Ерлік ескірмейді
Сәрсенбі, 8 мамыр 2013 2:38
ТМД аумағында былтырғы жылдың қорытындысы іспетті ең маңызды саяси шара ретінде Ашғабад қаласында 5 желтоқсанда болған Достастық елдері Мемлекет басшыларының кезекті саммитін атауға болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан бұл саммитте Мемлекет басшылары 20 шақты құжат қабылдап, оған қол қойды. Соның ішіндегі ең маңыздыларының бірі – кеңес халқының 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңісінің 70 жылдығын бірлесе атап өту туралы шешім болды. Бұл шешімде ТМД елдерінің әрбіріне ұлы Жеңістің кезекті мерейтойын лайықты атап өту үшін ұлттық бағдарлама қабылдау ұсынылды. Онда ұлы Жеңістің бүкіләлемдік тарихи маңызы көрсетіле отырып, осы соғысқа тікелей қатысқандар мен тыл еңбеккерлеріне, майданда қаза тапқандардың жесірлеріне жасалатын қамқорлықтар қамтылу керектігі айтылды.
Сәрсенбі, 8 мамыр 2013 2:38
ТМД аумағында былтырғы жылдың қорытындысы іспетті ең маңызды саяси шара ретінде Ашғабад қаласында 5 желтоқсанда болған Достастық елдері Мемлекет басшыларының кезекті саммитін атауға болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан бұл саммитте Мемлекет басшылары 20 шақты құжат қабылдап, оған қол қойды. Соның ішіндегі ең маңыздыларының бірі – кеңес халқының 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңісінің 70 жылдығын бірлесе атап өту туралы шешім болды. Бұл шешімде ТМД елдерінің әрбіріне ұлы Жеңістің кезекті мерейтойын лайықты атап өту үшін ұлттық бағдарлама қабылдау ұсынылды. Онда ұлы Жеңістің бүкіләлемдік тарихи маңызы көрсетіле отырып, осы соғысқа тікелей қатысқандар мен тыл еңбеккерлеріне, майданда қаза тапқандардың жесірлеріне жасалатын қамқорлықтар қамтылу керектігі айтылды.
Шешімде сол кезде біртұтас болған кеңес халқының фашизмге қарсы жасаған ерлігін БАҚ-тарда кеңінен насихаттау, халықтардың қаһармандығы мен қайсарлығын ұрпақтың есіне салып, оларды отансүйгіштік ісінде үлгі ету қажеттілігі де атап өтілген. Сонымен бірге, «Құрмет ордені» мен 1941-1945 жылдардағы «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы» мерейтойлық медалін белгілеу де келісілді. Бүгінгі күні осы марапаттардың жобасын жасау жөніндегі сараптамалық комиссия құрылып, оған ТМД-ның барлық мемлекеттерінен мүшелер тартылды. Қазір комиссия Минск қаласындағы ТМД-ның штаб-пәтерінде жұмыс істеуде. Биыл, яғни 2013 жылы болатын ТМД Мемлекет басшыларының кезекті саммитіне марапаттардың жобасы бекітілу үшін ұсынылатын болады. Марапаттар Ұлы Отан соғысындағы майдандарға тікелей қатысқан жандардың бәріне берілмекші.
Маңызы бүгінгі күнге дейін жойылмай, мемлекет басшылары тарапынан үнемі осылай ескеріліп отыратын ұлы Жеңістің жолы өте ауыр болғандығын ТМД қоластындағы әрбір адамның ұмытуға хақы жоқ. Кейбіреулердің бұл соғысқа қазақстандықтар зорлықпен қатыстырылған, «орыс-неміс соғысының қазаққа ешқандай қатысы жоқ еді» дегені өте орынсыз, демагогиялық пәлсапа. Мұндай пікірді айтып жүргендер Отан үшін жандарын пида еткен 350 мыңнан артық қазақ жауынгері мен офицерінің аруағын қорлайды. Ұлы Отан соғысы – қазақ халқының өз бостандығы мен азаттығы жолында басқа отандастарымен бірге «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» жүргізген соғысы. Өйткені, гитлерлік Германия «Барбаросса» жоспары бойынша КСРО-ның барлық жер аумағын тұтасымен басып алып, өзіне қаратуды мақсат еткен. Ал фашистік режімге қарайтын болсақ, нәсілшілдік рухы асқақтап тұрған 3-ші рейх қазақ секілді шығыс халықтарын жер бетінен жоюы да мүмкін еді. Олар тек арий қанды ұлттардың ғана өмір сүруге толық құқы бар екенін насихаттағанын жақсы білеміз.
Енді бүкіл кеңес халқы, оның ішінде көптеген қазақстандықтар Отанға деген патриоттық рухтың арқасында ерлік пен қаһармандықтың неше түрлі үлгісін көрсеткен осынау соғыстың тарихи беттеріне шағын шолу жасап өтелік.
Гитлер өзінің одақтастарымен бірге КСРО шекарасына 190 дивизияны шоғырландырып, оларды соғыс қаруымен қамтамасыз ететін барлық материалдық-техникалық және шикізаттық мол қор құрап алды. Сол кездегі ең жетілдірілген соғыс қарулары да гитлерлік Германияның еншісінде болды. КСРО-ға басып кіру қарсаңында оның әскери әлеуетіне барлығы 7,3 млн. адам қызмет еткен екен.
Бүгінгі күні түрлі болжамдар айтылғанымен, КСРО басшылығы соғыстың болатынын білмей қалды деуге еш негіз жоқ. Кеңес Одағы да соғысқа мейлінше жіті дайындалды. Бірақ Сталиннің 1941 жылғы мамыр айында әскери академияны бітірушілердің алдында сөйлеген құпия сөзіне сүйенсек, ол соғыстың жау территориясында болуы қажеттігін айтып, Қызыл әскердің өзі шабуылдайтын сәтінің пісіп-жетілуін күткен екен. Бірақ Гитлер оған жеткізбей, КСРО аумағына басып кірді. Аса қиын жағдайда қалған кеңестің шекара маңына шоғырландырылған аз күші жаудың басымдығына қарамай жанқиярлықпен шайқасты. Соғыс басталған төртінші күні құрамында атқыш-радист Бақтыораз Бейсекбаев, штурман-лейтенант Владимир Балашов, екінші атқыш-радист Григорий Реутов бар капитан Александр Масловтың экипажы жаудың ұшағын «отты таранмен» соғып, ерліктің асқан ғажап үлгісін көрсетті. Бірақ ұзақ жылдар бойы Бақтыораздардың ерлігі капитан Гастеллоға меншіктеліп, барлық атақ та, даңқ та соған тиді. Тек 90-шы жылдардың басында ғана әділеттікке қол жеткізіліп, батырларға лайықты құрмет жасалды.
Жау қоршауында қалған шекаралық заставалар мен бекіністер жауға берілмей, айлар бойы шайқасты. Мәселен, 3,5 мың адамдай ғана қорғаушысы болған Брест қорғаны бір айдан артық жаудың 45-ші дивизиясына қарсы шегінбей және берілмей соғысты. Қамалды қаһармандықпен қорғаған 33 ұлттың өкілдері арасында Айтбаев, Жақыпов, Жампейісов, Иманқұлов, Қазкеев, Байжігітов, Сабырбаев және т.б. секілді қандастарымыз да болған еді.
1941 жылдың 3 шілдесінде Сталин «Барлығы да майдан үшін! Барлығы да жеңіс үшін!» деген ұран көтерді. Міне, осы күннен бастап барлық тыл еңбеккерлері де әскери режімге көшіріліп, барлық тәртіп майдандағыдай болды. Мұнда жұмыстан өз еркімен кетіп қалу – майдандағы жауынгердің ұрыс даласын өз еркімен тастап кетуімен бірдей бағаланғанын айта кету керек. Екеуі де қашқын немесе сатқын ретінде жазаланатын. Сондықтан да тыл еңбеккерлерінің жеңіс жолындағы жауапкершілігі майдандағы әскермен бірдей болды деп бағалауымыз керек.
Жаппай жүргізілген мобилизацияның нәтижесінде, Қазақстанда 12 атқыштар және 4 атты әскер дивизиясы жасақталды. Олар майданның алғашқы күндерінен жауға қарсы ерлікпен шайқасты.
Соғыстың 1941 жылдың 1 желтоқсанына дейін созылған алғашқы кезеңінде жау үш Балтық республикасын, Белоруссия және Молдавияны толығымен басып алды. РКСФР мен Украинаның үлкен бөлігі жау қолында қалды. Ленинград қоршауға түсті. Бұл уақытта гитлершілер КСРО аумағына 850-ден 1200 шақырымға дейін бойлап, енген еді. Фашистер тек Мәскеу түбінде ғана тоқтатылып, КСРО әскері желтоқсан айында шабуылға шығып, жауды 80-250 шақырымға дейін шегіндіре алды. Алматыда жасақталған 316-шы атқыштар дивизиясы (кейін генерал И.Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық дивизия) нақ осы майданда ерліктің таңғажайып үлгілерін көрсетті. Дивизия құрамынан 36 адамға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Олардың ішінде Мәлік Ғабдуллин, Төлеген Тоқтаров, Василий Клочков және т.б. бар. Соғыс кезінде екі рет ұсынылса да түрлі әділетсіздікпен батыр атағы берілмеген даңқты командир Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағы КСРО құлаудың қарсаңында ғана, 1990 жылы берілді. Тарихи әділеттің орнауына Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қайрат пен күш жұмсағаны баршаға мәлім.
Соғысқа батальон командирі, аға лейтенант болып кірген Б.Момышұлы неше түрлі қаһармандық пен ерліктің, әскербасылық дарынның үлгілерін көрсетіп, 1945 жылы оны полковник шеніндегі дивизия командирі болып аяқтады. Соғыс кезінде соғыс туралы жазылған «Волоколамск тас жолы» атты үздік кітаптың да қаһарманы болып, қазақтың атағын аспанға шығарды. Оның атағы КСРО ғана емес, алыс шет елдерге де тарады. Қазір оның тәжірибелері АҚШ, Куба, Израиль, Никарагуа елдерінің әскери оқу орындарында арнайы үйретіледі.
Ұлы Отан соғысы бір жағынан қызыл қырғын болып жатса, екінші жағынан осындай ұл-қыздарымыздың барлығын әлемге паш етіп, қазақ деген халықтың жаужүрек, батыл, қайсар жұрт екенін көрсетті. Халқымыздың даңқын асырған батырларымыздың қатарында Кеңес Одағының Батыры атағын 2 рет алған Талғат Бигелдинов, бүкіл Шығыстың қос шынары болған Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова, ұшқыш Нұркен Әбдіров, дзотты кеудесімен жапқан Сұлтан Баймағамбетов, минометші Қарсыбай Сыпатаев және т.б. жарқын есімдері бар. Ал Рейхстагқа алғашқы болып жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаев пен даңқты партизан, «Вася» деген есімінің өзі немістер арасында үрей тудырған Қасым Қайсеновтің ерліктері тек Қазақстан өз тәуелсіздігін алған соң ғана лайықты бағаланып, екеуіне де Халық Қаһарманы атағы берілді.
Ұлы Отан соғысындағы бетбұрыс деп бағаланған Сталинград, Курск майдандарында да қазақстандықтар намысты қолдан бермей, ерлік пен қаһармандықтың үлгісін көрсете білді. Соғыстың шешуші кезеңі – 1944 жылдың қаңтар айынан басталып, 1945 жылдың 9 мамырымен аяқталды. 1944 жылы Ленинград қоршаудан азат етілді. Бұл соғысқа қазақстандық 310 және 314-ші атқыштар дивизиялары қатысты. Қоршаудағы ленинградтықтарға жігер беруде жыр алыбы Жамбылдың «Ленинградтық өренім!» атты өлеңі айрықша рухани күш болды. 1944 жылдың 6 маусымында одақтастар ІІ майдан ашқан соң майдандағы әскердің жағдайы жақсара түсті. Бұрын Германияның қоластында әрі одақтастары болған Италия, Румыния, Түркия сияқты елдер оған қарсы соғыс жариялап, қаруларын фашистерге бұрды. Франция, Югославия, Болгария, Польша, Финляндия күштері де немістерге қарсы шықты. 1945 жылғы мамырдың 8-інен 9-ына қараған түні Германияның жоғарғы командованиесі атынан фельдмаршал Кейтель 3-ші рейхтың сөзсіз тізе бүккені туралы капитуляцияға қол қойды. Бұл уақытта Мәскеуде 9 мамыр болғандықтан, Ұлы Жеңіс КСРО-да осы күні аталып өтеді, ал Батыс Еуропа елдерінде оны 8 мамырда тойлайды. Сөйтіп, 1418 күн мен түнге созылған соғыс Ұлы Жеңіспен аяқталды. «Берлин операциясында» көрсеткен ерліктері үшін 26 қазақстандыққа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Барлығы 500-дей қазақстандық батыр атағын алса, соның 103-і қазақ халқының өкілдері болды. Жоғарыда айтқанымыздай, қазақстандық Т.Бигелдинов, Л.Беда, С.Луганский, И.Павловтар бұл атақты екі мәртеден алды. Ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда, Кеңес Одағы халықтарының тікелей және жанама шығыны 50 млн. адамға жуық, соның ішінде тікелей майдан даласында, ауыр жарадан және тұтқында қаза тапқандар саны 27 млн. адам болды. Қазақстан бұл соғысқа 1 млн. 200 мың жауынгер аттандырып, соның 60 пайыздан артығы майданнан оралмады. Қазақ халқының өз шығыны 350 мың адам болды… Жауға атылған әрбір он оқтың тоғызы Қазақстан қорғасынынан құйылды. КСРО-да шоғырланған марганец пен молибденнің 60%-ы біздің республикада өндірілді. Балқаш, Қарсақпай кен орындары соғыс жылдары өндірілген қара мыстың жартысынан астамын берді. Республика диқандары мемлекетке 360 млн. пұт астық тапсырды. 4 жыл ішінде Қазақстан еңбекшілері майдан мұқтажына 94 млрд. 500 млн. сом жарна өткізді.
Міне, елімізді осыншалық күйге салған, осыншалық қиындықпен, қымбатшылықпен қол жеткізілген Ұлы Отан соғысындағы Жеңісті қазақстандықтар ешқашан да ұмытпайды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен тыл еңбеккерлерін құрметке бөлеу, оларға үнемі қамқорлық көрсету біздің елімізде жалғасып келеді. Бүгінгі күні Қазақстанда Ұлы Отан соғысына қатысқан 8 мыңдай адам бар. Олардың ең жасының өзі 90-ға таяп отыр. Кешегі толарсақтан қан кешкен майданға қатысып, бізге Жеңіс күнін жақындатқаны үшін олардың әрбіріне лайықты қамқорлық жасау абыройлы міндетіміз. «Ардагерлер ұйымы» республикалық ұйымының Орталық кеңесі Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай тұрғын үй алу кезегінде тұрған майдангерлердің бәрін де баспанамен қамтамасыз етуді ұсынып отыр. Әрине, бұрынғы мерейтой қарсаңында бұл проблема біршама шешілген еді. Бірақ елдегі ішкі миграциямен ауыл тұрғындарының қалаға көшіп келуіне байланысты қазір үй алу кезегінде 263 адам тұр. Бұлардың 197-сі бұрын майдангер ретінде мемлекеттен үй алмағандар. Міне, осылардың бәрін баспанамен қамтамасыз етсек, олардың алдындағы бір қарызымызды орындар едік.
Сонымен қатар, мемлекет беретін арнаулы жәрдемақыны оларға 15 АЕК-тен 25 АЕК-ке көтеру парызымыз.
Қазір елімізде 214 мыңдай тыл еңбеккерлері бар. Бұлардың бәрі Ұлы Жеңісті жақындату жолында өзінің барлық мүмкіншілігін сарп еткен жандар. Соның ішінде ең қадірлісі – денсаулығын да осы жолда жоғалтты. Сөйтіп жүріп ұрпақ өсіріп, халқымыздың өсуін жалғастырды. Сондықтан да біз олардың алдында мәңгілік қарыздармыз.
Біз тыл еңбеккерлеріне берілетін жәрдемақыны 2 АЕК-тен 10 АЕК-ке дейін көтеру керек деп отырмыз. Сонда мемлекеттің жасаған қамқорлығы көзге көрінетін болады. Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысына қатысқан адамды жерлеуге берілетін жәрдемақы көлемін 35-тен 50 АЕК-ке көтеруді ұсынып отырмыз. Ал аймақтарда майдангерлердің тұрғын үйлерін жөндеуге, коммуналдық, медициналық және көліктік қызмет көрсетуге қосымша жеңілдіктер тағайындау ұсынылды. 2010 жылдың 17 ақпанында Қауіпсіздік Кеңесі барлық облыс орталықтары мен Астана және Алматы қалаларында Ардагерлер үйін тұрғызу туралы шешім қабылдаған еді. Сол шешім әлі толық орындалған жоқ. Соның толық орындалуын қалаймыз.
Сонымен бірге, Қазақстан ардагерлерінің тағы бір басты тілегі – ел Парламентінде ұзақ жылдан бері қабылданбай жатқан ардагерлер туралы заң жобасының қабылдануы. Бұл заңда ардагерлерді әлеуметтік қолдау, олардың қоғамдағы орны сияқты көптеген мәселелер көрініс тапқан.
Міне, осы ұсыныстар мен тілектердің бәрі Президент тапсырған 70 жылдық мерейтойды атап өту бағдарламасына енгізілуі қажеттігін біз Премьер-Министр мен Мемлекеттік хатшыға жолдаған хатымызда атап көрсеттік. Сонымен бірге, біз «Нұр Отан» партиясынан да біздің ұсыныстарымызды қолдап, олардың оң шешілуіне жәрдем беруін сұраймыз.
Ардагерлер ұйымы ел Үкіметінің Астана қаласында «Отан қорғаушылардың мемлекеттік мұражайын» жасау туралы бұрынғы мерейтойларда қолға алынғанымен, аяғына жеткізілмеген мәселеге де қайта оралуын қалайды. Сонымен бірге, ішінде қазақ халқының Ұлттық және Кеңес Одағының Батырлары, Халық Қаһармандары атағын алған ерлердің қоладан жасалатын бюстері қатар түзейді делінген «Даңқ аллеясы» бар «Жеңіс Паркі» де 70 жылдық қарсаңында ашылар деген үміттеміз.
Аға ұрпақ қолдарынан келгенше әлі де ешқандай қиындықтан бас тартпайды, әсіресе, ұрпақты отансүйгіштік рухында тәрбиелеу үшін өздерінің тәжірибесі мен үлгісін үйретуден ешқашан жалықпайды. Бүгінгі күні біз барлық деңгейдегі ардагерлер ұйымдарының алдына басқа да қоғамдық ұйымдармен, мемлекеттік органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен тіл табыса отырып, Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойын лайықты атап өту жолында барлық күш-жігерлерін жұмылдырып, ауқымды шаралар өткізу жөнінде тапсырмалар қойып отырмыз. Ұлы Отан соғысына қатысқан бірде-бір майдангер және тыл еңбеккері атаусыз қалмасын. Бәріне де лайықты құрмет жасалатын болсын деген жүктемеміз де айрықша.
Біз ардагерлер ұйымдарының жұмысын жаңа деңгейге көтеруді межелеп отырмыз. Барлық бастауыш, қалалық, аудандық және облыстық ұйымдарда есеп беру-сайлау жиналыстары өткізіліп, жаңадан сайланған адамдар өз қызметтерін кеңінен және тереңнен жүргізіп, қызмет белсенділіктерін арттырғанын қалаймыз. Бұрыннан келе жатқан озық тәжірибелерді жандандыра түсіп, замана талабына сай жаңашыл бастамаларды да қолға алулары керек. Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы бізден осыны талап етеді.
Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,
республикалық Ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің төрағасы,
тарих ғылымдарының докторы.