Ескерілмей жүрген бір есім
Сенбі, 2 наурыз 2013 8:33
Халық тарихындағы үлкен бір дәуір, әсіресе, соңғы 300 жылдан астам уақыт Ресей империясына қараған жылдар үлесіне тиетіні белгілі. Осы кезеңдердегі келіп-кеткен бірнеше ұрпақтың тыныс-тіршілігі, тұрмыс-талайы патшалық Ресей тұсында да, одан кейінгі кеңестік қызыл идеология үстемдік құрған кезеңде де біржақты империялық мүдде тұрғысынан бұрмаланғаны мәлім.
Сенбі, 2 наурыз 2013 8:33
Халық тарихындағы үлкен бір дәуір, әсіресе, соңғы 300 жылдан астам уақыт Ресей империясына қараған жылдар үлесіне тиетіні белгілі. Осы кезеңдердегі келіп-кеткен бірнеше ұрпақтың тыныс-тіршілігі, тұрмыс-талайы патшалық Ресей тұсында да, одан кейінгі кеңестік қызыл идеология үстемдік құрған кезеңде де біржақты империялық мүдде тұрғысынан бұрмаланғаны мәлім.
Айталық, азаттық жолындағы күрестерге де, еркіндік үшін болған ұлттық көтерілістерге де кеңес саясаты басқаша сипат беріп келді. Тіпті, кейде ондай қозғалыстарды құпия түрде тұншықтырды. Сол тұстарда патша өкіметі саясатына қарсы шығып, қол бастаған батырлар, ел бастаған көсемдер мен сөз бастаған шешендер басбұзар, бүлікші, қарақшы, қанішер, бұзық, ел арасына от жағушы, атаққұмар, лаңкес, тыңшы, қоғамға жат элементтер ретінде сипатталып, олардың халық алдындағы абырой-беделін мейлінше төмендетуге тырысты.
ХІХ ғасыр басынан бері азаттық үшін, еркіндік үшін қаншама жылдарға созылған толассыз күрестер, қарулы қақтығыстар, жойқын соғыстар болды десеңізші. Сол тұста Ташкент шаһарында болған осындай алғашқы ашық көтерілісті Молда Қошық датқа басқарады. Бұл кезде Молда Қошық қаланың 12 қақпасына қойылған әскери күзеттің басшысы қызметін атқарған. Ол Ташкент бегі Қанағатшах пен Қоқанның Құдиярдан кейін болған ханы Мәлләбектің қарапайым халыққа жасаған зорлық-зомбылықтарына қарсы екі мыңдай қала тұрғыны мен жеті жүздей қаруланған сарбаздарын көтеріп, ашық шайқасқа шығады. Олар құшбегінің салтанатты сарайын бірнеше рет тас-талқан етті. Нәтижесінде, Ташкенттің Бесағаш, Қаймас, Жолбарыс, Қоқан, Қашқар, Ләбзак, Қарасарай, Сағдат, Шағатай, Көкше, Самарқан, Қамалан секілді 12 қақпасын түгелдей қоршауға алып, Қанағатшахты он күн тұтқында ұстайды. Сөйтіп, залым басшыны бүкіл елдің көзінше аяғына жығылтып, жиылған қала халқынан, қалың көпшіліктен кешірім сұратады. Оған қолына құран, нан ұстатып, әрқайсысын үш-үш реттен сүйгізіп, бұдан былай жазықсыз момынды жазаламауға, кінәсіз жандарды айыптамауға Алла атымен ант еткізіп, сол жерде елдің талабын орындатады. Бұл жайында шымкенттік қаламгер Момбек Әбдәкімұлының тарихи оқиғаларға, мұрағат деректеріне негізделген «Естемес би» романының «Тәшкенде Молда Қошық көтеріліс бастады» деген бесінші тарауында егжей-тегжейлі баяндалған. Мұнда Молда Қошықтың Бұхарада жеті жылдық «Мір-Араб» медресесін бітіргені, оның дін іліміне өте жетік адам болғаны, орыс тілін еркін меңгергені, Құдияр ханның тұсында Ресейде екі жыл елші болып қызмет еткені, Ташкент даруғасы болғаны, ал Ташкент көтерілісінен кейін хан әскерінің бас қолбасшысы (әмір-ғаскер) болғаны айтылады.
Академик Серік Қирабаев «Егемен Қазақстан» газетінің 2009 жылдың 9 қаңтарында жарияланған «Естемес би» атты мақаласында Молда Қошық датқаның жанқиярлық ерлігін, асқан көрегендігін, әскербасылығын, жалпы, жан-жақты дарындылығын ерекше атайды. Ол осы орайда: «Қоқан хандығының билігі – оңтүстік қазақтарының отаршылдықта көрген қиянатының ең бір сорақы беттері. Адамды кісілік қасиеттерінен айыратын, азаматтың жазықсыз қанын төгетін, әйелдерге деген зорлықтың неше түрлі айуандық түрлерін қолданған, қолындағысын тартып алып, жалпы жұртты зар еңіреткен жендеттік тәртіп орнатқан бұл хандықтың сыры тарихтан белгілі», – деп түйін жасайды.
Молда Қошық датқа Қоқан бектеріне, орыс отаршылдарына қарсы күрестерді басқарғаны, Сыздық төре, Рүстембек өзбек үшеуі бірігіп шеп құрып, Ташкентті генерал М.Г.Черняев шапқыншылығынан қорғауға белсене қатысқаны, Шымкент шаһары үшін (1864 жылғы 14, 15, 16 шілдеде), Иқан жеріндегі (1864 жылғы 4, 5, 6 желтоқсандағы), Алматы маңындағы Ұзынағаш түбінде (1860 жылдың күзінде, дәлірек айтқанда, 21 қазанда, болған орыс отаршыларымен болған сұрапыл шайқастарда қол бастағаны бірқатар тарихи құжаттарда аталады. Ол – Сыпатай, Сұраншы, Тайшық, Сыздық төре, Тойшыбек, Байсейіт, Байзақ секілді, т.б. ел қорғаушы батырлармен бірге қолбасшы ретінде жанқиярлық ерліктерімен көзге түсіп, үлкен абыройға бөленген аса көрнекті тұлға. Ол халық арасында батырбасы, ләшкербасы, датқа, молда-би деген аттармен белгілі болған.
Бұл жайында, яғни Қоқан ханының қыспағы туралы және орыс отаршылы Н.А.Веревкиннің сойқан соғыспен Түркістанды жаулап алғанын Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы «Қазақ» газетінде 1913 жылы былай деп жазыпты: «…Түркістан халқы 1864 жылы тағы да Қоқан хандығынан бөлінуге талаптанып қараса да ретін таба алмайды. Ақырында көптен бір ханның қол астында белгілеп орныға алмай тұрған Түркістанды 1864 жылы 12 шілдеде соғыспен орыс полковнигі Веревкин алыпты. Сол жолы Түркістанды орысқа бермеу үшін хан Абылайдың шөбересі, Кенесары ханның баласы Сыздық төре де соғысқан екен…».
Орта Азия аймағындағы, әсіресе, Ташкент, Шымкент атырабындағы орыс отаршылдарына қиян-кескі қарсылықтар мен қарулы көтерілістердің, елдің жаппай наразылық-толқуларының жиі-жиі қайталануы, олардың басшыларының шынайы елжандылық іс-әрекеттері Ресей патшасы мен басқа да шетелдерді алаңдата бастайды. Мұны император ІІ Александр өзінің Түркістан өлкесіндегі сенімді өкілдерінен, олардың ресми мәлімдеме жазбаларынан біліп отырды.
Түркістан аймағын уыстан шығарып алмауды ойлаған патшалық Ресей аса сақтықпен отарлау саясатының қитұрқы жоспарларын жасап, айла-тәсілдерін түрлендіріп отырған. Бұл жөнінде ІІ Александр патша көп ойланып, көп толғанып, өзінің досы, Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы К.П.Кауфманмен ақылдаса келе, аймақтың атақты адамдарын, елдің бетке ұстар беделді басшыларын, датқаларын сол кездегі Ресей астанасы Петербургке шақыруды, сөйтіп, оларға сый-құрмет көрсетуді, солайша олардың көңілін табуды жөн санайды. Сондай амал арқылы толқып тұрған елдің наразылығын басуды, жұрттың қарсылығын тоқтатуды, аймақтың тыныштығын сақтауды, дипломатиялық айламен отарлауды ойластырады. Бұл ресми шақыртуға Орта Азиядағы түркі жұртынан жеті адам лайықты деп табылады. Олар – қазақ даласының бес датқасы, атап айтқанда, ең алдымен, аталған өкілдердің басшысы ретінде Молда Қошық датқаны, Момынбек датқа, Әкімқұл төре, Құдайберген датқа, Қоныс датқа, өзбектен Марқа қази, қырғыздан Бәйтік датқа сынды түркі ұлысының атақты игі жақсылары мен беделді адамдары болды.
Петербургке барған алғашқы күні оларға ұлы императордың өзі қонақасы беріп, құрмет көрсетеді. Салтанатты дастарқан басында Молда Қошық ақ патшаға: «Мұндай жайды біз айтпасақ, кім айтады? 1863-1864 жылдары генерал Черняев отряды Қоқан бекіністері – Созақ, Түркістан, Әулиеата, Шымкент, Шолаққорғанды басып алды. Елдің күйі қайыршылық жағдайға түсті. Оның үстіне генерал әскерлерінің істегені – зорлық-зомбылық…», деп генерал Черняевтің отряды құрамындағы Веревкин жасағы Түркістанды 1864 жылы 11 шілдеде алғанын, ел ішінде үлкен дүрбелең туғызып әскери жорықтар, қақтығыстар жиілеп бара жатқанын жеткізеді. Қасиетті мекен Қожа Ахмет Ясауи кесенесін Веревкин зеңбірекпен 12 дүркін атқылағанын, өзге де қатыгездіктерді алға тартады. Император Молда Қошықтың айтқан өтініш-тілектерінің бәрін қанағаттандыруға уәде береді, орнынан тұрып, қолын алады.
Ресей императоры ІІ Александр 1866 жылы орыс әскерилері «Ташкент арыстаны» деп атаған отаршыл генерал М.Г.Черняевті кері шақырып алып, оның орнына өзінің жиені, орыс әскерінің бас штабы жанындағы Әскери-ғылыми комитет мүшесі, генерал-лейтенант Д.И.Романовскийді жібереді. Халықаралық шиеленістің ушығуына, әсіресе, Орта Азияны мекендейтін жергілікті халықтардың жаппай наразылық көрсеткен толқуларының көбейе түсуі мен ағылшындардың Түркістан жұртының жеріне қызығуына байланысты 1866 жылы наурызда М.Г.Черняев кері қайтарылып, оның орнына беделді генерал әрі патшаның туысы Д.И.Романовскийдің тағайындалуын Ресей әскери мұрағаттарының құжаттары дәлелдейді. Бұл сөзімізді халық батыры, ақын Мәделіқожа Жүсіпқожаұлының:
Тамдыға Қазалыдан отряд түсті,
Екі тау біріккендей болды күшті.
Ақ патшаның жиені князь келіп,
Екі әскер бір-біріне жолығысты…, – деген өлеңі растай түссе керек. («Түркістан уәлаяты» газеті, 25 шілде, 1875 жыл).
Қалай дегенде де, датқалардың Петербургке барғаны Түркістан өлкесі халықтарының тарихында аса жоғары мәні бар тарихи оқиға ретінде саналып, төл тарихымыздағы үлкен бір сүйіспеншілікпен, ерекше ілтипатпен аталатын, ел жадында өшпестей із қалдырған сапар болды. Бұл жайтты Майлықожа:
«Қолына бал ұстаған бармақтарым,
Дұшпанға қорғасындай салмақтарың.
Аман барып, есен қайт
патша ағзамнан,
Айдынды алаштағы саңлақтарым.
Артында жарысқанның қалмастарым,
Таңда атты жалғыз қара салмастарым.
Жүзіңді тасқа салдық, сынбағайсың,
Нар кескен аспаһани алмастарым», – деп билердің датқалармен қоштасарда айтқан сөзі ретінде береді.
Ал, Майлы ақынның жаңадан табылған «Молда Қошықтың асында айтқаны» атты жырында да осы жайтқа ол қайта тоқталып өткенін көреміз:
«Қырғызда Бәйтік, қазақта
Құдайберген,
Әкімге сөз сөйледі ыңғай жерден.
Қара қазан, сары бала қамын айтып,
Молда Қошық жұрт арызын сұрай берген», – деген төрт жол өлең отаршыл генерал М.Г.Черняев әскерлерінің Ташкентке шабуылы тұсындағы аласапыран кезеңде Молда Қошықтың Түркістан халықтарының басшылары – Мұса Мұхаммед би, ишан, Әкімқожа ишан, төре Қожа ағзам, Төртбайлармен бірге Самарқанға, Бұхара әміріне барғаны Түркістан генерал-губернаторлығы кеңсесінің қызметкері Ахмет Кенесариннің 1899 жылы Ташкентте шыққан «Кенесары және Сыздық сұлтан» атты еңбегінде аталады.
Даңқты датқаның ержүрек күрескерлік қасиеттері біз мақала барысында келтірген еңбектерден бөлек, академик Н.Н.Веселовский жазып алған «1853-1865 жылдары Түркістан өлкесіне Ресей әскерінің жасаған басқыншылығы» атты еңбегінде, Қалыбай ақын Мәмбетұлының орыс әскерлерінің шапқыншылығын жыр еткен дастанында, Майлықожа ақынның «Алладан пайғамбарға келген аят», «Қараның өтті хандары», «Датқалардың Петербор барғаны», «Құйрығын айдаһардың қайдан бастың?», «Қолыма қағазбенен алдым қалам», «Майлықожа ақынның датқаларды мақтау сөзі», «Молда Қошық датқаның асында айтқаны», «Қошық датқаның баласы Нарбекті жоқтағаны» атты жырларында кеңінен көрініс тапқан.
Түркістан өлкесінің тарихын зерттеп жүрген ғалымдар, тарих ғылымдарының докторы С.Сайфумәлікованың «Орталық Азиядағы Сырдария, Закаспий облыстарының қазақ тұрғындары: саяси-экономикалық аспектілері», тарих ғылымдарының докторы А.Махаеваның «Тойшыбек би және оның заманы», заң ғылымдарының докторы, профессор Ә.Стамқұлұлының, белгілі әдебиетші-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Ж.Дәдебаевтың «Атыңнан айналайын Әулиеата», тарих ғылымдарының кандидаты З.Жандарбековтің «Зар заманның бір ақыны – Майлықожа», Мекембай Омарұлының «Шанышқылы шежіресі», Момбек Әбдәкімұлының «Қараман қарақшы», филология ғылымдарының кандидаты С.Өмірзақов пен М.Миразовтың «Шанышқылы Мыңбай кәл» атты еңбектерінде Молда Қошық датқаның әз есімі, ардақты аты ыстық ықыласпен еске алынады.
Ал Ресейдің әскери тарихшысы, генерал-лейтенант М.А.Терентьевтің «Орта Азияны жаулап алу тарихы» (1906 ж.) атты үш томдық көлемді еңбегінің жаңадан қайта басылған нұсқасынан да еліміздің қоқандық дәуіріне байланысты көптеген құпия деректер, құнды мәліметтермен бірге «Батырбасы» деген сөзді қолдана отырып, анық айғақтар келтіреді. Бұл маңызды еңбектің танымал кинорежиссер Сергей Әзімов, Ұлттық кітапхана директоры Гүлниса Балабекова, мұнайшы, инженер-геолог Балтабек Қуандықов, тарих ғылымдарының докторы, академик Болат Көмеков, Президент сыйлығының иегері, белгілі баспагер-қаламгер Мереке Құлкенов бастамашылдығымен шыққанын алғыс сезіммен атағанымыз жөн.
Майлықожа ақынның шығармашылығын өмір бойы зерттеп-зерделеген әдебиетші-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Әсілхан Оспанұлы жоғарыда айтқан датқалардың Петербург сапарындағы Молда Қошықтың ересен ержүректілігін, қайсар қайраткерлігін: «Орта Азия ел-жұртының сөзін ұстай барған бұл адамдардың патша сарайындағы қабылдауда елдің елдігін көрсететін халықтық салт-дәстүрлердің, шаруашылық қалыптың, ұстанған дінінің қысым көрмеуі турасындағы тілек-талаптарын қысылмай-қымтырылмай айта білген Молда Қошық халық қамын ойлаған жұрт жоқшысы санатында көріне алған…», – деп жоғары бағалайды. Зерттеуші тұжырымы орынды. Өйткені, Молда Қошық жастайынан өз өмірінің басты өлшемі етіп, елін-жерін шексіз сүюді, оған қалтқысыз қызмет етуді, қажет болса сол жолда жанын пида етуді мақсат еткен. Оған оның медресе бітірерде ұстаз алдындағы емтиханда құран сүрелерін оқыған соң, жасаған терме өлең тәсіліндегі тілек-батасы дәлел бола алады: «Я Алла! Тилауатүл құран, салауатүл иман, − деп алақан жайып: – Оқыған дұға қабыл боп, Алламызға жеткейсің. Дұғамнан келген бар сауап, Мұхаммедке нұр сепкейсің. Алланы бір деп таныған, Тәңірге дара табынған, Барша мұсылманға дарысын. Алақан жайған қауымға, Нұры жаусын иемнің. Молда Қошық атанып, Еріп кетті сүйегім. Осы ат маған бақ болсын, Қарсы шапқандар жоқ болсын. Мұсылман даңқы дүрілдеп, Естіген халқым шат болсын. Уа, тәңірім жаратқан, батамды осы қабыл ет, Хазіретім әркез жастарға, ілім шырағын жағып өт. Екі дүниемізді абат ет, Жүрегімізді жалын ет. Аллаға басты иейік, Халықты әркез сүйейік. Қызмет етейік ел үшін, Жолымызды жарық ет. Әумин, Аллаһу әкбар!».
Бұл бата-тілек азан шақырып қойған «Қожық» аты (ұстазының өзгертіп айтуымен) Молда Қошыққа айналған шәкірттің еліне берген сертіндей, халқының алдында қабылдаған антындай әсер қалдырады. Өлең жолдарымен берілген сырлы сөздерден болашағынан мол үміт күттіретін қайсар да қажырлы азаматтың, өз Отанын, туған елін сүйген ғазиз жанның биік ақыл-парасатын байқаймыз.
«Туркестанские ведомости» газетінің 1883 жылғы 8 қарашадағы №44 санында: «Бұрынғы жағдайларға қарағанда Ташкент пен құрамада (уезде – Б.С.) екі халық – қазақтар мен сарттар әрқашан қақтығысып отырды. Анағұрлым өркениетті элементтер – сарттар қу, әрқашан рухани деңгейі жағынан басымдау еді. Алайда, күш-қуаты жағынан қазақтар үстем болды. Өйткені, олардың жағында қазақ даласынан келген құрама елін құрайтын келімсек-кірмелер – жүздер, қарақалпақтар, қырғыздар, т.б. болды. Мұнда қазақтар басым түсіп отырды. Ташкентті басқарудың билігі Молда Қошық деген бір қазақтың қолында еді…», – деп жазады мақала авторы Н.Ульянов. Сол секілді мақалада Ташкент қаласының қақ ортасын жарып ағатын Дархан арық атты өзеннің сол жылдары «Қошық арық» аталғаны айтылады. Бұл арықты Молда Қошықтың ұйымдастыруымен сол жерді мекен еткен Дархан руының адамдары қазғанын оның бүгінге дейін «Дархан арық» аталуы дәлелдейді.
Ал орыс тарихшысы А.И.Добросмыслов та 1912 жылы шыққан «Ташкент в прошлом и настоящем: исторический очерк» атты кітабында 1868 жылғы ұйымдастыру комиссиясының ұйғаруы бойынша Ташкент қаласы аумағы Зақарық пен Шыршық өзенінің ағысынан Қойлыққа дейінгі аралықта, оң жағынан Күркілдек арықтан Бозсу бойындағы Қаратөбе сайына дейін, Зақарық пен Құдабай бидің елі орналасқан Керегетас сайына, Шанышқылы биі Молда Қошықтың Шалта сайына дейін белгіленгенін атайды.
Кейіннен 1870 жылдары осынау бір тайпа елді бастап апарып, қазіргі Сарыағаш шипажайы тұрған Дархан елді мекеніне орналастырған Молда Қошық датқа екенін тарихи шығармалардан оқып, көнекөз қариялардан талай естігенбіз. Мұны аталған газеттегі жарияланымдар да дәлелдеп отыр. Ал бір жарым ғасырдан астам уақыттан бері жер астынан тынбай атқылап шығып жатқан шипалы су сол замандарда бар екен. Ол суды кие тұтқан жергілікті ел ауылдың көне зиратының атын (Майлықожа жырларында бірнеше рет аталатын) «Ыссы ата» деп атап кеткен. Бұл – Молда Қошық датқа мен оның ағайын-туыс, ұрпақтары жерленген байырғы қасиетті, қастерлі мекен. Кейде осының бәріне мән бере отырып қарағанда, бір атаның балаларын – Ташкенттің дәл орталығын жайлаған Дархан ауылын сонау жылдары өзі бастап апарып, Келес бойына қоныстандыруын датқаның асқан кемеңгерлігі, шексіз көрегендігі дерсің.
Майлықожа ақынның жаңадан табылған өлеңдерінен мәшһүр шайырдың дарынды датқа отбасымен, бала-шағаларымен жақын араласқанын байқауға болады. Олай дейтініміз, датқаның асында айтқан өлең жолдарында Майлы ақын Молда Қошықтың Сарымсақ (Құдияр ханның Ташкентті билеген Сарымсақ деген ағасының атымен қойған), Нарбек, Тоғызбай, Жолшыбек (Петербург сапарына жолға шыққанда дүниеге келген), Жолдас, Үсенқұл, Қадырқұл атты жеті ұлының, Айтымбет, Ахмет (датқаның тұңғышы – Сарымсақтың ұлдары), Әбдірахман (датқаның екінші баласы Нарбектің ұлы) атты немерелерінің аттарын жеке-жеке атап, олардың әкелерінің әруағына арнап ас берген ниеттеріне қабыл болсын айтады.
«Датқаның артық еді берекесі,
Көлемді ақ бұлттай көлеңкесі.
Ат шаптырған Сарымсақ,
Нарбек батыр,
Датқаның құтты болсын мерекесі.
Аттарыңды атамай, көңіл толмас,
Датқадай ер Дарханға бінә болмас.
Әкеңіздің жиыны құтты болсын,
Тоғызбай мен Жолшыбек, мырза Жолдас», – дейді Майлықожа.
Осынау ұзақ толғау-жырда Байзақ, Сыпатай, Құдабай, Құралбай, Сапақ, Мұсабек, Қоныс, Тұрлыбек, Асқарқожа, Құдайберген, Батырбек, Қанай, Қасымбек, Төртбай, Шоқай секілді тағы басқа қазақ өлкесіндегі, сондай-ақ, барша Түркістан жұртындағы (қырғыз Бәйтік т.т.) ел бастаған көреген көсемдердің, сөз бастаған би-шешендердің, қол бастаған баһадүр батырлардың есімдері аталады:
«Қожада Асқар, жандарда Сапақ еді,
Мұсабекті батыр деп атап еді,
Азбен жүріп, топ жиған дәу Сыпатай,
Молда Қошық солардың қатары еді.
Жыр-толғау үзіндісіндегі аттары аталған адамдардың қай-қайсы да қазақ тарихынан, халық жадынан, ел есінен ерекше орын алған тарихи тұлғалар.
Толғау өлеңде Майлы ақын Батырбасы, оның отбасы ғана емес, бүкіл елдің күнделікті тұрмыс-тіршілігінен, олардың өмір сүрген кезеңінен, былайша айтқанда, тұтас бір дәуірдің жай-жапсарынан, бүкіл қоғамдық-саяси өмірдің тарихи-әлеуметтік жағдайынан мәлімет беретінін көреміз. Бұл ақын шығармашылығының өзіне тән ерекшелігін, алған тақырыптарының өзектілігін танытады әрі оның халықтық мәні мен елдік сипатын аңғартады. Осылайша, Молда Қошықтың қайраткерлігін дәріптеу арқылы мәшһүр ақын датқаға жауһар жырлардан ұрпақтан-ұрпаққа, ғасырдан-ғасырға жететін мәңгілік ескерткіш орнатты дей аламыз.
Жетісу генерал-губернаторы Г.А.Колпаковскийдің жергілікті жоғары билік өкілдеріне: «…атақ-даңқтан да жұрдайсыздар. Былайша айтқанда, аттарыңыз мұқым елге белгілі емес. Ал, жаңағы сіз айтқан Кенесары, жоқ, оны айтпай-ақ қояйын, қазіргі Байзақ, Дауыл, Тәшкендегі Молда Қошық, Сыр бойындағы Жанқожа батыр, Арыстағы Мұсабек сияқты басбұзарлардың есімдері күллі Ұлы жүзге, Арқаға, тіпті, Омбы, Орынбор сияқты біздің үлкен қалалардағы ірі лауазымды кісілерге дейін белгілі. Бұлар ғой, бүлікші ретінде белгілі. Ал сіздер, жақсы аттарыңызбен, игі істеріңізбен неге бүкіл жұртқа белгілі болмайсыздар!» деп ашына сөйлеуі аталған Алаш күрескерлерінің патшалық ресми-әскери басшылардың кеңірдегіне қадалған сүйектей әбден мазасын қашырғанын, кейінгілердің олардай емес жасық болғанын білдіреді.
Соған қарағанда, Молда Қошық датқа – Орта Азия халықтарының екі мың жылдық тарихындағы Исатай, Дәуіт, Кенесары, Сыздық төре, Есет, Жанқожа, Тойшыбек, Сұраншы, Сыпатай, Мұсабек батырлар секілді, солармен қатар аталатын қастерлі есім тарихи дара тұлға екенін танытады. Мұны мұрағат мәліметтері, халық ауыз әдебиеті мұралары, сол дәуірдегі халық ақындарының жыр-дастандары, ел арасындағы тарихи аңыз-әңгімелер, бүгінгі күнгі көркем әдебиет туындылары тайға таңба басқандай дәлелдейді.
Бақтияр СМАНОВ,
педагогика ғылымдарының докторы,
профессор.
АЛМАТЫ.