Спорт • 22 Мамыр, 2019

«Шахмат» пəні тағы 40 мектепке енгізіледі

1175 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жуырда республикамыздың тағы 40 орта мектебі «Шахмат мектептерде» бағдарламасы аясында өткен конкурстың жеңімпазы болып танылды.

«Шахмат» пəні тағы 40 мектепке енгізіледі

Қазақстан шахмат федерациясы құрастырған əдістемелік оқулықтары бойынша жаңа оқу жылы, яғни 1-қыркүйектен бастап, сол оқу орындарының барлығында арнайы сабақтар жүргізіледі. 

– Конкурсқа 11 өтініш түсіп, эксперттік кеңес солардың барлығын мұқият қарады, – дейді жоба менеджері Салтанат Ноғайбаланова. – Жүлде қорын ноутбуктер, дыбыс шығарғыштар, проектарлар, МФУ, шахмат тақталары мен тастары, сағаттар жəне көрсетілім құралдары құрады. Сонымен қоса, жеңімпаз болып танылған мектептер бастауыш сынып оқушыларына арнап Қазақстан шахмат федерациясы құрастырған оқу бағдарламасы мен əдістемелік оқулықтармен қамтамасыз етіледі. 

Осы күнге дейін осы бағдарлама Алматы, Павлодар, Қызылорда жəне Шымкенттің 44 мектебінде жүзеге асырылды. Сол жерлерде 2 мыңнан аса оқушы тəлім алуда. Осы спорт түрін дұрыс меңгеру үшін 85 бапкер мен 41 психолог арнайы дайындықтан өтіп, білімдерін жетілдірді.

– «Шахмат мектепте» жобасы – біздің федерация ұстанған басым бағыттарының бірі. Жаңа оқу жылы қарсаңында осы бағдарлама Қазақстанның 34 қаласы мен ауылдардың 84 орта мектебінде өз жұмысын бастады. Ең қуаныштысы, айтулы конкурс республикамыздың барлық облысын қамтыды, – дейді  Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Ирина Грищенко

Жоғарыда аталған конкурста республикамыздың әр аймағындағы 30 қала мен ауыл мектептерінің жеңіске жеткенін айта кету абзал. Солардың қатарында Нұр-Сұлтан, Алматы, Көкшетау, Ақтөбе, Темір, Атырау, Шымкент, Жезқазған, Қарағанды, Қарқаралы, Теміртау, Қостанай, Қызылорда, Ақтау, Екібастұз, Петропавловск, Арыс жəне олардан бөлек тағы бірнеше ауылдар бар.