Сайлау • 15 Мамыр, 2019

Әулиеаталықтарды лайықты таңдау жасауға шақырды

1015 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Nur Otan партиясы Жамбыл облыстық филиалының ғимаратында Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың облыстық қоғамдық штабының мүшелері өңірдегі ғылым және шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Жиынды партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, штаб мүшесі Ерқанат Манжуов ашып, жүргізіп отырды.

Әулиеаталықтарды лайықты таңдау жасауға шақырды

«Кез келген мемлекетте зиялы қауым өкілдері қоғамның басты рухани тірегі болып табылатыны бұрыннан белгілі. Барлық уақытта интеллигенция ұлттың ар-ұждан, қоғамның рухани жағдайының негізгі индикаторы болды. Бүгінде Қазақстанның барлық жетістіктері Елбасының Қазақстанды жаңғыртуға арналған стратегиялық бағытымен тығыз байланысты. Сондықтан, ХХІ ғасырдың жаһандық шынайылығына сай келетін жаңа құндылық жүйесін құрайтын «Болашаққа көзқарас: қоғамдық сананы жаңғырту» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында жария сана-сезімін жаңғырту жөніндегі Елбасының бағдарламасы біздің қоғамымыздың дамуы үшін үлкен рөл атқарады. Сондықтан да біздің партиядан үміткер Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Елбасының ел дамуындағы бағытын жалғастырмақ», деді Ерқанат Манжуов. 

Ал, өз сөзінде партия ардагері, штаб мүшесі Әмзебек Жолшыбеков Президентікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың қызмет жолын, табысты жетістіктерін, басқарушылық тәжірибесін айта келе, әрбір азаматты сайлау кезінде өз таңдауын жасауға шақырды. Бұдан кейін сөз алған Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қайырбек Асанов жазушы Кемел Тоқаевпен қызметтес болғанын әңгімелеп, естеліктер айтты. Сонымен қатар, барша жамбылдықтарды сайлауға қатысуға үндеді. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Шырын Мамасерікова күн санап қарыштап дамып бара жатқан еліміз туралы әңгімелеп, оның ішінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі бар екенін атап өтіп, өлең оқыды. Ал, облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы Қасым-Жомарт Тоқаевтың зиялы отбасында тәрбиеленгенін, әкесі Кемел Тоқаев қазақтың тұңғыш детектив жазушысы болғанын, сонымен қатар қаламгердің Әулиеата топырағында да ізі қалғанын, сол кездегі «Сталин жолы» газетінде қызмет атқарғанын айтса, ҚР Мәдениет қайраткері Әлібек Әмзеұлы халық болашақ ұрпақтың қамы үшін сайлау кезінде лайықты таңдау жасайтынына сенім білдірді.

Сөз соңында Ерқанат Манжуов барша жамбылдықтарды 9 маусым күні өтетін сайлауға келіп,  Қазақстанның табысты болашағы үшін Nur Otan партиясынан кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа дауыс беруге шақырды.