Руханият • 15 Мамыр, 2019

Кененнің кемел кеңістігі

1421 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты ма­қалаларынан туындайтын міндеттерді іске асыру мақса­тында әйгі­лі ком­позитор, атақты ақын Ке­нен Әзір­баевтың 135 жыл­дығына орай Жам­­был облысы әкімдігінің қол­да­уымен, облыстық мә­де­ниет, архивтер және құ­жаттама басқармасы Кенен Әзірбаев атындағы Жам­был облыстық фил­ар­мо­ниясының ұйымдас­ты­руымен Кенен атын­дағы ІХ республикалық «Шырқа, даусым!» дәстүрлі әншілер конкурсы өтті. Аталған өнер до­дасына шетелдерден, сонымен қатар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Түр­кістан, Қызылорда, Қара­ған­ды, Семей, Тараз қала­ла­­рынан және Жамбыл об­лы­сының бірқатар елді­ ме­кенінен 33 өнерпаз қатысты.

Кененнің  кемел кеңістігі

Әуелі «Баласағұн» ор­та­лық концерт залында Жам­был облыстық мәдениет, ар­xивтер және құжаттама бас­қар­масының басшысы Дүй­сенәлі Бықыбаев, мәдениет қайраткері, әнші, Дүйсенбек Өмір­­әлиев, Мәде­ниет қайраткері, әнші Ерболат Шалдыбеков, Мәде­ниет қайраткері, Әлібек Әм­зеұлының қатысуымен баспасөз конференциясы ұйым­дастырылды. Бұдан кейін Кенен Әзірбаев атын­дағы Жамбыл облыстық филар­мониясының директоры Сейтқасым Түктібаевқа композитордың ұлы Ба­қыт­жан Кененұлы «Ұлы да­ла жыршысы» кітабы мен «Көңіл кептері» атты му­зыкалық топтаманы сыйға тартты. Іс-шара аясында Кенен Әзірбаевтың шы­ғар­машылығы мен өміріне арналған бұрыштың тұсауы кесілді. Қатысушыларға Бақыт­жан Кененұлы мен Төрт­кен Кененқызы сәттілік тілеп, бата берді. Сондай-ақ конкурс барысында ақын-композитордың өмірі мен шығармашылығына арналған «Алатаудың ақиығы» атты деректі фильм көрсетіліп, ақынның ұрпақтарымен кездесу өтті.

Еліміз ғана емес, шетелдерден де келген өнерпаздар Кенен әндерін нақышына кел­тіре орындап, Әулиеата аспанын әнге бөледі. Қасиетті қа­ра домбыраның құлақ күйін кел­тіріп, асқақ әуенді аспан­датқан өнерпаздар К­ененнің көркем кеңістігін Жамбыл жұрт­шылығына тағы да бір әйгіледі. Нәти­жесінде бай­қаудың бас жүл­десін Алматы облысынан келген Сәуле Жұмабайқызы жеңіп алды. Сонымен қатар бірінші орын­ды Жамбыл облысынан Мадияр Шалабаев пен Түркістан облысынан Балжан Бағдәулетқызы иеленсе, екінші орын қызыл­ордалық Бисенбек Төлеубаев пен қарағандылық Алуа Қалымбековаға бұйыр­ды. Ал Қытай Халық Респуб­ли­касынан келген өнер­паздар Таңнұр Мәнура мен Сым­бат Елтоқ жүлделі үшін­ші орынды иеленді. Алма­тылық Ақжол Өсер­бай, кентаулық Елбол Қуанбек, алма­тылық Айдана Асанбаева, Нұр-Сұлтан қала­сынан Толғанай Кеңес, жамбылдық Ербосын Қа­­сым­беков, Өзбекстан Рес­пуб­ли­ка­сынан Бек Нұриддинұлы және Ердәулет Жамбылов, тараздық Айгүл Есекеева сынды өнерпаздар байқау дипло­манттары атанды. Қалған өнер­паздар арнайы Алғыс хаттармен марапат­талды. Бай­қау же­ңім­паз­дары мен жүл­дегер­леріне қар­жылай сый­лықтар табыс етілді.

 

Жамбыл облысы