Уәли
Сәрсенбі, 5 маусым 2013 2:45
Шоқан Уәлиханов өз ата тегі туралы шежіресінде атасы Абылайдан 30 ұл, 40 қыз тарағандығын жазған болатын. Ханның үлкен ұлы Уәли сұлтан қарақалпақ бегінің Сайман атты қызынан 1738 жылы дүниеге келген. Шоқаннан қалған мұраға сүйене айтсақ, Уәли жас кезінде өте қалжыңбас әрі тентек болғанға ұқсайды. Тіпті ол қалмаққа қарсы бір қақтығыстың аяқ астынан туындауына себепкер де болған.
Сәрсенбі, 5 маусым 2013 2:45
Шоқан Уәлиханов өз ата тегі туралы шежіресінде атасы Абылайдан 30 ұл, 40 қыз тарағандығын жазған болатын. Ханның үлкен ұлы Уәли сұлтан қарақалпақ бегінің Сайман атты қызынан 1738 жылы дүниеге келген. Шоқаннан қалған мұраға сүйене айтсақ, Уәли жас кезінде өте қалжыңбас әрі тентек болғанға ұқсайды. Тіпті ол қалмаққа қарсы бір қақтығыстың аяқ астынан туындауына себепкер де болған.
Сол тұста бір жатжұрттық қыз үшін Уәли қалмақ ноянымен сөзге келіп, етіктің өкшесімен бір теуіп, қалмақтың қабырғасын опырып жібереді (Ақбай Н. Шоқан жазып алған аңыздар // Қазақ әдебиеті, 2011, 25 ақпан). Мұның өзі жас сұлтанның өр тұлғалы әке жанында жүріп, жасқануды, бас июді, кері шегінуді білмейтін, дұшпанға қатыгез, намысшыл болып жорықтарда жонылғанын аңғартса керек-ті. Бірде хан Абылай көрген түсін атақты Бұқар жырауға жорытыпты. Түс жору барысында әйгілі жырау Абылайдың бүкіл қазақ еліне хан сайланатынына, елді сақтау жолындағы күресіне, әулеттен тарар үрім-бұтағына, яғни барша ғұмырына болжам айтса керек. Жырау хан перзенттерінің ішінен Уәли мен Қасымды бөле жара көрсетіп, алғашқысының бір тармағы атын қағазда, кейінгісінің бір тармағы атын қан майданда шығарарын болжайды (Төреқұлұлы Н. Қазақтың 100 би-шешені /Атамұра сериясы/. – Алматы, Қазақстан, 1995. 105-105б.). Кейін Абылай ханның қабылдауына келген орыс елшісі П.Чучалов «Уәли сұлтан әкесі Абылай сияқты өркөкірек, алған бағытынан қайтпайтын қайсар әрі құбылмалы. Ол мені бір-ақ рет қабылдады. Бұл қылығын «әкем де Ресей жақтан келгендермен бір-ақ рет кездесетін» деген бағыттағы пікірін орыс үкіметіне хабарлайды (КРО 2. – С.106). Әрдайым әке жанынан табылатын Уәли сұлтан қара шаңырақты ұстады, хан жорыққа аттанып, не ел шаруасымен сапарда болған тұстарда үлкен шаңыраққа бас-көз болады. 1760 жылы қазақ-қырғыз қарым-қатынасы шиеленіскен кезеңде хан Абылай елдің оңтүстігіне аттанды. Содан бірнеше жылға созылған шайқастар басталды. 1766 жылы 3 тамызда Орта жүзге барып қайтқан башқұрттар К.Қазанбаев пен У.Азлаевтар Абылайдың ұлдарымен бірге қырғыздың Қаработа биімен келісімге келгендігін жеткізеді. Қырғыз биі бір ұлын түтіндерімен аманатқа аттандырады. Сәл кейін Абылай Қоқан бегі Ерданаға қарсы жорықты бастайды. Омбы қорғанына келген Оразмамет тархан Абылай мол олжаға ие болып, оны Уәли сұлтан арқылы өз иелігіне жібергендігін хабарлайды. Уәли 1766 жылы жаз айларында Ташкент бағытынан Орта жүзге оралып, қайтадан әскери қол жинап, оларды көмекке Ташкентке аттандырады (Сулейменов Р.Б., Моисеев В.А. Из истории Казахстана XVIII века (О внешней и внутренней политике Абылая). –Алма-Ата: Наука, 1988. –С.110-112).
Абылай хан елге оралған соң ташкенттіктерді біржолата бағындыру жоспарын жалғастыру мақсатында Қытай патшасына арнайы елшілік дайындаған. Қалыптасқан жағдайды қатаң бақылауға алған Абылай осы жолы қазақ елшілігін ұлы Уәлиге тапсырады. Қазақ елшілері 1769 жылдың басында Қытайға жетеді. Сәуір айында Уәли сұлтанды Қытай патшасы қабылдап, өзара келіссөз жүргізіледі.
Абылай Уәли сұлтанды Ресей бағытында да шыңдай түсті. 1772 жылы 24 шілдеде хан орыс шенеуніктерімен жазысқан хаттарында Уәлидің өз тапсырмасымен қазақ даласындағы 26 орыс адамын тауып бергендігіне ерекше тоқталады. Хан сонымен бірге Петропавл бекінісіндегі әскердің қыпшақ болысына зәбір көрсеткенін алға тартып, мұндай жағдай қайталана берсе, екі ел арасында ешқандай татулық болмайтындығын ескертеді (Қазақтың ханы – Абылай: Дәуірі, өмірі мен қызметі: Ғылыми басылым. – Алматы: «Ел-шежіре» ҚҚ, 2011. Т.2. 271 б.). Уәлидің Ресей бағытындағы саясаты Е.Пугачев бастаған орыс шаруалары көтерілісі кезінде анық байқалды. Уәлидің қол астындағы қазақтары шекарадағы орыс әскерилеріне қарсы көтеріледі. Ол турасында сұлтан бригадир Сумароковқа ашық жазған. Қазақтардың басты мақсаты шекара бойындағы жайылым мәселелерін шешу болды. Е.Пугачев те осыны жақсы түсінді. Сондықтан ол 1774 жылы наурыз, сәуір айларында Абылайға елшілерін бірнеше рет жіберген. Дегенмен, Абылай мен Уәли өз саясатын үнемі бүркемелеп отырған. Бірде Уәли сұлтан Пугачев елшілеріне: «Біз оны (Пугачевті) патша деп танымаймыз, тек қара ниетті ұры әрі қарақшы деп білеміз»,– деген жауап қайтарған.
Бұл аралықта Уәли тікелей орыс әскерилерімен байланысқа шығып, мемлекеттік мәселелермен шұғылданып, қазақ-орыс қарым-қатынасын шиеленістірмеу бағытында жұмыс жасады. Мәселен, 1777 жылы көктемде генерал С.В.Сумароковтың Құдайменді сұлтанды тауып беру туралы өтінішіне асқан сабырлылықпен «әкем Абылай келгеннен кейін, тілегіңіз орындалады», «бүлікшіл бұзықтарыңызды тыныштандыруға мен өз еркіммен әскер алып бара алмаймын. Бұл – әкемнің ғана құзырындағы шаруа», ал енді өзін бекініске шақыруына «мен әкемнің билігінсіз бұл жерді тастап кете алмаймын», деп нақты жауап қайтарады (Қазақтың ханы – Абылай: Дәуірі, өмірі мен қызметі. 315, 325, 339 б.).
XVIII ғасырдың 70-жылдары Абылай хан ұлдарынан Уәли сұлтан Солтүстік Қазақстанда, Сүйік пен Шам солтүстік-шығыс пен Балқаш өңірінде, Қасым Орталық Қазақстан мен Бурабайда, Әділ сұлтан Ұлы жүздегі үйсін руларында, ал хан бауыры Сұлтанмәмбет пен баласы Орыс сұлтандар Баянауылда тұрақтады. 1778 жылы Тоғым сұлтан Ресейге елшілікке барып қайтқаннан кейін, Абылай хан ұлдарын, би-батырларын жинап арнайы кеңес өткізеді. Кеңесте елдің оңтүстігіндегі қырғыздардың шабуылдарын тоқтату жолдары талданады. Содан хан 1779 жылы тамыз айында өзі бастап, жанына 5 ұлы, 2 әйелін ертіп Түркістанға жол тартады. Орынбор губернаторы И.Рейнсдропқа жолдаған хатында хан өзі бұл жерден (Көкшетаудан) аттанып бара жатса да, бір ұлын ел ағаларымен бірге осы жерде қалдырғандығын хабарлайды. Ол турасында М.Бекчурин 1780 жылы 16 маусымда «Абылай ханның мұндағы отбасы ұлы Уәли сұлтанның жауапкершілігінде, қалған жұрағаттары Сібір шебіне таяу жерді қыстайды», деп анықтайды (КРО 1, С.102). Кейін Орынбор кеңсесіне Абылай ордасында хатшылық қызмет атқарған Я.Усманов ханның оңтүстіктегі жеңістерін хабарлады. Я.Усмановтың жазуына сенсек, Абылай хан жанында болған Шыңғыс, Есім сұлтандар, Дат батыр Көкшетауға 1780 жылдың қазан айында қайтып келіп, әкелерінің алдағы жылы көктемде оралатындығын хабарлаған. Хатшы Уәлидің әкесіне хат жолдап, елге қайтуын өтінгенін және ханның да Уәли мен Шыңғыс ұлдарына ерекше көзқарастарын жеткізеді. Сонымен бірге, Я.Усманов Уәли сұлтанның басқаларына қарағанда салиқалы, есті адам екендігін, ғайыптан тайып Абылай о дүниелік бола қалса, көпшіліктің хандыққа соны лайық көретіндігін ашық жазады (Қазақтың ханы – Абылай: Дәуірі, өмірі мен қызметі. 396-397 б.).
Тарихшы Ж.Қасымбаевтың пікірінше, Абылай хан қайтпастан бұрын үш жүздің өкілдерін Түркістанда жинап, өз мұрагері ретінде Уәлиді ұсынып, көпшіліктің қолдауына ие болған. Ғалым, неге екені белгісіз, Уәлиді ханның екінші ұлы болатын, үлкен ұлы Дүр-Әділхан белгісіз себептермен ұсынылмады, соған қарағанда, Абылай Уәлидің өз саясатын қолдаған ерекше қабілеттерін жоғары бағалаған деген тоқтам жасайды (Касымбаев Ж.К. Государственные деятели казахских ханств (XVIII в.). – Алматы: Білім, 1999. – С.130). Шоқан шежіресі, Қытай деректері Уәлиді ханның үлкен ұлы деп есептейді. Абылай ұрпақтарын қатаң бақылаған орыс тыңшылары мәліметтері де оны айғақтайды (КРО 2, -С.105).
Сонымен, Абылай хан елдің оңтүстігінде 1780 жылдың соңында қаза тапты. Орыс тыңшылары Шыңғыс сұлтанның қазақтарға әкесінің өлімі туралы жаздағы басқосуға дейін орыстарға айтпаңдар дегенін анықтайды. Орынбор кеңсесі хан өлімін шамамен 1781 жылдың қаңтар айында естіген. Сол бойда оның өлімін анықтау туралы жан-жақты тапсырмалар беріледі. Олардың басты мақсаты жаңа ханды тағайындауды өз қолдарына алу болатын. Генерал-майор Хвабулов 1781 жылы 20 наурызда Құлбек батырдан келген ақпаратпен танысып, ханның Ташкент маңында қаза болғандығын, оның уланғандығын естиді. Кейін Абылай жанында Әділ, Рүстем, Тоғым сұлтандардың болғандығы мәлім болады. Жағдайдан хабарланған Ресей саясаткерлері Уәли сұлтанның қадамдарын бақылауға алуға кіріседі. 1781 жылы көктемінде Ұлы жүзден Абылайдың ұлдары Әділ, Тайыр, Бөкей сұлтандармен бірге 60 игі-жақсысы, 2 әйелі Уәли иелігіне келіп жетеді. Міне, содан соң ғана Уәли мен Шыңғыс сұлтандар ханның Түркістан маңында қайтыс болғандығын елге естіртеді. Кейін 23 мамырда Уәли Күсәс батыр мен Тәуекел молда арқылы Н.Г.Огаревке хат жолдап, Абылайдың дүниеден өткендігін жария қылады (История Казахстана в русских источниках XVI-XX веков. VI том. Алматы: Дайк-Пресс, 2007. – С.147-150).
Уәлидің хан сайлануы, оны өзге де төре тұқымдарының, би-батырлардың қолдауы Абылай ханды мойындаған Ресей мен Қытайды тез арада саяси шешім қабылдауға итермеледі. Алдымен Қытай боғдыханы 1781 жылы 26 шілдеде Уәлиді қазақ ханы ретінде таныды. Қытай қолдауына ие болған соң, Уәли хан Ресей патшасы II Екатеринаға тамыз айында өзінің хан тағына отырғанын хабарлап, бауыры Есім сұлтан бастаған қазақ елшілерін аттандырады. Осы аралықта Ресей Уәлидің Петропавл қорғанынан 250 шақырым жерде тұратындығын және хан сайлауда қазақ еліне беделді Абылай ханның інісі Сұлтанмәмбет, Барақ тегінен Дайыр сұлтан, Әбілмәмбет хан тегінен ұлы Әбілпейіз ұлдарының қатысып, бірауыздан Уәли сұлтанды қолдағандығын анықтайды. 1781 жылы 31 желтоқсанда И.Якоби Ресей Сыртқы істер алқасына Уәлидің хан сайланғанына ешқандай күмән жоқ, ол да әкесі Абылай сияқты тәкаппар, бірбеткей, оспадар, өр мінезді адам деп хабарлайды (КРО 2, – С.103-106). Ал 1782 жылы 25 ақпанда орыс патшасы да Уәлиді хан тағына бекітеді.
Уәли ханның екі алпауыт елмен қатар байланысын дамытуы оның Абылай жолын жалғастырғанын толық дәлелдейді. 1782 жылы маусым айында ол інісі Сығайды Қытайға аттандырады. Қазақ елшілерін Ежен хан қабылдады. Дегенмен, Қытай 1783 жылы қайтыс болған Әбілпейіз сұлтанның орнына Ханқожаны (Әбілпейіздің әмеңгерлік жолмен алған, қайтыс болған Барақ сұлтанның әйелімен келген бала – Ә.М.) хандық лауазымға тағайындап, Орта жүздегі билікті екіге бөліп тынды (100 құжат. 85-86 б.). Мұның өзі Абылай заманынан берік орныққан ішкі бірлікті Қытайдың да біртіндеп ыдырату жоспарын қолға алғанын аңғартты. Мұндай жағдайды талдаған Ж.Қасымбаев: «Уәли негізінен Ресей бағытына, Ханқожа Қытайға арқа сүйеді», деген қорытынды шығарған болатын (Касымбаев Ж.К. Государственные деятели казахских ханств (XVIII в.). – С.133). Соған қарамастан Уәли хан өз саясатын батыл жүргізуге бағыт ұстанды. 1784 жылы күзде Уәли інісі Шыңғыс сұлтанды 1000-нан аса сарбазымен Ташкентке аттандырады. Сұлтан Ташкенттегі өзара дау-жанжалды реттеген. Осы тұста Тыс сұлтан да 300 адамымен қырғыз ұлыстарын шабуылдап, жеңіліс тауып, қолға түседі. Кейін оған көмекке Шыңғыс жіберіліп, өзара келісімнен соң сұлтан елге қайтарылады ( Андреев И.Г. Описание Средней орды киргиз-кайсаков. – С.79).
Уәли Кіші жүздегі Ресейдің саясатын үнемі бақылауда ұстады. 1785 жылы Айшуақ сұлтанның казак-орыстар тұтқынына түсуі, Сапақ сұлтанның қаза табуы, 1786 жылы көктемде Нұралы ханның шекараға шақырылып, Уфаға жер аударылуы Уәли ханның О.А.Игельстроммен байланысқа шығуына әкеледі. Уфа және Симбирск генерал-губернаторы ханға тәжірибелі саясаткер ретінде «Сізге тек қана Орта жүзді басқару берілді», деп асқан сақтықпен жауап қайтарады (Материалы по истории Казахской ССР (1785-1828 гг.). Т.IV –М.,-Л.: Наука, 1940.-С.102). Бұл кезеңде Ерәлі сұлтан Уәли хан мен Құдайменді сұлтаннан көмек сұрап, адамдарын жіберген-ді. Бірақ патша үкіметі 1786 жылы Кіші жүздегі хандық басқаруды жою жоспарын жүзеге асыруға кіріскен сәтте Әбілқайыр Абылай ұрпақтарының бірлігіне жол бермеуге жанталасты. Оны түсінгендіктен Уәли мен Құдайменді Ерәліге «біз ішкі істеріңізге араласа алмаймыз» деген мәтінде хат жолдауға мәжбүр болады ( РИССМ. 122 қ., 122/3 т., 1786-1787, 12 іс, 23-26 п.).
Кіші жүзде Сырым бастаған ұлт-азаттық қозғалыс аздап саябырсыған 1789 жылы полковник Бентам Сібір шептеріне жіберіледі. Осы жылы 15 желтоқсанда Г.А.Потемкинге тапсырған есебінде ханның сенімді би-батырлары қатарында қаракесек Тіленші, төртуыл руынан Жанбатыр, алтай руынан Байдалы билер аталады ( РМКАМ. 10 қ., 3 т., 585 іс, 52 п.). Уәли хан Көкшетауда бауырлары Шыңғыс, Есім, Рүстем, Сыздық, Әбубәкір, Өмір, Сығай, Қасымдармен бірге атығай-майлыбата руымен бірге көшіп қонған. Бентам патшаға «Уәли қашып келген 1500 түтін қалмақ, башқұрт, татар т.б. орыс емес халықтарды қабылдаған. Хан Ресейге ниеттес емес. Ол бізге бағытталған қарсылықтардың бәрін қолдайды», деп хабарлады (РМКАМ. 10 қ., 3 т., 585 іс, 24-51 п.). 1789-1790 жылдың қысында елдегі жұтқа байланысты қазақтар Сібір шебіне ішкерілей ене бастады. Оған кедергі жасаған Сібір корпусының басшысы генерал-поручик Штрандманға Уәли хан бірден қарсы шықты. Хан мәселені шешу үшін патшаға елші жіберуді қолға алды. Патша тарапынан түсіністік таппаған соң, Уәли бауырлары Шыңғыс, Рүстем сұлтандар мен Дат батырлардың қолдауымен Сібір шебіндегі форпостарға шабуыл ұйымдастырады. Оның арты қазақтардың Ертіс шебіндегі жәрмеңкелерге де мал өнімдерін шығаруды тоқтатуына әкеледі. 1793 жылы Штрандман Уәли ханға қарсы казак-орыстардан құралған әскерилерді жібереді. Мұның өзі Ресейдің саяси, экономикалық жоспарларын Орта жүз территориясында жүзеге асыруды қолға алғанын ашық дәлелдеді. 1794 жылы орыс патшасына жолдаған мәлімдемесінде Я.В.Боувер Абылай ханның ұлдары Уәлидің – бүкіл Орта жүзді, Әділдің – Ұлы жүздің басым бөлігін басқаратынын, ал қалған ұлдарының олардың өз қарамағынан бөліп берген жерде билік ететінін жеткізеді (РИССМ. 122 қ., 122/3 т., 3 іс, 255 п.).
1795 жылы 1 ақпанда Штрандман граф П.Зубовқа берген рапортында Орта жүз қазақтарын Ресейдің қол астына толықтай қаратып бағындыруға тырысудамын дей келе, қазақтардың орыс қол астына бағынамыз дегені жай ғана айтылған сөз екендігін мойындайды. Дегенмен, ол Уәли хан мен інілері жағдайды ушықтырып отыр деуді де ұмытпады (КРО 1, -С.140-141). Ресей саясатының алдын алуға тырысқан Уәли Қытаймен байланыстарын жалғастырып, 1795 жылы ол өз ұлы Хамзаны екінші рет (бірінші рет 1791 жылы барған-ды) Бейжіңге жібереді (Қазақстан тарихы туралы Қытай деректемелері. I том. – Алматы: Дайк-Пресс, 2005. 252-253 б.).
Осындай шиеленіскен жағдайда 1795 жылы қаңтарда Ресейдің арандатуымен 2 сұлтан, 19 ру басы өз иеліктеріндегі 43360 адамымен, оларға қосымша 79 мың басқа да Орта жүз қазақтары Уәлиді хандықтан босату туралы хатты орыс патшасына жолдаған (Бекимова К.Т. Орта жүзде қос хандық биліктің пайда болуы // Хабаршы «Тарих және саяси-әлеуметтік ғылымдар», 2010. N10, 21 б.). Зерттеуші Ж.Қасымбаев осынша қазақтардың Ресейге хат жолдау себебін Уәлидің Ханқожамен келісе алмауынан іздеп, хан ел ішінде саясаткерлік таныта алмады. Ол қарапайым қазақтарды менсінбей, төре тұқымдарына шекеcінен қарады деп анықтады (Касымбаев Ж.К. Государственные деятели казахских ханств (XVIII в.). – С.133). Десек те, бұл нағыз алыстан ойластырылған саяси ойын болатын. Соңында өздері ұйымдастырған жоспардан орыс саясаткерлері амалсыздан бас тартты. А.И.Левшин оны орындау (Уәли ханды орнынан босату – Ә.М.) қиынға соғатын және Ресейге еш пайда әкелмейтін деп қорытады (Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких орд и степей. – С.282). Арандату нәтижесінде жазылған хат орыс империясының Солтүстік және Шығыс Қазақстанды қосып алу барысындағы жұмыстарды батыл жүргізуге сылтау ғана болды. Оның арты Уәли ханға қарсы шыққан қазақтарды түрліше жолмен марапаттауға ұласты. Көп ұзамай Орта жүз руларына Ресей бодандығын қабылдаудың өтеміне Ертіс алқабынан жер бөлінді. Мұны пайдаланған қазақ рулары Ресейге қарай ішкерілей еніп орналаса бастады. Сол кездегі есеп бойынша олардың саны 140 мыңнан асқан (Қазақстан тарихы (Көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 3 том. – Алматы: «Атамұра», 1998. 275 б.). Бұл кезеңде Ұлы, Орта жүз қазақтары Қытаймен Үрімші, Іле, Тарбағатай жерлерінде сауда-саттықты дамытып, екі жылда бір рет елшілерін жіберіп, екі ортадағы шаруаларды бірлесе шешуді жалғастырған. Қытай болса өз ретінде қазақ билеушілерін тартып, ерекше құрмет көрсетіп, түрлі атақ-дәреже берген. Қазақтар осындай қарым-қатынасты шығыстағы атамекенді иелену үшін пайдаланған. 1803 жылы Уәли хан ұлы Бәкірді (бір деректе Бегалы) Қытай патшасына жібереді. Басты мәселе шығыстағы жайылымдарды кеңейту еді. Келіссөздер нәтижесінде 1805 жылы Чиң патшасы жарлығымен шекарадағы қарауылдан ішке қарай бірнеше 10 шақырым жерлер қазақтардың қыстауы мен көктеуіне беріледі. Кейін хан Қытайға інісі Қамбар сұлтанды аттандырады.
Бұл кезеңде Қытайдың да белгілі дәрежеде сыртқы саясаты әлсірей бастады. Олар қазақтардың оңтүстігіндегі қоқандықтардың күш алып, Ұлы жүз руларына шабуыл жасай бастағанына да назар аудармады. Оны пайдаланған Қоқан билеушісі Әлімбек 12 мың әскермен 1807 жылы Ташкенттің төңірегін басып алады. Араға уақыт сала ол Ташкентті де бағындырады.
Осындай жағдайда орыс империясы Шығыстағы басты ойыншыға айналды. Патша үкіметі Сібір шептерінің қолбасшысы Г.И.Глазенапқа Уәли ханға қарсы топтарды қолдауды, оларды үнемі қолпаштауды тапсырып, ханның барлық істеріне кедергі жасауды қатаң жүктеді. Уәли хан 1809 жылы жазған хатында орыс әскерлерінің қазақ даласына енуін, қазақтарға қысым жасауын, шұрайлы жерлерді иемденуін тоқтатуын талап етті. Талапқа назар аудармастан, 29 сәуірде капитан Часовщиков, 4 мамырда хорунжий Безязыков, 6 мамырда майор Морозов әскерлері Уәли мен Ғаббас сұлтан иеліктерін шабуылдады (Бекимова К.Т. Орта жүзде қос хандық биліктің пайда болуы. 21-22 б.; ҚРОММ. 4 қ., 1 т., 154 іс, 59, 136 п.).
Бұл кезеңде, шынтуайтына келгенде орыс шекаралық әкімшілігі күн санап әскери-барлау жұмыстарын жүргізуді батыл дамыта түсті. 1815 Усть-Уйск бекінісінен Торғайдың жоғары ағысына подполковник Феофилатьев бастауымен 1617 адамнан, соның ішінде 330 казак-орыс, 1080-нен астам башқұрттан, екі зеңбірегі бар 100 жаяу әскерден тұратын экспедиция жіберіледі (Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах. Т.4. – Алматы: Жазушы, 1985. 246-247 б.). Бұдан кейін де 1816 жылы Ертіс шебінен И.Шангиннің басқаруымен 200, Пресногорьков бекінісінен Ф.Набоковтың 150 казак-орыстан тұратын әскер аттанды. Г.И.Глазенеп осы тұста Ресей тарапынан Орта жүзде екінші ханды тағайындау жоспарын жүзеге асырды. Патша таңдауы атақты Барақ сұлтанның баласы Бөкейге түсті. Ресей патшасы найман руының төртуыл бөліміне 1816 жылы хан сайланған осы Бөкей Барақұлын Орта жүз ханы ретінде 1817 жылы арнайы грамотамен бекітті. Грамота 1817 жылы маусым айында Коряков форпостысынан 180 шақырым жердегі Жайылма көлі маңында табыс етіледі (Ерофеева И.В. Казахские ханы и ханские династии в XVIII – середине XIX вв. -С.89,132-133). Осылайша орыс патшасы Орта жүздегі дәстүрлі хандық басқаруды екіге бөліп, Уәлидің аталас бауырларын хан бекіту арқылы ханның заңды билігін шектеп, оларды бір-біріне айдап салды. Тіпті патша грамотасында «Уәли ханда бұрыннан адал 9 болыс қалды, ал 13 болысқа Бөкей Барақұлы бекітіледі», деп анық жазылады (ҚРОММ. 338 қ., 1т., 407 іс., 5п.). Мұның өзі Уәли ханды ашық мойындамаумен тең еді. Араға көп уақыт салмай 1819 жылы Бөкей хан, 1820 жылы Орта жүзді 40 жылға жуық уақыт билеген Уәли хан дүниеден өтті. Жинақтай айтсақ, қиын-қыстау аласапыран заманда ел үмітін арқалаған Уәли хан Ресейдің отарлауына бірден-бір қарсы күш болды. Ата шежіреде Абылай ұрпақтарына байланысты айтылғандай, олар Ресейге, Қытайға қарсы арыстанша арпалысып өтті. Оның 40 жылға жуық ел билеген кезеңі қазақ қоғамындағы күрделі өзгерістер мен көршілес Ресейдің ашық отарлауының күшеюімен ерекшеленеді. Кіші жүзді бөлшектеп басқару, әскери күшпен мәжбүрлеу, қазақтар арасынан орыс саясатын қолдаушыларды шығарып, оларды үнемі қолпаштап отыру секілді Ресейдің сыннан өткен әдіс-айлалары Орта жүзде толық жүзеге асты. Уәли де сыртқы саясатында Абылайдың көп векторлы бағытын қолданды. Бірақ уақыт өзгерді. Ресей қазақтан асып, қырғыздармен 1785 жылы-ақ байланыс орнатты. Сауда-саттықты дамыту сылтауымен оңтүстікке керуендердің бірінен соң бірі жіберілді. Шен-шекпен, мол сыйлықтар отарлау жолына ағылды. Ресей күшейген тұста Қоқан да қазақтарды қыспаққа алды. Мұндай жағдайда ел билеушілерінің бір легі орысқа арқа сүйей бастады. Орынбор мұсылман діни басқармасы, ол жіберген татар молдалары, дайындаған аудармашылары оңтүстікте ашық үгіт-насихатпен шұғылданды. Мәселен, жалайыр сұлтаны Сүйік Абылайұлына келген татар көпесі С.Құрбанбақиев Ресейдің қуаттылығын, оның ерекше қамқорлығын насихаттаған (Махаева А. Қазақ-қырғыз саяси байланыстарының тарихы (XVIII ғасырдың екінші жартысы – XX ғасырдың бас кезі. 93 б). Алысты болжаған саясаттың соңы сұлтандардың Ресеймен жеке-жеке байланысына әкелді. Мұның арты мемлекеттік негіз хандық басқарудың біртұтастығына кері әсерін тигізді. Соған қарамастан Уәли хан алған бағытынан бас тартпады. Сондықтан да өле-өлгенше ұлдарын Ресей, Қытай елдерімен бірдей қарым-қатынас ұстауға тәрбиеледі. Үлкен ұлы Абас (бір деректе Ғаббас) екі ел саясаткерлерімен де таныс болды. Қытай патшасы оны 1800 жылы-ақ Уәлидің мұрагері ретінде бекітіп, гун атағын береді. 1809 жылы Сұлтанкерей Абасұлы да Қытай патшасымен кездесіп қайтты (Қазақстан тарихы туралы Қытай деректемелері. I том. 251 б.). Жас сұлтандар хан ордасында көршілес халықтар тіліне машықтанған. Хан дүниеден өткеннен кейін-ақ орыс саясаткерлері ханның ұлы және оның отбасы біздің басшыларға риза емес деген қорытынды шығарған болатын (КРО 2, – С.182). Уәли ханның саясатын екінші ұлы Ғұбайдолла да (бір деректе Абайділдә) жалғастыруға күш салады. Ғұбайдолла сұлтанның дәстүрлі ел басқаруды сақтауға ұмтылушылығы Ресеймен арадағы жағдайды шиеленістірді. Кейін сотник Карбышев басқарған әскери күшпен сұлтан елден әкетіліп, жер аударылады. Осы арқылы Ресей Орта жүздегі хандық басқаруды жоюға нақты шараларды іс жүзіне асырды. Қорыта келгенде айтарымыз, Уәли хан – өз заманында ата дәстүр бойынша ел басқарған, қалың қазақтың қамы үшін еңбек сіңірген тарихи тұлға. Қазақтың бас ханы болған әкесі Абылайдың қайраткерлігін қайталай алмағанымен, екі алып мемлекеттің арасында өз саясатын жүргізіп, ел тұтастығын сақтап, олардың елді отарлау жоспарына кедергі болғанын тарих айғақтайды.
Әбілсейіт МҰҚТАР,
тарих ғылымдарының докторы, профессор.
ОРАЛ.