Руханият • 16 Мамыр, 2019

Уәдені орындау парыз

2623 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Байқаймын, бізде қандай да бір нақты іс атқарудан гөрі уәде беру көп. Жоғары лауазымды шенеуніктер халық алдында есеп берсе де, жиналыста сөз сөйлесе де біз ана жұмысты қолға алғалы жатырмыз, мына жұмысты қолға алғалы жатырмыз деп уәдеге қарық қылады. Кейде тіпті ана шаруаны енді екі жылдан кейін, ал мына шаруаны үш жылдан кейін бастайтын боламыз дейтіндер де жоқ емес.

Сонда дейміз-ау, тәуелсіздік алғанымызға жиырма жеті жылдан асты, тарих үшін бұл көп уақыт болмағанымен, Қазақстан сияқты шағын мемлекет үшін елдің қыруар шаруасын тындырып үлгеруге жетерлік-ақ уақыт. Ал біз болсақ енді кіріскелі жатырмыз. Бас­қаны былай қойғанда, арнайы бағдарлама қабыл­данып, белгілі бір көңіл бөлінсе де тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету ісінің өзі мандымай қойды. Соның салдарынан мыңдаған отбасы пәтер жалдап өмір сүруге мәжбүр. Қала шетіндегі күтімсіз қал­­ған саяжайларды жағалап жүргендер қан­шама?.. 

2005 жылдан бастап елімізде жол құры­лысының жоспарлы түрде қолға алын­ғанына қарамастан бұл мәселе де әлі күн­ге дейін күткендегідей нәтиже берген жоқ. Тіпті қыруар қаржы жұмсалып салын­ған жолдардың өзі арада жыл өткенде қай­тадан жөндеуді қажет етіп жатыр. Авто­көлігімізбен ара-тұра сапарға шыққанда ондай жамау-жасқауларды көзімізбен көріп те жүрміз. Ал темір жол туралы сөз қоз­ғаудың өзі артық. Сөзіміз дәлелді болу үшін бір кездері облыс орталықтары болған Арқалықтан Жезқазғанға, Жезқазғаннан Қызылордаға баратын болат жолдың болмай тұрғанын айтсақ та жетіп жатыр. Қазақтың қасиетті жерлерінің бірі саналатын Ұлытау өңірі, бірыңғай жергілікті ұлт өкілдері қоныстанған Аманкелді-Торғай-Ырғыз өңірі темір жолды өңі тұрмақ түстерінде де көре алмайтын шығар. Әйтеуір әупірімдеп жүріп Шар-Өскемен, Алтынсарин-Хромтау жол үзіктерін салу арқылы Ресей аумағымен жүру­ден құтылдық. Оған да шүкір деп отырмыз.

Кейбір мәліметтерге сенсек, Қазақстан­дағы мал басы кешегі кеңестік кезеңдегі мал санына мүлде маңайламаған да көрінеді. Соның салдарынан халық денсаулыққа зиянды екеніне қарамастан, ұнтақтан жасалған сүт тағамдарын тұтынуға мәжбүр. Егер ет тағамдарына келер болсақ, оның да бі­раз бөлігі сырттан әкелініп жатыр дейді біле­тіндер. Жеміс-жидек пен көкөністің сырттан тасымалданатынын бұрыннан білетінбіз, ал енді мал бағатын ұлан-байтақ жеріміз бола тұра етті өзге елдерден алу деген біздің па­йымдауымызша, күлкілі нәрсе. 

Астықтың отаны бола тұра бұл салада да өндіріп тастағанымыз онша болмай шықты. Таяуда бір телеарна көрші елдердің Қазақ­стан астығын дайын ұн күйінде емес, шикі­зат, яғни бидай күйінде арзанға алып, одан өздерінің түрлі тағамдар әзірлеп жат­қан­дарын жеткізді. Нан баға­сының жылдан жылға қымбаттай беруі­нің себебі де осылайша бидайдың сырт­қа сатылып кетіп жатқанында сияқты.

Елдің күнкөрісінің негізгі қайнар көзіне айнал­ған мұнай саласында да жаңа кен орындарын ашып экологияны бүлдіргеннен өзге мақтанарлық іс тындыра қоймаппыз. Бүгінде жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттарының үшеуі де кеңестік кезеңнен қалған мұралар. Үш ауысымды мектептерді жоямыз, таЗа ауыз сумен қамтамасыз етеміз деген уәделеріміз де мәресіне жете алар емес.

Осындай олқылықтардың салдарынан болса керек, Статистика агенттігінің мәліметі бойынша еліміздегі жұмыссыздық 2019 жылы 4,9 пайызды құрап отыр. Бұл әрине, ресми тіркелген мәлімет. Нақты жағдайдағы көрсеткіштің  бұдан әлдеқайда жоғары екеніне еш күмән жоқ. Ал орташа айлық жалақы 40-50 мың теңгенің көлемінде ғана екен. Мақтануға тұра ма, жоқ па, оны ойлы оқырман өзі бағамдай жатар...

Атқамінерлер уәде беруден әлі де жалығар емес. Ондай қылықты шарасыздықтың салдары деп түсінген дұрыс. Қазақ «Ұялған тек тұрмас» дегенді де осындайда айтқан.  Бірақ соңғы жылдары елімізде орын алып жатқан кейбір оқиғалардан аңғарылып жүргендей, халық құрғақ уәдеге сенбейтін болған сияқты. Соған қарағанда олар да толып жатқан уәденің орындалуын күте-күте жалыққан болса керек. Олай болса, аңқау елді сойылмаған малдың асылмаған етімен алдарқатуды доғарып, сөзден іске көшкен жөн болар еді дейсің. Оның өзі біле білген адамға онша қиын да емес. Бар болғаны жұмысқа деген ынтаны оятып, барлық салада тәртіп орнатып, басшылар өзіне де, өзгеге де талапты күшейте түссе жетіп жатыр. 

Қалың бұқараның алдына шығып сөз сөйлер шақта «Бал тамған өтіріктен, қан тамған шындық артық» деген халық нақылын да естен шығармаған абзал.