Ғалам ғажаптары • 29 Желтоқсан, 2025

Қытайда теңіз бетіне салынған күн электр станциясы пайдалануға берілді

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қытай теңіз бетіне салынған әлемдегі ең ірі күн электр станциясын пайдалануға берді. Құрлықтағы жер тапшылығы мен энергияға сұраныс қатар артқан кезеңде бұл жоба – «күн қуатын» жаңа кеңістікке, яғни ашық су айдынына шығарған ауқымды жоба болып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қытайда теңіз бетіне салынған күн электр станциясы пайдалануға берілді

Аумағы 1200 гектарға жететін алып кешеннің жылдық қуаты 1 гигаватт. Инженерлер теңіз бетіне 3 мыңға жуық фотоэлектрлі панельдік модуль орнатқан. Нәтижесінде энергия өндіру тиімділігі бірнеше есе артқан.

Бір қарағанда, су үстіне панель орнату техникалық тұрғыдан тым күрделі шаруа секілді. Өйткені теңіз – тұрақсыз орта, яғни толқын, тұзды су, жел, тайфун қаупі, коррозия, қауіпсіздік мәселесі бар. Бірақ дәл осы «қиындық» Қытай инженерлерін жаңа шешім табуға жетелегендей. Құрылыс кезінде жойқын тайфундарға төтеп беретін арнайы тәсіл қолданылған. Ал теңіз суы панельдерді табиғи түрде салқындатып, шамадан тыс қызудан қорғайды.

Соңғы жылдары әлемнің көптеген елінде күн энергетикасы қарқынды дамып келеді. Дегенмен күн панельдерін кең көлемде орналастыру үшін үлкен аумақ қажет. Қала маңында жер бағасы қымбат, ауыл шаруашылығы алқабын қысқарту да оңай шешім емес. Осы тұста су беті – бұрын назардан тыс қалып келген «кеңістік». Қытайдың теңіздегі станциясы бұл бағыттың енді тек тәжірибе емес, ірі өндірістік деңгейге өткенін аңғартады.

Жобаның ерекшелігі – теңіз үстіндегі инженерлік құрылымның төзімділігі мен тиімділігі қатар ойластырылғаны. Теңізде панельді жай ғана қалқытып қою жеткіліксіз. Әр бөлшек жел жүктемесіне, толқын соққысына, тұзды ортаға шыдауы керек. Сондықтан мұндай нысан – бір мезетте энергетика, кеме жасау, құрылыс және материалтанудың тоғысқан тұсы.

«Су түбіндегі қадалар инновациялық технологиямен орнатылды. Фотоэлектрлі панельдердің ені 35, ұзындығы 60 метр болады. Біз оларды 15 градус қиғаш орнаттық. Бұл тәсіл жойқын теңіз дауылдарына төтеп беру үшін жасалды. Сондай-ақ қаңқасына жұмсалатын болат темірді 10 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік берді. Дәл осы тәжірибе ендігі жобаларда жаппай қолданылады», деді Күн электр станциясы басшысының орынбасары Чжан Бо.

Соңғы жаңалықтар