Әдебиет • 16 Мамыр, 2019

Көк биенің көз жасы (әңгіме)

2907 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Бүгін назарларыңызға жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Есенгелді Сүйіновтің "Көк биенің көз жасы" атты әңгімесін ұсынып отырмыз. Автор 1958 жылы дүниеге келген. Е.Сүйінов «Күңгіртау құпиясы», «Мақпалды күндер», «Менің елім, менің жерім», «Арайлы таң» кітаптарының авторы.

Көк биенің көз жасы (әңгіме)

Әкемнің туған жері – ежелгі Торғай өңіріндегі  «Қызбел»  кеңшары екен. Ерте кезде тағдырдың айдауымен туыстарымен бірге Көкшетауға келіп, анама үйленіп, қоныс теуіп қалған. Інісі Дүйсен отбасымен атамекенімізге барамыз деп бірер жыл бұрын сол жаққа көшіп кетті. «Інімді қаңғытып жалғыз жібермеймін, бірге болайық» деп әкем сонда қоныс аударды.

    Әрбір жер қастерлі ғой. Қызбел де сонда туып, өскен әр адамға ыстық. Осында «Оян, қазақ!» деп жар салған  «Алаш» арыстарының бірі, атақты ақын Міржақып Дулатовтың шыр етіп дүниеге келген киелі мекені. Әкем тиым салынған, атын атауға қорқатын уақыттың өзінде жиналған жұрт арасында, үй ішінде Міржақыпты аузына алып, өлеңдерін айтып, мақтап отыратын. Бірақ жасыл ормандары, биік таулары, айдын көлдері бар жер жәннаты-көгілдір Көкшетау өңіріне үйренген, соған бауыр басып қалған біз Қызбел аймағына тосырқап,  жатырқап қарадық. Мұнда көп ағаштар жоқ, жазық кең дала, Қызбел тауы бар, іргеде Қоңыраулы өзені ағып жатады. Кеңшар орталығындағы Ақсуат орта мектебіне жаяу барып келеміз.

     Мен 4-сыныпта оқимын. Мектеп кітапханасына үйір болып алдым. Үзіліс кезінде кітапханаға барып, түрлі әдебиеттерді ақтарамын. Ақын-жазушылардың кітаптарын жаздырып, үйде бас алмай оқып шығамын. Көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, ән айтамын. Бірде ата-аналар жиналысына арналған концертте Ришат пен Мүсілім Абдуллиндер шырқайтын  «Туған ел» әнін балаң даусыммен орындадым. Жиналған әйелдер жағы  «Қайтсін-ай, туған елін сағынып жүр ғой»  деп көздеріне жас алғаны есімде. Расында да, туған жерімді үнемі сағынатынмын. «Біз бұл жаққа неге көшіп келдік? Маған ұнамайды, ауылға қайтайық» деп апамды (анамды солай атайтынмын) мазалаймын.  «Құлыным-ау, әкеңнің туған жеріне келдік. Жатырқап жүрсің бе, әлі-ақ үйреніп кетесің» деп құшақтап, басымнан сипап, иіскеп, бетімнен сүйіп жұбатады.  Менен екі-үш сынып жоғары оқитын екі әпкем де жаңа орынға көндіге алар емес.

      Бізді қойшы, үйдегі мал, әсіресе жылқылар Қызбел даласын жерсінбеді.  Екі бие құлындарымен, байтал қосылып Көкшетау жаққа қарай қаша береді.

Адам түгіл, жылқылар да туған жерін аңсайды, іздейді екен. Үйірге қосып, жылқышыларға тапсырсақ та ауық-ауық зытып отырады. Әкем бірнеше рет

атпен қуып кейін қайтарды. Екі рет бүгінгі Ақмола облысының Есіл станциясына дейін қашып, оларды әзер ұстап, жүк машинасына тиеп әкелді. Тіпті бой бермеген соң аяқтарына тұсамыс, шідер салып, ауылдың іргесінде бағатын болдық. Сөйтсек те бір рет көк бие берік деген шідерді үзіп, сытылып кетті. Жалғыз өзі қашып, әжептәуір шақырымға ұзаған. Әйтеуір ауыл адамдары дер кезінде байқап қалып, хабар берді. Әкем тағы да басшылардан көлік сұрап, көк биені орта жолдан ұстап алды.

    Таңертең суарып, қырға жібереміз. Күні бойы бақылап, кешке қораға кіргіземіз. Биелер тыпыршып, бір орында әзер тұрады. Осқырынып, кісінейді. «Әй, сендер бізді қайда әкелдіңдер? Көкорай шалғынды жеп, көкмайсаға аунап-қунап, көлге шомылып, еркін шапқылап, бойымызды жазып жүруші едік. Күн ыстықта тауларды сағалап, орманның ішіне кіріп, жапырақтардың көлеңкесінде самал желге желпініп жатушы едік. Енді ауызға шөбі жөнді ілікпейтін тап-тақыр алаңқайға жайып, емен, қарағай, қайыңы жоқ жазықта ұстап отырғандарың мынау» деп айтатын секілді.

    Егер жылқыларға тіл бітсе, дәл осылай деуі мүмкін. Бұрын жалдары күдірейіп, топ-толық жондары күнмен шағылысып, жылтырап күйлі көрінетін. Келгеннен бері сан еттері босаңсып, қабырғалары арықтап, ырсиып кетті. Түрлері жүдеп-жадаған, көздерінде ұшқын жоқ. Жылқы екеш жылқы да жарық дүниеге келген мекенін сағынады, қанша қашықтыққа кетсе де туған жерін ұмытпай, есінде сақтауы ғажап емес пе? Біз адамда ғана ес бар дейміз. Сөйтсек жылқыда да ес бар екен. Әйтпесе осы жылқылардың жаңылыспай Есіл станциясына шейін қашып, Көкшетау жақты бетке алуын немен түсіндіруге болады? Иесі жараланып, жадынан айырылғанда, адасқанда және басқа да жағдайларда аттар қателеспей, тұп-тура үйіне, не көздеген орынға барады ғой. Бабаларымыздың жылқыны ердің қанатына, пыраққа балап, қастерлеуі бекерден бекер емес қой.

   Көк бие бәрінен ақылды. Жылқыларды бытыратпай, үйірден өзі бастап алып шығады. Көк бие деп үлкендер жағы атап кетіпті. Түріне көз салсаң көк емес, терісінде ақ теңбіл нүктелер, көгілдірлеу  түс бар. Соған қарап көк бие деген тәрізді. Жаңа мекенді қорашсынып, жерсінбей, елге қарай елеңдеп, қашуды бастап жүрген де өзі. Мені көргенде шұрқырап, кісінеп, желе жортады. Жаныма тоқтап, басын шұлғып, амандасқандай болады.  «Қашып қайда барамыз? Барлығына төземіз, айтқандарыңа көнеміз. Бірақ бұл жерде тұру қиын, туған елге оралайық» дейтін сияқты жанары жәудіреп. Ноқтамен жетелеп келе жатсам арқамнан басымен түртіп, «Ұқтың ба?» дегендей белгі береді.

   Жылқыларға жаңа жер жақпады. Тай Қоңыраулы өзеніне суға кетіп, қаза тапты. Көк бие құлын тастады. Жабағы үйірде жүргенде аспанннан найзағай түсіп, мерт болды. Алайда соның бәріне әкем мойыған жоқ. «Көк бие бар ғой, бұйыртса тағы құлындар. «Орнында бар оңалар» демекші, орны толар. Мен үшін көк биенің орны бөлек, ерекше жаратылғандай. Құлын кезінен мәпелеп өсірдім. Адам секілді түсінетін сияқты. Көрмейсің бе, бөтен жерге келгенін біліп, әлі көндіге алмай жүр. Обалына қалдым ба жануарлардың?» дейді ол ойлы қалпымен.

   Айтса айтқандай, келесі жылы көк бие құлындады. Жазға қарай үйірден әкелдік. Құлыны кішкентай, түсі өзіне тартқан көгілдірлеу, тынымсыз жүгіре береді, сүйсіне қарайсың. Көк бие оны тілімен жалап, еміреніп аймалайды, жақсы көреді. Апам желіге байлап, биені сауып, қымыз дайындауға кірісті. Құлынды кішкене емізеді де, күніне бірнеше рет сауып, саумал қалпында шелекке құяды. Күбіні жуып-тазалап, ағаштың, көбіне тобылғының түтінімен ыстап, соған саумалды құйып, толтырады. Кешке қарай бәріміз піспекпен кезек-кезек пісіп, дәмін келтіруге күш саламыз.

  Ертесіне апам қымызды тостағанға құйып береді. Иісі қандай жағымды, тәтті, үйдің ішін аңқытып алып кетеді. Дәмі қышқыл болса да тіл үйіреді. Ішкің келе береді. Көк биенің қымызы берекелі, бізге де, келушілерге де жетеді. «Көк бие қымызының дәмдісін-ай!» деп ауыз тиген қонақтар таңдай қағады.

  Апамның айтуынша, көк бие құлын кезінен өзгеше болыпты. Алғаш үйге келгенде еркін сезініп, қуанғандай ерсіл-қарсылы шапқылап жүрген. Үйірден бөлінгенде енесінің алдынан шығып, ойнақ салып, еркелейді екен. Отбасымыздағы кісілерді танып, қолдан ұсынған тағамды жеп, бәрін иіскеп, бауырмалдық танытқан сыңайлы. Көк бие біздің әулетімізге ырыс сыйлағандай. Сол арқылы үйге мал бітіп, көбейіп, әке-шешем еңселерін көтеріпті. Екеуі де көк биені қадірлеп, дұрыс күтіп, ұстайды.

   Ал мен Көкшетауды сағынамын. Қанатым болса туған жерге ұшып кеткім келеді. Кіндік қаным тамған ауылымды, бірге оқыған құрбыларымды көз алдыма елестетіп, түсімде көремін. Ел жақта тұратын Шолпан, Тыныштық әпкелеріме «Мен Көкшетауды, туған жерімді сағындым. Бұнда тұрғым келмейді, көшіріп алыңдар» деп, дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың «Туған жер» өлеңіндегі


       Неткен байтақ, неткен ұлы жер едің,

       Нендей күйге жүрегімді бөледің.

       Сенде тудым, сенде өстім мен, сенде өлсем,

       Арманым жоқ бұл дүниеде дер едім,

-деген шумағын келтіріп, тебірентіп хат жазамын. Алты әпкем бар. Солардың  ішінде еті ширағы, бас көтеретін пысығы, қайсар мінезді Тыныштық тәтем. Ол бізге «Шыдай тұрыңдар, жағдайларыңды түсінемін. Айналайын, інім, сенің сағынышқа толы хатыңды, туған жер жайлы Қасымның өлеңін оқып, жылап алдым. Аман болсақ, сендерді елге көшіріп әкелеміз» деп мені жұбатып, егіле жауап берді. Күйеуінің қас-қабағына қарап, шиттей бала-шағасын бағатын тәтемді қайтіп кінәларсың?

  Мен Ақсуат орта мектебінінде 4-сыныптан 6-сыныпқа дейін, үш оқу жылы бойы оқыдым. 1971 жылдың жазында 6-сыныпты бітіріп, үш айлық демалысқа шықтым. Үйдің жанында жүргем, есік алдына гүр етіп жүк машинасы тоқтай қалды. Жалт қарасам Тыныштық тәтем көліктен түсіп жатыр.

– Ботам-ау, амансың ба? – деп тәтем мені жалма-жан құшақтап, бетімнен сүйіп жатыр. Қасында өзім туған Мәдениет ауылындағы жүргізуші Сүйіндік деген кісі. Үйден апам, әкем, әпкелерім шығып, жүзіміз балбұл жанып, қуанып жатырмыз. Біраз уақыттан соң адасып, артта қалған Жақсылық жездем тіркемесі тіркелген екі «ЗИЛ» машинасымен келді.

   Келесі күні заттарды, малды тиеп, жұртпен қоштасып жолға шықтық. Жаз айы, күн қапырық, ыстық. Анда-санда аялдап, жүріп келеміз. Қостанай облысының Сарыкөл ауданынан асып, Көкшетау облысындағы Рузаев ауданының шекарасынан өтіп, ішке ене бергенімізде желке тұсымыздан тасыр-тұсыр еткен дыбыс шықты. Тып-тыныш жатқан жылқылар өре түрегеліп, шыңғырып, кісінеп қоя берді.

– Не болып қалды, бірдеңеден шошыды ма, әлде үрікті ме? – деп әкем кілт тоқтаған көлік кабинасынан түсті. Басқалар да жылдам түсіп, бізге қарай жүгіріп келеді.

  Қорапта тай, құлынымен көк бие бар. Әкем жоғары көтеріліп, «Оу, сендерге не болды соншама жұлқынып? Бар дауыстарыңмен даланы жаңғыртып, адамды қорқыттыңдар. Тұяқтарыңмен тақтайды дүбірлетіп, тесіп жібере жаздадыңдар ғой. Енді аз қалды, шыдай тұрыңдар» деп сөйлеп, жылқыларды өзінше тыныштандырған болады. Көк биені жонынан, басынан, жағынан сипалап, иіскеп, жақсы көреді. Әкем бала жан ғана емес, мал жанды да. Жылқы атаулыны күтіп-баптағанды ұнатады.

  – Қарақтарым-ау, мына көк бие жылап тұр ғой. Туған жеріне, Көкшетауға оралғанымызды сезіп, қуанып кісінеген-ау. Жылқы екеш жылқы да туған жерінің қадірін біледі, біз ғой білмей жүрген, – деп әкем толқып кетті.

  – Қараңдаршы, жандарым! Расында да, көк бие жылапты, екі көзі жасаурап тұр, – дейді апам бізге қарап елжіреп. Біз де сағындық қой елді. Аман сау келгенімізге тәуба, – деп апам кемсеңдеп жылап жіберді. Барлығымыздың көңіліміз босап кетті.

 – Жылқы да жылайды екен. Мынау ғажап емей немене.

  – Үнемі Қызбелді жатсынып, ел жаққа қарай қашып, бой бермеді. Әйтеуір Көкшетауға жеттім бе деп есі шығып жатқан шығар.

– Ауылға барғасын босатып қоя беріңдер. Көкшетаудың көкмайса шалғынына тұяғын басып, емін-еркін шөбі шүйгін даласында аунап, шапқылап  бойын жазсын, елге деген мауқын басып, сағынышын тарқатсын.

  -Япыр-ай, жылқы баласының атамекеніне деген іңкәрлігі, сүйіспеншілігі бұлай болады деп кім ойлаған? Адам секілді көк бие де жылап, жүрегімізді ауыртты ғой.

   Ақ қайыңдар тербелген орман ортасында, жазиралы, көкпеңбек Көкше жерінде, тақтайдай тегіс жол бойында бәрі осылай деп, ен даланы басына көтеріп, саңқ-сұңқ етіп сөйлеп, таңдайларын қағып таңдануда. Мен қорап ішіндегі байлаулы көк биенің қасына жақындап келдім. Ішім алай-дүлей буырқанған сезімге толы. Мөп-мөлдір екі көзінен жас тамшылары сорғалап ағыпты. «Қайран, көк бие-ай! Мен секілді сен де туған жеріңді қатты сағыныпсың-ау» деп оны аяп кеттім.

  – Жасын сүртетін таза шүберек беріңдерші,-дейді әкем.

 – Шүберегі несі? Мә, орамалды ал, – деп апам аппақ ормалды ұсынды. Әкем аппақ орамалмен көк биенің көз жасын ұқыптылықпен, әспеттеп сүртіп, арқасынан қағып, суарып, жем беріп, кішкентай баланы күткендей бәйек болуда.

   Қораптың жақтауынан секіріп мініп, мен де көк биенің қасына жеттім. Қол орамалыммен көзінің маңайындағы қалған дымқыл жасты құрғатып, тазалап, маңдайынан иіскеп, «Көк бие, сен біздің үйдің құт-берекесісің ғой, жыламашы көңілімізді босатып. Бұдан былай ешқайда кетпейміз, тек туған жерде бәріміз бірге боламыз» деймін. «Иә, ұлым, дұрыс айтасың. Туған жерден артық ештеңе жоқ» деп әкем мені қостап, көк биенің жалын салалы саусақтарымен тарап, кекілін екі жаққа бөлді. Көк бие болса тыпыршып, бірнеше рет оқыранып, кісінеп, әкеммен екеуміздің бетімізден кезек-кезек танауымен үйкелеп, сүйгендей болды. Бізге еркелеген түрі ме деп қалдым. Көзінде манағы жас жоқ, қуаныштың жарқылы бар секілді. Көк бие де тіршілік иесі, онда да лүпілдеген жүрек бар, ол да жылайды, ол да қуанады. Қандай ғажайып құбылыс десеңізші!

  Содан бері арада зымырап 48 жыл өтті. Көк биенің туған жерге келгенде жайбарақат жатқан орнынан ұшып тұрып, машина қорабын тұяғымен тарс-тұрс ұрғылап, кісінегені, жүрегіңді елжіретіп, жан-дүниеңді ауыртып көзінен аққан жас тамшылары мәңгілік есімде сақталып қалыпты. Бұл-көк биенің туған жерге деген сағынышынан аққан жас тамшылары екен-ау!             


                                                                        Есенгелді  СҮЙІНОВ