Абылайдың ақ туы
Сейсенбі, 1 қаңтар 2013 8:31
Туғанына 300 жыл толғалы отырған тумысы бөлек тұлға туралы толғаныс
Қазақ тарихында Абылай тұлғасының қандай орын алатынын, сұлтан Абылайдың, хан Абылайдың кім екенін тәптіштеп түсіндіру артық болар. Абылай біздің бағамызды тілемейді. Жер бетінде ақырғы қазақ қалғанша Абылай есімі ұмытылмайды. Демек:
Сейсенбі, 1 қаңтар 2013 8:31
Туғанына 300 жыл толғалы отырған тумысы бөлек тұлға туралы толғаныс
Қазақ тарихында Абылай тұлғасының қандай орын алатынын, сұлтан Абылайдың, хан Абылайдың кім екенін тәптіштеп түсіндіру артық болар. Абылай біздің бағамызды тілемейді. Жер бетінде ақырғы қазақ қалғанша Абылай есімі ұмытылмайды. Демек:
«Қайырусыз мал бақтырған ханым-ай,
Қалыңсыз қатын әперген ханым-ай!» деген Бұқар жыраудан немесе «Адам Атадан Абылайға дейін, Абылайдан кейін де Қазақбайдың баласы Абылай тұсындағыдай өмір сүріп көрген жоқ» деген Мәшһүр Жүсіптен, немесе «Қазақтардың аңыз-әфсаналарында Абылай айрықша қасиеті бар киелі, керемет құдірет иесі болып саналады. Абылай дәуірі – қазақтың ерлігі мен серілігінің ғасыры» деген Шоқаннан асырып айту қиын.
Осыдан 65 жыл бұрын Мұхтар Әуезов жазған мына сөздерді дәл қазіргі Тәуелсіздік заманында еске алып отырсақ, артық болмас: «Қазақтың дербес ел болуына, әрі-беріден соң, қазақтың қазақ болуына, басы қосылып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруына ерен еңбек сіңірген Абылайдан артық адам болмас».
Өйткені, «…сол аласапыран дәуірде қалың елдің «қайраңдап жан қала ма» деген «Қазықұрттай» (Нұх пайғамбардың бүкіл тіршілік иесін сақтап қалғанын айтады – З.Т.) үміті жалғыз ғана Абылай басында қалған болатын. Ескі қазақ елдігін, ескі жұрттың тілегін, ту көтеріп бір араға жиған Абылай болатын».
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың мына сөздері де әрбір зерделі азаматқа ой салуға тиіс: «Иә, Абылай – аңызға айналған тұлға. Бірақ, біз ата тарихының бар шындығын ашу үшін, сол аңыздан ақиқатты ажыратып алуымыз керек және оны өткеннен сабақ, тарихтан тағылым алу үшін жасауымыз керек… Абылай тақырыбы ол туралы аңызды өршіту үшін емес, тәуелсіздік үшін күрескен тарихи тұлғаның өмірінен тағылым өрбіту үшін қажет… Мен үшін Абылай заманы ғана емес, бүкіл қазақ тарихы ұлт-азаттығы, мемлекет тәуелсіздігі үшін күрес сияқты көрінеді. Ел бостандығы, ұлт тәуелсіздігі біздің халық үшін еш уақытта да төбеден түскен сый болмаған. Ол әрдайым ел қамын жеген ерлердің жанқиярлық, жанпидалық еңбегінің, күресінің нәтижесінде ғана келгенін ешқашан ұмытпауымыз керек».
Әлбетте, жаратылысынан әділет жақтаған турашыл, қанағатшыл, досына адал, жауына қатал, табанды да ұстамды мінез Абылайға тән екендігі сақталған құжаттардан, тура және жанама мағлұматтардан көрінеді. (Бұл деректерді жеке толғап, таратуға тұрады). Абылай атқа мінген кезде Ресей мен Қытай бірімен-бірі іштей бақас, күш-қуаты жағынан санасатындай дәрежеге жеткен. Жоңғар хандығы да қанша қуатты болса да, қазақ хандығын оп-оңай жұтып қоя алмайтын. ХҮІІІ-ғасырдың ортасына қарай, әлемдік бәсекеде қару күшіне дипломатия шеберлігі қосылды. Бұрын жауласқан, жер үшін қырқысқан мемлекеттер келісім, тіпті ұтылыс үстіндегі мәміле жолын да таңдай бастады. Бұл – мемлекеттердің қатар көрші өмір сүруінің өркениетті, мәдениетті жолы еді. Абылайдың көпвекторлы саясаты арқасында сыртқы соғыс қаупінің беті қайтып, бейбіт еңбекке үйрене бастаған халықтың дәулеті өсті, жаны сауығып, намыс-жігері оянды.
Соғыс жағдайындағы қорғаныс мүддесіне байланысты, Абылай билер алқасының әлеуетін шектеп, «әскери демократия» дәстүріне сәйкес, билерден гөрі батырларға көбірек арқа сүйеген. Алайда, Абылай жоғарғы билік жанындағы кеңесші орган Хан кеңесін сақтаған. Ол нақты жағдайға байланысты жылына бір рет шақырылатын. Қолдағы құжаттар Хан кеңесінің қарауына ел өмірінің, кеңінен ақылдасып, бірауызды шешім алуды қажет ететін мәселелер ғана ұсынылғанын көрсетеді. Басқа жағдайларда, келесі Хан кеңесі шақырылғанша, жеке-дара билік жүргізіп, елдің қорғаныс жағдайына байланысты батыл да жедел шаралар қабылдап отырды. Абылайдың бұл шешімдерінің дұрыс болғандығын тарих ақтап шықты.
1740 жылы тамыздың соңғы күндері Әбілмәмбет ханмен бірге қазақтың игі жақсыларының қатысуымен Орынбор қаласында Ресей әкімшілігімен келіссөз жүргізуге Абылай сұлтан тұңғыш және ақтық рет қатысты. Сол алғашқы ресми қабылдаудың өзінде-ақ, 27 жастағы Абылай сұлтанның ақсүйек тәрбиесі мен тәртібі, сұңғыла сауаты танылғаны сақталған протоколдан айқын көрінеді. Әбілмәмбет ханның сөзіне көлденең килігіп, кешірім сұрап алады да Абылай сұлтан генерал В. Урусовқа Ресей бекіністері мен қалаларында тұтқын болып отырған қазақтарды қайтару туралы мәселені төтесінен қояды. Және сол күні Орта жүздің төрт қазағын босатып алады. Бұдан кейін де Абылай екі жақтың тұтқындарын баспа-бас айырбас жолымен босатып отыруға келіседі. Тек осы бір ғана мысалдың өзі Абылай бастаған қазақ мемлекетінің дербес саясатын көрсетеді. Және бұл саясатты Абылай өле-өлгенше бұлжытпай ұстанғаны, кейбір даулы, шиеленісті мәселелердің өзінде табандылық танытып, қуаты басым болса да, Ресей патшалығына бас имегені құжаттарда анық сипатталған.
Құпия құжаттарда Абылайға тікелей қарсы келе бермеу керектігі, оны «шамдандырып алмау» жағы көп айтылады. Мысалы, 1778 жылы капитан Бреховқа берілген нұсқауда: «…Абылай сұлтанмен сөйлескенде, мейлінше жұмсақ болыңыз. Байқап отырыңыз, шамына тимеңіз» деген сөздерге қарағанда, қазақтың ханының кең парасаты, саясаткерлігі бір басқа, мінезі қатал, адуынды билеуші болғандығы байқалады. Сондықтан да нұсқауда: «Ал, енді Сіздің айтқандарыңызды қабылдағысы келмесе, одан әрі сөзді доғарып, Абылай сұлтанды мазаламаңыз». Нұсқаудың соңында үшінші рет ескертіп, Бреховқа тілек түрінде: «Әйтеуір, Абылай сұлтанның көңіліне келетін қандай бір шалт мінез, салқын қабақ көрсетпеңіз». Мұны жазып отырған генерал Мансуров, оның қолымен қағазға түскен сөздер Ресей империясының патшасынан бастап, ең жоғарғы шендегі қызмет адамдарының ой-пікірі десек қателеспейміз.
Абылайдың тәуелсіздігінің айқын белгісі – сол 1740 жылдан кейін оның Ресейдің немесе Қытайдың бірде-бір генералымен бетпе-бет кездеспеуі. Содан былай ол Орынбор, Омбы қалаларына, Ор, Троицк, Петропавл бекіністеріне шақырылса да, ат ізін салған емес. Ресей мен Қытайдың патшасына барып қол тапсырған жоқ. Бірақ, көршілермен күн сайын дерлік, тығыз байланыс жасап отырды, хат жазысты, елші алмасты.
Абылайдың тұлға ретіндегі ұстамдылығына, көсем ретіндегі кемеңгерлігіне дұшпандары да тәнті болған. Айталық, Әбілмәмбетті өз мүддесіне пайдалана алмаған Ресей үкіметі Абылайдың өзіне сөз салып, 1759 жылы-ақ: «сені Орта жүздің ханы деп жариялайық», дегенде оған Абылай қарсы болып, Әбілмәмбет тірі тұрғанда таққа таласпайтынын түсіндірген.
Сақталған деректер оның білікті мемлекет басшысы, көреген, ашық саясаткер екенін айғақтайды. Көрші бір елмен байланысын екіншісінен жасырмайды. Бір күнде Ресейге де, Қытайға да елші де атандырады. Оларға бас имей, өз ойын, ұстанымын биік деңгейде түсіндіреді. Ал, ол ұстанымы – тек қана қазақ халқының мүддесі. Абылайдың хаттарын оқып, ол айтыпты деген пікірлерді саралағанда, Абылайдың досы да, қасы да жоқ, тек қазақтың мүддесі ғана бар екеніне көз жетеді. Мысалы, «қырғызды шапқалы отырмын, олар сіздерге қараушы ма еді?», деп Қытай патшасына, «Хиуаны шабамын деп отырмын», деп орыс патшасына хатпен хабарлайды. Себебі, «олар менің қазақтарыма зәбір көрсетеді», дейді. Демек, Абылайды түсіну үшін құжаттарда келтірілген, тіпті көпе-көрінеу бұрмаланған шындықты тереңірек зерделеу қажет. Екіншіден, Абылай заманын жақсы білмейінше, бүгіннің терезесінен қарап, баға беруге де болмайды.
Абылайдың ұлылығының өзі – бүкіл қазақ ұлтының бірлігі, жер аумағының тұтастығын қамтамасыз етуге бағытталған, осындай сындарлы саясаттан бір сәт те ауытқымауында. Сақталған құжаттар Абылайдың жеке-дара билігіне әлдекімнің таласпағанын да көрсетеді. Егер жекелеген сұлтандар көрші мемлекеттермен тікелей қарым-қатынас жасайтын болса, оған Абылай тыйым салмайды. Себебі, бәрі – Абылайдың бақылауында.
1757 ж. 29 тамызда Қытай генералдарына айтқан: «…қазақ өз ішінде үш жүзге бөлінеді. Мен Орта жүздің ханымын. Кіші жүз бен Ұлы жүзді де менің тумалас аға-бауырларым билейді» деуі, әрине, Абылайдың биік парасатын көрсетеді. Немесе, 1778 жылы «…менің аталас туыстарым Әбілқайыр мен Әбілмәмбет хандар өмірден өтті. Олардың ізін басқан маған хандық кезек келді. Олар қайтыс болғаннан кейін қазақтың үш жүзі – Ұлы жүз, Орта жүз және Кіші жүздің хандары мен сұлтандары, Ташкент пен Түркістан аймағының үлкен-кішісі тілек қосып, 1771 жылы Түркістан қаласында, біздің мұсылман жұртының әулиесі Қожа Ахмет зиратының басында, қазақтың салт-дәстүрі бойынша құран ұстап, қол жайып, мені қазақтың Үш Алашының ханы етіп ақ киізге көтерді», деген сөздер де Абылайдың аузынан шыққаны ақиқат.
Қоқан хандығы мен Алатау қырғыздарының Ұлы жүз қазақтарына қорлық көрсетіп, шапқыншылық жасап отырғаны туралы хабар алған сәтте-ақ ол оңтүстіктегі қазақтарды азат етуге аттанады. Қырғыздарды үш мәрте шабады, Қоқанның Ердене бегіне елші жіберіп ескертеді, Аралдағы түркімендер мен башқұрттарды әскер күшімен тәртіпке шақырады. Мұның бәрі – шапқыншылық емес, қорғанудың, өз ұлтын сақтап қалудың, бір сүйем жерді де жатқа бермеудің қамы.
Жоңғар хандығы тарих сахнасынан мүлде кеткен кезде оның жерлерін басып қалған Қытай патшалығымен бетпе-бет араласуға келгенде, Абылайдың алғырлығы тағы танылды. 1756 жылдың жазында Әмірсананы қуып келдік деген сылтаумен Сарыарқаға басып кірген 20 мыңдық шүршіт-қытай әскерін Баянаула-Қу-Қарқаралы аймағында талқандаған Абылай, басқыншылардың келесі, 1757 жылы күш жинап, қайтып келеміз дегенінен қаймығып, жаңа жанжалдың алдын алды. Қытай императорына елші жіберіп, тату дипломатиялық қатынас орнатты. Соның алдындағы соғыс шығындары үшін Цянлунь императордан «білместіктен болды, қытай әскері екенін танымай қалдық» деп кешірім сұрап, тарту таралғы жөнелтті. Осыдан кейін тұрақты түрде «жылқыға жібек» яғни, қазақ-қытай сауда қатынастарын қалыптастырды. Қазіргі Үрімжі қаласы тікелей Абылай сұлтанның ұсынысымен құрылған жәрмеңке болатын.
Қазақ-қытай қатынастарындағы Абылайдың үлкен жеңісі Қазақстанның шығысындағы Тарбағатай-Еренқабырға сияқты шұрайлы қоныстарды қайтарып алуы еді. Қазақтың жер аумағын түгендеуде Абылайдың теңдессіз еңбегі бар.
Зарқын ТАЙШЫБАЙ,
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан
мемлекеттік университетінің профессоры.
ПЕТРОПАВЛ.
___________
Биыл туғанына 300 жыл толғалы отырған Абылайдың мерейтойын Қазақстанның баянды дамуына негіз боларлық ұлттық идея қалыптастыру, Президент Жолдауында айқындалған 2050 жылға дейінгі ұланғайыр жоспарларды жүзеге асыруға бастайтын рухани серпіліс жағдайында атап өтуіміз керек.