15 Мамыр, 2019

Бесқарағайда Кеңес Одағының батырына ескерткіш қойылды

1559 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жетіжар ауылында Кеңес Одағының батыры Махмет Қайырбаевтың ескерткіші ашылды.

Бесқарағайда Кеңес Одағының батырына ескерткіш қойылды

                         

Екінші дүние жүзілік соғыстың 74 жылдығы аясында Бесқарағай ауданының Жетіжар ауылында Кеңес Одағының батыры Махмет Қайырбаевтың ескерткіші ашылды. Ауылдағы Семияр орта мектебінің алдына орнатылған ескерткіштің ашылуына батырдың ұлы Мұрат Махметұлы, жергілікті билік өкілдері қатысты. Салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеген аудандық мәслихаттың хатшысы Қ.Садықов ескерткіштің тұрғызылуына мұрындық болған меценат, Жетіжар ауылының тумасы, «Менау әже» қорының президенті Мақсұт Өмірхановқа алғысын жеткізіп, аудан басшысы Д.Батырбаевтың атынан Алғыс хат табыстады. «Махмет атамызды мектеп жасынан білгендіктен батырға құрмет көрсету көптен бері көкейде жүрген еді. Наурыз айында атамызды түсімде көрдім. Бейне бір маған аян бергендей көрінді. Содан кейін көпке созбастан ойға алған жоспарымды іске асыруға кірістім. Батырдың мүсінін қырғыздың танымал мүсіншісі Болатқан Абдиев деген азамат жасады. Қордайдың қызыл гранитінен әзірленген мүсінге тура бір ай уақытын жұмсады. Ескерткіштің салмағы он тоннаға жуық, композициясы үш тастан құралған» дейді М.Өмірханов.

Батырдың ұлы Мұрат Махметұлы де ескерткіш басында сөз алып, әкесінің майданнан елге аман-есен келгеннен кейін адал еңбек еткенін, Павлодар облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарғанын айтты. «1982 жылы зейнетке шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, майдангерлердің ерліктерін жиі еске алып, жағдайларына алаңдап жүретін. Бүгінде мен де зейнеттемін. Әкемнің сол кезгі ойға алған жоспарларын жүзеге асыруға титтей де болса үлесімді қоссам деймін. Әкемнің айналасында жүрген адамдар, жалпы жүріп өткен дара жолына арнап кітап шығаруды қолға алдым» - дейді ол.


Реті келгенде айта кетейік, Махмет Қайырбаев 1925 жылы 1 қаңтарда бұрынғы Семей губерниясына қарасты Құлмырза ауылында дүниеге келген. 1941 жылдың жазында өз еркімен майданға аттанады. Ең алғашқы марапаты – Александр Невский орденін Махмет Қайырбаев 18 жасында алады. 1944 жылы 19 тамызда оны Литвадағы Шауляй қаласының батысында 15 артиллеристпен бірге фашистер қоршауында шайқасып жатқан батареяға көмекке жібереді. Осы қиян-кескі шайқаста батыл офицер басқарған жеке құрам 3 танкі мен бір батальон шамасында дұшпандарды жояды. Осылайша фашистер Шауляйға өте алмайды. 1945 жылғы 24 наурыздағы КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының жарлығымен қолбасшылық әскери тапсырмаларды үлгілі орындағаны үшін және көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін аға лейтенант Махмет Қайырбаевқа «Алтын Жұлдыз» медалі мен Ленин ордені табысталып, Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. Бүгінде батырдың мүсіні Павлодар қаласының Даңқ алаңында орнатылған. М.Қайырбаевтың екі зеңбірегі Санкт-Петербург және Павлодар қалаларының мұражайларында көрмеге қойылған.

Шығыс Қазақстан облысы,

Бесқарағай ауданы