Экономика • 22 Мамыр, 2019

Ерболат Досаев Ұлттық банктың қайта ұйымдастырылатынын хабарлады

819 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында елдегі бас банктің қайта ұйымдастырылатынын мәлімдеді.

Ерболат Досаев Ұлттық банктың қайта ұйымдастырылатынын хабарлады

Ұлттық банктің қайта ұйымдастырылуы нәтижесінде Қаржы нарықтарын реттеу және дамыту жөніндегі агенттік құрылатын болды.

«Жаңа агенттік Ұлттық банкті қайта ұйымдастыру есебінен құрылады. Жаңа органға Ұлттық банктен өкілеттік беріледі. Біз функцияларын, өкілеттігі мен штатын заң жобасында қарастырдық. Агенттікке қазіргі штаттан 500 адам беріледі. Қаржы министрлігімен бірге бұл жұмысты мамыр-маусым айларының ортасына дейін аяқтағалы отырмыз»,  деді Ерболат Досаев.

Жаңа органға қаржы нарығын дамыту және реттеу функциялары, сондай-ақ тұтынушы құқығын қорғау міндеттері жүктеледі. Ол Қазақстан Республикасының Президентіне есеп беруге міндетті болады.

Қаржы нарығын реттеу мен дамыту мәселелері туралы заң жобасы бойынша жаңа орган 2020 жылдың басында жұмысын бастайды. Ерболат Досаевтың айтуынша, жаңа агенттік Алматыда болады. Ұлттық банк келешекте Нұр-Сұлтан қаласына көшіріледі.

Ұлттық банк ақша-несие саясатының тиімді жүргізумен және инфляцияны бақылау шараларын қадағалау жұмыстарымен айналысады.