Киберспорт жаһандық цифрлы экономиканың бір бөлігі: Қазақстан әлемдік киберспорт нарығына қалай қосылады? АЭФ-2019 кезекті сессиясының аясында «Қазақтелеком» мұрындық болған шара осы сауалға жауап іздеді. Оған Еуропа мен ТМД елдеріндегі киберспорт турнирлерінің операторы Stariadder компаниясының бұрынғы атқарушы продюсері Степан Шульга және «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы, «Қазақстанның киберспорт федерациясы» РҚБ президенті Қуанышбек Есекеев модератор болды. Спикерлер ретінде шақырылған меймандар да осы саланың қыр-сырын жетік білетін мықты мамандардан жасақталыпты.
Жалпы, елімізде киберспорттың спорт түрі ретінде ресми түрде мойындалғанына бір жыл ғана болды. Оған дейін киберспорт түрлі жарыстарға қатысып жүрген жастардың деңгейінде ғана еді. Ал Қазақстанның киберспорт федерациясының құрылғаны бұл процесті жаңа деңгейге көтергені анық. Басқосудың беташарында федерация президенті Қуанышбек Есекеев «Қазақтелекомның» осы сессияға бастамашы болғанын айта келіп, спикерлерді таныстырып, сөз тізгінін Степан Шульгаға берді.
Степан Шульга бүгінгі таңда киберспорт қарқынды дамып келе жатқан спорт түрі екенін айта келіп, оның маңызды тұстарына тоқталды.
– Киберспорт дәстүрлі спорт түрлерінің бүгінгі заманауи медиа кеңістікке бейімделген түрі. Киберспорт нарығының өте жоғары қарқынмен өсіп келе жатқаны еріксіз таңғалдырады. Халықаралық сарапшылардың болжамы бойынша, 2016 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі аралықта бұл нарықтың қаржылай көлемі 500 пайызға көбейеді. Мұндай көрсеткіш дүние жүзі бойынша бірде-бір индустрияда жоқ. 2018 жылы ірі турнирлердің жалпы сыйақы сомасы 150 миллион долларды құрады. Дүние жүзі бойынша 201 миллион адам өзін киберспорттың энтузиасты деп санайды, – деді Степан Шульга.
Степан Шульга киберспорттың дамуына ықпал ететін шараның экономикалық форум алаңында өтіп жатқанын, ең бастысы оны өткізуге Қазақстанның бетке ұстар телекоммуникациялық компаниясы «Қазақтелеком» бастамашы болғанын үлкен жетістік деп бағалайтынын жеткізді.
– Мұндай шараларды телекоммуникациялық компания өткізгенінің маңызы ерекше. Себебі киберспорттың негізінде инфрақұрылым, кеңжолақты интернетке қолжетімділік жатыр. Киберспорттың өзі – технологиялық прогрестің жемісі – деп атап өтті Степан Шульга.
Шындығында, Қазақстанның киберспорт федерациясы осы салаға қажетті инфрақұрылым қалыптастыруда, киберспортты халықаралық спорттық қозғалыстардың бір бөлшегі ретінде дамытуға және насихаттауға атсалысып келе жатқанын атап өткен жөн.
Бүгінгі таңда киберспорттың көптеген салаларға қатысы бар. Атап айтсақ, видеоойындар шығару индустриясы, арнайы құрылғылар, онлайн платформалар, ойындарды тікелей эфирден көрсетуге мүмкіндік беретін стриминг, жарнама бизнесі, тағы басқалары осы киберспорттың тікелей байланыста істейтін салалары. Alibaba Group, Adidas, Prokter&Gamble, MasterCard, Castrol, Audi, Mersedes сынды алпауыт компаниялардың өз тауарларын, қызметтерін өткізуге, имидждерін жақсартуға киберспортты пайдаланып жатқаны осыған байланысты деуге болады. Бұл орайда, басқосуға спикер ретінде шақырылған Alisport-тың электронды спорт жөніндегі жаһандық директоры Джейсон Фанг:
– Alibaba киберспортқа инвестиция салатын аса ірі компаниялардың бірі екенін білесіздер. Біз соңғы үш жыл ішінде өз өнімдерімізді өткізуге, жарнамалауға тиімді пайдалану үшін киберспорт саласын дамытуға ықпал ететін инфрақұрылым жасадық. Біздің компаниямыз киберспортқа ерекше маңыз береді. Нәтижесінде бүгінгі таңда біздің жұмысымыз Қытайды ғана қамтып қоймай, бүкіл әлемдегі киберспортты қамтуға жететін болды, – деді.
Спикерлердің қатарында Джейсон Фангпен қатар, Ресей компьютерлік спорт федерациясының басқарма төрағасы Эмин Антонян, Alibaba Group-тің еншілес кәсіпорны Alisport-тың электронды спорт жөніндегі жаһандық директоры Джейсон Фанг, Ресейдің Esforce киберспорттық холдингінің стратегиялық коммуникациялар жөніндегі директоры Ярослав Мешалкин, U CAN COMPANY LLC директоры Андрей Михеев болды.
Эмин Антонян:
– Қазіргі таңда киберспорт танымалдығы бойынша футбол, хоккей сынды дәстүрлі спорт түрлерін өкшелеп келе жатыр. Менің болжамым бойынша, болашақта ол көрерменнің аса ауқымды бөлігін өзіне қаратып алады, яғни, түсетін табыстың да үлесін алады. Қазірдің өзінде Ресейде, Қазақстанда және әлемнің басқа да отызға тарта елінде киберспорт спорт түрі ретінде ресми түрде мойындалған. Майкл Джордан, Шакил О Нил және басқа да әлемдік жұлдыздар оған инвестиция салуда, – дейді.
Эмин Антонян Ресейдің киберспорт федерациясының басқа мемлекеттік мекемелермен арада қалай байланыс орнатқаны туралы айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, федерациялар мемлекетпен тығыз байланыс орнатуға тиіс. Неге? Себебі киберспорт басқа футбол, баскетбол, волейбол сияқты спорт түрлерімен теңесіп, Олимпиялық ойындарға қатысуы үшін кемінде елу-алпыс мемлекетте спорт ретінде ресми мойындалуға тиіс. Сол үшін киберспортпен айналысу барысында физикалық ауыртпалық пен демалудың арасында тепе-теңдік болуға тиіс.
– Киберспортпен айналысатындар да кәсіби келісімшарт жасайды. Олардың де кәсіби спорт сияқты жаттығатын, ойнайтын және демалатын уақыттары реттеледі. Киберспортшылар жиі шалдығатын ауру түрлері де, емделу жолдары да айқындалған, – дейді Эмин Антонян.
Тіпті, Халықаралық киберспорт федерациясы Дүниежүзілік допингіге қарсы агенттікпен келісімшарт жасасқан, спортшылардың қолдануына тыйым салынған заттар да бар екен. Яғни, киберспортты толыққанды спорт деп қабылдайтын уақыт келген сияқты.
Жоғарыда киберспорт нарығының қарқынды түрде қанат жайып келе жатқанын, әлемге әйгілі алпауыт компаниялардың өзі онымен берік байланыс орнатуға тырысып жатқанын айтқан болатынбыз. «Қазақтелеком» ұйымдастырған панельдік сессия кезінде бұл саладағы қаржы айналымына қатысты бірқатар деректер айтылды. Мәселен, 2017 жылы киберспорт нарығы 655 миллион АҚШ долларына бағаланса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 906 миллион долларға өсіпті. Мамандар 2021 жылға қарай аталған нарықтың 1,6 миллирд долларға көтерілетінін, ал киберспорт жанкүйерлерінің саны дүние жүзі бойынша 557 миллион адамға жететінін болжап отыр.
Панельдік сессияда айтылғандай, киберспорт қарқынды түрде қанат жайып жатқанымен, әлі де дамудың бастауында тұр деуге болады. Яғни Қазақстанның киберспорт шараларын өткізу жүйесінде, сонымен қатар киберспорт инфрақұрылымында көшбасшы ретінде көрінуіне толық мүмкіндік бар. Мысалы, Киберспорт туризміне баса назар аударып, адами және қаржылық ресурстарды бағыттау арқылы елімізді өңірдің киберастанасы ретінде қалыптастыруға мүмкіндік бар. Халықаралық киберспорт арбитражын «Астана» халықаралық қаржы орталығының базасында орналастыруға да мүмкіндік мол деуге болады. Бүгінгі таңда «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы белсенді түрде жүзеге асырылып жатқанын, Қазақстанда киберспорттың бірқатар түрлері ресми мойындалғанын, аймақтық чемпионаттар да өткізілгенін ескерсек, бұл мәселе өте өзекті деуге болады.
Панельдік сессияға қатысушы спикерлер таяу болашақта киберспорттың ТМД мемлекеттерінде, оның ішінде Қазақстанда қаншалықты кең таралатынына болжам жасап көрді. Олардың пайымдауынша, қазіргі таңда киберспортты жақсы көретіндер де, оны ұнатпайтындар да талқылап жатыр. Ал бұл оның танымалдығын арттыра түсетін фактор.
Ресейде киберспортпен айналысатын адамдардың саны 10-12 миллион шамасында. Жалпы, ТМД киберспорт әлемінде кеңінен танымал өңір деуге болады. Бұл елдерде мықты кәсіби мамандар, әйгілі халықаралық турнирлер бар, инфрақұрылым да қарқынды дамып келеді. Астана экономикалық форумының аясында осы тақырыпқа жеке сессияның арналуы киберспорттың уақыт өткен сайын маңызы артып келе жатқанының айқын көрінісі деуге болады.