Аймақтар • 15 Мамыр, 2019

Павлодарда ERG Еуразиялық Топтың Ашық есік күні өтті

1021 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс орталығындағы «Қазақстан Алюминийі» АҚ-та металлургия, құю өндірісі, электр энергетикасы, машина жасау, технологиялық машиналар мен жабдықтар, тепловоз машинисі, құрылыс саласы, экология, автоматтандыру және басқару, икемді автоматты желілер және ақпараттық жүйелер секілді техникалық мамандықтарда оқып жатқан студенттерге осындай жақсы мүмкіндік берілді.

Павлодарда ERG Еуразиялық Топтың Ашық есік күні өтті

Суреттерді түсірген: Ольга Варенёва

Ашық есік  күні арқылы студенттер кәсіпорындарда сұранысқа ие бос орындарға назар аударады. Кез келген студент зауыттағы өндірістік жұмыс барысын көріп,  мамандарға сұрақтар қоя алады.  

Жергілікті кәсіпорын өкілдері өндірістік қызметтің ерекшеліктерін, Еуразиялық Топтың жетістіктері мен жоспарларын таныстырып, өндірістік алаңдарға  экскурсиялық таныстыру өткізді.

– Ашық есік күні студенттерге өндірістің барлық ерекшеліктерін түсінуге көмектеседі, таңдаған мамандығын тереңірек тануға мүмкіндік береді, – деді Еуразиялық Топтың басқарма төрағасының  әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Инна Губарева.

Ал кәсіпорындар, өз кезегінде, өз мәселесін шешеді:  іс-шараның әрбір қатысушысы – компанияның болашақтағы әлеуетті қызметкері, білікті маманы деген сөз.

Ашық есік күні шарасы өндірісте еңбек еткісі келетін, техникалық мамандықта оқып, білім алып  жүрген жастарды жұмысқа шақыруға көмектеседі.

Университеттің «Электротехника және автоматтандыру» кафедрасының аға оқытушысы Юлия Поповецтың сөзінше, кәсіпорындарға экскурсиялар ұйымдастыру–жоғары оқу орындарының түлектерін жұмысқа тартудың тиімді жолы.

– Бізге кәсіпорындардың өкілдері жиі келіп, өндірістік тақырыптарға сай таныстырылымдар жасайды. Ал дәл осылай экскурсияға шақырып, студенттердің өндіріспен таныстыру – әрі қызықты, әрі қажет. Студенттерге бұл өте пайдалы дер едім.

- Ашық есік  күні шарасы барысында мамандығымды дұрыс таңдағаныма көз жеткіздім. Мен «Серпін» бағдарламасымен Тараз қаласынан келдім. Мектепте оқып жүргенде Павлодар алюминий зауыты жайлы естіп-білген едім. Енді, міне сол зауытты көрдім.  Алған әсерім шексіз.  Алдағы уақытта, тәжірибе жинақтап білімімді  шыңдағым келеді,  – дейді  түсті металлургия колледжнің студенті Арман Тасул.

Қазір компания кәсіпорындары орналасқан өңірлердегі университет пен колледждерде ERG күндері  өтуде. Мақсат-студент жастарды  өндірістік техникалық мамандықтарға тартуға бағытталған.

Сонымен қатар, студенттер арасында бизнес-кейстерді шешу үшін конкурс басталды.

Мамыр айында интеллектуалдық жарыстардың жеңімпаздары Нұр-Сұлтан қаласында өтетін ғылыми-техникалық конференцияға шақырылады.