», – деді. Осы бір өзінше ойнақы диалогтан соң президенттер бауырластық достық үшін тост көтерді.
Одан соң біздің Президент: «Ресей – үлкен мемлекет қой, Байқоңыр үшін сіздер неге төлем жасағыларыңыз келмейді?» – деді. Борис Николаевич бұл сұраққа басын шайқап: «Көп талап етіп отырсыздар, 200 млн. долларды біздің бюджетіміз көтере алмайды. Мені жолдастарым түсінбей қалуы мүмкін, олар ғарыш айлағын Қазақстандікі деп мойындағанымыздың төлемі ретінде тегін алуды сұрап отыр», – деп жауап берді. Сөйдеді де бұдан арғы пікірталасты созудың енді мағынасы жоқ дегендей ол қолын шалт сермеп қалды. Бірақ Н.Назарбаев ғарыш айлағын жалдау ақысын төлеуді ақырына дейін талап етіп отырып алды. Соңында Б.Ельцин келісуге бел байлап: 50 млн. доллар, одан бір доллар да артық емес деді. Бірер секунд ойланған Н.Әбішұлы: «Борис Николаевич, жалдау ақысын 100 млн. доллар деңгейінде белгілейік, бұған қоса 15 млн. доллар достығымыз үшін болсын», – деді. Бұл ұсыныс сол кездегі министр Андрей Козыревке ұнамай, ол жалма-жан өз президентіне бірдеңе деп кеңес бергісі келіп еді, бірақ Ельцин оның мұнысын жақтырмай қалды. Ол үстелді алақанымен: «Келісемін!», – деп сарт еткізіп бір ұрды да, өзінің сыртқы істер министріне өз орныңды біл дегендей сұсты көзімен кәрлене қарап қойды.
Бүгінгі күн тұрғысынан Байқоңыр проблемасын шешуге, бәлкім өзгеше ораймен келу керек те болар. Бірақ сол кезде бұдан басқа амал жоқ еді, Н.Назарбаев өте күрделі ахуалда мүмкіндіктің бәрін салып, өз дегеніне қол жеткізгендей болды. Ең бастысы, бірегей құрылым болып табылатын, бүкіл адамзат өркениетіне тиесілі ғарыш айлағы ешбір даусыз Қазақстанның заңды иелігінде бүтіндей қалды, соның арқасында біздің еліміз ғарыштық мемлекеттер қатарына енді. Әлемдік қоғамдастық ғарыш айлағы жөніндегі келісімді саяси жағынан оңтайлы шешім деп қабылдады.
Ельцин қызметінен кеткеннен кейін оның жеке телеоператоры Назарбаев ресейлік президентпен келіссөздер кезінде қалаған нәтижеге қол жеткізу үшін шығыстық қулықты пайдаланды-мыс дегенді айтыпты. Іс жүзінде барлық кездесулерге қатысып, басы-қасында болған адам ретінде бұған сенімді түрде айтарым, мұндай пайымдаулар ешбір шындыққа жанаспайды. Шынтуайтына келгенде бұл екі достың, мақсаттас адамдардың, әрине, сонымен бірге, әріптестердің арасындағы келіссөздер болатын».
Қасым-Жомарт Кемелұлының саяси көзқарасы мен талғам парасаты оның таңдап алған кейіпкерлерінен-ақ көрінеді. Ел мүддесі үшін маңызды мәселелерді шешуде күш-жігерін аямай жұмсай алған, табиғат берген ұстамдылық пен байсалдылық, зиялылық пен кемелділік автордың өз келбетін де танытады. Бұлай айтуға менің хақым бар деп ойлаймын. Себебі, тағдыр маған Парламент Сенатында Сенат Төрағасы Хатшылығының қызметкері болуды бұйырды. Бұл кезде Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев болатын.
Он алты жыл Мәдениет және ақпарат министрлігінде қызмет істеп, қағазбастылықты әбден меңгерген маған бұл қызмет аса қиындық тудырмады. Бірақ Қасым-Жомарт Тоқаев сынды қайраткердің тікелей басшылығында қызмет атқару үлкен жауапкершілікті міндеттеді. Шындығын айтсам, менің қалыптасқан мемлекеттік қызметкер ретіндегі іс қағаздарымен жұмыс тәсілім де, көзқарасым да, ұстанымым да төрт жылдың ішінде бүтіндей өзгерді .
Қ.К.Тоқаевтың үнемі ізденіп, көп оқып отыратындығын жазу столынан аңғаруға болатын. Қазақ әдебиетінің өкілдері әлем деңгейіне көтеріле алмай жүруінің себептерін айтқаны да, келтірген мысалдары да өте орынды еді.
«Біздің әдеби шығарма да, көркем фильмдер де махаббаттың деңгейінен ұзамайды. Қаужайтындары бір-ақ тақырып», – деген сынына да толық келісетінмін. Атағы дардай бір жазушының Елбасымен кездесуге барғанда, «Маған басыңыздан өткен махаббат хикаяңызды жасырмай айтып беріңіз, мен Сіз туралы жазайын», дегені де әумесерліктің көрінісі.
Елбасының жаңа мемлекет құрушы ретіндегі тұлғасы көркем әдебиетте өз орнын әлі алған жоқ. Жазушылардың ірі тұлғаны бейнелей алмай жүргені де, мемлекет тарихына бара алмай, тарихи тақырыптарды тізгіндей алмай жүргенін де мойындауымыз керек. Рас мұндай үлкен тақырыптарға уақыт та, жағдай да қажет…
Қасым-Жомарт Кемелұлы қазақ басылымдарында насихатталып, мақталып жатқан ақын-жазушыларының кітаптарын сұратып, міндетті түрде оқып шығатын. Ал біздің мәдениет саласындағы басшылардың өнер адамдарын оқымақ түгілі, танымауы бұл күнде анекдотқа айналған. Тоқаевтың ерекшелігі – әлдекімдердің мақтауына иек арта салмайтыны, өзі оқып, ой түйіп барып қана бағасын беретіні. Әр кездесулердегі сөйлейтін сөзіне мұқият қарайтын. Бәлкім, жазу өнері өз бойында болғандықтан да бұл мәселеде жан қинамаса керек.
Кәнігі саясаткер көркем әдебиетті жіліктеп шаққанда таңғалатынмын. Тоқаев өз пайымдауларын дәлелдей отырып, әдебиет, өнер жайында сөз қозғағанда оның жоғары талғам иесі екендігін аңғаруға болады.
Қазақстанның үлкен саясаттағы беделі сияқты әдебиеті мен өнерін де, театры мен киносын да мемлекет беделін көтеретін биіктен көргісі келетінін жасырмайтын.
1983-1985 жылдары Тоқаев кеңес заманындағы студенттерге жетекшілік етіп, алғаш рет тәжірибе жинақтауға Қытайдағы Пекин университетіне барады. Осы уақыт аралығында «Қазақфильм» туындысы деген хабарламаны естіп, достарын қазақ киносы «Тақиялы періштені» көруге шақырады. Жас жігіттің еліне деген ыстық ықыласына көлеңке түскендей көңілсіз шығады. «Кинодан шыққаннан кейін достарым: «Сендер қырыққа келгенше өз еріктеріңмен әйел де ала алмайды екенсіңдер ғой», деп мазақ қылып еді», – деді бір сөзінде. Кеңес заманында түсірілген бұл фильмнің астарында не жатқанын сонда ғана түсінгенім бар. Жалпы, ұлтты насихат етуден гөрі, оның кемшілігін көрсету арқылы төмендігін танытып, орыс халқын ұлы көрсетудің әрқилы тәсілдері барлық салада да іске асып жатты. Әрине, қарапайым көрермен бұл жағына назар да аудармауы мүмкін. Бірақ Тоқаевтың талғамы мен пайымы қарабайырлықты кешірмейтін. Осы тұста оның мемлекет мүддесінен ғана қарайтын қырағылығы мен кез келген мәселеде істің астарын ұғына білу ерекшелігі байқалады.
Қарапайым қызметімдегі қарым-қатынаста Тоқаевты билік басындағы шенеуніктік психологиядан гөрі ұстаздық, тұлғалық сипатта таныдым. Жалпы, шенеуніктердің көзіне шел бітіп, «жарты құдай» сезініп, сол сезімнің жетегінен шыға алмай опат болып кетіп жатқандары да жетерлік.
Тоқаев бұл мәселеде де елдің, жұртшылықтың ризашылығына бөлене алған тұлға. Ол өзінің авторлық қаламақысын жетім балалар үйіне жіберіп тұратынын, тіпті соңғы жылдары қаражаттың жетім балаларға жұмсалудың орнына қолды болып жатқанын естігенде қатты налып, енді ақшалай емес, қыстық, күздік киім-кешектерді аттандырып тұрғанын біреу білсе, біреу білмейді. Бұл, бәлкім, қиын жылдарда балалар үйінде өскен әкесі Кемел Тоқаевтың тағдырын жиі еске алатындығында ма, әлде бала Қасым-Жомарттың санасында қалған әкесінің жан сырын, ішкі мұңын терең білгендігінен бе, қалай болғанда да осы әрекетін адамгершілік, азаматтық, имандылық тұрғысынан танисың.
Ресей журналистері: – Сізге тағдырыңыз бір адамға лайық сәттіліктерді сыйлаған екен, тағдырға ризамысыз? – деген екен. Сонда Қасым-Жомарт Кемелұлы Экклезиастің: «Не проворным достается успешный бег, не храбрым победа, не мудрым хлеб, и не у разумных богатство…», – деген сөзін есіне алыпты.
«Сөз – көңіліңді өсіреді де, Сөз – көңіліңді қалдырады да, кейде тіпті жаныңды жаралап, өлтіретін де – Сөз», – депті бір сұхбатында қазақтың арда ұлы.
Бүгінде ол – БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесін, дүниежүзілік ұйымның ірі әрі негізгі бөлімшесін басқарып отырған азиялық мемлекеттің тұңғыш өкілі. Қасым-Жомарт Кемелұлы БҰҰ-ның жүйесінде маңыздылығы жағынан екінші басшы тұлға. Бұл Қазақстанның халықаралық беделінің артып отырғандығының нақты көрінісі.
Алпыстың асуына шықпай тұрып-ақ әлем саясатына үн қосып, жаһанға ұлты қазақ болып танылған дара тұлғаны жақсы сөзбен жадыратқымыз келді. Елден жырақта жүрсе де Қазақстанның халықаралық деңгейдегі беделіне сүбелі үлес қосып жүрген ардақты ұлына елінің тілектес екенін білдіргіміз келді.
Роза МҰҚАНОВА,
жазушы-драматург, Қазақстанның
еңбек сіңірген қайраткері.