Жеңісті жақындатқан ерлердің бірі
Жұма, 17 мамыр 2013 1:29
Ерді ел тәрбиелейді. Шын ер елі-жері үшін жан береді. Арлы ер еңбекте де, майданда да алда болып, есімі ел аузында сақталады.
Бүгінгі шағын мақаламызға арқау болып отырған кейіпкеріміз соғыс және еңбек ардагері марқұм Құрманғали Тоқтаров атамыз. Сұм соғыстың ауыртпашылығын бір кісідей көрген ол – өз елінің, жерінің мақтанышы.
Жұма, 17 мамыр 2013 1:29
Ерді ел тәрбиелейді. Шын ер елі-жері үшін жан береді. Арлы ер еңбекте де, майданда да алда болып, есімі ел аузында сақталады.
Бүгінгі шағын мақаламызға арқау болып отырған кейіпкеріміз соғыс және еңбек ардагері марқұм Құрманғали Тоқтаров атамыз. Сұм соғыстың ауыртпашылығын бір кісідей көрген ол – өз елінің, жерінің мақтанышы.
Қ.Тоқтаров 1913 жылдың 15 наурызында Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданына қарасты Каменка ауылында, қарапайым шаруа отбасында дүниеге келіп, сол өңірдегі Шыңғыстай ауылында қазақтың ұлы ақындарының бірі Сұлтанмахмұт Торайғыров мұғалім болған мектепті бітірген. 1933 жылы 20 жасында ауылдық кеңестің төрағалығына сайланған атамыз 1935-1937 жылдары Қызыл армия қатарына шақырылып, Ташкент шаһарында артиллерист болады. Әскер шебінен оралған соң Алматыда жетекші мамандарды дайындайтын екі жылдық курсты бітірген ол 27 жасында Катонқарағай аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалады.
1941 жылдың 22 маусымында фашистік Германия әскері Кеңес Одағына тұтқиылдан басып кірді.
«Бақытты дәурен сүріп шаттанғанбыз,
Өмірге массаттанып мақтанғанбыз.
Отанға күнбатыстан жау шапқанда,
Сап түзеп қан майданға аттанғанбыз»,
деп жырлаған Қасым Аманжолов секілді Қ.Тоқтаров та 1942 жылдың 21 қаңтарында майданға аттанып, даңқты И.В.Панфилов атындағы 28-гвардиялық дивизиясының құрамында пулеметшілер ротасының саяси жетекшісі болып Мәскеу түбіндегі шайқастарға қатысты. Бастапқыда Калинин, соңынан солтүстік-батыс бағытындағы майдандарда болды.
1941 жылы басталған сұрапыл соғыста халқымыздың атын дүние жүзіне жария еткен И.В.Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясы, оның ішінде Бауыржан Момышұлы бастаған батальон Мәскеу түбінде ауыр сынға төтеп беріп, қанды айқаста теңдесі жоқ ерлік көрсетті. Бұл – баршаға мәлім жайт.
1942 жылы Қ.Тоқтаров осы гвардиялық дивизия құрамындағы батальонның саяси жетекшісі болды. Ол 1943 жылдың шілдесінен 1944 жылдың шілдесіне дейін Сібір өңірі Том облысында орналасқан әскери училищеде командирлер дайындайтын курсты оқып бітіріп, 1944 жылдың тамызында Латыш дивизиясының гвардиялық 25 полкінің 9-рота командирі болып Ленинград майданындағы шайқастарда ерлік көрсетті. Аталмыш шайқастарда екі рет контузия алған Қ.Тоқтаров госпитальда емделіп, қайта майданға оралды.
1942 жылы Илья Эренбургтің «Қазақтар» деп аталатын очеркі жарық көрді. Онда «Один фриц мне сказал: против нас бились страшные солдаты – их не мог остановить никакой огонь, они бежали прямо на нас. Потом мне сказали, что это были казахи. Я не знал прежде, что существует такой народ» деп жазылғанындай, шегінуді білмейтін қазақ сарбаздары соғыс барысында ерліктің ерен үлгілерін көрсетіп, қаhарман ретінде танылды. Солардың бірі – Қ.Тоқтаров Мәскеу түбіндегі шайқас, Ленинградты қорғау, тағы басқа майдандарда көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен, бірнеше медальмен марапатталды.
Ол елге майор шенінде жеңіспен оралды.
«Ер туған жеріне» дегендей, елге оралған соң бейбіт өмірде де жанқиярлықпен еңбек етті. Алматыда Жоғары партия мектебін бітіріп, Катонқарағай аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, аудандық сауда бөлімінің меңгерушісі, аудандық дайындау мекемесінің директоры, партия комитетінің хатшысы қызметтерін атқарды. Бірнеше рет аудандық кеңестің депутаты, аудандық партия комитетінің мүшесі болып сайланды.
Әне-міне дегенше соғыстың біткеніне 68 жыл толды. Бейбіт өмірде жанқиярлықпен еңбек еткен көптеген ардагерлеріміз қазір ортамызда жоқ. Биыл 15 наурызда атамыз Құрманғали Тоқтаров 100-ге келген еді. Жеңіс мерекесі – бұл елдік пен ерліктің, батылдық пен батырлықтың, қайсарлық пен қаһармандықтың мерекесі. Бұл – халқымыздың мызғымас бірлігінің, беріктігінің арқасында келген қуаныш пен шаттыққа толы мереке. Аталарымыздың қайыспас қайсарлығы мен Отанға деген сүйіспеншіліктері жас ұрпақ үшін үлгі-өнеге.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».