Президент • 22 Мамыр, 2019

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлерінің форумына қатысты

963 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлерінің форумына қатысты

Мемлекет басшысы жұмыс сапары аясында Ақтөбе медициналық орталығына барды. Қазақстан Президентіне медициналық кластер құру тәжірибесі және Ақтөбе облысының үлгісі бойынша өңірлердегі денсаулық сақтау саласында кластерлік әдісті қолданудың перспективалары жөнінде мәлімет берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтың денсаулығын сақтау: саясат, ғылым, білім, алғашқы медициналық-санитарлық жәрдем тәжірибесі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциядағы баяндамасында, ұлт денсаулығы мемлекетіміздің басты байлығы екенін айтты.

– Елбасының тапсырмасымен негізі қаланған Ақтөбе медицина орталығы отандық денсаулық сақтау саласының  әлеуетін арттыруға айрықша үлес қосып отыр. Бүгінде тұрғындар Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына бармай, шетелге шықпай, осы орталықта нейрохирургия, балалар кардиологиясы, трансплантология салалары бойынша сапалы ем қабылдай алады. Барлық облыс осындай деңгейге ұмтылуы қажет. Бұған әлеуетіміз жетеді, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы елімізде медициналық-демографиялық ахуалдың жақсарып келе жатқанын атап өтіп, тәуелсіздік жылдарында Қазақстан халқының саны 2 миллион адамға, азаматтардың өмір сүру ұзақтығы 6 жылға өскенін айтты.

– Инфрақұрылым айтарлықтай жаңарды. 219 жаңа аурухана, 1200-ге жуық жаңа заманауи емхана мен амбулаториялық мекемелер салынды. Біз Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгіздік. Бүгінде республикалық клиникалар бұрын тек шетелде ғана жасалатын күрделі операцияларды жасайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі жаңғырту, медициналық қызмет пен дәрі-дәрмектердің сапасын жақсарту және олардың халыққа қол жетімді болуын қамтамасыз ету, отандық медицина ғылымын дамыту, сондай-ақ, денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру жөніндегі шараларға егжей-тегжейлі тоқталды.

– Алғашқы жәрдем адамдарға барынша жақындатылуы тиіс. Сапалы медициналық қызмет азаматтардың тұрғылықты жеріне қарамастан бәріне бірдей қол жетімді болуы керек. Сонымен қатар, алдағы уақытта қоғамдық денсаулық сақтау қызметіне және алғашқы медициналық-санитарлық жәрдемге бөлінетін қаржыны, осы салаға жұмсалатын қаражаттың  жалпы көлемінің 60 пайызына дейін арттыру қажет. Нәтижесінде 2025 жылға дейін алдын алу шараларына ғана бөлінетін қаржы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің деңгейіне жетеді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2019-2021 жылдары жеті өңірдегі 10 медициналық нысанның құрылысына 120 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінетінін айтты. Сонымен қатар, алдағы үш-бес жылда отандық медицинаны, соның ішінде ауылдық жердегі ауруханаларды материалдық-техникалық жабдықтармен және көлікпен қамтамасыз ету мәселелерін толық шешу көзделіп отыр.

– Медициналық қызметтің қол жетімділігі мен сапасына  байланысты міндеттерді, дәрігерлердің мәртебесі мен беделін көтермей жүзеге асыру мүмкін емес. Биылғы 1 маусымнан бастап бюджет саласы қызметкерлерінің, соның ішінде дәрігерлердің еңбекақысы жекелеген категориялар бойынша 30 пайызға артады. Маман даярлау сапасы бойынша медициналық жоғары оқу орындары мен колледждерге талапты күшейту қажет. Мұнда теориялық база ғана емес, сондай-ақ, тәжірибелік дағдыға машықтану да маңызды. Сондықтан, өңірлік емханалардың бір бөлігін медициналық жоғары оқу орындарына беру керек. Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент сияқты ірі қалалар жоғары технологиялы медициналық орталықтарға айналуы тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Соңында Мемлекет басшысы конференцияға қатысушыларға табыс және жемісті пікірталас тіледі.