Біртуар
Бейсенбі, 21 ақпан 2013 7:19
Қазақстанның халық әртісі Тұяқберді Шәмеловтің соңғы аманаты туралы сөз
Өткен жылы қоңыр күздің бел ортадан аса берген шағында қазақтың қасиетті күй өнері қабырғалы өкілінің бірі Тұяқберді Шәмелов өмірден өтті. Оған топырақ өзінің туған жерінен бұйырды. Иә, ол арғы-бергі замандағы күй өнері ұлыларының соңғы сарқыты мен тұяғындай көрінетін. Қазақтың Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестріне он сегіз жасында қабылданған жас дарын бұдан кейінгі жылдарда осы кәсіби өнер ұжымының домбырашысы, бас домбырашысы, көркемдік жетекшісі деңгейіне көтерілді.
Бейсенбі, 21 ақпан 2013 7:19
Қазақстанның халық әртісі Тұяқберді Шәмеловтің соңғы аманаты туралы сөз
Өткен жылы қоңыр күздің бел ортадан аса берген шағында қазақтың қасиетті күй өнері қабырғалы өкілінің бірі Тұяқберді Шәмелов өмірден өтті. Оған топырақ өзінің туған жерінен бұйырды. Иә, ол арғы-бергі замандағы күй өнері ұлыларының соңғы сарқыты мен тұяғындай көрінетін. Қазақтың Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестріне он сегіз жасында қабылданған жас дарын бұдан кейінгі жылдарда осы кәсіби өнер ұжымының домбырашысы, бас домбырашысы, көркемдік жетекшісі деңгейіне көтерілді.
«Өмірімнің өзегі – оның мәні де, сәні де күй атасы атындағы оркестр. Осы арқылы ел көрдік, жер көрдік. Елге танылдық. Абырой-атаққа ие болдық. Ұлттық және классикалық музыка кәусарынан сусындадық. Біздің оркестрге бергенімізден оркестрдің бізге бергені әлдеқайда көп. Оның қайтарымын жасай аламыз ба, жоқ па, оған көзім анық жетпейді», деуші еді ол сәті түскен өзара сырласу сәттерінде. Тұяқберді Шәмелов – күйді Қазақстанның халық әртісі, дәулескер күйші 94 жасында дүниеден озған Қали Жантілеуовтің өзінен үйренген.
Бұл мектеп күй атасы Құрманғазының тікелей өзінен тамыр тартатынын ескерсек, оның орындауындағы халықтық шығармалар түпнұсқаға ең жақын болғаны да. Яғни, Тұяқберді күйді Қалекеңнің мәнері мен машығы бойынша тартуы арқылы оның о бастағы сазы мен үнін, күмбір толқынын, бояуын бұзбай XXI ғасырға табыстап кетті деуге толық негіз бар. Ал Қ.Жантілеуовтің күй орындауына тән басты ерекшелік – оны қуаламай бабымен солқылдатып, әр дыбысына мән беріп өзіндік трактовкамен тарту, әр күйге тіл бітіріп, адамша сөйлетіп беру деп отыратын Тұяқберді Қажыгерейұлы.
Т.Шәмеловті ылғи толғандырып, ойландырып жүретін мәселелердің бірі – Құрманғазы оркестріне ұлттық деген мәртебе берілуі қажеттігі жөніндегі арман-тілегі еді. Айталық, қазір республикамыздың әрбір облысында халық аспаптар оркестрі бар. Оның ішінде академиялық деген дардай атағы мен мәртебесі барларының өзі үшеу-төртеу. Сондықтан, ұзақ жылдар бойы қазақ ұлтының мерейін өсірумен келе жатқан, домбыраның сиқырлы үнін бүкіл әлемге танытқан бас оркестрімізді ұлықтап, ерекшелеп, даралап оған ұлттық деген мәртебе берсек, оркестр оған, сөз жоқ, лайықты дер еді оның шын жанашыры Тұяқберді Шәмелов.
Есімізде, 2009 жылы Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестрі 75 жылдығын атап өтпек болып жатты. Құрманғазы оркестрінің мәселесі туралы әңгіме қозғалғанда шырылдап балапанын қорғаған даланың бозторғайы сияқты болып кететін Тұяқ ағамыз аттың басын ешқайда бұрмай тура «Егеменге» тартып, газетке мақала жазып әкелді. Сол хаты сақтаулы. Мұнда күйші: «Өзінің орындаушылығымен, көркемдік-шығармашылығымен ерекшеленетін әлемдік деңгейдегі ұжымға «ұлттық оркестр» атағын беру мемлекеттік тұрғыдағы мәселе болып отыр. Зиялы қауымның айтуы бойынша өзінің жоғары кәсіби деңгейі жағынан халықтық өнеріміздің қара шаңырағы болып саналатын Құрманғазы оркестріне бұл атақты беретін уақыт әлдеқашан жетті. Мұндай биік мәртебе оның келешекте рухани-шығармашылық аясын кеңейтуге, сондай-ақ, ұйымдастыру жұмыстарына тың серпін беріп, дәстүрлі музыканың дамуына айтарлықтай әсер етеді деп есептеймін» дей келіп, оркестрдің өткен тарихынан сыр тарқатады. Ахмет Жұбановтың ұйымдастыруымен 1934 жылы құрылған ұжымның іргетасын қалаушы домбырашылар деп, күй анасы – Динадан бастап, Қазақстанның халық әртістері Қали Жантілеуов, Оқап Қабиғожин, Лұқпан Мұхитов, сыбызғышы Ысқақ Уәлиев, қобызшылар Қазақстанның халық әртістері Гүлнафис Баязитова, Фатима Балғаева, қыл қобызшылар Жаппас Қаламбаев пен Дәулет Мықтыбаев есімдерін алға тартады. Белгілі дирижерлер мен композиторлар Леонид Шаргородский, Нұрғиса Тілендиев, Шамғон Қажығалиев, Фуат Мансұров, Алдаберген Мырзабеков, Сыдық Мұхамеджанов, Мәкәлім Қойшыбаев, Кенжебек Күмісбеков, Дүнгенбай Ботбаевтың 1953 жылы Бухаресте 16 мемлекеттің өнерпаздары қатысқан «Дүниежүзілік жастар мен студенттердің фестивалінде бірінші жүлде – алтын медальді иеленгенін, ұжымның халықаралық оркестрлер байқауларында 5 дүркін жеңімпаз атанғанын айтады. Осынау тұлғалар шоғыры арқылы оркестрдің ХХ ғасырда қазақ ұлттық музыка мектебі ретінде талай буынның қанатын қатайтқан көшбасшы екендігін дәлелдейді. «Құрманғазының атақты «Сарыарқа» күйі орындалмаған әлемде бірде-бір ел жоқ. Дүние жүзінің радио-теледидарында «Сарыарқаның» ұдайы беріліп тұру құқығын жеңіп алуы сол кеңестік кезеңде-ақ әлем жұртшылығының оны мойындауы емес пе? Қазақстанға еңбегі сіңген ұжым атағына ие оркестрге академиялық мәртебе 1978 жылы берілді. 1984 жылы оркестрдің құрылғанына 50 жыл толу құрметіне орай «Халықтар достығы» орденімен марапатталды.
Ұлттық күйлермен қатар оның репертуары дүние жүзі халықтарының 4 мыңға жуық классикалық шығармаларымен толықтырылып келеді. Әлемдік деңгейдегі дүлдүлдер ғана өнер көрсететін Американың «Карнеги Холл», «Кеннеди центр», Римдегі «Аудиторим», Берлиндегі «Берлин Хаус», Париждегі «Юнеско залы», Мәскеудегі «Сьездер сарайы», Үлкен театр, П.Чайковский атындағы концерттік зал, Пекин мен Шанхайдың концерттік залдары сияқты ірі сахналарда Қазақстанның этно-колориттік өнерін насихаттап, тәнті еткен оркестрдің еліміздің ұлттық музыка өнерін дамытуға қосқан үлесі орасан зор. Сондықтан да оны басқа оркестрлерден ерекшелендіріп тұратын биік мәртебе керек», деп түйінделеді бұл хат.
Әрине, күй өнері майталманының көзі тірісінде айтып кеткен бұл ой-пікірі мен ұсынысы, сол кездегі ішкі толғанысы құптауға да, қолдауға да тұратындай іс екені талассыз. Жақсылық пен игіліктің ерте-кеші жоқ. Алдағы жылы Құрманғазы оркестрінің құрылғанына 80 жыл толады екен. Мүмкін осындай мерейлі дата тұсында өмірден өткен оркестр жанашырының аманаты Үкімет тарапынан ескеріліп жатса кештік етпес еді.
Елге келген сапарларында Тұяқаңмен кездесіп ой-пікір алмасып жүретінбіз. Сондай кездердің бірінде ол бұрынғы күй орындау дәстүрінің жойылып бара жатқанына әжептәуір қынжылыс білдіретін. Күй майталманы күйді электронды бұраулар және компьютермен орындау үрдісіне шошына қарайтын еді. Бұдан ұлттық күй өнеріне, оның табиғи бітім-болмысына орасан зор нұқсан келеді дейтін. Мұндай көріністерді ұлттық өнеріміздің жанашыры – рухани дүниеге жасалған диверсиямен тең санайтын. Сондықтан да ол осындай келеңсіздіктерге бір тосқауыл қойылуын кәдімгідей елеңдеп күтетін.
Тұяқберді Қажыгерейұлы бас оркестрдің көркемдік жетекшісі ретінде оның репертуары одан әрі толығып түрлене түсуіне сүбелі үлес қосты. Осынау халықтың асыл мұрасын түпнұсқа дәрежесіне жеткізе орындай алатын хас домбырашылар қатары сиреп бара жатқаны да оның қабырғасына қара тастай бататынын аңғарып қалушы едік. Сонымен бірге, кешегі күй өнері алыптарының алдын көріп қалған асыл азамат – күй шығару дәстүрі мен тәртібіне де жоғары талғаммен қарайтын. Күй шығару – екінің бірінің қолы бос кезіндегі ермегі болуға тиісті емес. Өйткені, күйдің де киесі бар деп есептейтін. Бұл мәселеде оның сөзі мен ісінің арасында айта қаларлықтай алшақтық бола қойған жоқ деген ойдамыз.
Бар саналы ғұмыры домбырашылықпен байланысты болған өнер майталманының көптеген күйлерді өмірге келтіруіне мүмкіндігі де, табиғи таланты да молынан жететін еді. Бірақ, ол мұндай қадамға саналы түрде бармағанына бәс тігуге болады. Т.Шәмелов 40 жылдан астам күйшілік ғұмырында небәрі екі-ақ күй шығарған екен. Бұл туындылар «Ақжелең» және «Қали, Мәмен, күмбір күй» деп аталады.
Осы арада оның екінші күйінің шығу тарихына сәл тоқталсақ – бұл өзі пір, кие тұтқан күй тәңірілеріне арналғанын көреміз. Қали Жантілеуов жөнінде жоғарыда айтып өткенбіз. Сол секілді Жайық топырағында ертерек өмірден өткен Мәмен күйшінің өрнегі мен өзіндік күй тарту дәстүрінен де Т.Шәмелов өзіне кәдімгідей шығармашылық қуат ала білген. Яғни, оның күйдегі пірінің бірі осы Мәмен болатын. Тарихи уақыт алшақтығына байланысты оны көрмесе де бүгінде Мәмен күйші мен Тұяқберді Шәмелов зираттарының қатар жатқаны табиғаттың тылсым сыры мен үндестігінің бір белгісіндей әсер береді.
Мәменге өткен жылы Орал – Жаңақала күре жолының бойында келісті кесене тұрғызылды. Жайық жұртындағы қазақтың қасиетті күй өнерінің құдіретіне бас ие білетін жанашыр азаматтар осы кесененің жанынан күй өнері ұлыларының соңғы сарқыты мен тұяғындай көрінетін Тұяқберді Шәмеловке де кесене тұрғызу жөнінде шешім қабылдады. Өткен жылы оның дүниеден өткен кезі «қараша, желтоқсан мен сол бір-екі айға» сәйкес келгендіктен, майталман домбырашының мәңгілік мекенін алдағы көктемде тұрғызу көзделді.
Тұяқберді Шәмелов көзі тірісінде елордасы Астанаға жолы түскен кезде «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясына арнайы келіп, өзінің алдағы шығармашылық жоспарлары жөнінде сөз сабақтауды бір мәртебе санар еді. Бір сөзінде: «Құрманғазы оркестрі секілді қара шаңырақ өнер ордасының орны – Астана төрі емес пе?! Егер оркестр ұжымы мұнда көшіп келсе, жаңа шығармашылық жігермен жұмыс істеуге мол мүмкіндіктер ашылар еді», деп қоятын. Күй пернесі үзілгенше үмітін үзбей, арманына арқау болған күйші аманатының бірі осы еді.
Көбіне күйшілер не шертпе, не төкпе күйдің өкілі болып келетіні белгілі. Ал қос қанатты тең сермеу, екі мектептің әдіс-тәсілін бірдей игеру өте сирек кездесетін құбылыс. Тұяқберді аға сол құбылыстың өзі болатын. Мұрағатымыздан ағамыздың тағы бір мақаласын таптық. Мұнда домбырашының: «…Әуелде халық арасында күйшілік өнердің мазмұн-маңызына, жүріс-желісіне, орындалу өзгешеліктеріне, дыбыстық қарымының әсерлік күші мен ою-өрнек, әшекей кестелеріне қарай «тік күй», «қоңыр күй», «бойлауық күй» деген анықтаушы атаулары болған көрінеді. Кейіннен күйшілік өнерді зерттеушілер әр өңірлердегі күйші-композиторлардың күйшілік-орындаушылық өнерлерінің өзіндік ерекшеліктеріне қарай жүйе-жүйемен жіктеп, әрқайсысына айдар тағып, ғылыми түрде адақтап көрсетті. Бұл тұрғыда олар қазақ күйлерін «төкпе күй», «шертпе күй» деп екі дәстүрлік топқа бөлді. Осыдан соң осы екі топтағы күйлердің де қазақтың байтақ жатқан кең сахарасындағы әр аймақ, өңірлерінде орындалу ерекшеліктерін ескеріп, аймақтық бөліктерге бөлді. Соның нәтижесінде «Орталық және Солтүстік», «Оңтүстік», «Батыс», «Шығыс» немесе, тағы да «Арқа», «Сыр бойы», «Қаратау», «Маңғыстау», «Жетісу» өңірлері күйшілік мектептері дегенді қосты» деп өрілетін кестелі пайымдары танымал күйлер мен әр өңірдегі күйшілік өнердің тарихымен сабақтасады. Бұдан Тұяқберді Шәмеловтің тек орындаушылық, күйшілік өнерін ғана емес, әрі күй өнерінің қыр-сырына қалам тартқан зерттеушілік қырын да байқаймыз. Жалпы, өнер адамының шын өмірі өзі дүниеден озғаннан кейін басталады деп жатамыз. Тұяқберді Шәмеловтің де біз білсек, өмір-дастаны енді жазылады деп ойлаймыз. Өйткені, күйшінің жарияланбай қалып қойған еңбектері болуы мүмкін ғой. Сол дүниелердің басын қосып, жинақтау, кітап етіп бастыру өнер зерттеуші ғалымдардың еншісіндегі істің бірі болмақ.
Иә, бұған дейінгі күйшілік-орындаушылық дәстүрді мүлтіксіз сақтай отырып, оны ілгері дамытуға Тұяқберді Шәмеловтің қосқан үлесі ерекше, айрықша. Енді өнер саңлағы жөніндегі бірер ауыз ой-пікірімізді түйіндей келе, халқымыздың күй өнері мен Құрманғазы атындағы оркестрдің бүгінгі жай-күйіне қатысты көзі тірісінде оны толғандырған мәселелер алдағы уақытта шешімін тапқанын қалар едік. Тек, сонда ғана күй шеберінің рухы риза болар еді-ау деген ой басым түсе береді.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
Суретте: Тұяқберді ШӘМЕЛОВ.