19 Қаңтар, 2013

Шарайна

221 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шарайна

Сенбі, 19 қаңтар 2013 7:53

Содырлардың көзі жойылды

Алжир армиясына Әл-Каидаға қатысы бар террорлық топ басып алған кен орны мен оған жақын жатқан аумаққа бақылау орнатудың сәті түсті.

Сенбі, 19 қаңтар 2013 7:53

Содырлардың көзі жойылды

Алжир армиясына Әл-Каидаға қатысы бар террорлық топ басып алған кен орны мен оған жақын жатқан аумаққа бақылау орнатудың сәті түсті.

Әскерилер он бір содырдың көзін жойды, олардың арасында «Ислам әділеттілігі жолындағы шөл дала ұлдары» террорлық тобының лидері, сондай-ақ «Әбу әл-Бараа» алжирлік топтың басшысы ретінде танымал Абдулла Ульд Ахмида болған. Кепілдікке алынғандар ішінде де шығындар бар. Әзір­ге отыз адам қаза тапты деген мәлімет бел­гілі болып отыр. Бірақ құрбан болғандар санының өзгеруі мүмкін. Қаза тапқандар ішінде екі британдық, екі филиппиндік, екі жапон мен француз бар, АҚШ-тың бір азаматы із-түзсіз жоғалғандар санатында тұр. Жалпы, кепілдікке алынған 600 адам құтқарылған, олардың арасында бірнеше шетелдік бар.

 

Еуроодақтан шығу жолын қарастыруда

Британияның егер Брюссель Лондонмен  қарым-қатынас формуласын қайта қарауға келіспейтін болса, Еуроодақ құрамынан шығуы мүмкін. Бұл туралы осы ел премьері Дэвид Кэмерон өзінің ЕО-ға қатысты бағдарламалық сөзінде мәлімдеуге тиіс болатын.

Британдықтар Алжирде адамдардың кепілдікке алынуына байланысты кейінге қалдырылған Д.Кэмеронның Лондон мен Брюссель арасындағы қарым-қатынастар туралы сөзін өткен жылдың жазынан бері күтуде. Апта басында премьердің өкілдері оның  ЕО-ның болашағына қатысты өз көзқарастарын егжей-тегжейлі баяндайтынын хабарлаған. Бірақ Алжирдегі оқиғаға байланысты премьер Гаагаға баруды кейінге қалдырды. Дегенмен, премьердің баспасөз қызметі оның айтпақ болған сөздерінен үзінді келтірген. Сөйтсе, ол егер Брюссель Лондонға қатысты көзқарасын өзгертпесе,  Британияның Еуроодақтан шығуы мүмкін екенін айтпақ болыпты.

 

Малиге ұшақтар мен нұсқаушылар жіберді

АҚШ Малиге әскери-көлік ұшақтары мен ұшқышсыз ұшатын барлаушы ұшақтарын, сондай-ақ әскери нұсқаушылар жібермек. Сонымен бірге, АҚШ-тың әскери басшылығы нақты әскери операцияларға олардың қатыспайтынын да атап көрсетіп отыр.

Америкалық әскери тасымалдау­шылар­дың өңірге сапарлары 18 қаңтарда бастал­мақ. Операцияға С-17 және С-5 ұшақтары тартылатын болады. Сонымен бірге, АҚШ-тың штабтар бастығы комитетінің басшысы генерал Мартин Демпси Францияның әске­ри операцияларға тікелей көмек көрсету жөнінде өтініш жасамағанын да атап өтті. Америкалық әскери нұсқаушылар Мали аумағында емес, көрші африкалық елдер аумағында жұмыс істейтін болады деп күтілуде. Еуроодақ пен Малидың көршілері де содырлармен күресте осы елге көмек көрсету ниеттерінің бар екенін мәлімдеп отыр.

 

Әскерилер зейнетақысын өсіруді ұсынды

Грузия президенті Михаил Саакашвили таяу уақыттарда Грузия парламенті мен үкіметіне әскери қызметшілерге қатысты әлеуметтік кепілдіктер туралы жаңа заң жобасын ұсынбақ ниетте. 

Мен Ауғанстанда қаза табатын әскери қызметшілердің отбасы мүшелерінің, әскери қызметшінің отбасын асыраушы болғанына немесе болмағанына қарамастан, зейнетақы алуы жөнінде ұсыныс жасаймын. Бүгінде бір реттік өтемақы төленеді, бірақ мен мұндай отбасыларына зейнетақы төлеуді ұсынамын, қазіргі күні біздің мемлекеттің және бюджеттің  ондай мүмкіндігі бар, деп хабарлаған Саакашвили журналистерге. Осы заң жобасы арқылы президент әскери зейнет­ақыларды екі есе ұлғайтуды және әскери зейнетақының ең төменгі мөлшерін ең төменгі мемлекеттік зейнетақының екі еселенген мөлше­рі көлемінде белгілеуді ұсынбақ.

 

АҚШ Сомали үкіметін мойындады

АҚШ Сиад Барре режімі құлағаннан кейін мемлекеттілік белгісін жоғалтып, бей-берекеттік тұңғиығына батқан Сомали үкіметін мойындады.

Бұл туралы Сомали президенті Хасан Шейх Мохаммедпен Вашингтонда өткен кездесуде АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон мәлімдеді. Мемлекеттік хатшы америкалық дипломаттар мен маман­дардың Сомалиге жиі бара бастағанын айтып, өзінің АҚШ-тың Могадишодағы тұрақ­ты  дипломатиялық қатысуының қайта қалпына келуін асыға күтетінін атап көрсетті. Сөз ретінде Америка Құрама Штаттарының 1991 жылдан бері Сомали үкіметін алғаш рет мойындап отырғанын айта кету қажет.

 

Америкалық сарапшылар Жапонияға келді

Boeing компаниясының, АҚШ-тың көліктегі қауіпсіздік жөніндегі ұлттық кеңесі мен азаматтық авиация федеральдық басқармасының сарапшылары Boeing-787 ұшағының шұғыл қону себебін анықтау үшін Жапонияның Такамацу әуежайына келді.

«Арман лайнері» саналатын ұшақпен жыл басынан бері алтыншы рет орын алып отырған оқиға сәрсенбі күні Жапония әуежайында орын алған болатын. Ақауға литий батареяларындағы температураның көтерілуі себеп болды, соның салдарынан оның сыртқы қабаты балқып кеткен деп санайды жапондық сарапшылар. Көлік министрлігі болған жәйтті «елеулі оқиға» ретінде бағалап отыр. Осы оқиғадан кейін ең жаңа саналатын Boeing-787 ұшақтарының ұшуына тыйым салынды. Олар егжей-тегжейлі техникалық инспекциялаудан өтетін болады.

 

Қытай экономикасы өсу үстінде

Қытайдың ІЖӨ-сі 2012 жылдың қорытындысы бойынша өткен жылмен салыстырғанда 7,8 пайызға өсіп, 51,93 трлн. юаньды құрады.

Мұндай ақпаратты ҚХР ұлттық статистика бюросы таратып отыр. Бұл 1999 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш болып саналады. Сонымен бірге, Дүниежүзілік банк 2013 жылы қытай экономикасы 8,4 пайызға өседі деген болжам жасап отыр. Бұл банктің осыдан бірнеше ай бұрын күткенінен 8,1 пайызға жоғары. Сөз орайында 2011 жылы ел экономикасының 9,3 пайызға өскенін де айта кету керек.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.