17 Қаңтар, 2013

Шарайна

307 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шарайна

Бейсенбі, 17 қаңтар 2013 6:59

Жарылыс құрбандары– 82 адам

Сирияның Алеппо қаласында қосарланған жарылыс жасалды. Аталған қаладағы университетте жүзеге асырылған тағылық әрекеттерден 80-нен астам адам көз жұмды. 160-тан астам адам  түрлі дене жарақаттарын алды.

 

Бейсенбі, 17 қаңтар 2013 6:59

Жарылыс құрбандары– 82 адам

Сирияның Алеппо қаласында қосарланған жарылыс жасалды. Аталған қаладағы университетте жүзеге асырылған тағылық әрекеттерден 80-нен астам адам көз жұмды. 160-тан астам адам  түрлі дене жарақаттарын алды.

Шаһар губернаторы Мохамед Вахид Аккадтың айтуынша, әзірше ешқандай ұйым жарылыстарға жауапкершіліктерді мойындарына алмаған көрінеді. Үкімет әскерлері жарылыстарға бүлікшілерді кінәлі деп тапса,  өз кезегінде бүлікшілер үкімет әскерлерін айыптап отыр. Қала басшылығы мен мемлекеттік телевизия оқиғаға лаңкестік деген баға берді. Ал жарылған университет Сирия армиясының бақылауындағы аумақта орналасқан.

 

Малиді бөлшектеуге жол жоқ

Ұлыбритания Малиге тағы бір әскери-көлік ұшағын көмекке жіберу туралы шешім қабылдады. Осы аралықта аталған елдегі француз контингентінің танктері исламшылар басып алған солтүстік өңірлерді қайтару үшін жолға шықты.

Француздарға Батыс Африка елдері экономикалық қоғамдастығына кіретін мемлекеттердің қарулы күштері де көмек қолдарын созуға білек сыбанып отыр. Олар жақын күндері Мали билігіне жәрдемдесуге аттанатын әскери контингент жасақтамақ. Оның құрамына 3300 солдат кіретін болады. Ал контингент Кот-д,Ивуар, Бенин, Гана, Нигер, Сенегал, Буркина-Фасо және Того елдерінің әскерилерінен құралады.

 

Израильді балағаттамаған жөн

АҚШ-тың мемлекеттік департаменті Египет президенті Мұхаммед Мурсиден Израиль мен оның азаматтарына қатысты өзінің балағат мазмұнындағы мәлімдемелерінен бас тартуды талап етті. М.Мурси 2010 жылдың қаңтар айында жарияланған сұхбатында Израильге қатысты қаттырақ сөйлеп қойған болатын.

Мемлекеттік департаменттегілер М.Мурсидің «қансорғыш­тар», «доңыздар мен маймылдардың ұрпақтары» деген сөздерін қатты айыптаған пікір танытты. Бұл жөнінде ведомствоның ресми өкілі Виктория Нуланд мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, Египет президенті басқа діндегі адамдардың да құқын құрмет­тейтінін дәлелдеуі тиіс. М.Мурсидің сұхбаты «Мұсылман бауырлар» қозғалысының көшбасшысы болып тұрған кезінде жарияланғанын айта кетейік.

 

«Арман лайнерлері» ұшуы тоқтатылды

Жапонияның All Nippon Airways және Japan Airlines авиакомпаниялары «Арман лайнерлері» аталып кеткен Боинг-787 ұшақтарының ұшуын тоқтатуға шешім қабылданғанын хабарлады.

Мұндай шешім соңғы кездері аталған ұшақ түрлеріне қатысты қауіпті жағдайлардың жиі орын алуларына байланысты қабыл­данып отыр. Енді аталған авиакомпаниялар Боинг-787-нің ұшула­рын өздерінің парктеріндегі осы үлгідегі барлық ұшақтарды егжей-тегжейлі тексерулерден өткізгеннен кейін ғана қайта бас­та­мақ. Кеше Ямагути қаласынан Токиоға ұшып шыққан Боинг-787 ұшағы апатты жағдайда әуежайға қайта қондырылған болатын.

 

Қару ұстап үйренгендер қарсы

АҚШ-тың Техас штатынан сенатор Стив Стокмэн егер президент Барак Обама жарлықтарының көмегімен қару-жараққа бақылау орнатудың жаңа ережелерін қалыптастыратын болса, онда президенттің импичменті туралы мәселе көтеретініне уәде берді.

С.Стокмэннің сөзіне қарағанда, АҚШ президенті республиканың негіз қалаушы қағидаттарына ұятсыздықпен шабуыл жасауды жүзеге асыруда және бұл конституция талаптарына да қайшы келеді. Сондықтан сенатор Обамаға күрестің қандай түрін пайдаланып болса да қарсы шығатынын мәлімдеуде. Ал президенттің мұндай қадамға соңғы кездері елде оңды-солды қару қолдану оқиғалары жиілеп кетуіне байланысты баруға мәжбүр болып отырғаны түсінікті.

 

Ереже бұзу лимиті белгіленбек

Қырғызстан астанасы – Бішкек қаласының басшылығы әрбір маршрутты такси үшін ереже бұзу лимитін белгілеу туралы шешім қабылдады. Егер ереже бұзу оқиғалары шектеуден асып кетсе, көлік жолаушылар тасымалдау үшін пайдаланылмайтын болады.

Бұл туралы Бішкек мэрі Иса Өмірқұлов жария етті. Ол сондай-ақ аталған бастама маршрутты таксилер жүргізушілері жол беретін көптеген жол ережесін бұзуларға қатысты арыз-шағымдардан аяқ алып жүру мүмкін болмай қалғандықтан көтеріліп отырғанын көлденең тартты. Сөйтіп, әр көлік үшін ең көп дегенде 15-20 ереже бұзу қарастырылмақ екен.

Қысқа қайырып айтқанда:

— Лондонның орталығында тікұшақ құрылыс кранына соғылды. Кранның жерге құлауы салдарынан екі адам опат болды. Оқиғаға көз байлаған қалың тұман себеп болған секілді.

— Үндістан әскерилері Кашмирде 16 қаңтарға қараған түні пәкстандық әскери қызметшіні өлтірген. Бұл жөнінде Пәкстан армиясының өкіліне сілтеме жасай отырып, «Рейтер» агенттігі хабарлады.

— Мемлекеттік Дума депутаттары қоғамдық орындарда темекі шегуге орай айып көлемін айқындады. Қоғамдық орындарға, заң бойынша, мейрамханалар мен дәмханалар, ауруханалар мен дүкендер, көлік және басқа да темекі шегуге болмайтын жерлер кіреді.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.