18 Мамыр, 2019

«Egemen Qazaqstan» газетінің мерейтойына арнап 100 түп ағаш егілді

1367 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдығына орай Есіл ауданындағы аллеяда 100 түп ағаш егілді. Шараға Мәжіліс депутаттары, ардагер журналистер, БАҚ басшылары, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев қатысты.

«Egemen Qazaqstan» газетінің мерейтойына арнап 100 түп ағаш егілді

«Egemen Qazaqstan» газетінің мерейтойы аясында өтіп жатқан әр іс-шара өте маңызды. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының төрінде біз жүз көшет отырғызуға жиналдық. Осы игі шара құтты болсын! «Бабалар еккен шынарды балалар саялайды» дейді ғой, сондықтан да бүгін отырғызылатын ағаштарымыз үлкен саябаққа айналсын. Өсіп келе жатқан ұрпақ бұл саябақты біздер «Egemen Qazaqstan» газетінің құрметіне еккенімізді біліп жүрсін. Еліміз, Нұр-Сұлтан қаламыз, «Egemen Qazaqstan» газетіміз өркендей берсін, гүлдей берсін!», деді Дәурен Абаев.

Сонымен қатар, сенбілікке аталған газеттің көркеюіне үлкен үлес қосқан Мәжіліс депутаты, публицист Сауытбек Абдрахманов арнайы келді. «Жыл басынан бері «Жүз жылдық жылнама» деп газеттің маңдайына жарқыратып жазып, газет осы ұлы белесті жақсы атап келе жатыр. Бүгін осындай жақсы іс-шара ұйымдастырылып отыр. Алдағы уақытта бұл саябақ газеттің 100 жылдығын біздің есімізге салып тұратын болсын. Жақсы күндеріміз көп болсын, басылымның абыройы арта берсін!», деді Сауытбек Абдрахманов.

Өз кезегінде «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі бұл мерейтойды жыл бойы атап өту жоспарланғанын жеткізді. «Жыл аясында көптеген игі шаралар өткізіледі, ал бүгін соның біріне жиналып отырмыз. Осы шаралардың өтуіне қолдау білдірген Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне алғыс айтамыз. Қазақта «атадан мал қалғанша, тал қалсын» деп айтады ғой. Осы орайда кішігірім аллеяда ағаш отырғызбақпыз. Бұл біздің қазақ баспасөзінің достық аллеясы сияқты қалады деп үміттенемін», деді ол.

Сонымен қатар басылым басшысы Д. Қыдырәлі көшет отырғызуға орын бөлген Есіл ауданының әкімдігіне алғысын жеткізді.