Есіл ауданындағы Ж.Қизатов атындағы ауыл шаруашылық колледжінде ұйымдастырылған жиында жас мамандарға қатысты проблемалармен қатар оларды қоғамдық еңбекке баулу, адамгершілік ізгі қасиеттерге тәрбиелеу, елді мекендерде тұрақтандыру,еңбек жолында кездесетін қиындықтарды еңсеру жайы кеңінен сөз болды. Ақмола облысы ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Дәулет Ысқақов ауылдық жерлерде маман тапшылығын азайтудың жолдарын ортаға салды.
«Тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несие көлемін 1500 АЕК-тен 2000 АЕК-ке дейін ұлғайту керек. Өйткені,нарықтағы баспаналардың бағасы қымбат. Екіншіден, өндірістік тәжірибеге қайта оралып, тәлімгерлер мен кураторлар тағайындаған жөн. Жасыратыны жоқ, бірсыпыра студенттер елішілік, ғалам жаңалықтарынан хабарсыз», дейді ол.
І. Дәуітов атындағы қызмет көрсету саласы колледжінің студенті Снежана Бель өз сөзінде шалғайдағы ауылдарда жас мамандар үшін қалыпты әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасала бермейтінін жеткізді. Колледждер мен кәсіпорындардың материалдық-техникалық базалары ескі. Сондықтан жас мамандар ірі елді мекендер мен қалаларды таңдауға мәжбүр.
Алқалы бас қосуда білім ошақтарын заманауи құрылғылармен жабдықтау, әр кәсіп бойынша семинар-тренингтер өткізу мәселелері де қозғалды.
«Шетелдерде тәжірибе жинақтауға мүмкіндіктер берілсе деген өтінішім бар. Мен ағылшын тілін үйрену курсынан өттім. Білімімді одан әрі жетілдіргім келеді. Білім берудің, оқытудың жаңа әдістерімен таныссақ, артық етпес еді», дейді Қостанай облысы С. Баймағамбетов атындағы Әулиекөл мектеп-гимназиясының мұғалімі Анастасия Жукова.
Форумнан кейін жас мамандар үшін бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Солтүстік Қазақстан облысы