Аймақтар • 16 Мамыр, 2019

Төрт тіл білетін тәртіп сақшылары туристерге қызмет көрсетеді

814 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елімізде биылдан бастап туристік полиция қызметі құрылғаны белгілі. Тәртіп сақшыларының бұл бағыттағы жұмысы енді Алматы облысында да қыза түспек. Өйткені, туристік әлеуеті Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан кейінгі үшінші орында тұрған Жетісуға келетін саяхатшылар мен демалушылар легі маусым сайын көбейіп келеді.

Төрт тіл білетін тәртіп сақшылары туристерге қызмет көрсетеді

Туристік полиция қызметінің алғашқы бөлімшесі Алакөл ауданында ашылды. 5 адамнан тұратын арнайы топ алдағы жаз маусымында Алакөл жағажайындағы қоғамдық тәртіптің сақталуына жауапты болып, демалушыларға жол мен жөн нұсқайтын міндетті де қоса атқармақ.

- Жаңадан құрылған полиция бөлімшесіндегі офицерлік құрамның штаттық саны 5 бірліктен тұрады. Қызметкерлер мұқият іріктеуден өтті, заңнаманы және шет тілдерін жақсы меңгерген. Олар еліміздің тарихын да жақсы біледі, әңгімешіл, ашық. Әрқайсысы мемлекеттік тілден бөлек, ағылшын және орыс тілдерін жақсы меңгерген. Сонымен қатар, өңіріміз Қытай Халық Республикасымен шектесетінін ескере отырып, бөлімшенің бір қызметкері қытай тілін еркін меңгерген адам болуына мән бердік. Барлығы рациялармен, планшеттермен, формалық кеудеше және басқа да қажетті заттармен жабдықталған. Жеке автокөліктері де бар», - деді Алматы облыстық полиция басқармасы баспасөз қызметінің өкілі Көбейхан Нұрахмет.

Алакөл жағалауында алғашқы болып ашылған туристік полиция бөлімшесі алдағы күндерде Қапшағай демалыс аймағы мен Кеген ауданын аумағындағы туристік нысандарда да құрылып, демалушыларға қызмет көрсететін болады.

Алматы облысы