Спорт • 16 Мамыр, 2019

Әйгілі бапкер альпинизм тарихы жайында әңгімеледі

1184 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қалалық альпинизм федерациясы «Қазақстан альпинизмінің тарихы» атты тақырыпта дәріс оқуды жақсы бір дәстүрге айналдырды. Бұл жолы КСРО-ға еңбек сіңірген жаттықтырушы, 40 жылдан аса уақыт бойы әскерилердің спорт клубы мен Қазақстан құрамасына жетекшілік еткен білікті бапкер Ерванд Ильинский Қазақтың Спорт және туризм академиясының студенттерімен кездесіп, әлемнің ең биік шыңдарына шыққан қазақстандықтар жайында әңгіме қозғады.

Әйгілі бапкер альпинизм тарихы жайында әңгімеледі

– Қазақстан альпинизмінің бұрыннан келе жатқан тамаша тарихы бар. 1936 жылы Евгений Колокольников жетекшілік ететін «Динамо» командасы алғаш рет Хан Тәңірі шыңын бағындырды. Сол кездері бұл үлкен табыс еді. Содан кейін-ақ отандық альпинистердің санасында Гималайға сапар шегіп, Эверестке шығу туралы ой қылаң берді. Белсенді топ Гималайға КСРО-ның алғашқы экспедициясын ұйымдастыруға бірнеше мәрте әрекет жасады. Ақыры 1982 жылы сол жоспарды жүзеге асырып, КСРО құрамасы Эверестің оңтүстік-шығыс бағытымен жүріп өтті. 1989 жылы Кеңес Одағының екінші экспедициясы Канченджангуды бетке алды. Егер бірінші сапарда Қазақстанның бес өкілі болса, екіншісінде санымыз тоғыз адамға дейін жетті. Яғни, жерлестеріміз сол команданың 30 пайызын құрады, – дейді Ерванд Ильинский.

1991 жылы Қазбек Валиев пен Ерванд Ильинскийдің жетекшілігімен құрамында 10 альпинисі бар Қазақстанның дербес экспедициясы алғаш рет Дхаулагриге көз тігіп, қосымша оттекті пайдаланбастан сол таудың батыс бөктері жағынан діттеген жеріне жетті.

1995 жылы Валиев Манаслу экспедициясын басқарды. Қыс мезгілінде сегіз адам биіктігі сегіз мың метрден асатын шыңға оттексіз шықты. 1996 жылы Қазақстан мен Жапонияның бірлескен экспедициясы Чо-Ойюға көтерілді. 1997 жылы Ильинскийдің жетекшілігімен 10 адам сол беткейді бетке ала отырып, Эверестке көтерілді. Солардың арасында Қазақстандағы алғашқы әйел Людмила Савина да болды. Осы спортшы ғана оттек құрылғысын пайдаланды.

2000 жылдардың басында айтулы бапкер жастардың жаңа командасын жасақтап, Гималайға сапарын қайта жалғастырды. Сол кезден бастап ешкім де оттекті пайдаланбайтын болды. Денис Урубко, Мақсұт Жұмаев және Василий Пивцов сынды саңлақтар әлемдегі ең биік 14 шыңнын барлығын бағындырды. Оларға дейін небары 12 адам ғана қосымша оттек пайдаланбай-ақ сол межеге жеткен еді. 

2011 жылы қазақстандық альпинистер ең бірінші болып «биіктігі сегіз мың метрден асатын әлемдегі ең биік шыңдарға шығу» бағдарламасын ойдағыдай жүзеге асырды.