20 Ақпан, 2013

Абылай: көне шындыққа жаңа көзқарас

4471 рет
көрсетілді
33 мин
оқу үшін

Абылай: көне шындыққа жаңа көзқарас

Сәрсенбі, 20 ақпан 2013 7:10

Абылай хан –  100

Абылай (азан шақырып қойған аты Әбілмансұр) – XVIII ғасырдағы та­рихы­мыз­дың аса ірі тұлғасы. Тарихи тұлғаларды бір-бірімен теңдестіре салыстыруға болмай­ды. Әйткенмен Ресей үшін І Петр не­месе Германия үшін Бисмарк қандай бол­са,­ Қазақстан үшін Абылай сондай тұл­ға.­

Сәрсенбі, 20 ақпан 2013 7:10

Абылай хан –  100


Абылай (азан шақырып қойған аты Әбілмансұр) – XVIII ғасырдағы та­рихы­мыз­дың аса ірі тұлғасы. Тарихи тұлғаларды бір-бірімен теңдестіре салыстыруға болмай­ды. Әйткенмен Ресей үшін І Петр не­месе Германия үшін Бисмарк қандай бол­са,­ Қазақстан үшін Абылай сондай тұл­ға.­ Батыр, дана бабаның сөзі мен ісі қа­зақ­ халқының жоңғар шапқыншылығы мен­ Ресей, Қытай империяларының көз алар­туына қарсы күресіне байланысты қа­лып­тасқан күрделі тарихи кезеңде дараланды. Ол қазақ халқының тағдыр-талайы қыл үстінде, қылыш жүзінде тұрғанда ел бірлігін ұйымдастырып, үш жүздің басын құрап, анталаған жауға тойтарыс берді. Қазақтың келешегіне жол салды. Сөйтіп, оның аты көзі тірісінде аңызға айналып, қазақ үшін қасиетті жауынгерлік ұранға айналды.

Кеңес дәуірінде Абылай ханның қызметі біржақты теріс бағаланып келді. Бұл жөнінде белгілі кеңес тарихшысы А.М. Панкратова былай деген: «Среди ряда историков существует непременное стремление ухудшить историю казахского народа, вопреки исторической правде, я совершенно не понимаю, почему грузинские цари и узбекские ханы могут считаться при аналогичных условиях прогрессивными деятелями, а казахи должны чернить Абылая и Кенесары Касымова?».
Абылай заманы мен бүгінгі тәуелсіздік ара­сын үш ғасыр уақыт бөліп жатыр. Бір бірінен өзгешелігі де, ұқсастығы да баршылық. XVIII ғасырдың ұлы тұл­ға­сы Қазақ елін экономикалық әлеуеті шектеулі, халқының саны аз болғанына қарамастан Ресей мен Қытай сияқты алпауыт көршілерінің отарлауынан сақтауға, іргелес Орта Азия билеушілерінің басынуынан қорғауға, ата жауы жоңғарларды талқандауға баға жетпес үлес қосты. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев айтқандай, Абылайдың тұсында Қазақстан жерінде 10 миллион өзге ұлттың өкілдері отырған жоқ еді. Рас, жан-жағынан, қос өкпеден қысып тұрған империялар бар еді. Солармен тіл табысып, қиыннан қиыстырып, қиядан жол табу Абылай секілді айбынды адамның ғана қолынан келді.
ХХ ғасыр аяғында мемлекеттік тәуел­сіздігін жариялаған Қазақстан Респуб­ли­касының алдында, сырттан жау келмесе де, қиын да күрделі шырғалаңнан шығу міндеті тұрды. Өйткені, Қазақстанда өндірілген жалпы ішкі өнім Одақ ыды­рауы­ның қарсаңындағы 1990 жылмен салыстырғанда 1995 жылы 52,6%-ға кемі­ген еді. Инфляция шарықтап кетті. Адам­дардың тұрмысы күрт төмендеді. Елба­сы­ның сөзімен айтсақ: «Әсіресе, 1992-1994 жылдардың арасында жағдай өте-мөте қиын болды. Бұрыннан келе жатқан эко­но­микалық байланыстардың быт-шыты шы­ғып, әр ел өз күнін өзі көруге көшті, кәсіп­орындар сататын затын сата алмай, алатын затын ала алмай қалды… Бұл бір адам айтқысыз ауыр кезең еді».
Тәуелсіздік – қасиетті ұғым, баға жет­пес байлық. Абылай Отан, мемлекет, тәуелсіздік, бейбітшілік тәрізді құн­ды­лықтардың парқы мен нарқын бала кезінен біліп есейді. Ақылына қайраты сай Абылай жастай көзге түсті. Кейінде кеңесшісі Бұқар жыраудың: «Сен жиырма жасқа жеткен соң, алтын тұғыр үстінде ақсұңқар құстай түледің», деген сөздерді айтуы даланың ауызша тарихнамасынан туындаған жолдар. Абылайдың батырлық, қолбасшылық, саяси қайраткерлігі ерте ашылғанын Шоқан Уәлиханов та қуаттайды. «Барлық шапқыншылықтарда алғашында қатардағы жауынгер ретінде қатысқан ол теңдессіз батырлық пен тапқырлық танытты. Оның пайдалы кеңестері мен стратегиялық ой-пікірлері оған дана деген атақ әперді, – деп жазыпты ол «Абылай» атты зерттеуінде. – Қалай болғанда да, біз оны 1739 жылдағы Орта орда иеліктерінің ішіндегі ең күштісі деп білеміз және орыс үкіметі Абылаймен айрықша қарым-қатынаста болды, өйткені осы уақыттарда ордаға жіберілген барлық орыстардың куәлік етуінше, нағыз ханның өзінің ешқандай орны болмады».
ХХ ғасыр басында бұл идея Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр Жүсіп зерттеу­лері­мен жалғасын тапты. «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресінде» Шәкәрім қажы: Әбілмансұр Әбілмәмбет ханға барып, – тақсыр, бата берсеңіз, мынаған мен барайын дегенде, хан бата берген соң, Шарышқа қарай: «Абылай, Абылай!» деп ұран салып барып, Шарышты өлті­ріп, басын кесіп алып, жау қашты деп ай­ғай салған соң, қалмақтар қашып, бір мезгілде бір жерге келіп хан шатырын құрып Әбілмәмбет Әбілмансұрды қа­сы­на отырғызып, шырағым, сен кімсің, Абы­лайлап шапқаның қалай десе, соғыста жолы болған атамның атын ұран қылдым дейді. Абылайдың хан болғаны 1735 жылдың маңайы болар», деген пайым түйген.
Әрине, 1735 жылы 24 жасар Абылай хан тағына отыра қойған жоқ. Бұл қате пікір әлі де қайталануда.
Абылайдың ықпалды саяси қайраткер ретіндегі мәртебесі мұрағат деректеріне 1737 жылдан енген. Башқұрт ғалымы С.У. Таймасовтың мәліметі бойынша, 1737 жылдың көктемінде Елек өзені бойында отырған Әбілмәмбет ханға, Барақ және Абылай сұлтандарға башқұрттың бір топ жақсы-жайсаңдары келіп, өздеріне хан болуға Абылайға өтініш білдірген екен. Ұсынысқа келіспегенмен, Абылай 800 қазақ жігітін башқұрттар жағына жіберіпті. Ал 1738 жылы тамызда Ресей патшасы Анна Иоановнаға жазған хатында кіші Жүздің ханы Әбілқайыр Орта жүз сұлтаны Әбілмәмбет пен Абылай бодандыққа ант беру рәсімінен өтпегенін айтады. Келер 1739 жылы Орынбор комиссиясының бастығы В. Урусовтың Ресей сыртқы істер алқасына жолдаған мәлімхатында да Абылай сұлтанның есімі Әбілмәмбет ханмен қатар аталған.
Абылай ханның шыққан тегі – Шыңғыс нәсілінен. Арғы атасы Қазақ хандығының іргетасын қалаушы Әз Жәнібек хан, бергісі – жоңғарлармен соғыста аты шыққан Жәңгір хан, оның баласы Салқам Уәли, оның баласы Абылай (Қанішер) сұлтан Абылай ханның атасы, одан туған Уәли сұлтан (Көркем Уәли ) – әкесі, 1723 жылы жаугершілікте қаза табады. Жаулар сол кездегі ұғым бойынша артында кегін алатын адам қалдырмау үшін үрім-бұтағының бәрін қырған. Тек қана Әбілмансұр тірі қалған. Оны жасынан тәрбиелеген Ораз деген төлеңгіт өз жанын пида қылып аман алып қалады да жасырын Үргеніш асырады. Кейін, арасына жыл салып баланы ертіп Ораз қалың ел қазақ жұртын іздеп Сарыарқаға тартады. Кейбір деректерге қарағанда, Әбілмансұр кейін қарауыл руындағы Дәулетбай деген байдың жылқысын бағады.
Абылайдың қай жылы туғаны жөнінде ортақ пікір жоқ. Тарих жанрындағы туындылар авторы Мұхтар Мағауин былай жазады: «Абылай-баһадүр-хан 1713 жылы туды, әдебиеттерде қателесіп 1711 жылы деп көрсетілген. Абылайдың 1711 жылы туғаны жөнінде ешқандай тарихи құжатта мәліметтер жоқ». Тарихи құжаттарда Абылай 1711 жылы туғаны жөнінде бірнеше деректер бар. Шоқан Уәлихановтың айтуынша, 1723 жылы Уәли сұлтан қаза тапқанда, «оның он үш жасар ұлы Абылайдың өмірі… оның төлеңгіттерінің бірінің қамқорлығының нәтижесінде сақталып қалды». Егер 1723 жылы Абылай он үш жаста болатын болса, онда ол 1711 жылдан кейін тумаған болып шығады. Бұл – біріншіден. Екіншіден, Абылай ханның үлкен ұлы Уәли сұлтан әкесінің қайтыс болуы туралы бірінші мәліметінде, әкесі 69 жасқа қарағанда дүние салғанын айтады. Алайда, сұрастырып анықтағаннан кейін, ІІ Екатеринаға хабарлама хатында (1781 ж., тамыз) былай жазған: ««…Отец мой, Аблай-хан, по достижении в жизни шестидесяти девяти лет скончался». Егер Абылай ханның 1781 жылдың басында дүние салғанын ескеретін болсақ және ол 69 жасқа келген болса, оның 1711 жылы туған болуы әбден мүмкін. Үшіншіден, А.И. Левшин де түрлі деректік фактілерді салыстырып қарастыру арқылы мынадай тұжырым жасайды: «1781 жылы Абылай өз ордасына қайтып келе жатып, жолда 70 жасында дүниеден өтіп, Түркістанда жерленді». Ең соңында, төртіншіден, академик Р.Б. Сүлейменов пен профессор В.А. Моисеев жазғандай, Абылай Ташкентте туған (кейбір зерттеушілер есептегендей, Түркістанда емес), және «1725 жылы Ташкентті ойраттар басып алғанда, 1711 жылы туған Әбілмансұр он төрт жас­та болған».
Пікірталас тудырып жүрген мәселенің бірі – Абылайдың жекпе жекте жеңіске жетіп, аты шыққан шайқастың қашан болғаны. Біздің ойымызша Абылайдың жұлдызы жанып, асқан ерлік көрсеткені қазақ жасақтары үшін жеңіспен аяқталған 1730 жылғы Аңырақай шайқасы деген атпен белгілі шайқаста болуы керек. Оған дәлел ретінде Бұқар жыраудың «Ай, Абылай, Абылай» деп басталатын өлеңінен бір шумақ келтіре кетейік :
Ай, Абылай , Абылай…
Сен жиырма жасқа жеткен соң,
Алтын тұғыр үстінде
Ақсұңқар құстай түледің.
Дәулет құсы қонды басыңа,
Қыдыр келді қасыңа.
Абылайдың аты жиырма жасқа келгенде шыққанын Үмбетей жырау да растайды:
Ей, Абылай, Абылай,
Жиырма жасқа толғанда,
Қалмақпен соғыс болғанда
Алғашқы бақты тапқанда,
Шарыштың басын қаққанда ,
Қанжығаңа бас байлап,
Жау қашты деп айқайлап,
Абылайлап шапқанда…
Талай шайқасқа қатысқан Шарыштай дәу-перінің басын өткір семсермен домалатып түсірген және сонан кейін майданда көрсеткен жойқын ерлігі тағы басқа эпос­тарда суреттелген. Соның бірі – «Абылай хан» атты Есенбай ақынның қисса-дастаны.
Абылай тақырыбына арналған туындыларда пікірталастық туып жүрген мәселенің бірі оның 1741 жылы қалмақ тұтқынына қалай түскені жайында, кейбір зерттеушілердің пайымдауынша аң аулап жүріп қапылыста қолға түседі. Енді біреу Абылай екі жүз әскерден тұратын шолғыншы жасақты басқарып келе жатып, жаудың негізгі әскерлері тұрған жеріне тап болады. Азғана қазақ тобын мыңдаған ойрат әскері қоршап алып талқандайды.
Біздің ойымызша осы екі пікірдің соңғысы шындыққа жанасады. Өйткені, отыз мыңнан асып түсетін жоңғар әскері Галдан-Цереннің ең бір қаһарынан қан тамған жойқын нояны Сыптанның бастауымен қазақ жеріне шабуылы тағы да тұтқиылдан күтпеген мезгілде ақпанның аяғында басталды. Қазақ жерінде айтарлықтай қарсылық кездестірмеген қалмақ әскері аз уақытта Шідерті өзенінің жағасына келіп жетеді. Дәл осы сәтте Абылай асқан ерлік көрсетіп, қалмақтарға қарсы «екі жүз адамнан тұратын шағын қолмен шабуыл жасады». Бұл жөнінде Ямышев бекінісінің коменданты Сібір губерниясының кеңесіне 1741 жылдың 1 маусымында жіберген мәлімдемесінде жазылған. Әрі қарай сол құжатта: «қалмақтар оларды (қазақ әскерін – авт.) талқандап, сұлтан Абылайдың өзін қолға түсірді», делінген.
Ал енді Абылайдың қалмақ тұтқынынан 1743 жылдың қыркүйегінде құтқарылуы себебіне келсек, тарихи басылымдарда оны бірауыздан Ресей өкіметінің іс-әрекетімен байланыстырады. Оған тілге тиек етіп жүрген құжат Жоңғар хандығына Орынбордан жіберілген майор Миллер басқарған елшілік. Мәселен, Қазақ ССР тарихында: «Сұлтан Абылай Жоңғар тұтқынынан Ресей елшісі Миллердің белсенділік қимылының нәтижесінде босатылды», делінген. Бұл тұжырымды Т. Ж. Шойынбаев та, тағы басқа зерттеушілер де қолдайды. Миллерге берілген сыртқы істер коллегиясының нұсқауында басқа да мәселелермен қатар Абылайдың тұтқыннан босатылуы жөнінде айтылғаны шындық екенін растайтын құжаттар бар. Алайда Миллер елшілігінен еш нәтиже шықпағаны да тарихқа белгілі жәйт. Елшілікті қалмақтар бірнеше ай ұстап, шын мәнінде тұтқындап, Галдан-Церен қабылдамай, кейін қайтарып жіберген.

Осы орайда біздің айтарымыз Абылайды Галданның аман қалдыруының негізгі себебі, Жоңғар хандығының 1740 жылдардағы сыртқы және ішкі жағдайына байланысты болса керек. Галдан-Церен Абылайдың кемеңгерлік қасиетін түсініп, өз саясатының мүддесіне пайдаланбақшы болған. Ол Қазақ еліне тұтқиылдан шабуыл жасағандығының қате екендігін сол кезде ғана түсінген тәрізді. Бұған себеп болған сол тұстағы Жоңғар хандығының Ресей, Қытай империясымен қатынастағы қарама-қайшылықтың ұлғайып, шиеленісуіне және өз хандығындағы алауыздықтың байқалуына байланысты еді. Екіншіден, еліне беделді Абылай хан қазақ хандығымен келісөз жүргізілгенде оның барысына әсер ете алатын күш деп есептелінгені сөзсіз.
Абылай ханның өміріндегі осы бір драмалық жағдайға байланысты тағы бір айта кететін жайт мынау. Ол тұтқында екі жылдай уақыт жүрсе де өзінің қадір-қасиетін жоғалтпай жоғары ұстауы, сөз жүйесіндегі тапқырлығы мен батылдығы жауларын да тәнті еткен. Ол жөнінде Жоңғар елшілері Орскіде Орынбор комиссиясының бастығы И. Неплюевпен келіссөз жүргізгенде былай деген: «Он (Аблай) убил у нас знатного и свойственного Галдан-Чирина и за то-де он более удержан, однако-де со всякую честью содержится». Галдан-Цереннің қазақ сұлтанын сондай жоғары бағалағанының тағы бір айғағы ол Қазақ елімен 1743 жылы бейбіт келісім жөнінде өз тұтқыны Абылаймен шарт жасағаны. Оған қоса қалмақ ханы Абылайды тұтқыннан босата отырып, оған жоғары мәртебелі сый-сыяпат көрсетеді.
1743 жылдың күзінде Әбілмәмбет ханның ордасына барып қайтқан Орынбор комиссиясының өкілдері Иван Лапин мен Мансұр Асанов осы сапар жөніндегі мәлімдемесінде былай деген: «Он, Аблай, от зюнгарцев с великим награждением отпущен, а имянно: дана ему палатка, шитая золотом шуба, крытая парчою золотою, палатка железная складная, панцырь и протчее». Оған қоса Галдан Абылайға қалмақтың бір сұлу қызын қосыпты. Кенесарының әкесі Қасым сұлтан сол әйелінен туған деседі. Абылаймен оның тұтқында бірге болған серіктері, барлығы отыз бес адам, оның ішінде Жолбарыс сұлтан да бар, босатылып, қыркүйектің 5-інде елге қайтып оралады.
Абылай үшін жоңғар тұтқынында болған жылдар із-түссіз кеткен жоқ. Ол ойрат тілін, жазбасын үйренумен қатар ол елдің ішкі жағдайымен мұқият танысты. Абылай сонда жүріп жоңғар ханзадаларымен кездесіп, пікір алысты, мән-жағдайларын түсініп білді. Мұндағы хандықтың мықты және осал жақтарын көрді. Белгі бере бастаған жарықшақтарды аңғарды, өзімен пікірлес адамдар тапты. Әсіресе, Дауаци, Әмірсана деген нояндармен жақындасты. Мұның бәрін кейін өз саясатында мейлінше тиімді пайдалана білді.
1745 жылы Галдан-Церен қайтыс болғаннан кейін нояндар арасында таққа талас өрістеді. Жоңғар хандығына ие болған Лама Доржи Қазақ еліне шапқыншылықты қайта өрбітті. Бірақ оның Қазақ елін шауып өз билігін нығайтып, беделін арттыру мүддесі іске аспады. Қабанбай мен Бөгенбай бастаған Абылай әскері бірнеше шайқастарда ойрат басқыншыларына қатты соққы беріп жеңіске жетті. Соның нәтижесінде кезінде калмақтар қол астына өтіп кеткен Жетісу мен Тарбағатайдағы қазақ қоныстарын қайтарып алуға қол жетті.
Келесі пікірталас тудырып жүрген мәселе – Абылай хан бір мезгілде Ресей мемлекетіне және Қытай империясына боданда болды деген дәлелсіз пікір. Жоңғар хандығының дербестігі жойылғаннан кейін Қытай императоры Цян-Лунның әскері шығыс Түркістанды басып алып, өзіне қаратты. Осы тұс Абылайдың мемлекет қайраткері биігіне көтерілген өміріндегі ең жауапты кезең еді. Цин империясы жоңғар жерін, Шығыс Түркістанды басып алғаннан соң қазақ жерін де солай жаулап алмақшы болып, талай шапқыншылық жасаған-ды. Бұл орайда олардың жеңіске жеткені де, қатты таяқ жегені де ақиқат. Әсіресе, Жоңғар қақпасында, Талқы өңірінде болған қанды шайқаста Абылай тікелей қолбасшылық еткен қазақ әскері шүршіттерді ойсырата жеңген. Осындай «сабақтардан», кейін Боғдыханның да Абылайды оңайлықпен жеңе алмайтындығына көзі жеткен тәрізді. Енді ол басқа саясатқа көшуге мәжбүр болды. Абылайды алдап-сулап өз ықпалына көндіруге тырысты, оған сый-сияпаттар жасады, оның бодан болуын талап етті. Орынбордың губернаторы сыртқы істер коллегиясына 1758 жылдың 29 қаңтарында жазған мәлімдемесінде: «Богдыхан Абылай солтана сыном называет и протчия лести употребляет», деп өзінің абыржитынын білдірген.
Түптеп келгенде, Қазақ хандығының тәуелсіздігі мен қуатын сақтау мұратын көздеген Абылайдың сан алуан қызметінде халықаралық қатынастар және сыртқы саясат стратегиялық басымдыққа ие болғанын айтуымыз қажет.
Қытаймен сауда-саттықты нығайту, Ресейден өндіріс құрал-жабдықтарын алуды жолға қою, Орта Азия мемлекеттерімен тауар айналымын тұрақтандыру, тағы басқа мәселелер түрлі кәсіп иелерімен және әлеуметтік қауыммен – дипломаттармен, саудагерлермен, мамандармен кездесулер, келіссөздер барысында, хат алмасу, арнайы елшілік арқылы әрдайым талқыланып жататын. Абылайдың тапсырысы бойынша құрылған делегациялар Пекинге, Петербургке, басқа да ірі қалаларға барып, Қазақ елінің сыртқы байланыстарын байыта алды.
Мәселен, 1758 жылдан қазақ-қытай айыр­бас саудасы қыза түскенін ғалымдар Б.Еженхан, Н.Мұхаметханұлы, Қ.Сал­ға­раұлы Аспанасты елінен табылған мұра­ғаттық деректермен дәйектегені белгілі. «Қабанбай… 300-ден аса жылқыны айдап әкеліп, қыркүйектің 17-ші жұлдызы күні Үрімжіде сауда жасады. Ол қайтарда Абылай ханның басқа да адамдары келіп сауда жасайтынын айтты», делініпті Гаузуң патшаның орда естеліктерінде. Келер 1759 жылы жазылған Қытай әкімінің мәлімдемесінде Абылай жіберген адамдардың Үрімжіге сау­да жасауға келгені, алдағы күндері де саудамен келетіндердің болатыны және қаперге салынуы әсте кездейсоқтық емес.
Арада 10-15 жылға жуық өткен соң да осы мазмұндас хабарлар түсіп жатты. «Абылай сұлтан Қытаймен де, Ташкент жағымен де татуласыпты. Қазақтар Ташкентке сауда жасауға барып-келіп жүр», «Қазақтармен арада сауда жасалғанына бірталай жылдың жүзі болды. Іле генералы Шу Хыдын мәлімдемесінде: қазақтар айырбас сауда кезінде өздеріне керекті бұйымдарды алады», делінген.
Сыртқы саясаттың кез келген бағыты мен саласында Қазақ мемлекетінің қауіпсіздігін, аумақтық тұтастығын, отандастарының еркіндігін сақтауды басты мұрат тұтқан Абылай керек кезінде көрші мемлекеттер арасындағы қайшылықты, даулы мәселелерді өз пайдасына жарата да білді. Бірде қарсыласына қатал, тік мінез танытса, келесіде жау жағынан да одақтас тауып, оны мол сый-сыяпатпен бауырына тарта алды. Халқының болашағы үшін, Жоңғарияны айтпағанда, Қытаймен қарулы қақтығыстарға, соғыс әрекеттеріне дейін барғаны, Ресейге де айбар көрсетіп, шекарадағы орыс әскерін әбігерге түсіргені ұлы тұлғаның саясаттағы сұңғылалығын білдіреді. Әйтпесе, Абылай Ресейдің, Қытайдың әскери әлеуетін, өндірістік-техникалық басымдығын, от қаруымен жарақтанғанын білген жоқ емес, білді. 1760-1770 жылдарда қырғыз жеріне, қоқандықтарға жорығы, Еділ қалмақтарын талқандауы қазақтың этностық аумағын бекемдеуімен қатар өз елінің Еуразия кеңістігіндегі, Орталық Азиядағы беделі мен егемендігін тамаша нәтижелермен көмкеруге қол жеткізді. Абылай ханның билігі шарықтау шыңына жеткен, тәуелсіздік мұраты қазақтың санасы мен жүрегін билеген XVIII ғасырдың 70-ші жылдары аяғын Шоқан Уәлиханов былайша суреттейді: «Абылайдың ордадағы билігі мығым болды және Үлкен орда да (біздің қағазымызда үйсін болыстықтары) оның билігін мойындады. Қытайлар жоңғарларды қырғынға ұшыратты; қырғыздар, әсіресе, Абылайдың өзі қырып-жойған торғауыттар Ілеге дейін әрең жетіп, мұнда Қытай саясатының айлалы торына түсті. Пугачев көтерілісінен әлсіреген және үкімет қолына қараған Жайық казактары өз беттерімен қазақтарға басып кіре алмады. Өз бойын табиғаттан тыс ғажайып күшке деген сенім мен наным билеген Абылай, халқына өмірі болмаған батылдық берді»
Көзінің тірісінде Абылай ханмен императорлық Қытай да, патшалық Ресей де есептесті. Ол билеген аумақта бұлар мемлекет ісіне өктемдігін жүргізе алмады, Қазақ хандығын сақтауды бәрінен жоғары қойған ұлттық мұратты сындыруға мұршасы жетпеді. Бұқар жыраудың Абылай хандық құрған соңғы жылдарды:
Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, ханым-ай,
Қайырусыз жылқы бақтырған, ханым-ай,
Қалыңсыз қатын құштырған, ханым-ай
Үш жүзден үш кісі құрбан қылсам
Сонда қалар ма екен қайран жаның-ай, –
деп сипаттауында, ал академик В.В.Бар­тольд­тың: «Самым могущественным из ха­нов XVIII в. был хан Средней орды Абы­лай», деген жолдарында терең мағына жатыр.
Қалай дегенмен, жантүршігерлік әрі қанкешу XVIII ғасырдағы қазақ мемлекеттілігінің ең осал жері хандық орталық билік пен жергілікті өзін-өзі басқару арасындағы байланыстың һәм бағыныштылықтың бұзылғанында жатыр. Бір орталыққа бағынған ұлттық мемлекетке тән соңғы іс-шаралар 1726 жылы Ордабасында, 1730 жылы Аңырақай шайқасының алдында үш жүз билеушілерінің бас қосуымен, жоңғарларға бірлесе тойтарыс беру стратегиясын анықтауымен аяқталды. Бұдан кейінгі уақытта баршаға міндетті, «Жеті жарғыдай» пәрмені бар мемлекеттік құжат туындаған емес.
Қазақстанды қол астына өткізуді көксеген Қытай да, Ресей де билік пен билеушілерді өз ырқына көндіруге барын салды. Хан мен оның айналасындағыларға сұлтандарды, би-батырларды, рубасыларды қарсы қоюда Ресей билеушілері әбжілдік танытты. Орта жүздің ханы Әбілмәмбетті Кіші жүздің ханы Әбілқайырмен дүрдараз қылуға, Құлсары мен Құлеке батырлар арқылы бүкіл Атығай баласын Абылайдан алыстатуға, Барақ сұлтанды империя мүддесіне пайдалануға мамандарды жекті, қаражатты аямай төкті, нәтижесіз де қалған жоқ. Бұл саясат үзілмей жалғаса берді. Мәселен, 1742 жылы Орынбор комиссиясының бастығы И.Неплюев Ресей сыртқы істер коллегиясына жолдаған мәлімхатында Орта және Кіші жүз билеушілерін қалай, кіммен алмастыру жоспарын дәйектепті. «Әбілмәмбет хан жоғарыдағы себептермен біздің қарауымыздан ашықтан-ашық мүлде шығып кететін болса, ханды және оны екі жүзде де қолдаушыларды сатқын деп әйгілеу керек; оны хандықтан тайдырып, лауазымынан айыру қажет… Әбілмәмбеттің орнына Орта жүздің ханы етіп, Ресейге кейінде ант берген Барақ сұлтанды жариялап жіберуге болады… Ал, Барақ сұлтан да Әбілмәмбетті қолдап, Ресей бодандығынан бас тартатын болса, Батыр сұлтанды хан жасауға болады… Тіпті, Батыр сұлтан да Әбілмәмбетке еріп Ресейге қырын қарайтын болса, онда Әбілқайырдың ұлдарының бірін Орта жүзге хандыққа қоюға болады. Орта жүзде де Әбілқайыр ханды және Жәнібек тарханды қолдайтын, көпке белгілі, ықпалды адамдар аз емес… Сондай-ақ, бәрінің арасын тыныштандырып, екі жақты тең ұстап отыру үшін Жәнібек тарханның беделін пайдаланып отырған жөн», делінеді құжатта.
Арада 37 жыл өткенде Ресей патшасының Орынбор губернаторына жіберген жарлығынан жымысқы саясаттың жалғаса бергенін, басты нысанасы Абылай екенін көреміз: «Орта жүз ішінде Абылайдың беделін түсіру үшін, оған «бақталас» біреу іздеп тауып, ондай адамды үкімет тарапынан қолпаштап отырған жөн… Өйткені, бұл «жыртқыштан» қауіп күшті», делінген жоғарыдағы құжаттың соңында.
1771 жылы Әбілмәмбет хан дүние салуына байланысты дәстүр бойынша оның балаларының бірі хан сайлануы тиісті еді. Алайда үш жүздің өкілдері жиналып, бүкіл қазақтың ханы етіп Абылайды сайлады.
Ал патша үкіметі болса онымен келіспейтінін білдірді. Өйткені, қазақты жаулап алудың отарлық саясатын ғана көздеген ол хандық билігінің нығаюына, үш жүздің басының бірігуіне қайткенде жол бермеуге күш салған-ды. Патша үкіметінің көздегені – Қазақ елін бірімен-бірі бақас бірнеше хандыққа бөлу және келешекте хандықты, яғни тәуелсіздікті мүлдем жою еді. Сондықтан болар, Ресей патшайымы II Екатерина Абылайдың оған арнайы жазған хатында келтірілген деректерге құлақ аспады. Онда Абылай өзінің Әбілқайыр мен Әбілмәмбет хандардың заңды мұрагері екенін айта келіп, былай деген: «1771 жылы Түркістан қаласындағы мұсылмандар әулие тұтатын Қожа Ахмет мазарының басында біздің дәстүр бойынша намаз оқып, үш жүздің хандары мен сұлтандары және Ташкент пен Түркістан провинциясының басқа да қалаларының өкілдерінің қатысуымен мені бүкіл үш жүздің ханы етіп сайлады». Осыған қарамастан II Екатерина қол қойған Грамотада Абылайды тек Орта жүздің ханы етіп тағайындағаны көрсетілген. Сонымен қатар, патша өкілдері Абылайдың сөз етілген Грамотаны алуға және өзінің бодандығын қайта мойындау шартына қолын қоюға Петербургке немесе Орынборға келуін талап еткен. Абылай болса, көнбеді. «Мені үш жүздің ханы етіп халқым сайлады, ендеше бұған қоса айрықша бір куәлік алудың қажеті жоқ», деп жауап қайырған.
Абылайдың өз еркімен елінің бірлігін, дербестігін сақтаудан тайынбайтынына көзі жеткен Ресей оны қайтсе де өз ықпалына көндіру шараларын қарастырды. «Абылайдың бұл қылығына, – деп жазады, – А. Левшин, – ыза болған Ресей үкіметі оған ақы төлеуді тоқтатып, оны кемсіту үшін кез келген бір сұлтанды көтермелеп, оған қарсы қоюды ұйғарған. Онымен қоймай, Абылайды тұтқындап, ішкі бір губерниясына жер аударуды да ойластырған. Бірақ дәл осы сәтте ол әскерін жиып, буруттармен соғысып, оларды жеңіп, бітім жасады. Осыдан соң, Түркістан маңында қалып, баласы Ғадилдің (Әділдің – авт.) сұрауымен Талас өзенінің жағасына қала салғызды».

Әбден амалы таусылған соң патша үкіметі Абылайдың хан ордасына әдейілеп елші жіберіп, сөз етілген Грамотаны және көптеген сыйлықтар тапсырды. Хан ордасында болып қайтқан капитан Г.Лингрейн өзінің сапары жөнінде есеп бергенде Абылайдың Түркістанда тұратынын айта келіп, енді ол Ресей шекарасына жақындап көшіп келмейтінін жазады. Ресеймен қарым-қатынасында Абылай бейбіт, тату көршілестік жағдайда өмір сүру қажеттігін еске ала отырып, тағы да ресми түрде өзін оның боданы екенін мойындап, патшаның Грамотасын алған-ды. Бірақ іс жүзінде өз елінің дербестігіне дақ салған жоқ, беделін түсірмеді. Абылайды өз ықпалына көндіре алмаған патша үкіметі енді Қазақстанды отарлаудың басқа жолдарын қарастырды. Оның бірі – қазақ жерінің шекарасына қалашықтар, бекіністер салу, оларды келімсектермен, әсіресе, казактармен толтырып жайғастыру еді. Мұндағы халық үшін қиын жағдай туғызған мәселе – Жайықтың, Ертістің, тағы басқа өзендердің жағасына қазақтар малын жаюына тыйым салу жөніндегі патша өкіметінің жарлықтары. Патшалықтың бұл әрекеттері, әрине, Абылайдың наразылығын тудырды, бірақ ол Ресеймен үзілді-кесілді қатынасты тоқатуға, жағдайды шиеленістіруге бармады, мәселені дипломатия тұрғысынан шешуді ойластырды.
Абылайдың майданда қол жеткізген ерліктері, оның қазақ мемлекеттілігін нығайтуға күш салуы, Ресеймен, Қытаймен және басқа да көрші елдермен жүргізген белсенді дипломатиялық және сауда байланыстары Қазақ хандығының халықаралық беделін және өзінің рөлін көтерді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, Абылай ханның қазақтың басын құрап, тәуелсіз мемлекет жасау арманын іске асыру біздің ұрпақтың үлесіне тиді. Замандастары оның қайраткерлігін жоғары бағалап хан көтерді, ұрпақтары болса оны ұлы хан ретінде таныды. Абылай баба оған әбден лайықты.
Ханкелді ӘБЖАНОВ,
Ш.Уәлиханов атындағы  Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы,  профессор. 
Қадыржан ӘБУЕВ, 
тарих ғылымдарының докторы, профессор.
АЛМАТЫ.
Суретті салған А.Дүзелханов.