Сайлау • 22 Мамыр, 2019

Сайлаудан қалыс қалмауға шақырды

1272 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Сайлауалды науқан кезінде президенттікке кандидаттар мен олардың сенім білдірілген адамдары өңірлерді аралаған сапарларында халықты сайлаудан қалыс қалмай, ел болашағы үшін оған бір кісідей қатысуға шақыруда.

Сайлаудан қалыс қалмауға шақырды

«Ақ жол» демократиялық партиясы ұсынған президенттікке кандидат Дания Еспаева Нұр-Сұлтан қаласындағы арнайы экономикалық аймақта орна­ласқан «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС ұжымымен кездесті. Үміткер өзінің сайлау­алды бағдарламасын қорғаныc сала­сындағы еліміздің ірі өнер­кәсіп ұжымына таныстырды. Зауыт қазақстандық әскер мен әске­ри күш құрылымдарын бронды техникамен қамтамасыз ете­ді. Өнеркәсіптің қуаты жылына 120 машина шығаруға жетеді. Бронетранспортерлерді жақын арада әлемдік нарыққа шығару жоспарланған.

Д.Еспаева цехтың жұмысы­мен танысып, отандық кәсіп­орын­ды мазалайтын сұрақтарға жауа­бын берді. Оның ішінде несие­лер­дің жоғары мөлшерле­месі мен мемлекеттік тапсы­рыс­тар­дың қысқа уақыттылығы қоз­ғалды. Кандидат мұның бәрі өз бағдарламасында көрі­ніс тапқанын айтты. «Осын­дай кәсіпорындар үшін мемле­кет­тік тапсырыстардың уақыты бір жыл емес, кем дегенде үш жылдан аспауы тиіс. Бұл отан­дық өнеркәсіптердің жұмыс қуат­­тылығын арттырып, бәсе­ке­лес­тікке қабілетін жоғары­ла­та­ды. Бағдарламамда несие мөлшерлемесін төмендету мә­се­лесі көрсетілген. Қазір бұл ком­пания екінші дәрежелі банктер­мен жылына 16 пайыздық мөл­шер­лемеде несиеленеді. Таяу­да ғана біз оны 14 пайызға өз­герт­тік. Мұның өзі – жоғары мөл­шер­леме», деді ол.

Кездесу барысында кәсіпорын жұмысшылары «Ақ жол» партия­сы үміткері бағдарламасының негізгі бағыттарынан хабардар болып, көкейлерінде жүрген сауал­­дарына тұщымды жауап ала ал­ды. Соңында Д.Еспаева жи­­­нал­­ған­дарды 9 маусым күні пре­зи­дент­­тік сайлауға қатысуға шақырды.

* * *
«Ауыл» халықтық-демокра­тия­лық патриоттық партиясы­нан кандидат Төлеутай Рақым­бековтің сайлауалды респуб­ли­калық қоғамдық штабы Павлодар өңірінің фермерлерімен кездесу өткізді. Олар атбасын бұрған «Сағып» шаруа қожалығы күніне жүздеген литр қымыз өндіріп, көрші өңірлерді дайын өніммен қамтамасыз етеді. Тіпті экспортқа шығаруды да жолға қойған. Енді өндіріс әлеуетін одан сайын арттыруды көздеп отыр. 

Т.Рақымбековтің сайлауалды бағдарламасында азық-түлік қауіпсіздігіне ерекше мән беріл­ген. Әсіресе шеттен келетін тауарлардың сапасына қатысты сұрақ көп. Сондықтан қоғамдық штаб өкілдері отандық шаруа қожалықтарына барынша қолдау көрсетіп, өндірісін жандандыра түсу керектігін айтты. «Біздің негізгі мақсатымыз – атадан келе жатқан осы кәсіпті өндірістік жолға қою. Егер біздің азаматтар барынша ден қоятын болса, ешкімнен кем өнім алмайды. Себебі халқымыз бұл кәсіптің қыр-сырын жақсы біледі», деді республикалық қоғамдық штаб төрағасы Әли Бектаев.

«Мақсатым – осы қымызы­мызды әлемге таныту. Оның бәрі ерінбей еңбек етсек, өзіміздің қолымызда тұр. Атап айтсам, қазір менің қымызым да, құртым да Duty Free-де сатылып жатыр. Соның өзі жақсы көрсеткіш. Шетелден танып-біліп жататындар баршылық», деді «Сағып» шаруа қожалығының жетекшісі Төлеу Құшманова. Фермерлер ауыл шаруашылығын көтеруді басты ұстанымы еткен партияның мүшелерінен өз кәсіптерін одан әрі жандандыра түсудің бағыт-бағдарын сұрап білді. 


* * *

Кәсіподақтар федерация­сынан президенттікке кандидат Амангелді Таспиховты қол­дау мақсатында Нұр-Сұлтан қала­сында PechaKucha форматында жастардың интеллектуалды конференциясы өтті. Оған 200-ден аса қонақ жиналды. Кон­ферен­цияны кандидаттың сенім біл­дірілген адамы, Нұр-Сұлтан қаласындағы қоғамдық штаб жетекшісі Тастанбек Есен­таев ашты. Ол кандидат А.Тас­пиховтың сайлауалды тұғыр­намасын таныстырды.

Мінберде сөйлегендердің қата­­рында ғалым-генетик, реге­не­ра­­тивті медицина саласындағы бірегей жобалардың авторы Болат Сұлтанқұлов, Қазақ­стан спорттық-сауықтыру кәсіподақ­тары қоғамының вице-президенті Бақытжан Есжанов, этнограф, Ұлттық музейдің материалдық емес мұра бөлімінің басшысы Әй­герім Мұсағажинова, линг­вист, тілдерді оқытудың біре­гей әдіс­темесінің авторы Вла­дислав Тен, физика-математика ғы­лым­­дарының докторы, ядро­лық медицина саласындағы ғылы­ми жобалардың авторы Серік Нұркенов болды. Спикер­лер өздерінің презентацияларын үлкен экранда көрсетіп, көрер­мен­дер­дің сұрақтарына жауап берді.

Сонымен қатар А.Таспихов­тың Павлодар облысындағы аймақтық сайлауалды штабы «KAZPOST» облыстық филиа­лы­ның келушілерімен және қыз­меткерлерімен кездесіп, үгіт-насихат брошюралары мен флаерлерін таратты. Канди­дат­тың сенім білдірілген адамдары Айгүл Маликова мен Марина Иванова кәсіподақтардан ұсы­ныл­ған үміткердің тұғыр­на­ма­сында көрсетілген негізгі ба­ғы­ттар еңбек жағдайы, еңбек құқықтары мен әлеуметтік мәселелер екендігін түсіндірді.

* * *

Қазақстан Коммунистік ха­лық партиясынан президенттік­ке кандидат Жамбыл Ахметбеков­­тің Қызылорда өңіріндегі сай­лауалды штабының өкілдері облыс­тық медицина орталығы­ның қызметкерлерімен кездесу өткізді. Штаб жетекшісі Талғат Телеубаев партияның Парламент Мәжілісінде мемлекеттік дең­гейде жұмысшы таптың мүд­десін қорғау мүмкіндігі бар екенін айтты. Депутаттар әлеуметтік-эко­номикалық сипаттағы мәсе­лелерді көтеретіні, соның ішінде медицина саласына қатысты қозғалған тақырыптар ерекше аталып өтті.

Содан кейін Т.Телеубаев кан­­­ди­даттың сайлауалды тұғыр­намасының негізгі бағыт-бағ­дарын кеңінен түсіндіріп, елдегі кедейшіліктің шынайы деңгейін қайта санау керектігін және бұл құбылысты өзекті әлеуметтік мәселе деп тану қажеттігін атап өтті. «Қазақстанда ауқатты азаматтар баршылық. Сондай-ақ кедейлік шегінде немесе оған жақын деңгейде өмір сүретін адамдардың саны артып келеді. Салық салу жүйесін уақыт талабына сай жетілдіру маңызды. Қоғам әділетсіз табысқа көнбеуі тиіс. Біздің халықты, біздің экономиканы тонап жатқан адамдар қай жақта жасырынып жүрсе де, әділ сотқа берілуі тиіс. Орта тапты қозғамай, үстеме табысқа ие адамдарға табыс салығының жоғары мөлшерлемесін қолдану қажет», деп мәлімдеді ол.

Сонымен қатар жиында Ком­мунистік халық партиясы адам өмірінің сапасын арттыру бойын­ша мемлекеттік саясаттың іске асырып жатқан стратегиялық басымдықтарын қолдайтыны айтылды. Спикерлердің сөзінен соң кездесуге қатысушылар кө­кей­лерінде жүрген сұрақтарын қой­ды. Олардың басым бөлігі ме­ди­циналық қызметкерлердің жалақысын көтеру, баспанамен қамтамасыз ету, кадр тапшылығы туралы болды.

* * *

Nur Otan партиясынан пре­зи­денттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың респуб­лика­лық қоғамдық штаб өкіл­дерінің сапары Батыс Қазақстан өңірінде жалғасты. Алғашқы кездесу «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» акционерлік қоғамында өтті.

Қоғамдық штабтың жетек­шісі Мәулен Әшімбаев басқосу ба­рысында кандидаттың сай­лауал­­­ды бағдарламасы тура­лы жан-жақты айтып берді. «Қ.Т­о­қаев көп жылдан бері Елба­сы­мен бірге өркендеген, тұрақты Қазақстанды құруға атсалы­сып келеді. Ол түрлі лауазымды қызметтер атқарған. СІМ, Үкімет, сондай-ақ Сенатты басқара жүріп, мемлекетімізді дамытуға ауқымды үлес қосты. Кандидаттың сайлауалды бағдар­ламасы ашық әрі түсінікті, үш негізгі қағидаға топтасқан. Біздің кандидатымыз бейбітшілік пен келісімді сақтау, елімізде өмір сүріп жатқан түрлі этностық топтар арасындағы алауыздықты болдырмау бағытын ұстанған», деді Мәулен Әшімбаев.

Аталған зауыт – 30 жылдық тарихы бар бірегей кәсіпорын. Қазақстандағы мұнай мен газ тасымалына, энергетикалық құ­рыл­ғылар мен құрылыс саласына қажет жоғары технологиялық құрал-жабдықтар осында шыға­рыла­ды. Мыңнан астам адам еңбек етеді. Ал географиялық тұр­ғыда зауыт Ресейдің Самара, Са­ратов, Волгоград, Орынбор және Астрахань облыстарымен шектеседі. Бұл – көршілес жат­қан мұнай-газ өндіретін аймақ­тар­дан өнімді экспорттауға да қо­лайлы аймақ. 2011 жылдан бас­тап кәсіпорын газ бұрғылау агре­гат­тарын жөндеу саласында қызмет көрсететін General Electric компаниясымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеді.

* * *

«Ұлт тағдыры» ұлттық-пат­риоттық қозғалысы атынан пре­зиденттік сайлауға түсіп жатқан Әміржан Қосанов халықпен кез­десулерін жалғастырып жатыр. Кеше кандидат Нұр-Сұл­тан қаласындағы проблемалы тұрғын үйлердің үлескерлерімен кез­десті. Тараптар қалыптасқан жағдайды талқылап, ықтимал шешімдерді ұсынды.

Ал Ә.Қосановтың сайлауалды қоғамдық штабы мүшелері елордада тағы бір науқандық іс-шара өткізді. Кандидаттың сенім білдірілген адамдары белсен­ді жастармен бірге «Астана­лық», «Шапағат» және «Тұлпар» жабық базарларында үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізді. Акция шеңберінде кан­дидаттың тұғырнамасының басым-бағыттары түсіндіріліп, сайлаушылардың сұрақтары­на жауап берілді. Үгіт-наси­хат тобы базарлап келген жұрт­қа үміт­керді қолдауға арналған науқан­дық парақшалар таратып, суретке түсті. Бұл іс-шара барлығы 200-ге жуық адамды қамтыды.

Араға бір күн салып Ә.Қо­санов­­тың сайлауалды штабы­­ның өкілдері қаланың тұр­ғын аудандарында үгіт-наси­­хат шараларын өткізді. «Сай­­лаушы­мен кездесу» акция­сы Абай, Рес­публика, Бөген­бай және Сары­арқа көше­лері­нің ауқымын қам­ты­ды. Наси­хат­шылар тобы аула­лар­ды аралап, кезіккен тұр­ғы­ндарға кандидаттың негіз­гі ұс­таным­дарын жан-жақ­ты түсіндіріп, қар­апайым жұрт­тың пікірлері де ес­керілді. Акция­ны қызу жүр­гізіп жүрген ерік­ті­лерге тұр­ғын­дар тарапы түсініс­тік таны­тып, үлестірілген үгіт-на­си­хат материалдарын қарап, қызы­ғу­шылық білдірді. Аула­лар­­дың мүйістеріне кандидатты қол­дауға шақырған парақшалар жап­сырылып, үй алдында серуен құрған үлкендер жағы қо­ға­мдық штаб өкілдерімен пікірлесті.

* * *

«Ұлы дала қырандары» рес­пуб­ликалық қозғалысынан прези­дент­тікке кандидат Сәдібек Түгел үгіт-насихат жұмыс­тары­ның аясында Алматы қаласына арнайы барып, Қазақ спорт және туризм академиясын­да зия­лы қауым өкілдерімен кез­десу өткізді. Кандидаттың сай­ла­уал­ды тұғырнамасында ұлт­тық спорт түрлерінің дамуына ай­­рық­ша мән берілгендіктен, бұл кез­­десуге аталған оқу орнының сту­дент­тері ерекше ықыласпен қатысты.

«Мен бағдарламамда мемле­кеттік тілдің мәртебесін көтеруді басты мақсат етіп алғандықтан, бар­лық кездесулерді ана тілімізде жүр­гізіп келемін. Халқымыз ана тілі және Жер-Ана деп неге айтады? Бұл – тіл мен жер тағдырын бөліп қарауға болмайды деген сөз. Демек, ұлттың жаны мен арына баланған мәселеге бей­жай қарамайтын ұрпақ ар-намыс­ты бәрінен биік қою керек. Ол үшін жас­тардың әлеуметтік жағдай­лары­на да көңіл бөлу қажет. Менің бағ­дар­ламамда барлық қазақ­стан­­дық­тарды баспанамен қам­тама­сыз ету, жоғары білім және ме­ди­циналық көмекті тегін беру, зейнет­ақы көлемін көтеру, жас­тар ара­с­ын­дағы жұмыс­сыз­дықты жою мәселе­лері де көрініс тапқан», деді С.Түгел.

Жиында мемлекет және қоғам қайраткері Жекен Қалиев, белгілі ғалым және ұйымдастырушы, педагогика ғылымдарының докторы А.Құлназаров, «Жұлдыз» жур­налының бас редакторы Ғ.Жай­лыбай, «Мысль» журна­лы­ның бас редакторы А.Сандыбай, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі композитор Б.Әшірбаев, ақын А.Ахметбеков, Қазақ спорт және туризм академиясының бірін­ші проректоры М.Есқалиев қатысты. Тағылымы мол кез­десуді белгілі журналист А.Серік­қали­қызы жүргізді.