Жамбылдың белгісіз айтыстары
Бейсенбі, 28 ақпан 2013 7:23
Әлем әдебиетінде әлі күнге дейін көп айтылса да тиянақты, терең зерттелмеген мәселелердің бірі – суырып салма ақындар шығармашылығы. Бір қарағанда, қазақ пен қырғыз әдебиетінде айрықша орын алған, халықтың рухани өмірінде өшпес із қалдырған осы өнер иелері жайында аз айтылмаған сияқты. Алайда іс жүзінде шындық басқаша…
Бейсенбі, 28 ақпан 2013 7:23
Әлем әдебиетінде әлі күнге дейін көп айтылса да тиянақты, терең зерттелмеген мәселелердің бірі – суырып салма ақындар шығармашылығы. Бір қарағанда, қазақ пен қырғыз әдебиетінде айрықша орын алған, халықтың рухани өмірінде өшпес із қалдырған осы өнер иелері жайында аз айтылмаған сияқты. Алайда іс жүзінде шындық басқаша…
Неге бұлай деген сауалға жауап іздегенде, объективті екі шындық айқындалады. Біріншісі – көшпелі елдер мәдениеті Батыс дүниетанымы, идеологиясы тұрғысынан үстірт тексерілсе, кеңес идеологиясы бұл тарапта жүйелі де объективті зерттеу мүмкіндігін шектегені есімізде. Соның салдарынан төл әдебиетімізді басқа түгіл өзіміз әлі тереңдеп тани алған жоқпыз. Мәселен, Асанқайғы, Қазтуғаннан бастап, бертінгі Жамбыл, Исаға дейінгі ауызша әдебиет халық тарихында, рухани өмірінде, ұлттық психологияда, ұлттық-көркемдік ойды қалыптастыру мен нығайтуда, мемлекеттілігімізді, ұлтымызды сақтауда қандай қызмет атқарды, қадір-қасиеті қандай деген сауалдарға қанағаттандырарлықтай жауап табу қиын. Өйткені, зерттеулер негізінен ауызша әдебиетті тудырушы тұлғалардың өмірбаяндары мен шығармаларының мазмұнына, жекелеген көркемдік сипаттарын пайымдауға бағытталды. Сөйтіп, сол сипаттардың түзілуі мен нығаюына, тарихи мән-маңызына қандай факторлар әсер етті, халықтың рухани әлеуетіне қаншалықты ықпал жасады деген сауалдар қаға берісте қала берді. Бұл мәселелерге айрықша назар аударылып, шын мәніндегі ғылыми-зерттеу нысанына айналмайынша, тарихымызды да, бүгінгі болмысымызды да, әлемдік аренадағы өз мүмкіндігімізді де болжау мен мөлшерлеу қиын.
Ауызша әдебиет шығармасын жаралған, жарыққа шыққан сәтінде ешкім де жазып алмауы, әлем әдебиетінің қандай жазба туындысынан да олқы түспей, иығы асып тұратын шырқау кезеңдеріндегі бастапқы қайратты қалпында бүгінге бұлжымай жетпеуі олардың сапасына әсер етпей қойған жоқ. Ақындар тек айтушы ғана емес, жырлап таратушы, кейінгілерге жеткізуші қызметін де атқарған. Дегенмен, жылдар өткен сайын куәгерлер азайған соң, кейінгі буын өкілдерінің шығарманы нақ алдыңғы буын сияқты сол қызуымен, әу бастағы бояуымен жеткізуге ықыласы кеми беретіні – өмірдің шындығы. Көлемді туындылар түгілі жекелеген сөздердің өзі бұрмаланып, кейінгі ұрпаққа мүлдем түсініксіз болатынын да көріп жүрміз. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысындағы Аягөзді елдің бәрі біледі. Неге олай аталған деген сұраққа көңіл көншірліктей жауап табыла қоймайды. Дұрысы – профессор Есмағамбет Ысмайыловтың мақаласында айтылғандай, «Аюгөз» болуы керек. Ресей адамы үшін «Аюгуз» деп атаудан гөрі «Аягуз» деп айту әлдеқайда жеңілірек.
Бір сөз, бір атаудың өзі жылдар өте келе адам танығысыз өзгерсе, ауызша әдебиет шығармасы туралы шындықты білу одан да қиынға түссе керек. Мәселен, Әсет пен Ырысжанның, Түбек пен Құлмамбеттің, т.б. бірнеше нұсқасы бар. Ұқсайтын да, ұқсамайтын да тұстары аз емес. Жеткізуші ақын немесе жыршының қарым-қабілетіне қарай көркемдігі де әрқилы.
Айтушы түпнұсқа дүниеге келген сәттен неғұрлым алыстаған сайын шығарманың әу бастағы қалпын тану соғұрлым қиындай беретініне ауызша әдебиеттің алыбы, дарқан дарын Жамбылдың қазақ үшін бүгінге дейін белгісіз болып келген екі айтысын оқығанда, көз жеткізу қиын емес.
Өткен жылы ғылыми іссапармен Бішкек қаласына барудың сәті түскен. Қырғыз ағайындар қазақ-қырғыз әдеби байланыстарын үнемі назардан тыс қалдырмай қадағалап жүргеніне дән риза болдық. Әсіресе, айтыс ақындары айтарлықтай зерттелген екен. Ғылыми еңбектердің арасынан, ақындардың кітаптарынан қырғыз-қазақ ақындары айтыстарының жекелеген мысалдарын ұшырастырдық. Біздің қолымызға түскені – Жамбылдың Балықпен, Молда Бағышпен айтысы. Екеуін де толыққанды, ақындар армансыз көсілген көлемді айтыс деп айту қиын. Оның үстіне арада көп уақыт өткендіктен болуы керек, бүгінге жеткен нұсқа Жамбылдың да, Балықтың да дәл сол сәттегі сөзі деуге келмейді. Алайда, «жоққа жүйрік жетпейді», барға қанағат, деп, оқырман қауымға ұсынуды жөн көрдік.
Алдымен, Балық туралы айта кетейік. Жамбылдың, Сүйінбайдың, Шөженің, Құлмамбеттің, т.б. қазақ ақындарының қырғыз елін аралағаны жайында аз айтылған жоқ. Әсіресе, Жамбылдың революцияға дейін де, одан кейін де қырғыз арасына талай барғаны, кейде бір-екі жыл бойы тұрғаны жайында да мәліметтер бар. Балық, Найманбай, Мұраталы, т.б. қырғыз ақындарымен дос болған, қырғыз жырларын, «Манасты» айтқаны да тарихтан белгілі.
Бірде қырғыздың атақты ақыны, әйгілі манасшы Балықпен қағысып қалғаны қырғыз ғалымы, Қырғызстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Батма Кебекованың зерттеуінде айтылады. Балық (1799-1887) – қырғыздың атақты манасшысы. Кезінде қырғыз эпосы «Манасқа» байланысты талас-тартыстар туған кезде Мұхтар Әуезов қырғыз фольклоры мен ауызша әдебиетін жете зерттеген. Бүгінде біз «авторлық ауыз әдебиеті» деп жүрген саланы кезінде Мұхаң «ауызша әдебиет» дегені назар аударарлық. М.Әуезов қырғыздың манасшыларын тыңдаған, салыстыра зерттеген болатын. Осындай жүйелі, зерделі зерттеулер барысында қазақ пен қырғыз фольклорындағы, ауызша әдебиетіндегі үндестіктерді, сабақтастықты, өзара ықпалдарды анық байқаған еді. Осы орайда Жамбылдың Балықпен айтысын да атап кетеді.
Ә.Тәжібаев, Е.Ысмайылов сияқты әдебиетіміздің айтулы қайраткерлері де екі ақынның айтысқанын еске алады. Алайда, өз кезінде жазылып алынбағандықтан, жоғалған қазыналарымыздың қатарында қалып, «әттегене-ай» дегізетін.
Б.Кебекованың зерттеуінше, айтыстың ұзын-ырғасын қырғыз ақыны Ысмайыл Борончиев 1936 жылы Ала-Аршаны аралап жүріп, Күнту руының бір қариясынан естіген. Айтыс Е.Ысмайылов шамалағандай, 1870 жылдары өткен болуы керек. Ы.Борончиевтің айтуынша, «Айтыш Байтиктин баласы Байсалдын үйүндө өтүп, анда Байтик али тири болот (Ал 1886 ж. өлөт. –Б.К.), балким, манаптын өзү айтышууга шыкак (шыкак – қазақша түрткі, дем беру, қайрат беру, қозғау салу – Б.Ы.) бергенби, ким билсин. Бирок узак ырдашпаптыр. Балык баштап ырдап, Жамбыл орундуу жооп кайтарып, өнерлөшүн ұяткарып, айтышты узатпай токтотот. Мында бир эсиңе сала кетүүчү нерсе айтушуунун да өзүнүн жол-жобосу, эрежеси болот. Сөз кадырын билген акын токмок жесе де, токтобогон боз балдардай болбой, сөзүнөн карматып койгонун сезгенде, каршысына жооп бербестен, айтышты узартпай токтотуп коет. Ага болбой чанжырай берсе, сөз кадырын да, өз кадырын да кетирет. Бул айтышта бек тутула турган эреже»(Б.Кебекова. «Кыргыз елинин каада-салт ырлары». Бишкек, 2001, 143-бет).
Айтысты Балық екпіндетіп бастап жібергенімен, жас болса да айтыстың «айқасына» түсіп үлгерген, «шайқасында» шыңдалып қалған Жамбыл Балықтың осал тұсын бірден аңғарып, әзіл-шыны аралас уәжін түйдектетіп, төгіп жібергенде, «Байтык колу көтөрүп: «Токтот ырыңды, Балыгым, сөздү улантууга болбой калды» дегенде, ал: «Баатыр, өзүм да байкап турмун. Жамбыл сөзге катуу жыгып кетти. Алла таала өмүр берсе, ырчылықтан баар табарсың, Жамбылым. Найманбай экөөң бириңди бириң кадырлап, тизгиндешип ырдап өткүлә», – деп батасын берет.
Найманбай (1847-1913) – Балықтың ұлы, қырғыздың әйгілі манасшыларының бірі. Әке сөзін кейін болса да естіген Найманбай қанша ақындармен айтысса да, Жамбылмен бәсекелеспеген екен. Арада 130-140 жылдай өткен соң ғана туған еліне оралған Жамбыл мен Балықтың айтысының қазақша нұсқасын оқырмандарға ұсынуды жөн көрдік.
Балық:
Жамбылым, жастығыңа мас болмағын,
Басыңды қаси беріп таз болмағын.
Алдыма ешбір ақын шыққан емес,
Мойныма шалма салып, жыққан емес.
Әліңді біл мастанба, жыршы балам,
Бекерден шоң ақынға қас болмағын.
Тәңір қолдап, өзіме сөзді берген,
Қыдыр дарып, жырла деп құшақ керген.
Азуым – құрыш, арқа-белден тістеп салам,
Ашуыма тие берсең, пішіп салам.
Балыққа тиісем деп, сорлы жігіт,
Бағаң кетіп, көп ішінде пәс болмағын.
Жамбыл:
Балық аға, айтқан сөзің тантық болды,
Жерге сіңбес қара батпақ шалшық болды.
Жастығым көкірегімді ерітеді,
Жырларым тау желіндей сергітеді.
Балық аға, болмас кептің басын шалдың,
Көпшілік баға берер, қалқып қалдың.
Апыр-ай ақылыңнан алжастың ба,
Неліктен піштіргенге назар салдың?
Егер де мал шіркінді көксеп жүрсең,
«Алып кел», – деп нашардай білек түрсең.
Қордайдың белін асып келе қалғын,
Қазақтың таналарын жиып берем.
Шоң ақынның ақысын жемек пе едің,
Көп ішінен қозы-лақ қайыр берем.
Балаңмен, Балық аға, жастас едім,
Найманбай айтысқа түссе, қашпас едім.
Жырыңды естіп, көңілді ойға келдім,
Атан түйе тайраңдап, мас болған ба?
Өзінің ақ сақалын сыйламастан,
Тайлақ түйеге жанасып, дос болған ба?
Шағын айтыстан қазақшаға Тезек төре секілді Бәйтіктің де айтыстың жөн-жүйесін, сөз қадірін, ақынның алымын білумен бірге өз қырғызы – әйгілі ақын, манасшы болса да, бүйрегі бұрмай, әділетін айтуы сүйіндіреді. Сол сияқты, Балықтың да сөзге тоқтап, жеңілгенін мойындауы айтыстың жазылмаған ережесін жете біліп бағынатынын, сол кезеңде аспанға шырқаған айтулы өнердің қадіріне жетіп құрметтегенінің де, белгілі бір деңгейде рухани мәрттігінің де куәсі.
Оқырмандарға ұсынылып отырған Молда Бағышпен айтысы да бұған дейін Жамбылдың жинақтарына енбеген.
ЖАМБЫЛ МЕН МОЛДА БАҒЫШТЫҢ АЙТЫСЫ
Жамбыл:
Келіпсің қазақтардың даласына,
Жат емес, бауырластар арасына.
Қай жердің қырғызысың жүдеп-тозған,
Жансың ба абақтыдан қашып-пысқан?
Киімің жыртылыпты, өзің арық,
Неліктен, бауырым-ай, болдың кәріп?
Азапқа сені кімдер салған екен,
Әзіргі көрген дүниең жалған екен.
Қазақ пен қырғыз өзі бір туған ғой,
Қалсайшы, өткерелік бір үлкен той.
Ерткен келіншегің қазақ екен,
Ақсүйек екен, адаспай қарма бекем.
Төскейде малы жатса араласып,
Төсекте басы бірге бауырласып.
Атыңды естіп қалдым тұрған елден,
«Жыр айтқан бір өзгеше сабаз екен».
Басыңнан не іс өтті, айтып бергін,
Арнайы даңқыңды естіп қайтып келдім.
Қазақтың кең даласын аралағын,
Сүйінбайдай әуендетіп сабалағын.
Үлкенмін бірталай жас өзіңнен мен,
Қазақ пен қырғыз үшін жырлап келгем.
Молда Бағыш:
Қазақтың келіп қалдым қаласына,
Кеңпейіл бейне қырғыз арасына.
Өмірден көп жамандық көріп келдім,
Тигім жоқ өткен күннің жарасына.
Абақтыдан келемін жаяу-жалпы,
Тоқтағұл өткен екен осы жолды.
Түрменің не екенін ескермеппін,
Жүріппін масайраумен оңды-солды.
Киімім түгел жыртық, өзім арық,
Жаяулап, азап шегіп болдым кәріп.
Жазықсыз жазаланып жаттым жылап,
Жаным да жабырқады әбден сыздап.
Қазақтан жәрдем алдым иба қылған,
Қазақ пен қырғыз үшін жырлап тұрам.
Қалар ем туған елім күтпегенде,
Қалың ел қалқан болар зор келгенде.
Көп жылдар кісендеулі жаттым шыдап,
Орыстан қорлық көрдім әбден қурап.
Жамбыл:
Орыстың қорлығын көп біз де көрдік,
Еліміз қырылысып, сан шабысып.
Бір-бірін сатады да, шабады да,
Қинасып, мазақтасып, арпалысып.
Барлығы өтер-кетер қайырылмай,
Бағышым, күшің жина, қайрат қылғын.
Барарсың Алатауыңа аңсап күткен,
Өз елің қазағыңа құрмет қылғын.
Түрменің қиындығы шығар естен,
Сабыр қыл, өз-өзіңді ұста бекем.
Талайлар жылап-күліп өткен екен,
Мен сені өз бауырымдай жақын көрем.
Жүр бірге, ауылыма алып кетем…
Молда Бағыш:
Рахмет пейіліңе, қазақ бауырым,
Көп болды мұндай сыйды көрген жоқпын.
Қазақ пен қырғыз екеуі бір туған ғой,
Ел-жерің менен есен-аман болғын.
Бұл шығарма айтыстан гөрі амандасуға, қара сөзден гөрі өлеңмен «сөйлеу» ақындық дағдыға айналып, оң ықылас, ақ пейілін білдіруге ынталы шақта ағытылатын өлеңмен сұхбаттасуға көбірек ұқсайды. Қазақ атын жер-жаһанға кезінде дауылпаздай саңқылдап таратқан өлең алыбы, өнер алыбы Жамбыл шығармашылығының бір ескерткіші дейміз бе, өнері мен өмірі өзімізбен туыстас қырғыз елінен алып келген тәбәрік әлде базарлық дейміз бе, қалай болғанда да қастерлі қазына ғой деп, қаймағын бұзбай, қалың оқырманға ұсындық.
Бір ескерерлігі – екі шығарма да әу бастағы қалпынан, қаншалықты екенін айта алмаймын, әйтеуір көп алыстаған. Жамбылдың төгіліп тұратын, ырғақтан жаңылмай үдей соғатын екпінді шабысының жұрнағы ғана қалған деп айтуға да болады. Алайда, әр сөзі алтыннан ардақты әдебиет алыптарының әрбір жаңа туындысы Батыста сенсация ретінде бағаланатынын білгендіктен, Жәкеңді өз елі де қуана қарсы алар деген сеніммен қолға қалам алған едік.
Бекен ЫБЫРАЙЫМ,
Абай атындағы ҚазҰПУ Жамбылтану және халық
ақындары ғылыми-зерттеу институтының директоры,
филология ғылымдарының докторы, профессор,
Халықаралық Ш.Айтматов академиясының академигі.
АЛМАТЫ.