Грекия қиындықпен күрес үстінде
Жұма, 4 қаңтар 2013 7:19
Премьер-министр Антонис Самарас бастаған Грекияның коалициялық үкіметі «Еуропалық үштіктің» инспекторлары мен 1500 мемлекеттік қызметкерді өткен жылдың соңына дейін қысқартпау жөнінде барынша күрес жүргізіп келгенімен, қарыз берушілер өз талаптарынан қайтпады. Ақырында Грекия бұл шараны 2014 жылға дейін соза тұру жөнінде келісімге баруға да тырысты. Ел басшылығының уәжінше қысқартуға жатқызылған қызметкерлер 2013 жыл көлемінде өздерінің бұрынғы жалақыларының төрттен үш бөлігін алып қана жұмыс істейтін болады. Қысқарту содан кейін барып бір-ақ жүреді.
Жұма, 4 қаңтар 2013 7:19
Премьер-министр Антонис Самарас бастаған Грекияның коалициялық үкіметі «Еуропалық үштіктің» инспекторлары мен 1500 мемлекеттік қызметкерді өткен жылдың соңына дейін қысқартпау жөнінде барынша күрес жүргізіп келгенімен, қарыз берушілер өз талаптарынан қайтпады. Ақырында Грекия бұл шараны 2014 жылға дейін соза тұру жөнінде келісімге баруға да тырысты. Ел басшылығының уәжінше қысқартуға жатқызылған қызметкерлер 2013 жыл көлемінде өздерінің бұрынғы жалақыларының төрттен үш бөлігін алып қана жұмыс істейтін болады. Қысқарту содан кейін барып бір-ақ жүреді.
«Еуроүштік» бұл уәжді қабылдамады. Сөйтіп, қысқарту шаралары бірден басталып та кетті.
Осы қызметкерлері қысқартуға түскен «әкімшіліктердің арасында аты «драма» деп аталатын қала да бар екен. «Драманың» мемлекеттік қызметкерлері үшін бұл шынымен нағыз драма болып шықты. Бірден жиырма адам қысқарды. Олардың ереуілге шықпақ болған әрекетінен де көп ештеме шыға қойған жоқ. Бәрінен де отбасыларына ауыр тигендігі сезіледі.
Сөйтіп, Грекияда еуропалық үштікпен алдын-ала жасалынған келісімге сәйкес әкімшілік реформаның қатаң шаралары қолға алынды. Сонымен қоса, салық реформалары да басталып кетті. Үкімет бұрын жеке-жеке өмір сүріп келген бірқатар мемлекеттік ведомстволардың басын қоса бастады.
Бірқатар сарапшылардың келтірген пікірлеріне қарағанда, Грекияның халық үшін осындай қатал шараларға баруының бірден-бір басты себебі – еуроаймақта қалу болып табылады. Осы аймақпен жан-жақты қарым-қатынасқа түсіп келген Грекия бір сәтте жалғыз қалудан қорқады. Өйткені, бұл ел көп ештеңе өндірмейді. Еуропалық одақтың дәуірлеп тұрған кезінде содан ағылып келіп жататын туристердің қызығына бөленіп, солардың қаржысын экономиканың негізгі түсімдерінің біріне айналдырып, негізінен қызмет көрсету саласына қарай бейімделіп алған. Бұл елде сонау азиялық дағдарыс тұсында Халықаралық валюта қорының көмегінен бір сәтте бас тартып, өз бетімен өмір сүруге кіріскен Малайзия секілді күрескерлік рух байқалмайды. Яғни, Грекия еуроаймақ шылауына әбден шырмалып отыр. Былай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң арба сынады дегендей, Грекия үшін қазіргі сәт қорқыттың көрі секілді болып көрінуде.
Сондықтан Грекияның коалициялық үкіметі «Еуроүштік» қамшысына бұл жолы да арқа төсеуге мәжбүр болды. Осының есебінен 49 миллиард еуроны құрайтын кезекті несие траншына ие болуға қол жеткізді. Премьер-министр Антонис Самарастың айтуынша, Грекия үшін бұл қаржының маңызы зор. «Грекияға дәл қазір бір жұтым ауа қажет. Мұнсыз ол дұрыс дем шығара алмайды», деп бағалады премьер-министр жоғарыдағы жағдайды.
Гректер мұндай жағдайға қалай тап болды? Ресейдің бірқатар сарапшылары Грекияның қазіргі қиын жағдайының түпкі себебі Еуропалық одақ пен оның қаржы жүйесін біріктірген еуроаймақтың өзінде жатқандығын айту үстінде. Сарапшылардың пайымдауынша, еуроаймақ аясында жүргізілген еуропалық интеграция үдерісі шағын елдерді өз еріктерімен отарлау негізінде жүзеге асырылған. Өйткені, Грекияның еуроаймаққа өтуі ондағы өндіріс түрлерінің дамуына тұсау салған. Мәселен, Грекия мемлекеттік телевидениесінің Мәскеудегі тілшілер қосынының жетекшісі Дмитриос Лиатсостың айтуынша, Грекия экономикасы бұрын түрлі майлар, шараптар, темекілер шығару мен туристік қызметке негізделіп келген екен. Грекияның еуроаймаққа кіруінің салдарынан осы төрт саланың бүгінде тек соңғысы ғана қалып отыр. Бірақ өкінішке орай, жалғыз ғана туризммен алысқа бара алмайды екенсің. Туризм көршілес елдердегі азаматтардың жағдайы жақсы болған кезде ғана дұрыс дами алатын сала. Олардың жағдайы нашарласа, бұл саланың да басына бұлт үйіріліп шыға келеді. Грекиядағы жағдай міне, дәл осылай болып шықты.
Аталған журналист Грекия тап болған қақпанның мәнін түсіндіру үшін мынадай мысал келтірген. Оның ресейлік досы Грекияға қонаққа барады. Сонда оны гректер түріктің қызанағы, Голландияның көкөнісінен тамақтандырады. Ал сонда гректердің бұрынғы өздерінде өсіретін көкөністер қайда кеткен? «Гректер соңғы 20 жылдан бері бірте-бірте өндіріс түрлерінен қол үзіп қалды, олар тек тұтынуға ғана көшті. Бастабында осының өзі адам тартарлықтай қызықты жағдайда басталды. Тұрмыс жеңілдей түсті. Ауыр жұмыстардың барлығы өткен шақпен қалып қойды. Оның үстіне жалақы да жиі-жиі өсіп отырды. Сөйтіп, еңбексіз жақсы өмір басталып кеткендей болды. Бірақ осының ақыры үлкен сор болып шықты. Оны қазір грек халқы тартып отыр», дейді журналист.
Ал Ресей ғылым академиясының экономика институтының директоры Руслан Гринбергтің айтуынша, гректер соңғы үш жылдан бері ерліктің үлкен үлгісін көрсетіп келеді. Олар қиындыққа барынша қасқайып қарсы тұрып, оның ауыр салмағын иықтарымен көтеріп алып отыр. Мұндай жағдайда еуроаймақ елдері грек ерлігіне өтемақы төлеуге міндетті. Өйткені, Грекияны жоғарыдағыдай жағдайға олардың өздері тап қылды. Олар грек экономикасын отарлады, енді оның қиындықтарын бөліскендері жөн.
Сөйтіп, гректер Еуроаймаққа енеміз деп өздері өндіріп отырған көптеген өнім түрлерінен қол үзіп қала жаздағандай да еді. Жуықта жағымды бір хабар жеткендей де болды. Осы елдің Халкидики жарты аралында өндірілетін зәйтүн майына еуропалық қауымдастықтың «өнімді шығару мекені қорғалынған» деген белгі берілген екен. Сөйтіп бұл өнімді енді Еуропалық одақ көлемінде шығарып, сатуға болады. Мұның өзі Грекия экономикасына аз да болса сеп көрінеді.
Міне, осындай жағдайда Қазақстанда Елбасы басшылығымен қолға алынған индустрияландыру саясатының маңызын түсінуге болады. Бұл саясат бізге түптің-түбінде қазіргі Грекия тап болып отырған жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді. Грекияның қазіргі қасіреті өндірістен қол үзіп қалудан туындап отыр. Ал Қазақстан болса, өз өндірісін ендігі уақытта өнеркәсіптік негізге көшіре отырып, барынша ауқымды етуге ұмтылып отыр. Оның мәні – индустрияландыру саясаты болып табылады. Бұл саясат бізге әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті өнімдер шығаруға мүмкіндік береді. Өйткені, көптеген өнімдердің шикізаттары өзімізде бар. Оларды сырттан тасымалдап, әлекке түспейміз. Былайша айтқанда, өзімізде бар дүниелерді жаңа технологиялар арқылы өңдеп, ұқсатып, оны сыртқа саудалайтын боламыз.
Екіншіден алғанда, Қазақстанның орналасқан географиялық орны да әлемдегі тартымды нүктелердің біріне айналып келеді. Өйткені, мына жағымызда Қытай мен Оңтүстік- Шығыс Азия елдері қатты көтеріліп, соның нәтижесінде Азия Еуропамен бәсекелестікке түсе бастады. Ондағы халықтың тұрмысы жақсарып, өнімдерді сіңіру қабілеті күшейді. Екінші жақтан алғанда, Еуропа экономикасы да алдағы уақыттарда өзінің қуат күшін жоймақ емес. Дағдарыс оларға сабақ болып, одан шығар жолдарды іздестіруде. Бұл дағдарыстың да мәңгілік болмайтыны, түптің-түбінде Еуропа елдерінің одан күшейіп шығатындығы белгілі. Қысқасын айтқанда, өндірген өнімдерімізді жөнелтетіндей жаңа өңірлер ашылып келеді. Бізге тек бәсекеге қабілетті заттар, соның ішінде өңделген өнімдер шығару қажет. Елбасы саясатымен жүзеге асып жатқанда индустрияландыру саясаты осыған қызмет ететін болады.
Енді әңгіме тізгініне қайта оралатын болсақ, сарапшылар Грекияның алдағы таяудағы үш жылдың ішінде Еуроаймақта бұрынғысынша қала беретіндігін айтып отыр. Бірақ қауіп-қатерлер әлі алдыдан молынан кездеспек. Соның бірі ретінде еуроодақта жаңа жылдан бастап «күшейтілген еуропакеттің» күшіне енгендігін атауға болады. Оның мәні осы аймаққа кіретін кез келген ел үшін бюджет тапшылығын ішкі жалпы өнімнің 0,5 пайызынан асырмау ендігі кезекті басты шарттардың бірі болып табылады. Бұл қатаң талап алдағы уақытта экономикасы әлсіз бірқатар елдерді еуроаймақтан ысырып шығаруы да әбден мүмкін.
Экономистер мұндай жағдайда Грекияның өзі қолдана алатындай екі ресурсы бар екенін мәлімдеуде. Біріншісі, Грекия еуромен қатар өмір сүретін өз ақшасы – драхманы енгізуі мүмкін. Еуро сыртқы қатынастарда қолданылатын болса, драхма ішкі есеп айырысуды қамтамасыз етпек.
Елдің екінші ресурсы – Грекия алдағы уақытта елдегі жылжымайтын мүліктерді тұруларына рұқсат бере отырып, шетелдіктерге сата бастауы ғажап емес. Грекия табиғатының өте жайлы екендігі, оның үстіне тарихы аса бай Грекияда тұрып, өмір сүру шетелдіктер үшін қызықты болып табылатындығы түсінікті.
Міне, осы екі шара арқылы Грекия өз экономикасын дербестендіруге, оған қаржы тарту мүмкіндігіне ие болады. Әрине, бұл пікірлер әзірге болжам ғана екендігі түсінікті.
Қиындықтан шығу мақсатында бұл елде қазіргі күні бюджетке түсетін кірістерді арттырудың барлық мүмкіндіктері қарастырылуда. Соның бірі байлыққа салынатын салықтың артуы. Бірақ өкінішке орай, осы мәселеге байланысты байлық пен кірісті жасыру фактілерінің де орын алып жатқандығы байқалады. Елдегі швейцариялық банк бөлімшесінде 2000-нан астам бай грек тіркелген көрінеді. Олар туралы ақпараттарды Францияның билік басындағылар Грекия басшылығына тапсырыпты. Өкінішке орай, қазір бұл тізім жоғалып кетіп отыр. Осының бір ұшығы бұрын Францияда қаржы министрі болып істеген Кристин Лагардтың айналасында үлкен шу туғызды.
Бай гректердің салық төлеуден қашқақтауы қоғамның үлкен наразылығын туғызуда. Осыған орай грек үкіметі де шараны неғұрлым қатайта түсті. Мәселен, афиналық бұқаралық ақпарат құралдарына қарағанда, жуықта ғана кірісін жасырғаны үшін елдегі ірі құрылыс компанияларының бірінің басшысы болып табылатын грек кәсіпкері тұтқындалып, 100 мың еуро кепілдік төлегеннен кейін ғана барып, одан босатылған. Тергеу орындарының берген мәліметтеріне бойынша бұл азамат мемлекетке 1 миллион еуроның салығын және мемлекеттік ИКА қорына 220 мың еуроның сақтандыру қаржысын төлеуге тиіс екен. Бірақ, осы салық пен сақтандыру қаржысын төлеуден құтылып кету үшін кәсіпкер мүлкі 1,5 миллиард еуро тұратын компанияны банкрот деп табу жөнінде өтініш берген. Яғни, компаниясын әдейілеп банкроттыққа жатқызбақ болған. Бірақ билік орындары оның бұл өтінішін қабылдамады. Керісінше, салықтан қашқандығы жөнінде оған айып тақты. Бұл оқиғаның ақыры қалай аяқталатындығын қазіргі күні көптеген қарапайым гректер бақылап отыр.
Жуықта The Economist Group атты британиялық медиакомпанияның талдау қызметі өз зерттеулерінің негізінде 2030 жылға таман әлемде ең тамаша өмір сүретін ел Швейцария болып табылатындығын мәлім етті. Осы тізімде екінші орын Австралияға беріліпті. Мұнан кейін скандинавиялықтар тұр. Ал АҚШ пен Германия 16-шы орынды бөліскен екен. Гректер болса, жақсы өмір сүретіндер арасына енбей қалған. Сарапшылар бұл елдің жарқын болашақты көре алатындықтарының өзіне күмән келтірген секілді.
Бірақ соған қарамастан, қиындықпен күрестегі грек халқының көрсетіп отырған қазіргі кейбір әрекеттеріне сүйсініспен қарауға болады. Мәселен, елдің Ларис қаласындағы «Вукефалос» футбол командасының басына дағдарыс қиындығына байланысты тарап кету қаупі төнген тұста бұл командаға демеушілік көмек көрсетіп отыруды мұндағы «Сула» жезөкшелер үйі өз міндетіне алған көрінеді. Бұл команда жуықта ғана «Ираклис» атты командамен кездесіп, өкінішке орай, жеңіліске ұшырады. Ал Ираклисті ол орналасқан қаланың мейрамханасы қаржыландырып отыр екен.
Сөйтіп, гректер қиындық басқа түскен кезде бір-біріне түсіністікпен қол соза бастады. Сарапшылардың бағалауынша, мұндай қоғамдық белсенділіктің маңызы зор. Осы жағдай жаппай үрдіс алатын болса, Грекия да бірте-бірте дағдарыс қатерін артқа тастайтын болады.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».