Руханият • 16 Мамыр, 2019

Өнер тоғыстырып, өмір таныстырып...

917 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Өнер тоғыстырып, өмір таныстырып...

Қазақ телевизия­сының өсіп-өркен­де­уіне елеулі үлес қос­қан бас­шылардың бірі Камал Смаилов еді. Алғашында «Госте­лерадио» комитеті төр­аға­сының орынбасары болып келгеннен-ақ қаламы жүйрік, екпіні күшті журна­лист-публицист әр­бір ре­дак­цияның жұ­мыс жоспарын жілікше шағып, ауыл ша­руа­шылығы, өнеркәсіп, әдебиет пен музыка сала­ларының көрермен аңсап жүрген өзекті мәселелерін тайға таңба басқандай айтып беретін және солардың жүзеге асуын қадағалап отыратын. Одан бөлек, Одақ, Рес­публика дең­гейінде те­лефестиваль, конкурс­тар өткізіп, келген қонақтарды қарсы алып, шығарып салуға бә­р­імізді «же­гіп» қоя­тын. Мына сурет со­ның айғағындай.

1975 жылы Ал­матының Ленин атын­­дағы сарайында өткен Бүкіл­одақтық теле­фес­ти­вальдің құр­метті қонақтары, екі мәрте Еңбек Ері, өзбек­стандық Тұр­сынай Ахунова, белорус ғарыш­кері, Кеңес Ода­ғының Ба­тыры Ни­колай Коваленок, латыш әншісі Йааки Йола және өзі­міздің Камал аға Смаилов Алматы баурайындағы пионерлер лагерінде серуен құруда. 

Жақсылардың жар­қын бей­несі жып-жылы естеліктерге жетелейді.

Қажы ҚОРҒАНҰЛЫ,

Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері