Шарайна
Жұма, 4 қаңтар 2013 7:15
Актерге азаматтық беретін болды
Ресей президенті Владимир Путин танымал актер Жерар Депардьеге Ресей азаматтығын беру туралы жарлыққа қол қойды. Бұл жөнінде Кремльдің сайтында хабарланған.
Сайтта хабарлағанындай, актерге азаматтық ел Конституциясының 89-бабына сәйкес беріліп отыр. Осы бапта президент «Ресей Федерациясының азаматтығын және саяси баспана беру мәселелерін шешетіндігі» көрсетілген. Жерар Депардье 2012 жылғы желтоқсанның басында Франция президенті Франсуа Олландтың аса дәулетті жеке тұлғаларға салық көлемін 75 пайызға дейін көтеру туралы жоспарымен келіспей, Франциядан Бельгияға қоныс аударған еді. Владимир Путин 20 желтоқсанда өткізген баспасөз мәслихаты кезінде Депардьеге Ресей азаматтығын беруге дайын екендігін мәлімдеген болатын.
Жұма, 4 қаңтар 2013 7:15
Актерге азаматтық беретін болды
Ресей президенті Владимир Путин танымал актер Жерар Депардьеге Ресей азаматтығын беру туралы жарлыққа қол қойды. Бұл жөнінде Кремльдің сайтында хабарланған.
Сайтта хабарлағанындай, актерге азаматтық ел Конституциясының 89-бабына сәйкес беріліп отыр. Осы бапта президент «Ресей Федерациясының азаматтығын және саяси баспана беру мәселелерін шешетіндігі» көрсетілген. Жерар Депардье 2012 жылғы желтоқсанның басында Франция президенті Франсуа Олландтың аса дәулетті жеке тұлғаларға салық көлемін 75 пайызға дейін көтеру туралы жоспарымен келіспей, Франциядан Бельгияға қоныс аударған еді. Владимир Путин 20 желтоқсанда өткізген баспасөз мәслихаты кезінде Депардьеге Ресей азаматтығын беруге дайын екендігін мәлімдеген болатын.
Отставкадағы генерал қамауға алынды
Түркия бас штабының бұрынғы басшысы, отставкадағы армия генералы Исмайыл Хакки Карадайы қамауға алынды. Таратылған ақпараттар бойынша, бұған армия генералының 1997 жылғы әскери төңкеріске қатысуы себеп болған.
Исмайыл Карадайы 1994-1998 жылдар арасында Түркияның бас штабына жетекшілік еткен. 1997 жылы елдің әскери қолбасшылығы исламдық үкіметке басшылық жасаған Н.Эрбаканды отставкаға кетуге мәжбүр еткен. Ал Эрбакан Түркияның қазіргі премьер-министрі Режеп Тайып Ердоғанның саяси серіктесі болып есептелетін көрінеді. Айта кетейік, өткен жылдың сәуірінде 1997 жылы биліктің ауысуы себептерін тексеруге байланысты төрт генерал мен ондаған офицер тұтқынға алынған еді.
АҚШ рыногына жаңалықтармен шықпақ
Рейтер ақпараттар агенттігінің хабарлауынша, катарлық «Әл-Жазира» жаңалықтар телекомпаниясы америкалық Current TV кабельді арнасын сатып алу туралы уағдаластыққа қол жеткізген.
Агенттіктің ақпаратына қарағанда, мәміле жасау жағдайы қазірге құпия түрде сақталып отыр. Кейбір деректер бойынша, «Әл-Жазира» аталған телеарна аясында жаңа жаңалықтар арнасын ашпақ. Осы арқылы олар АҚШ рыногына шығуды жоспарлап отырған көрінеді.
Мемлекеттік департаментке тапсырма берілді
АҚШ-тың мемлекеттік департаментіне америкалық азаматтарға Солтүстік Кореядан жетім балаларды асырап алуға мүмкіндік беретін іс-қимыл стратегиясын дайындауға тапсырма берілді.
Жергілікті басылымдардың жазуынша, бұған республикашылдар партиясынан сайланған конгрессмен Илеана Рос-Лейтинен бастамашы болған. Бұл үшін мемлекеттік департамент қызметкерлері америкалық отбасылардың Солтүстік Кореядан балалар асырап алуына кедергі келтіретін дипломатиялық және төрешілдік «кедергілерге» тиісті баға берулері қажет. Содан кейін дипломаттар сол «кедергілерді» алу жолдары көрсетілген мәселелерді конгреске ұсынулары тиіс.
Біреуге – судан, біреуге – оттан… дегендей
Ирландиялық альпинист Климанджаро шыңын бағындыру кезінде найзағай соғып, опат болды. Ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, 42 жастағы Иэн Маккивердің өлімін Ирландия сыртқы істер министрлігі мәлім еткен.
Африкадағы ең биік шыңды бағындыруда Маккивермен бірге болған альпинистер тобының мүшелері де жай түсуден зардап шеккен. Жақсысы, олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Маккивердің экспедициясы Ирландиядан Танзанияға 28 желтоқсанда аттанған. Ал альпинистер шыңды бағындыруды 30 желтоқсанда бастаған екен.
Зорлықшыл жазасын алады
Оңтүстік Корея соты жасөспірімдерді зорлағаны үшін бір азаматты химиялық жолмен тарттырып жіберу жазасына кесті. Елде бұл жаза педофильдерді химиялық жолмен әтек етуге байланысты заң күшіне енгеннен кейін қолданылып отыр.
«Ренхап» агенттігінің кеше таратқан ақпараттары бойынша, сот қылмыскерге 15 жыл түрмеде отыру жазасын тағайындаған. Оған химиялық препарат бостандыққа шығуына аз мерзім қалғанда егіле бастайды. Препаратты ол үш жыл бойы қолдануға міндетті. Педофил 2011 жылдың қарашасы мен 2012 жылдың мамыры аралығында бес жасөспірімге зорлық көрсеткен. Бұл елде аталған заң 2011 жылдың шілдесінде қабылданған екен.
Қысқа қайырып айтқанда:
Украинаның экс-премьері Юлия Тимошенкоға радиациялық сәуле мөлшерін өлшеу үшін қажетті құрылғыны қолдануға рұқсат етілді.
Тәжікстанның Соғды облысында шекара әскерлерінің офицері Ихтиер Некаадамов аса ірі көлемдегі есірткімен ұсталды. Одан 22,7 кило есірткі алынды.
Ливия мен Франция арасындағы мәмілеге делдалдық жасаған Зиад Такиеддин М.Каддафи режімі Н.Саркозидің сайлауалды науқанын қаржыландырды деген мәселенің дұрыстығын мойындады.
Ресейлік екі турист әйелді зорлады және тонады деген күдікпен Тайландтың үш азаматы тұтқындалды.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.